Латын графикасындағы қазақ әліпбиінің жаңа жобасы туралы …
Латын әліпбиіне байланысты сұрақтар
- Президент мақұлдаған латын графикасына негізделген әліпби жобасының алдыңғы акутты жобадан басты айырмашылықтары неде?
Алдыңғы бекітілген әліпби бір ғана диакритикалық таңба акут белгісіне негізделген болатын. Мәселен ол әліпбиде ә, ө, ү, ғ, ң, у дыбыстарының таңбаларына акут белгісі қойылған және екі дыбыстың (ш, ч) таңбасы диграфпен (қос әріп) берілген. Мамандардың ұзақ та тыңғылықты талқылауынан, сараптауынан кейін, диграфтар мен акут диакритикасы әліпби құрамынан мүлде алынып тасталды да, оның орнына умлаут, бревис, седиль және макрон дикритикалық белгілері алынды. Бұрынғы бекітілген әліпби мен Президент мақұлдаған жаңа жобадағы басты айырмашылықтар осы.
- Мақұлданған әліпби жобасын кімдер дайындады?
Мақұлданған әліпи жобасын Үкімет жанынан құрылған Ұлттық комиссияның Орфографиялық жұмыс тобы ғалымдары даярлады. Орфографиялық жұмыс тобының мүшелері Тіл білімі институтының, «Тіл-Қазына» орталығының, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің, А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ғалымдары. Бекітілген әліпбиді жетілдіру барысында Орфографиялық жұмыс тобының бірнеше отырысы өтті. Кеңейтілген отырысқа техникалық топтың ІТ мамандары, сондай-ақ терминологиялық, әдістемелік жұмыс тобының мүшелері де шақырылып, әліпбидегі өзгерістер жан-жақты талқыланды. Нәтижесінде бұл әліпбиді Орфографиялық жұмыс тобының 95% қолдады.
- Мақұлданған әліпби жобасы мамандардың талқылауынан өткізілді ме?
Президент мақұлдаған әліпби жобасы мамандар талқылауынан сонымен бірге Республикалық деңгейде апробациядан өтті. Мәселен Республикадағы барлық Тіл орталықтары бекітілген әліпбидегі өзгерістерді сол өңірдегі тіл мамандарының талқысына салды және студенттер мен оқытушылар арасында сынамадан өткізді. Нәтижесін Орфографиялық жұмыс тобына ұсынып, жұмыс тобы мүшелері сынама қорытындысы негізіндегі ескертпе мен ұсыныстарды мұқият талқылаудан өткізді. Бұған қоса Президент мақұлдаған әліпби жобасы бастауыш мектеп мұғалімдері мен әдіскерлер тарапынан да талқыланып, сарапталды.
- Латын әліпбиіне көшкенде сан ғасырлар бойы жинақталған мұра оқылмай қалмай ма?
Бұлай қауіптенуге еш негіз жоқ. Себебі, қазіргі таңда цифрландыру үрдісі қарқынды түрде қолға алынып жатыр, технологияның мүмкіндігі өте жоғары. Қағаз нұсқадағы кирилмен жазылған кез келген ақпаратты электронды нұсқаға және ол нұсқаны жаңа латын әліпбиіне аудара салуға көп уақыттың қажеті жоқ. Қазір барлық саланың базасы цифрландырылып жатқанын білесіздер, мысалы конвертер жүйесі кирилмен жазылған мәтінді минут емес, бірнеше секундтың ішінде-ақ жаңа латын әліпбиіне аударып береді.
- Президент мақұлдаған әліпби қашан ресми түрде бекітіледі және ол қолданысқа қай кезде енгізіледі?
Орфографиялық жұмыс тобы даярлаған әліпби жобасы 2020 жылдың қараша айында Президентке таныстырылғанын білесіздер. Президент ол әліпби жобасын мақұлдап, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жұмыстарына байланысты құрылған ҚР Үкіметі жанындағы Ұлттық комиссияға жолдады. Ұлттық комиссия отырысын ақпан айында өткізу жоспарланып отыр, егер Ұлттық комиссия мүшелері Президентке таныстырылған әліпбиді дұрыс деп мақұлдаса, онда бекітуге ұсынылады.
- Бекітілген әліпби нұсқасын кімдерден бастап оқытасыздар? Осы жөнінде толығырақ айтсаңыздар.
Егер әліпбиді Ұлттық комиссия мақұлдап, Президент ресми түрде бекітсе, ең бірінші, оқытушылар даярланады. Яғни латын әліпбиін үйрететін оқытушыларды даярлау үшін, республика көлемінде оқыту курстары жүреді. Оқыту курстары 12 және 36 сағаттық болады. Ол курстың арнайы бағдарламасы мен оқыту құралы дайындалып жатыр. Курсқа қатысушылар жаңа әліпби құрамы мен латын әліпбиіне негізделген емле ережелерін толықтай меңгеріп шығады. Осы курстан оқып шыққан оқытушылар өз өңірлеріне барып, латын әліпбиі мен емле ережелерін үйрететін болады.
- Әліпби бекітілген соң, жалпыхалықтың өз бетінше үйренуіне арналған қолжетімді құралдар дайындала ма?
Әрине, оқу құралдары дайындалады және латын әліпбиін үйретуге арналған оқу құралдарын республиканың кез келген тұрғыны пайдаланып, курсқа қатыспай-ақ өз еркімен үйрене алады. Оқу құралдарының барлығы электронды форматта, арнайы сайттарда жарияланады. Латын әліпбиін үйретуге бағытталған нұсқаулықтар, кітапшалар балаларға, егде жастағы адамдарға немесе сала мамандарына лайықталып жасалатын болады.
- Әліпби және оның емле ережелеріне арналған мобильдік қосымшалар дайындала ма?
Мобильді қосымшалар дайындау биылғы жоспарда жоқ болғанымен, болашақта қолға алынады. Оның құрылымы, жүйесі, қолдану ерекшелігі қандай болатыны алдағы уақытта анықталатын болады. Ал мобильді қосымшаға енгізілетін мәтіндер, тапсырмалар, емле ережелеріне қатысты түсіндірмелерді Орфографиялық жұмыс тобы ғалымдары, мамандар даярлап береді. Мамандар даярлаған мәтінді немесе тапсырмалар топтамасын ІТ мамандары мобильді қосымшаға енгізеді.
- Қазір мұғалімдер мен әдіскерлердің бәрі кирилл әліпбиіне маманданған. Ал жаңа әліпбиге мамандарды дайындау қалай жүзеге асырылады?
Халық кирилл әліпбиімен жазып маманданғанымен, латын әліпбиін білмейтін адам кемде-кем. Себебі, сонау кеңестік кезеңнің өзінде кез келген мектепте не ағылшын, не неміс тілі пән ретінде оқытылды. Егемендік алғаннан кейін мектептер мен ЖОО-да ағылшын тілі міндетті оқытылатын пән ретінде тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Яғни біздің қоғам 100 пайыз латын әліпбиімен жақсы таныс. Сондықтан латын әліпбиіне негізделген жаңа қазақ әліпбиін меңгеріп кету көп қиындық тудыра қоймайды. Дегенмен қазіргі қолданыстағы кирил жазуы мен алдағы бекітілетін латын әліпбиінің арасында 11 таңбада айырмашылық бар. Соғын сәйкес емле ережелерінде де өзгерістер орын алады. Осыны меңгеріп шығу үшін арнайы оқыту курстары ұйымдастырылатын болады. Оқыту курстарында ең алдымен тренерлер, яғни латын әліпбиі мен емле ережелерін үйрететін мамандар даярланатын болады.
- Жаңа әліпби оқушыларға мектепте, студенттерге колледждер мен университеттерде оқытылады. Ал ересек адамдар жаңа әліпбимен жазуды қай жерде үйренеді?
Ересек адамдарға латын әліпбиі мен емле ережелерін меңгертуге арналған кітапшалар, нұсқаулықтар даярланатын болады. Егер курсқа қатысып үйренгісі келсе, оған шектеу жоқ.
- Жаңа емле ережелерінің алдыңғы ережелерден қандай айырмашылықтары бар?
Жаңа емле ережелерінің алдыңғы ережелерден басты айырмашылығы – оның тіліміздің дыбыстық ерекшелігіне, заңдылығына сүйеніп жасалуында. Алдыңғы ережелер қазақ тілінің грамматикасынан гөрі, орыс тілінің грамматикасына сәйкес келетін. Яғни, орыс тілінің төл дыбыстары сол қалпында сақталып жазылды, сол арқылы енген кірме сөздерді орыс тілінің орфоэпиясына сәйкестендіріп айтатын болдық. Мәселен, о деп жазып, оны а деп оқитын күйге жеттік. Ал жаңа емле тек қазақ тілінің төл дыбыстарына негізделіп жасалды, яғни орыстың 8 әрпі (ю, я, ъ, ь, ц, ч, щ, э) кездесетін дыбыстарды қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігіне икемдеп айтатын боламыз. Мәселен, цирк – сирк, чемпион – шемпион т.б. Сондай-ақ, бүгінде кейбір сөздердің жазылуында ала-құлалық болды, яғни бір модельдегі сөздер әртүрлі жазылып жүрді. Енді сол олқылықтардың бәрі жаңа емледе бірізденіп, өз шешімдерін тапты. Сонымен қатар алдыңғы ережелер 10-12 тараудан, 129 параграфтан тұрса, жаңа емле 9 тараудан, 107 параграфтан тұрады. Жаңа емле жазу нормаларын тұрақтандыратын, жұртшылықтың жазу мәдениетін көтеретін бірден-бір көмекші нұсқаулық болмақ.
- Ғалымдардың айтуынша, кісі есімдерін, географиялық атауларды жаңа әліпбимен жазуда кейбір өзгерістер болмақ. Осылардың ережесі мен стандарты жасала ма?
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының тарапынан кісі есімдерінің, географиялық атаулардың жаңа латын әліпбиіне сай дұрыс жазылуына байланысты ережелер әзірленіп жатыр. Жаңа сөз басында айтып өткеніміздей, орыс тілінің 9 әрпі (ю, я, ъ, ь, ц, ч, щ, э, ё) әліпби құрамына алынбағандықтан, олардың кісі есімдерінде, географиялық атауларында кездескен жағдайда қалай жазылады деген сұрақтарға жауап боларлық ереже дайындалуда. Яғни, Ереже республиканың барлық құжаттаушы мекемелерінің күнделікті жұмысында, түрлі құзырлы органдардың, банк ісі, нотариус, білім беру және басқа да аты-жөндерді, географиялық атауларды дұрыс жазу талап етілетін мекемелерде басшылыққа алынатын нормативтік құжат және практикалық құрал болып табылады.
- 13. Елімізде жаңа әліпбиге көшу 2025 жылға дейін деп қарастырылған. Оның негізгі кезеңдері қандай?
«Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру» жоспарына сәйкес жаңа әліпбиге көшу кезеңдері мынадай: 2021 жылы жаңа әліпби және оның емле ережелер жобасы бекітілгеннен кейін, жұртшылықты жаппай оқыту кезеңі басталады. Сондай-ақ, латын графикасы негізіндегі жаңа ортологиялық құралдар, нұсқаулықтар, анықтамалықтар шығатын болады. Яғни, орфографиялық, орфоэпиялық сөздіктер, анықтағыштар, және т.б. 2022-2023 жылдары жаңа әліпбимен оқу құралдары әзірленіп, 1 сыныпқа баратын оқушылар жаңа әліпбимен мектеп табалдырығын аттайды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы азаматының паспорттары мен жеке куәліктері және басқа да құжаттар латын графикасы негізіндегі берілуі көзделіп отыр. 2025 жылы Мемлекеттік БАҚ-ты және баспа басылымдарын жаппай латын графикасына көшіру жұмыстары басталады.
- 14. Жаңа әліпбиге байланысты ІТ жобалар дайындала ма және олармен қандай сайттар арқылы танысуға болады?
Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен «Тіл-Қазына» орталығы жылсайын жаңа әліпбиді меңгертуге арналған ІТ жобалар әзірлеуде. Атап айтар болсақ, 2018 жылы «Қазлатын.кз», «Сөздікқор.кз», балаларға арналған «Жасырын сөз», «Сөзді тап» сынды мобильдік қосымшалар мен телевизиялық жобалар, 2019 жылы «Тілтаным» ток-шоуы, конвертер жүйесін енгізген болатын. Биылғы жылы да бірнеше жобаларды әзірлеу жоспарланып отыр. Оларды алдағы уақытта «Қазлатын.кз», «Тіл әлемі.кз», «Емле.кз» сайттарынан көре аласыздар.
- 15. Осы күнге дейін қазақ тіліне терминдер орыс тілі арқылы еніп келді. Жаңа әліпби бекітілгеннен кейін терминдерді түпнұсқа тілден алу үдерісіне көшеміз бе?
Я дұрыс айтасыз, бұған дейінгі тілімізге енген кірме сөздердің көпшілігін біз орыс тілінің ықпалы арқылы алатынбыз. Ендігі кезекте жаңа емледе терминдерді түпнұсқадан алып және оны соған ұқсас жазатын боламыз. Мәселен, онлайн, маркер, модератор т.т.
- 16. Латын әліпбиі қазақтілді азаматтарға арналған. Елімізде мемлекеттік тілді білмейтіндер әліпбиді қалай меңгермек?
Елімізде мемлекеттік тілді білмейтін азаматтарға арнайы дәрістер ұйымдастыратын боламыз. Сондай-ақ, өз бетінше меңгеруге арналған қолжетімді оқулықтарды, сөздіктерді ұсынамыз. Сонымен қатар, жаңа әліпби негізінде дұрыс жазуға бағыттайтын, емле ережелерді түсіндіруге арналған арнайы бейнесабақтар түсіріп, оны әлеуметтік желілерге, «Youtube» телеарнасы арқылы тарататын боламыз.
- 17. Орыстілді мектеп оқушыларына латын әліпбиі пән ретінде оқытыла ма?
Орыстілді мектеп оқушылары қазақ тілін онсыз да негізгі пән ретінде оқып жатыр. Ендігі кезекте қазақ тілі жаңа әліпби, жаңа емле ережелердің негізінде жүргізілетін болады. Соған сай оны меңгеру үшін арнайы факультативті пәндер ұйымдастырылуы мүмкін.
- 18. Қазір қоғамда: «Егер латын әліпбиіне көшсек, балаларымызды орыс мектебіне береміз» деген пікір көптеп таралып жүр. Сіз осы мәселеге қалай қарайсыз?
Қоғам арасында мұндай пікірдің туындауының басты себебі – жұртшылықтың латын әліпбиін әліпби емес, тіл деп қабылдауынан болар деп ойлаймын. Яғни қазіргі ата-ана балаларымыздың басын ауыртқымыз келмейді, одан да өзінің білетін орыстілді мектептерге ауыстыра салсам бәрі жеңіл болады деп ойлайды. Бұл негізі қате пікір. Бала қазақ мектебінде оқысын, орыс мектебінде жалпы қай мектепте оқыса да, онда қазақ тілі пәні негізгі пән ретінде оқытылады. Бұл дегеніміз балаға латын әліпбиін меңгеруге тура келеді. Бүгінде мектеп табалдырығын аттаған балалардың барлығында дерлік латын таңбалары визуалды тұрғыдан саналарында әбден сіңісіп қалған. Яғни олардың латын таңбаларына деген көздағдысы теледидар, көшедегі жарнамалар, тіпті ішіп-жеп жүрген тағамдарының сыртындағы жапсырмалар арқылы әбден қалыптасты. Бұл дегеніңіз қазір жастар латын әліпбиіне меңгеруге психологиялық жағынан да, рухани жағынан да толық дайын. Сондықтан мұндай ата-аналарға айтарымыз, керісінше балаларыңызбен бірге елімізде жүріп жатқан жаңа реформаны жүзеге асыруға өз үлестеріңізді қосыңыздар дегім келеді.
- 19. Әліпби нұсқасын дайындауда халықаралық тәжірибелер, атап айтсақ, Әзербайжанның, Өзбекстанның, Түркіменстанның жалпы әлемдік тәжірибелер ескерілді ме?
Латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиін түзуде және оның емле ережелерін әзірлеуде халықаралық тәжірибелер толығымен ескерілді. Әсіресе, латын әліпбиіне көшкен түркі халықтарынан ішінен Түркиә, Әзербайжан, Өзбекстан Республикасының ғалымдары біз ұйымдастырған ісшараларға қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісіп, баяндама жасаған болатын. Өткен жылы халықаралық деңгейде екі үлкен семинар ұйымдастырылды. Оған 9 мемлекеттен шетелдік ғалымдар мен әдіскерлер қатысты. Тәжірибе алмасу барысында әсіресе Әзербайжан Республикасы Әзербайжан Ұлттық Ғылым академиясы И.Насими атындағы Тіл білім институтының Түркі тілдері бөлімінің директоры Елчин Ибрахимов мырзаның пікірі маңызды болды. Ғалым әліпбидің құрамы аралас графикадан түзілген жағдайда алда қандай қиындықтар кездесетінін атап көрсетті. Мәселен, әзербайжан халқы бүгінде өздерінің әліпби құрамындағы Ә таңбасы латын графикасына сай болмауына байланысты, оның көп бағдарламада оқылмай, танылмай жатқандығын ашып айтты.
- Латын әліпбиіне көшу бізге не береді, несімен пайдалы?
Иә, бұл сұрақ орынды, осының өзі біздің ел, тіл, мемлекет мүддесін ойлаушылықтан, оған алаңдаушылықтан туындап отырғаны қуантады. Ал латын әліпбиіне көшу ең алдымен біздің қазіргі жаһандану жағдайында әлеммен графикалық тұрғыдан үндесуімізге мүмкіндік береді. Шетелдердегі қазақ қандастарымыздың да әліпби басын біріктіретін құрал болары сөзсіз. Түркі тектес халықтармен де жазуымызда ұқсастық болуы тілдік қарым-қатынасымызды кеңейтуге, түркі әлемін біріктіруге септігін тигізетін болады. Технологиялық тұрғыдан да ықпалдасуға берер пайдасы мол. Ең бастысы осынша жыл рухани тәуелділіктен азат боламыз деген үлкен үміт бар.
- 21. Еліміз латын әліпбиіне көшкен соң, құжаттарымызда соған сәйкес ауыса ма?
Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жоспарына сәйкес, Қазақстан Республикасы азаматтарының паспорттары мен жеке куәліктерін және басқа да құжаттарын латын графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру уақыты 2021-2025 жылдар аралығына жоспарланып отыр. Ол дегеніміз әліпби бекітілген соң, әрбір атқарылар жұмыстар аталған жоспарға сай жүзеге асатын болады.
- Пернетақта мәселесі қалай болмақ?
Әліпби ауыстыруда маңызды мәселелердің бірі – бұл әріптерді пернетақтада орналастыру. Бізде пернетақта мәселесіне жауап беретін Ұлттық комиссия жанынан Техникалық және ақпараттық сүйемелдеу жұмыс тобы деп аталатын арнайы жұмыс тобы құрылды. Аталған топ бүгінде жаңа қазақ әліпбиіне негізделген пернетақта жобаларының бірнеше нұсқасын қарап, оларды талқылаудан өткізді. Ұсынылған пернетақта жобаларының бірі бүгінгі қолданылып жүрген «Qwerty» пернетақтасына негізделсе, енді бірі қазақ тіліндегі әріптердің қолданылу жиілігіне байланысты жасалған. Бұл пернетақтада қазақ тілінде ең жиі қолданылатын әріптер пернетақтаның ортаңғы бөлігіне орналастырылса, қалған бөліктеріне әріптер рет-ретімен қолданысына қарай орналастырылды. Жаңа пернетақта үлгілері жұртшылықтың назарына әліпби қолданысқа енгізілген соң ұсынылатын болады.
- 23. Әліпби бекітілген соң, оның каллиграфиясы қалай болады?
Жаңа әліпби бекітілген соң, оның хатқа түскендегі графикалық бейнесі қалай болмақ, әріптерді жазғанда оларды қалай таңбалаймыз деген сұрақтың болуы орынды деп ойлаймын. Өйткені бүгінгі қоғамның басым көпшілігі латынның Rr, Jj, Kk сияқты кейбір әріптерінің бас немесе кіші әріптерін жазу барысында бірізділік сақтамайтындықтарын байқап жатамыз. Осындай қоғам арасында ала-құлалық болмау үшін, көркем жазу мәдениетін қалыптастыру үшін бүгінде Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиінің каллиграфиясын дайындады. Ол тек әліпбидің нақты бір нұсқасы бекітілген соң ғана жұртшылыққа ұсынылатын болады.
- Бүгінде интернет желісінде әртүрлі конвертер жүйелері бар. Закон.кз, яндекс сайттының қайсысын қолданған тиімді?
ІТ технологиялардың заманға сай дамуының көрсеткіші ретінде конвертер жүйесін атауымызға болады. Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы 2018 жылы алғаш рет «Qazlatyn.kz» порталында латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиінің конвертер жүйесін ұсынды. Осы мәтіндік конвертерді кирилл – латын – төте жазуларында пайдалануға болады. Бұл конвертердің басқа конвертерлерден басты айырмашылығы – кез келген мәтінді жаңа әліпбидің емле ережелеріне сай латын қаріптеріне грамматикалық қатесіз көшіріп бере алуында. Сіз атаған конвертер жүйелері тек таңбаны таңба күйінде ғана ауыстыра салады. Яғни онда қазақ тілінің грамматикалық заңдылықтары толық сақталмайды.
- Жаңа әліпби қазақ тілінің толықтай фонетикалық ерекшеліктерін қамтиды ма?
Қазақ тілінің төл табиғи болмысын, әсіресе дыбыстық жүйесінің заңдылықтарын толық бере алады.
- Латын әліпбиі негізіндегі қазақ жазуына, қызметіне қатысты ойыңызды ашып түсіндіре кетсеңіз
Өте дұрыс. Кез-келген тіл ең алдымен өзінің қоғамдағы атқаратын әлеуметтік қызметімен ерекшеленеді. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде 3 бірдей әлеуметтік қызметке ие: этносты даралаушы, ұлтты ұйыстырушы, халықты біртұтастандырушы. Осы тұрғыдан келгенде латын әліпбиіне негізделген жаңа қазақ жазуы:
Біріншіден, қазақ халқының ұлттық сипатын даралаушы қызметін күшейтеді. Қазақ тілінің төл табиғи болмысын ерекшелеп, оның дыбыстық, морфологиялық, лексика-семантикалық құрылым-құрылысына және синтаксистік конструкциясына орыс тілінің тигізген ықпалын әлсіретіп төл тілдік табиғатын қайтаруға әсер етеді.
Екіншіден, мемлекеттік тілдің ұлтты ұйыстырушы қызметіне толыққанды тұғыр қызметін атқара алады. Қазақ қоғамында дәл қазіргі кезеңде екі түрлі дүние бейнесі орын алып отыр: біріншісі – қазақи тәрбие алған, қазақша ойлайтын әлеуметтік ортаның ментальдық ерекшелігі; екіншісі – орыс тілінде тәрбиеленеген орысша сөйлейтін қазақ тілін шала білетін әлеуметтік ортаның ментальдық ерекшелігі. Жаңа әліпби осы екі түрлі әлеуметтік ортаның арасындағы тілдік, ділдік, мәдени, рухани айырмашылықтардың жойылуына ықпал етіп, қазақтардың ұлт ретінде толыққанды ұйысуына, бірігуіне қызмет етеді.
Үшіншіден, мемлекеттік тілдің Қазақстан қоғамында ұлтаралық тіл қызметін атқаруына жол ашады. Демек қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі біртұтастандырушы қызметі жолға қойылады.
Төртіншіден, Қазақстан латын әліпбиіне көшу арқылы Түркі әлемінің интеграциясын жеделдетуге үлесін қосады.
Бесінішіден, жаһандану заманындағы ақпараттық-технологиялық кеңістіктің шет шекарасы жойылып біртұтастануы жағдайында латын графикасы ғылыми, мәдени, саяси, экономикалық, техногендік, көпшіліктік және т.б. сипаттағы сан алуан ақпараттар мен озық идеяларға қол жеткізуде код қызметін атқарады.
- Жаппай көшкен дұрыс па, әлде сатылап (балабақша, мектеп) көшкен дұрыс па?
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қазақ қоғамының латын әліпбиіне сатылап көшуін атап көрсетті.
- Ортақ түркі әліпбиі негізге алына ма?
Негізінен ортақ түркі әліпбиін толықтай қамтиды деуге болады. Себебі, ортақ түркі әліпбиінде көрініс тапқан әріптердің түгеліне жуығы қамтылған. Дегенмен, кірме дауыссыз дыбыстарды таңбалауда ғана азды-көпті ерекшеліктер бар.
- Әліпби, емле мәселесінде ғалымдар арасында пікір алуандығы болғаны қоғамға мәлім. Осы пікір қайшылығына себеп болған басты мәселелер қандай және олар қалай шешілді?
Кез келген мәселе төңірегінде пікір алуандығы болады, бұл заңды құбылыс. Керісінше, сондай сыни пікірлер жақсы нәтижеге жетуге ықпал етеді. Әліпби мен емле төңірегінде де ғалымдар арасында көзқарас қайшылықтары болды, оны жасырудың қажеті жоқ, оны қоғам біліп отыр. Бір мәмілеге келу үшін Орфографиялық жұмыс тобының бір емес, бірнеше мәрте кеңейтілген отырыстары өткізілді. Әліпби мен емлені сараптап талқылауға арналған бірнеше ғылыми семинарлар ұйымдастырылды. Осы жиындарда ғалымдар ұсыныстары мен пікірлері жан-жақты сарапталды. Ғалымдар тарапынан басымдыққа ие болған пікірлер басшылыққа алынды. Мәселен, әліпби құрамына 28 таңбаны ғана алған дұрыс па, әлде в, ф, һ әріптерін де әліпби құрамына ендіріп 31 таңбаны алу керек пе деген даулы мәселеде Орфографиялық жұмыс тобының 95 пайызы 31 таңбаның қажеттігін қолдады. Міне, осылайша әр даулы мәселеде ғалымдардың басым қолдауы немесе қолдамауы назарға алынды.
- Латын әліпбиі түбі бір түркітілдес мемлекеттермен мəдени-рухани тұрғыдан бірігуге жол аша ала ма?
Егемен ел болып отырған түркі халықтарының ішінде қазақтар мен қырғыздар ғана кирил әліпбиінде қалып отыр. Әрине, жазу деген қандай жақтан да біріктіретін үлкен күш болып саналады. Сондықтан түркітілдес мемлекеттерді тұтастыруға, жақындастыруға латын әліпбиі ерекше ықпал етеді деп айта аламыз.
- Қазір 42 әріпті қолданып отырмыз, латынға көшкенде 30-31 әріп қабылдаймыз. Әріп айырмашылығы жазуда қалай реттеледі?
Жазудағы бұл айырмашылық кірме дыбыстардың әріптерін әліпби құрамынан шығарып тастаудан туындап отыр. Жалпы кез келген тәуелсіз елдің әліпбиінде жат дыбыстарға әріп арналмайды, кірме сөздердің барлығын ұлт тілінің дыбыстық заңдылығына икемдеп жазады. Біз қазір орыс сөздерін немесе орыс офрографиясы арқылы таңбаланатын кірме сөздерді жазу үшін орыс әліпбиіндегі щ, ч, э, сияқты тағы да басқа оншақты артық таңбаларды қолданып отырмыз. Енді латынға көшкенде осы басы артық әріптерден құтылып, кірме сөздерді ұлттық тілдің әуезіне икемдеп жазатын боламыз.
- Қазақ диаспорасы да латын қарпіне көше ме?
Шетелде тұрып жатқан қандастарымызға келетін болсақ, егер ол мемлекетте қазақ мектебі болса, олар сол мектептерде латын әліпбиінде оқиды. Ал қазақ мектебі болмаған жағдайда, сол елдің оқыту жүйесімен оқитын болады. Дегенмен шетелдегі қандастарымыздық ортақ әліпбиге сұранысы бар.
- Латын әліпбиі бойынша оқытатын маман-тренерлер дайын ба?
Бұған дейін бекітілген латын әліпбиі бойынша маман-тренерлер дайындалған болатын. Оларға 72 және 12 сағаттық оқыту курстары өткізілген. Біріншіден, ол мамандар жалпы латын әліпбиі мен емле ережелері бойынша хабардар. Екіншіден, әліпби мен емле ережелерін Орфографиялық жұмыс тобы дайындады. Сондықтан, Орфографиялық жұмыс тобының мүшелері әліпби мен емле ережелерін оқытып, үйретуге толықтай дайын. Қазір бұрын осы бағытта оқығандар үшін 12 сағаттық, басқаларына, 36 сағаттық оқыту бағдарламалары әзірленіп, дайын тұр. Маман-тренерлерді дайындау толыққанды жүзеге асады.
- «Ы» мен «І» дыбыстары жуанды-жіңішкелі жұп. Бұлар неге әр түрлі таңбалармен (У, І) берілген?
Орынды сауал. Себебі жуан, қысаң езулік дауысты Ы дыбысын осылай таңбалау халықаралық транскрипциялық жүйеден әбден белгілі: Almaty, Kyzylordа, Fazyl, т.б. сияқты қазақтың жер-су аттары, кісі есімдері осылай транскрипцияланады. Сондықтан латындағы бұл Ү таңбасының дыбыстық мазмұны Ы дыбысы деген түсінік жаппай орныққан. Ал кейбір ұсыныстарға сүйеніп Ы-ны I ı таңбасымен беретін болсақ, онда осы таңба белгілеп тұрған жіңішке [і] дыбысына ноқатты İі таңбасын алуға тура келеді, олай болса, И/Й-ді Үү таңбасымен жазу керек болады. Ал бұл сөздердің жазба мәтіндегі танымалдығын төмендетеді, қолайсыз: ynstytut (институт), yne (ине), mynystr (министр), ayu (аю), yt (ит), oqyğa (оқиға), taryhy (тарихи), ğılımy (ғылыми). Сондықтан Ы дыбысын Y таңбасымен, соған сәйкес И/Й-ді İі таңбасымен беру сөздердің графикалық кескінін қазақ оқырманына бірден танымал жасайды: ydys, yrys, basşy, qajy; іnelık, іgeru, mädeni, universitet, respublika
Сондай-ақ, бұл дыбыстар қазақ тілінде ғана жуанды-жіңішкелі нұсқада қолданылады. Кейбір түркі тілдерінде оның жіңішке нұсқасы жоқ. Мәселен, түрік тілінде «ы» дыбысы «І» арқылы беріледі. Егер біз осы жүйемен «ы» дыбысын «І» арқылы берсек, жіңішке «і» дыбысымен келетін сөздермен шатастырылуы мүмкін. Қараңыз, «SIDIQ», «sıi» секілді сөздерді қалай оқыр едік, сыдық, сый деп бірден оқи алар ме едік? Міне, осы секілді тұстар ескеріліп, бұл таңбалар таңдалған болатын.
- Әліпбиде «и» мен «й» неге бір ғана таңбамен берілген?
Жаңа әліпбиде кирилдегі Й мен И әріптеріне ортақ бір таңба алынды, себебі бұл дыбыстардың сөздегі позициясы қай кезде дауысты, қай кезде дауыссыз екенінен белгі береді. Мысалы, ай, тай, лай, лайк, фейк деген сөздерде дауысты дыбыстың таңбасынан кейін тұрғандықтан, бұл дауыссыз дыбыс әрпі екені анық, ал керісінше И-дің таңбасы сөздің басында немесе дауыссыз дыбыс таңбасынан кейін тұрса, мысалы, ине <ій-не>, киім <кі-йім>, қиын <қы-йын>, жиын <жы-йын>, институт <ійн-стій-түут>, кино <кій-но> бұл Ы+Й және І+Й дауысты мен дауыссыз дыбыстың тіркесін таңбалайтын әріп екені анық. Сонымен бірге екеуінің таңбасы бірдей болғаннан бұл әріппен жазылған сөздердің айтылу нормасына ешқандай нұқсан келмейді. Сондықтан бұларға бір таңба беру жазуды ықшам әрі түсінікті, оқуды оңтайлы қылады, оқырманның аз уақытта көп ақпарат алуына мүмкіндік береді, қазақ жазуын тиімді етеді.
- І мен Й, И дыбыстарын беретін таңбаларға қандай негіздеме бересіз?
І мен Й, И дыбыстарын беретін таңбаларды өзара алмастыру және и-дің бас әрпін нүкте арқылы /İ/ түрінде таңбалау ұсынылды: İnstitut, jinalys, universiada, Irımşık, ızgılık, bılım. Негіздемесі мынадай:
емлелік негіздеме: И дыбысын İ таңбасымен беруде термин сөздер халықаралық тұрпатына ұқсас болады әрі көзшалымға қолайлы, мысалы, piramida, respublika;
статистикалық негіздеме: І [і] дыбысы абсолюттік кездесу жиілігі 5 орында болатын қазақ тіліндегі өнімді дауысты дыбыс. Егер оның үстіне ноқат қойылмаса, яғни /Іɪ/ әрпімен жазылса, қазақ мәтінінде жолүсті таңбаларын көбейтпейді.
- Ф әрпіне латын графикасында арнайы таңба алу қажет пе еді?
Ф әрпіне латын графикасында арнайы таңба алу қажет, себебі Ф дыбысымен келетін сөздер тек орыс тілі арқылы енген жоқ (федерация, фабрика, футбол, фото), қазақ әдеби тіліне Ф дыбысымен айтылатын сөздер араб, парсы тілдерінен еніп кең қолданыс тапқан: Фатиха, Фатима, Фараб т.б. 14 000-нан астам шеттілдік сөздің 2000-ының құрамында Ф әрпі бар. Бұлардың барлығын қазақ тілінің фонетикалық игеру заңдылығына салса, П немесе Б дыбысы арқылы игеруге болады. Putbol немесе Butbol деп өзгерту жасанды болады. Демек оған арнайы таңба Ff-ны алған дұрыс деп санаймыз.
- В әрпін әліпби құрамына енгізу қажет пе?
В әрпіне латын графикасында арнайы таңба алу қажет, себебі В дыбысы бар орыс сөздері және орыс тілі арқылы енген шеттілдік сөздер қазіргі ғылым мен техника, білім салаларының барлығында дерлік кездесетін жиілігі жоғары термин сөздердің қорын құрап тұр: инверсия, вагон, эволюция, вокзал, вирус, вакуум т.б. 14 000-нан астам шеттілдік сөздің 1575-інің құрамында В әрпі бар. Бұлардың барлығын қазақ тілінің фонетикалық игеру заңдылығына салса, Б дыбысы арқылы игеруге болады. Inbersia, bagon, ebolusia, birus деп өзгерту бұл сөздердің мәтін ішіндегі көзшалымға танылуын қиындатады. Демек латын графикалы әліпбиде В дыбысына барабар V таңбасын алған орынды ғой деп ойлаймыз.
- 39. Әліпбиде Ю, Я әрпі мен Ь, Ъ белгісіне арнайы таңба алынбаған, енді бұлардың емлесі қалай реттеледі?
Иә, бұл әріптер алынып тасталды. Себебі алғашқы екеуі көпқызметті орыс әріптері, олар қазақ сөзінде бірнеше дыбыстың тіркесін білдіреді, Я – ЙА, Ю – ЙУ дыбыс тіркесін таңбалауға жұмсалған. Ал орыс сөздерінде осы қызметімен қатар жіңішке дауыссыздан кейінгі дауыстыны, Я – А-ны, Ю – У-ды таңбалауға жұмсалған. Бұл (ЙА, ЙУ, А, У) дыбыстардың барлығына да латынграфикалы жаңа әліпбиде жеке таңба бар, сондықтан Я мен Ю-ді ерекшелеп тағы таңба алудың басы артық.
Ь мен Ъ – әріптер емес таңбалар, олар орыс емлесіндегі құбылыстарды таңбалауға жұмсалған, атап айтқанда Ь – жіңішке дауыссызды, ал Ъ йотталған (алдында қысқа Й дыбысы бар) дауыстыны таңбалағанда қолданған. Қазақ тілінде дауыссыз жіңішке болмайды, ал Й-дің арнайы таңбасы бар, сондықтан бұларға әріп алудың басы артық.
- Қазіргі қолданыстағы ә, ө ,ү таңбаларын осы латын әліпбиі құрамында қалдыруға болмады ма?
Иә. Бұл секілді идеялар айтылған еді. Бұған мысал ретінде әзербайжан әліпбиіндегі «ә» таңбасы алға тартылады. Осы бағытта біз де ізденіс жасадық. Екі рет халықаралық семинар өткізіліп, шетелдік ғалымдардың негіздемелері тыңдалып, тәжірибе алмасылды. Сонда анықталғаны, әзербайжан ғалымдарының айтуынша, «ә» әріпіне қатысты проблемалар бар. Себебі ол халықаралық қатынаста қиындық тудырған, әріптің танымалдығы төмен, ІТ технологияда, банк жүйелерінде бұл таңба танылмай, бос ұяшық немесе өзге кодтық таңба түрінде көрінетіндіктен, оны «е» әрпімен алмастырып беріп жүргендері белгілі болды. Саяси себептермен қабылданған бұл таңбаны ғалымдары қайта қарауды жөн көреді екен. Осындай олқылықтарға жол бермес үшін қазақ тілінің әліпбиі тек латын графикасына негізделді.
https://m.sputnik.kz/society/20210128/16155186/Latyn-grafikasy.html