“Тіл алаңы”

 

2019 жылдың 05 қыркүйек күні Павлодар қаласында Қазақстан халқы тілдерінің ХХІ республикалық фестивалі аясында “Тіл – рухани жаңғыру тетігі” тақырыбымен пленарлық мәжіліс өтті. Мәжілісте ғылым докторы Сағындықұлы Бекеннің баяндамасы көпшілік көңілінен шықты. Төменде сол баяндама мәтінін ұсынып отырмыз. Баяндамаға қатысты болмаса Сағындықұлы Бекеннің қазіргі күндегі проблемалық көзқарастарына қатысты сұрақ-тілектеріңіз болса “Тіл алаңы” атты талқылауға шақырамыз.

Сағындықұлы Бекен – ғылым докторы, профессор

                   

Рухани дамудың тірегі – тіл

Түрі мен тілі еуропалық, тегі мен есімсойы түріктік Абульфаз Эльгибей былай депті: «Если народ начал борьбу за сохранение языка, значит это его последний шанс; если он потеряет и язык, ему наступит конец». Қазақ пен қазақтың тілі осы тұжырымның ішінде жүр. Әйтеуір күресіп жүрміз деп жүрміз. Кейде мынадай да ой келеді: құдайым қазақты жаратыпты да, бір тұсын кемшін қылыпты. Әйтеуір тыныш отырмасын деп тілдің проблемасын додаға тастап жіберіпті. Тілге жақын жүрген жұрт та, тілді саясатқа айналдырған топ та осы додада жүр. Ақыры айналып осы дода Ұлттық сенім кеңесінің құзырында талқыланатын болды. Ертең. Президенттің қатысуымен. Жалпақ жұрттың жан айқайын Қазыбек Иса жеткізеді. Президенті бас болған мұндай ұлттық жиын қазақ тарихында бірінші рет өткелі отыр. Осы кеңестен көп үміт күтеміз.

Апта бұрын Ата Заңымыз жиырма төртке келді. Жиырма төрт жыл бойы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Орыс тілінің ресми тіл ретінде қосамжарланып жүргеніне де осынша уақыт. Бір баптың екі тармағы. Бүгінгі қазақстандық ахуалға жүгінсек, үшінші тіл халықаралық қарым-қатынас тілі болып танылған – ағылшын тілі де өз статусын сұрайтын жағдайда тұрмыз. Ертең қытай тілінің статус сұрамасына кім кепіл? Сондықтан Конституцияның жетінші бабының тек бірінші тармағымен ғана қызмет ететін уақыты келді. Бұл менің ғана ой-тұжырым емес. Әлеуметтік желі ақпаратымен таныс, әлеуметтік желі қызметімен дос халық нөпірінің сұранысы. Шенеунікке шөгірдей тиер мұндай тұрықты талаптар ерте ме, кеш пе туады. Мен соның басында ғана тұрмын. Әлі де болса өз жерінің жөргегінде жатқан бабамның тілі өз елінің мемлекеттік тілі ретінде Ата Заңында жалаулатып жалғыз тұруы заңды. Меніңше, орайлы ұсынысқа олқы ойдағы ғана қарсы шығады деп білем.

Қалай болғанда да, қыркүйек келсе бір «шабылып» қаламыз. Ата Заң мерекесі Білім күні мен Тілдер мерекесіне ұласады. Оның ар жағында мұғалімдер күні тұр. Мұғалімдер күнінен бес күн бұрын қарттарымызды жарылқайтындай болатынымыз тағы бар. «Шабылып қалу» дегеннен шығады. Біз сөйлейтін осындай отырыс бір жылға азық. Кемшін қисықтығымыздан гөрі, жақсы пысықтығымызды алдарыңызға тартуға тырысамыз. Беріп жатқан мақтау қағаздарыңызға мәз болатынымыз бар. Бұдан әріге асып жатқан түгіміз жоқ. Осы отырған жұрттың ішінде тіл деп жүгіргендердің мемлекет наградасын алғанына куә болған күн туа қойған жоқ. Шенеуніктің шапалаққа ұқсас кәшөлегенде жататын сол награда тіл тілегендердің төсінде неге жоқ? Сұрақ – жалғыз, жауап – жоқ.

Награда демекші, қазақ тіл білімі жақында үлкен марапатқа ие болды. Президенттің жеке жарлығымен ұлт анасы Р.Сыздық І дәрежелі «Барыс» орденін алды. Бүкіл қазақ ғылымының басы-қасында жүргендер бір марқайып қалды. Айтты-айтпады Р.Сыздықтан тәлім терген атпал азаматтар осы өңірде де өріп жүр. Ұлт анасының шапағаты тиген ардагерлердің қатары бізде де жетерлік. Солардың бірі де бірегейі Керекудің тіл керегесін керген, әрі әр уығын қадаған Ермек Өтебайұлы еді. Әрине, орден сұрамай-ақ, медаль тақпай-ақ өмірден озды. Марапат сұрау оның әдетінде болған жоқ. Одан бері де қаншама аға-апамыз, әдемілеп айтсақ, көсем тілдің күлін көседі. Бірақ солардың қайсыбірі алтынмен апталып (орденмен деп түсініңіз), күміспен күптеліпті (медаль деп түсініңіз). Биылғы жылы сол ағамыз тіккен қара шаңыраққа отыз жыл толады екен. Егер бүгінгі күні тіл деген қасиетті тұғырдың тұтқасын ұстап отырсақ, сол ағамыздың бекіткен топсасының сыр бермегені де. «Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмайды». Отыз жылын қазақ тілінің пұшпағын илейтін кадр даярлауға арнаған кафедраны ұмытпаудың жолын қарастырсақ екен деймін де баяғы. Осындай бір ұлы шара ұланасыр тойға ұласса, Ермек Өтебайұлының да аруағы бір аунап түсер еді-ау! Біз жұмыс істейтін университет пен тіл басқармасы басшыларының құлағына алтын сырға.

Тіл – халықтың қаруы. Қолданушысы болса ғана, тіл өмір сүреді. 2015 жылдан бастап (Қазақ хандығының-550 жылдығын айтып отырмын), тегімізді түгендеуге ат басын бұрдық. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да барымызды аңдатты. «ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды» деді сол бағдарламада Елбасы. «Қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздады» деген тұжырымды да көлденең тартты сол бағдарламада. Біз мұны терең түсіне алдық па? Байқап қарағанға Елбасы емеуірініндегі тіл мәселесіне ғана кіші бағдарлама жасалған жоқ. Тілдің тауқыметі, оның ішінде қазақ тілінің тауқыметі, сөз жүзінде ғана хатталды. Рас, Елбасы айтқан, латын графикалы жазуға баруды бауырымызға тарттық. Ал мемлекеттік тіл ретіндегі елгезек іс-әрекеттеріміз сол қалпында қалды. Өңіріміздегі тек «Ана тілі» орталығы ғана бағдаршам болып тұр. Бұл орайда жалғыз өзі тоқсан тоғыз өгізге жүк болар істі атқарып жүрген Шолпан Доқтұрбайқызына алғыс айтуымыз керек. Биылғы жыл тілдер дамуына арналған облыстық бағдарламаның соңғы жылы. Бағыттап алғанымызды толық атқара алдық па? Бұл енді өткен жылдардың еншісінде қалады. Ал түзілер бағдарламадан не күтеміз? Ұсыныс қандай? Нені көксеп, нені күйттеуіміз керек? Жоғарыда айтқан мемлекеттік тіл мәртебесі қаншалықты ескеріледі?

Құрметті Ернұр мырза! Қойын дәптеріңізге түртіп қояр мәселенің бастысы осы болса екен. Ең алдымен, бөлінгеннен бөріге азық боларымыз кәдік. Мәдениет жаныңызға келген екен, тіл екеуін ұштастырудың қамына кірісейік. Архив те бізден алшақ емес. Түсінген адамға бүгінгі күнге дейін архивтің тілі мемлекеттік тілде сөйлеген жоқ. Енді тіл екеуі тең түссе, тең жүрсе тайпалған жорғаның жайы болар еді.

Екіншіден, рухани жаңғырудың басты жобасы мәдениетке тиесілі болды. Жалғастырып алып кетер жұмыс әлі де болса жетерлік. Тұлғалық ескерткіштеріміздің (Баян батыр, Малайсары батыр; Шоқан мен Потанин, Қалижан Бекхожин) кейпі кетіп, мүжіліп жатқаны ащы шындық. Келісім-шарттың әлсіздігі осындай жайтқа жеткізген. Қаланың мәдени көрінісін танытатын бұл ескерткіштер менмұндалағанда сәнін де жоғалтпаса екен деген тілек.

Соңғы кезде жаңғырған ескерткіштеріміздің тілі екі тілде болып жатыр. Сәнге айналғаны соншалық, «Киелі Қазақстан» бағдарламасы негізінде көтерілген кесене, мазарларымыздағы мәліметтер орыс тілді мәтінді де қамтыған. Қазақ рухани жаңғыруы қазаққа ғана керек. Біріншіден, сол қасиетті жерлерімізге зиярат етіп жатқан басқа ұлт жоққа тән; екіншіден, қашалған тастарға орыс тілінде мәтін түсіру бойымыздағы бодандықтың әлі де болса сақталғанын көрсетеді. Тіпті, үшіншісі, керек десеңіз сол тілдің заманын аңсаудан туған сарқыншақтық деп қабылдаймыз.

Тіл өзі көп аспектілі. Ол тек қана қарым-қатынас пен түсінісудің құралы емес. Тілдің тектілігіне таңба түсірмесең, ол тарихың, бүгінің мен ертеңің. Қазақтың төрт бұрышы, яғни шығысы мен батысы, күнгейі мен теріскейі, тарзамандық талқыға түсіп тұрған шағында да, әйтеуір бір тылсым күштің арқасында құбыласын жоғалтқан жоқ-тын. Бір қуанатынымыз қиуы кеткен қиындық тілдің тарихына айналып барады. Ал бүгініміздің бүгін бүкпей білдіретін болсақ, өңірлік ономастика опық жегізіп отыр. Бас қаламыздың атын ауыстыруға қауқарымыз жетпейді. Көше атауларын аздап ауыстырып, алдаусыратып отырғанымыз болмаса бітіргеніміз шамалы. Қала маңына жақын кенттердің де көгерткені көзге көрінгісіз. Ал анау Ресейге жақын орналасқан ауданның атаулары туралы айтпасақ та болады. Қалай болғанда да болашақ бес жылға арналған тіл бағдарламасы осы жайттарды түгелімен қамтуы керек деп білеміз. Ертеңіміздің еңсесі биік болсын десек, бағдарымыз бен бағдарламамыз бір жеңнен қол шығарсын деген тағы бір тілегіміз осы. Тыңдағандарыңызға рахмет!