2019 жылдың 15 қараша күні Семей қаласында “Үш бәйтерек: таным мен тағылым” атты аймақтық конференция өтті. Сол конференцияда профессор Сағындықұлы Бекен өз баяндамасын ұсынды. Баяндама мәтінін жариялап отырмыз.

Сағындықұлы Бекен – ғылым докторы, профессор

үш асыл: тағдырдың тұщымды тұстары

  • Семей: 15 қараша, 2019.

Қыстың соғар сойылын ұзартқан қазақтың қарашасы қараша халқына қолын созып тұр. Тұлғаларыңды тағы бір танып/танытып алыңдар дегендейін тыныш. Кең Қазақстан үш арыстың 125 жылдығын үнсіз қалдырып жатқан жоқ. Жетісу елі Құлагер ақынын ерекше қастерлеп, еңселі ескерткішін қойды. Көкшетау жұртының дауысы әлсін болса да, Сәкен дегенде серпілтіп-ақ тастайтыны бар. Бір безбендеу Бейімбетке жетпеген еді. Бірақ Қостанай халқының қызыл Таранның есімін тақтан тайдырып, өз тумасына аудан атын беруі биылғы жылдың басым белгісі болғаны анық.

Өздеріңізге мәлім, 21 қазан күні «Қазақ халқының үш ұлы шынары» тақырыбындағы халықаралық басқосу Түркияда өтті. Осылайша ТҮРКСОЙ түгендегендей болды ма деп едік, аяқталмаған екен. Қазақтың рухани, әрі мәдени астанасы қарт Семей Сәкен, Ілияс, Бейімбетті бөле жармай, бүгінгі күнге бәс тігіп, белуардан келер шараға айналдырыпты. Ризашылығымызды қабыл алыңыздар!

Үш арыстың туған даталары мен қайтқан уақыттарын санға шағып, қайта қайталауды жөн көрмедім. Бірақ тумасынан бір-біріне жақын тұрған тұлғалардың сол даталарында тарихтың бір тылсым күші жатқандай әсерлі екендігі сөзсіз. Осы үш алыпқа ғұмыр сыйланғанда ғасырдың аяқталуына бес-алты жыл қалыпты. Келер тағдыры қара түнек екенін, болар болашағының бәз біреудің қолымен ғана өлшенетінін білгенде, бұл шақалақтар дүниеге шықпаймын деп шырылдар ма еді, кім білсін! Ал егерде қарға тамырлы қазақтың мүдесін қорғайтын аласапыран ғұмыр берілетінін естісе, сол шақалақтардың жарық дүниеге шықпаймын демесі де анық еді. Тағдыры тоқайласпады емес, сан мәрте мәреде жүрді емес пе?! Ал енді қан шеңгел 37-інің алашқа түскен запыраны үшеуінің басына бірдей төнгенін айтсаңызшы! Үш мүшелден енді асқан үш асыл қырқында қамалға жетпей жер құшты. Сыралғы сөздерінде сүрінбеген саңлақтар қырын келген нәубеттен құтыла алмады. «Құдайдың маңдайыма жазғаны» – деді де, көнді. Көнтерлі көнбістіктің өзі күсталанатын күнге шамасы жетер шара болмады. Бар қазақ қанынан (азаматынан деп түсініңіз) айырылды. Бірақ түгесілмейтіндей мұра қалдырған үш бәйтерекке алғысы шексіз еді. Бүгінгі күні сол аманат алғысын қайтарудың қамына кірісті. Мәңгілік елдің мәңгілік мұрасына айналар ұлы шығармалар тудырған Сәкен, Ілияс, Бейімбетті мәгілік өмір сүрмейді деп кім және қалай айтсын!?

Қазақта Бауыржан Үсенов деген ақын өткен. Отыз жасында о дүниеге озыпты (1961-1991). Жарықтық «Қара машина» атты өлеңін 80-жылдардың басында жазған екен (Фейсбук парақшасына ақын Байбота Қошым-Ноғай жариялады. Мен сол уақытта осы баяндамаммен отырғам). Үш арыстың бір жылда қара қазаға ұшырағанын кітаптан көріп оқушы біз таңырқайтынбыз. Біздің ойды Бауыржан ақын жеткізіпті. Үзінді оқып көрейік:

Үш ұлы адам дарын ескен түрінен,

Келбетіне құдайдайын үңілем.

Бір-ақ жылда қайтыс болған, тарихи

Құбылыс деп ойлайтынмын мұны мен.

Бір тынбаған қамын ойлап халықтың,

Күреңітіп тұрмасын деп жарық күн.

Бірақ халық жауы болып ұсталып,

Кеткендігін кейін біліп қамықтым.

Адамзаттың ажарлысы, өзі ақын,

Қазағым деп қамшылаған боз атын.

Сырнай үнмен әсем әнін созатын,

Жан бар ма еді Сейфуллиннен озатын?!

Алатаудан Ақсу болып бұрылған,

Қыран жырды қайыратын қырымнан

Жансүгіров емес пе еді Құлагер

Ол қалайша айбалтаға ұрынған?!

Талантына табынам мен қай елдің?

Мен өзімнің қазағымнан май емдім.

Бейімбеттің жазығы не, паш еткен

Еркек түгіл коммунисін әйелдің?

Тегі, тектілік қазақтың әр ұлында бар. Әрі тектілік тумасынан материалдық байлық иесіне берілмейді. Бейімбеттің туар тегіне көз жүгіртсең, әкесі Жармағанбеттің де, атасы Майлының да кедей шаруа екенін оқисың. Тіпті, әкеден ерте айрырылып, шешесі Құлғизар мен әжесі Бойдастың тәрбиесін алғандығын байқайсың. Сонда, тектілігінің шымқай тереңдігі қайдан, неден бастау алды? Ең алдымен, қазақ деген қанына біткен қағидат бұл. Екіншіден, ерен езгідегі ұлтын ұшпаққа шығарам дегендегі намысы болса керек. Әйтпегенде наны мен шайын айыра алмай отырған қос кейуана ұрпағын ұлықтар баласын қалай қатарға қоссын. Үшіншісі уақытқа байланған ортаның терең білімділігі болса керек. Естеріңізде болса, Ұлы Қазан дейтін төңкерістен кейін әсіре ресейшіл топтар қазақ сауаттылығын есепке салып, екі пайыздық көрсеткіш шығарыпты. Жалған есеп. Бұл орысша білім алған оқымыстылардың есебі ғана. Оның алдындағы араб-парсы, шағатай тілді білімпаздарымыз бұл есепке енбей қалған. Сонда деймін-ау, ХІХ ғасырдың соңындағы санақ бойынша алты миллионнан асқан қазақтың екі пайызы орысша хат таныған. Демек, 1 200 000 адамды құрайды екен. Қайдағы сауатсыздық, қайдағы сауат ашу? Осы 1 200 000 адамның ішінде жоғарыда айтқан кара кедейдің баласы Бейімбет бар.

Мынаны қараңыз: 1) «Шұға десе, Шұға» дейтін фразамен жалпы елге тараған афоризм сөздің иесі Бейімбет «Шұғаның белгісі» прозасын он жеті жасында жариялапты. 2) Ақындыққа қатысты алғашқы шығармасы 1912 жылдың еншісінде. Ал Мырқымбай образы Бейімбет өлеңдерінің шыңы десе болады. Он жылдың көлемінде жинақталған образға тек 1927 жылдары ғана нүкте қойылған екен. 3) Драмматургия саласындағы барлық еңбектеріне 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс пен онан кейінгі заман көріністері, нақтырақ айтсақ, Қазан төңкерісі мен ақ пен қызылдар қырылысы арқау болған. Ал сахналық шығарманың биігіне саналған «Майдан» пьесасының  ауқымы да кең, айтары да көп дүние.

2017 жылдың 12 сәуірінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жариялап, тарихи ескерткіштерге, толық қамти айтсақ мәдениетке қатысты ой-тұжырымын тарқатты. 1926 жылдың 20 қарашасы күні Б.Майлиннің «Мәдениет мұралары» атты мақаласы «Еңбекші қазақ» газетінде жарық көреді. «Мәдениеттің негізгі белгілерінің бірі – өткен заманның мәдениетін тауыса зерттеу. Ескі замандардан қалған мәдениет белгілерін, мәдениет мұраларын қорғап аман сақтау. Мәдениет мұраларын аман сақтау ғылым үшін керек нәрсе» деген Б. Майлин «Қожа Ахмет Иассауи» кесенесінен бастап, «Алаша ханның моласына» дейінгі ескерткіштерді түгендеп (жалпы 13 тарихи киелі жерлер) қамқорлыққа алуды ұсынады. Міне, рухани жаңғыруға өзек болған тарихи маңызы бар орындар осыдан 90 жыл бұрын Бейімбеттің аузынан айтылыпты.

Жалпы, Б.Майлин ешқашанда лауазымға қызықпапты. Ел газеттерінің бас редакторлығынан үнемі бас тартып отырады екен. Бірақ газеттің ауыр жұмыстарының бәрін өзі атқарады екен. Сонымен қатар жазарының бәсі жоғары бопты.  Түгенделмей кеткен түп төркін сөз Бейімбеттен қалмапты. Бүгінгі күні көп томдық шығармаларының қай жылғысын ақтарсаңыз да, жазған еңбегінің (проза, поэзия, драма) соңында «аяқталмаған» немесе «табылмады» сынды жазбаларды кездестіресіз. Демек, зерттеу мен зерделеу әлі де болса керек деген сөз.

Сәкен мен Ілиясты қамаған уақытта, Бейімбет «Амангелді» көркем филімін түсірудің басы-қасында жүрген екен. Тағдырларының ащы тұсы дейміз бе, әлде заманның қиындығына жаба салайық па, әйтеуір арашасы болмаған арыстар атылып кете барды. Тек қана Бейімбетке қазаның қара қамшысы үйірілгенде, Ғ.Мүсірепов «Ол кісіні жақсы білемін, адал ниетті, нағыз коммунист, егер оны жау десеңдер, мені де жау деп санауларыңа болады» дегенді айтып қалды. Кейіннен, әрине, орынды толықтырулар болып отырды. Кеңес құлар тұста Мәскеуден шығатын «Тамаша адамдар өмірінен» сериясымен Б.Майлин шығармашылығы таныла түсті. Егемендік енген тұста тек мерейтойлық шараларда бір қозғалып қалып отырды. Жоғарыда айтқанымыздай, бір қайнауы ішінде қалып отырған шығармалары түгенделудің жолына түседі деп сенелік.

С.Сейфулин «Асау тұлпар» туралы» мақаласында «Тұлпарды да жамандауға болады, көк есекті де мақтауға болады» деген сөзді айтады. Сәкен тағдырында да сыр тартар тұстар көп. Баянауылдың Торайғыров ауылында көз тартар биік, жықпыл тасты тау бар. Жергілікті халық Сәкентау деп атайды екен. Аласапыран заманның бір уақытында Сәкен Сейфуллиннің жасырынуына пана болған мекен деседі.

Сәкеннің сұлулығы «Көкшетау» поэмасындағы табиғат сұлулығымен астарлас. «Тау ішіндегі» мүлгу (тылсым тыныштық деп түсініңіз), қазақ даласына келген шойын жол (Экспрес)  (мұнда жаңа күш те бар, сонымен қатар Сәкен Орманының тыныштығын бұзатын өрескел күш бар), патриоттық рухтағы «марсельезасы», мемуарлық шығарманға алғашқы соқпақ салған да С.Сейфуллин болатын.

Күні бүгінге дейін С.Сейфуллиннің пенделік падишаһтығынан гөрі, азаматтық һәм адамзаттық тұлғасы басты орында болды. Лайым солай болып қалғаны да дұрыс деп білеміз. Әдебиет, оның ішінде мектеп оқулығындағы мәлімет Сәкен түзген дүниелер еді. Тіпті, жоғары мектеп тыңдаушылары да «Қазақтың ескі әдебиет нұсқаларын» (1931), «Батырлар» жырын (1933), қазақ фольклорының тарихына арналған «Қазақ әдебиетін (1932) С.Сейфуллиннің ұшан-теңіз еңбегі арқылы таныды. Әдебиет демекші, кез келген кітапхананың маңдайшасына тұруы тиіс сөз Сәкендікі екен: «Әдебиеттің туған жері Азия. Азиядан Европаға жайылған, одан жалпы жер дүниеге жайылған». «Әдебиет – айна мысалды» деген де Сәкен. «Әдебиет – үлгі» дегенді Сәкен айтыпты. «Әдебиет адамды түзейді» деген де Сәкен екен.

Ол ол ма? 1918 жылы жазылып, патриоттық пен отансүйгіштікке баулыған әнұран тектес өлең көптеген ұрпақтың есінде. Азы бір ұрпақ осы өлеңмен тәрбиеленді:

Азамат, жүнжіме, жүрме бос,

Қол ұстас, бірігіп тізе қос.

Ту ұстап, дұшпанға барайық,

Теңдіктің ұранын салайық.

Тізесін батырған залымнан

Күн туды біз теңдік алайық.

Абзал азамат 1920 жылы құрылған Қазақ АКСР-да президиум мүшесі болып сайланады. Ал 1922 жылы Халық комисарлар кеңесінің төрағасы болады. Бұған дейін С.Сейфуллиннің Ақмола совдепінің президум мүшесі, оқу комиссары болып қызмет атқарғандығы тағы бар (1917). Бұл даталардың жалпы қазақ үшін маңызы зор. Біріншіден, мемлекеттің аталуы Қазақ боп енді. Екіншіден, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қызметі Сәкен басқарған үкімет кезінде орын алды. Осыдан ғасырға жуық уақыт бұрын Білім кеңесіне (қазіргіше Білім министрлігі) қарата жазған мақаласында (Оқу-білім майданында) «Қазіргі зор мәселе – жаңа сөздер мен жаңа жазу, әм кітап» дейді. «Қазір тіл, сөз қолданудан шатақ болып барады» дейді. «Оқу кітаптары жоқ, емлесі, жаңа кіргізілген сөздердің жазылуы бекімеген қазақ еліне Білім кеңесі істерін жариялап отыруы керек» дейді. Бүгінгі күні бүгінгі Қазақстан дәл осы тосырқауда жүр.

С.Сейфуллин кеңестік заманда да барынша танылды. Жоғарыда айтқан «Тамаша адамдар өмірінен» сериясының да кейіпкері бола алды. Көзі тірі кезінде басшылық қызметте істегені әсер етті ме, жазғандары мен жазбалары жиі шығып тұрды. Кейінірек Сәкен есіміне селеу түскен уақытта, профессор Т.Кәкішевтің тарихи-деректік зерделеулері бағыт беріп, жаңылдырмады.

Сәкеннің қатарында Ілияс Жансүгіров жүрді. Ғұмырнамаларына қарап отырсаң, жолдары тоғысқан. Ел газеттерінің редакторлығында, Жазушылар Одағының ұйымдастыру жұмыстарында белсене араласқан. Жансүгіров орасан зор поэмаларымен ел есінде қалады. Жиырмаға жуық поэма тудырған ақынға «Құлагер» атты поэма атауы өз есімімен тектес болып кетті. Ілияс поэмалары дегенде «Күй», «Күйші», «Дала», «Құлагер» деп қана танитынбыз. Ал «Қуат», «Қолбала», «Мақпал», «Рүстем қырғыны», «Байкал», «Кәмпеске», «Мәйек» сынды поэмаларын көп жұрт біле бермейміз.

Орыс пен Еуропаның, түрік-парсы тектес жұрт (татар, тәжік) ақындарының шығармалары Ілияс Жансүгіров арқылы тәржімаланған. 1920-30 жылдардың аралығында қазақ фольклорының біршама туындылары ақын араласуымен жарық көрген. Оның үстіне ол Қазақстан Жазушылар одағының алғашқы басшысы ретінде де бағаланады. Бір түсінбестігі, І.Жансүгіров Сәкен мен Бейімбет жарияланған Мәскеуден шығатын «Тамаша адамдар өмірінен» сериясына кірмеген. Дегенмен ғұмыры аз болса да, тәңірі оған ұрпақ сыйлаған екен. Артында қалған ұл-қыздарының тікелей араласуымен асыл әкенің бар қылған іс-әрекеті халыққа танылды. Әйтсе де, әйелімен соңғы кездесуінде құндақтаулы баласына қарата айтқан: «Жазушы болып жазықсыз жаза тартқанша, етікші болып еркін өмір сүрсін» деген сөзі жетіпті бүгінге. Тек елім деп еңіреген ерді түңілдірген сұрықсыз сол жайтты естігенде, оның өзінің бозбала шағында оқимын дегеніне қарсы уәж айтқан әкесінің «Саған осы оқу да жетеді, енді үйде отырасың» деген сыпаттағы сөзін тыңдамағанына өкінді ме екен деп қана ойлайсың?

Қорыта келгенде, 1937-нің дүрмегіне ең алғаш болып ілінгендер осы үш арыс. Бұл уақыт «ұлтшыл», «алашордашыл» деген жала сөздердің «халық жауы» деген тіркеске айналған шағы. Өздері атылғаннан кейін жиырма жылдан соң ақталған ғайып ерендер онан кейінгі алпыс жыл уақытта ортамызда жүр. Мұнан кейінгі ғұмырлары да жалғаса беретіні анық. Себебі қазақ барда қазақтан туған ер ұмыт қалмайды. Сөзімізді І.Жансүгіровтің мына сөзімен тұжырымдасақ дейміз: «Өз елі өз ерлерін ескермесе, Ел, тегі, қайдан алсын кемеңгерді».