ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық мемлекеттік университеті

ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық мемлекеттік университеті

 

2019 жылдың 1 қарашасында белгілі түркітанушы ғалым, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор, Түркия «Dil korumu» лингвистикалық қоғамының корреспондент мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың, I дәрежелі «Барыс» орденінің  иегері Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздықтың туғанына 95 жыл толуына орай «Ұлы дала тұлғалары: академик Рәбиға Сыздық және қазақ сөзінің құдіреті» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізеді. Конференция жоспарына төменде ұсынылып отырған Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті, филология ғылымының докторы, профессор Сағындықұлы Бекеннің баяндамасы тыңдалады деп күтілуде. «Іске сәт» дей отырып, сол баяндама мәтінін беріп отырмыз.

Cөз зергерінің сөз өрнегі

 

«Бізде, соңғы он жылдың аумағында, сөзіміздің нарқы арзандап, тініміздің сыны бұзылып кетті. Тіл жанашыры Рәбиға Сыздық апайымыздан басқа белсене, тұрақты сөйлеп, жазып жүргендер бірен-саран» — деп налыған екен осыдан бес жыл бұрын жарық көрген «Сөз туралы сөз» атты мақаласында Ғаббас аға Қабышұлы. Айтса, айтқандай-ау, тегі!

Одан әрірек бір уақытта ғалым М.Балақаев былай депті: «Тіл білімі институтындағы жиналыстарда төрде отыратын төрт әйел-ғалым бар. Олар – филология ғылымдарының докторлары: Рәбиға Сыздықова, Аққал Қалыбаева, Нәзипа Демесінова, Нұржамал Оралбаева» («Зерде баспалдақтары» танымдық кітап) — деп, сүйіспеншілігін жасырмаған екен. Бұл айтылғаннан тағы да он жылдай бұрын Ғ.Мүсірепов: «…көптен бері тіл мәселесіне күйіп-жанып, араласып келе жатқан нағыз ғалым адам Рәбиға қарындас Сыздықова» — деп сүйсініпті.

Одан тағы әрірек барсақ, М.Әуезовтің өзі Абай шығармаларының тілін зерттеудің кенже қалып келе жатқанын ғылыми қауым алдында көтеріп, мазасызданған екен. Бұл намысты жас Р.Сыздықоваға қамшы болғаны шындық. Абай шығармашылығын зерделеуде Рәбиға апайдың орны бөлек екеніне көзі қарақтының көзі жеткен. Әйтпесе, М.Серғалиев ағамыз айтқандай, «Ұлы сөз зергерінің поэзиялық, прозалық туындыларының тілін зерттеуді қопара көтеріп, жан-жақты сөз ету бір адам түгілі, бір ұжымның қолынан оңай келе қоятын іс емес».

Менің тақырып атауын түзуіме осы атпал азаматтардың осы айтқандары түрткі болды. Абайдай сөз зергерінің сөз өрнегін қалыптастырған де Рәбиға апай емес пе?! («Абайдың сөз өрнегі» еңбегін қараңыз).

«Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел». Орыс ұлтының қалың қауым алдында болсын, басқа да ортада тіл тиегін ағытқанында болсын, «Сначало было слова» — деп пәлсапаланатыны бар. Қызмет қылмай, еңбек етпей сөз орынына келуші ме еді?! Осыны сезген Шәкәрім Құдайбердіұлы жоғарыдағы орыс сөзін «Өмір алды қозғалыс» деп түзепті. Шыны сол-ау шамасы. Әйтпесе, биологиялық тіліміздің өзін еңбек арқылы (кешегі Ф.Энгелістің «Адам тектес маймылдардың адамға айналуындағы еңбектің рөлі» шығармасын еске түсіріңіз) қозғалысқа келтірмесек, қарым-қатынасымызды толық қанағаттандыратын сөз тууы екі талай еді ғой! Менің түсінігімде, сөз түзейтін, сөз түзетін қауым ортасы – А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты.

Осы ғылым ордасында тоқсан бес жылдық торқалы той өтті. Той иесі – сөз өрнегін түзген сөз зергері Рабиға апай! Бұлай деуіміздің өзіндік себебі бар. Р.Сыздық  30-ға тарта кітап ұсыныпты. Кітап болғанда қандай… Дана Абайға арналған еңбектерінің өзі бір төбе: «Абай шығармаларының тілі (1968), «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы» (1970),  «Абайдың сөз өрнегі» (1995). Бұл қатарға сонау 1960 жылдардан бастап, ғылыми тілде сөйлеген мақалаларды қосыңыз. Мұның сыртында «Қазақ әдеби тілінің тарихы» (1968; 1993) Р.Сыздық еңбектерімен таразыланды: «Ясауи хикметтерінің тілі» (2004), «Сөздер сөйлейді» (1980; 1994), «Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы» (1991). Тіл мәдениеті («Сөз сазы», 1983; «Сөз құдіреті», 1997; «Тілдік норма және оның қалыптасуы», 2001) мен емле ережелерін (1960, 1996, 2000) терген де Р.Сыздық болатын. Жинақталған сөздіктердің (емле, лексика, түсіндірме, қос тілдік) көп үлесі ғалым есімімен үндеседі. Сөздердің түзіліміне барынша қолғабыс еткен Р.Сыздықтың бұл бағыттағы еңбектері де («Абай тілі сөздігі», «Абай жолы» эпопеясының жиілік сөздігі») ұлы Абай есімімен байланысты өрбіген.

Әлемге танымал Бернард шал «Адамдар екі топқа бөлінеді: кітап оқитындар және кітап оқитынды тыңдайтындар» деген екен. Бүкіл түркі жұртын аузына қаратқан қазақ ақыны Мұхтар Шаханов та адамдарды екіге бөліпті: «Сүйе алатындар деп, сүйе алмайтындар деп. Сүйе алмайтынына күйе алмайтындар» — деп. Осы тұжырым-ой маған ұнады. Бірақ мен ғылым жолында жүрген, оның ішінде филология ғылымының ыстық-суығында жүрген, адамдарды екіге бөлдім: Р.Сыздықтың сүзгісінен өткендер және сүзгісінен өткендердің жаны мен жадында жүргендер. Сүзгіден өткендер – маңдайының бағы жарқырап туғандар екен. Оларға жаратушы ием өзінің туған анасы мен ғылыми жетекші ретінде жетелеген Рабиға апайымыздың аналық ақылын нәсіп етіпті. Жауапкершілігі мен жүктемесі көп мұндай шаруаны бағындырғандардың алды ғылым докторлары, соңы ғылым кандидаттары. Ғылым тілімен айтқанда, бұлар Рабиға апайымыздың шәкірттері, біздің тілімізге салсақ, сүзгіден өткендер. Бұлардың саны да 30-ға жетіп жығылыпты: 9 ғылым докторы, 20 ғылым кандидаты. Сүзгіден өткендердің жанында жүргендер де бақытты. Бұлар – апайдың немере шәкірттері, демек, шәкіртердің шәкірттері. Жадында жүргендер де осал емес: олар – шөбере шәкірттер. Жадында жүргендердің қатарына апайдың ресми оппонент ретіндегі бағасын алғандарды да қосу керек.

Ғылым шаһары Алматыда ғылыми-ізденістегі жылдарымызда апайға қызыға қарайтынбыз. Ғалым қызмет істейтін ордаға жұмасына кемі бір рет кіріп, апай маңындағы құрбыларымызға жақындау жүруімізді үрдіске айналдырып едік. Апай шәкірттері ол кісінің дем алуының өзі жұмыс істеу деп жеткізетін. Сөйтсек, апай жазып отырған еңбегінен шаршаса (көзі талса, ой-тұжырымдарын жинақтап алғысы келсе), келесі бір еңбегін қолға алады екен. Сонда, бір демде (қажетті уақыт шамасында) кемі екі-үш еңбекті қатар жазып отыруға дағдыланған екен.

М.Әуезов батасын берген, Ғ.Мүсірепов сүйсінген зерделі ғалым қашан көрсеңде жинақы: ақ адал сөзін ғылыми жиналыстарда жеткізеді. Шынайы жазылған еңбектен ғылыми-стилдік танымды іздейді. Көңіл көзінен шыққан жұмысты бар жан-тәнімен жолға салуға ынтығады. Апай ойлары ғылыми конференция мінберлерінен төгілетін. Студенттерге арнайы оқылған дәрістері шынайылық пен дәлдікті серік еткендіктен өзіне баурайтын.

Біздің байқауымызда, апайдың атағы жер жарып тұрғанымен (алыс-жақын шетелдердің аудиториясына таныс), көптеген шақыртулардың болуына қарамастан қазақ елінің үш қаласындағы жоғары оқу орындарымен тығыз байланыста болыпты. Үзбей араласып тұрған екен. Олар – Алматы, Ақтөбе, Семей. Ақтөбе туған жері, Алматы – ғылыми әлеуетін ашқан қала да, Семей – қазақтың рухани-мәдени астанасы ретінде тартып отырса керек. Мүмкін, осы қалалар өзіне де рухани күш беріп отырды ма екен?! Абайды асқақтата отырып (Абай шығармаларының тілін зерделеуін есіңізге алыңыз), Әуезовті әуелеткенін жоққа шығармассыз?! Осы сезім шығыс өңірге шақырып отырған-ау, шамасы. Қ.Жұбанов мұраларын тарқатуы сол өңірдің қызы, азаматы екенін мойындатқаны ғана емес, Ақтөбе ғұламаларының жалғастырушысы екенін көрсетпей ме? Әлі күнге дейін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ыстық-суығына етене араласып отырса, ұлы ұстаз есіміне деген парызын орындағаны емес пе?! Осы жолда арқа тұтқан Алматының орны анықталмай ма? Қазақтың қай қаласының болмасын қасиетті мекен екендігі дау тудырмас. Бірақ Рәбиға апайымыздың бүйрегі осы қалаларға ерекше ауып отырыпты.

Естеріңізде болса, осыдан бес-алты жыл шамасында, дүбірлеп өткен 90 жылдық мерейтойдың алдында ҚызҰПУ-дегі аудиторияға Р.Сыздық есімі берілді. «Бұл менің атымды иеленгені болмаса, біздің ұрпақтың еңбектерін бағалағандық» — деп көзіне жас алды ғалым. Атына тұлғасымен лайық академик-анамыздың бұл тойы да өтер. Апайдың сөзі де осыдан біраз жыл бұрынғыдай қарапайым шығар: «Бұл жүздесу жиынға қатысып отырған жастарға, болашақтағы ғылым иелеріне үлкен ой салса екен» — деп. Тегі, осы қарапайымдылық апайға асау биіктікті бағындырған қабілет берді. Қарапайымдылық пен қабілет Алла берген ғұмырыңызда серік болсын!