Бекен Сағындықұлы
Паратаксистің морфо-синтаксистік сипаты
Паратаксис құрылымды сөз топтары
Қазақ тіліндегі сөз топтарын (сөз, күрделі сөз) нақты белгілеріне орай (семантикалық, грамматикалық) жинастыру сөз табы ретінде танылады. «Сөз өзінің лексикалық мағынасымен бірге белгілі бір сөз табының мағынасына да ие болады» деген К.Аханов сөз табы мағынасының әр түрлі ерекшелігін де ашып көрсетеді: – «Заттылық мағына – зат есімдер тобына енетін күллі сөздердің бәріне бірдей тән, …баршасына бірдей жалпылама ортақ, …нақтылы лексикалық мағыналарынан абстракцияланған мағына. …сары, ақылды, сезімтал деген сөздер лексикалық мағыналары жағынан әр басқа мағыналарды, ал сөз табы (сын есім) ретінде бір мағына сапалық, сындық (атрибутивтік) мағынаны білдіреді. Сондай-ақ, тындау, сөйлеу, жүру тәрізді сөздердің әрқайсысы әр басқа лексикалық мағыналарды білдірсе, сөз табы (етістік) ретінде бір ғана мағына – процессуальдық (іс-әрекет) мағынаны білдіреді»[1]. Аталған мағыналарды (лексикалық, грамматикалық) түйістіре, оған басқа да грамматикалық мағыналарды (сөздің түрленуі, синтаксистік қызмет) үстеп, сөз топтарын белгілі бір сөз табына жинақтаймыз. Ондай сөз топтары алдымен атауыш сөздер, көмекші сөздер және одағай сөздерге топталады. Алғашқысының қатарын атауыш есім, үстеуші есім және етістіктер құрайды да, көмекші сөздер көмекші есім, етістік және шылаумен толығады. Үшіншісі – жеке топ. Әрине, бұл топтардың бәрінен паратаксис қызметтегі бір ғана лексикалық мағынаны білдіретін сөзтұлғаларды кездестіреміз деп айта алмаймыз. Ондай топ атауыш сөздер ішінде де болмауы мүмкін, ал көмекші сөздер бұдан мүлдем алшақ. Көмекші сөздердің ішіндегі жалғаулық шылаудың қызметі тек синтаксисте ашылады. Себебі «…союзы являются категорией, выходящей за пределы словообразования и словоизменения, а следовательно, как правило, и за рамки простого предложения; они главным образом реализуются в сложных предложениях и в сложных фразах – синтаксических единствах, состоящих из нескольких простых или сложных предложений»[2].
Сөз таптарының ішіндегі ең бастысы – зат есім. Зат есімді семантикалық ерекшеліктеріне қарай бірнеше топқа жіктеуге болады: мал атаулары, өсімдік атаулары, үй мүліктерінің атаулары т.б. Мұндай атаулар лексикология үшін аса маңызды болғанымен, грамматикалық ерекшеліктер үшін адамзат және ғаламзат есімдерін, жалқы есімдерді, көптік мәнді есімдерді, эмоциялы-экспрессивтік зат есімдерді, көмекші есімдерді тарту қажет[3]. Мұның ішінде адамзат-ғаламзат және жалқы есімдер түрінен паратаксис қызметтегі сөз топтарын табуға болады. Зат есімдер сонымен бірге даралау, жинақтау ұғымын береді. Жинақтау тобының белгілі бір ұғымдарды қосарлап жеткізудегі қызметі паратаксис негізден шешіліп отырады. Мысалы: Бетіне таңба түскені ештеңе емес, сені тапқан ата-ана тірідей жерге кіреді (Ә.Кекілбаев). Өйткені жат жердің ой-шұқыры көп (І.Есенберлин). …жасау-жабдъқ, сый-сыяпаттың өзі бір-екі түйеге жүк болып еді (М.Әуезов). Әсіресе, Оспан болыс пен Итемгеннен көрген қорлық-зорлығын жіпке тізе берген екен (Ғ.Мүсірепов). Қалың қарағай-тобылғылармен көмкерілген Қаражырық өлкесі қарауытқан күйінде созыла түсіп, оңтүстік жақтағы адыр-бұйраттарға тірелген бойда сұлық жатыр (К.Оразалин). Екіншісі – бүкіл бет-әлпетінен еріксіз бөгеліске шаршай келіскені сайрап көрініп тұрған орта жастардағы адам (Т.Әлімқұлов).
Заттық ұғымдарды жинақтап көрсететін сөзтұлғалар (ерекшеленген) бір-бірімен орын ауыстыруға көніп отырады. Паратаксис қызметтегі мұндай тұлғалар жалғаулардың барлық түрінен де бола береді. Әрине, жалғаулар соңғы бөлікке қосылады, алғашқы бөлікке жалғау қосып байланыстыруға келмейді. Оның үстіне «Қосарлы зат есімдер – қазақ тілінде айрықша тән құбылыс және заттың, құбылыстың, ұғымның, түсініктің атауларын жинақтап беру үшін қолданатын сөзжасам амалының бірі. Қосарлы зат есімдердің сыңарларының орнын ауыстырып қолдануға болады», – деп те санайды Б.Қасым[4].
Зат есімнің адамзат түрінде де паратаксиске бағынған кісі аттары кездесіп отырады. Оны сөздік құрамның толығуында көрсетіп өттік, ендігі жерде ескертетініміз – Т.Жанұзақовтың антропонимдердің сөз таптарынан жасалуына қатысты пікірі. «Тіліміздегі кісі аттары мен топонимдер тұлғасы жағынан, негізінде, зат есімге тән. Олардың кейбіреулері о баста басқа сөз табына телулі болған. Бірақ та кісі атымен топонимге айналу барысында субстантивтеніп, өзінің бастапқы формасынан айырылып жаңа мағынаға ие болған»[5]. Ол, әрине, заттық мағына. Ғалым кісі аттарындағы сыңарлардың әр түрлі сөз табына қатысты болатындығын беріп отырған. Бірақ олар ондайда паратаксистік қызметтен гөрі, гипотаксистік қызметке тәуелді. Заттың күрделі атауларының бір түрін құрайтын да – осы кісі аттары. Біздің айтпағымыз – адам аты, әкесінің аты және тегі. Мұндай күрделі есім тек паратаксис нәтижесінен болады. Себебі ондағы орын ауыстырулар атауға ешқандай өзгеріс әкелмейді: Жұмабаев Мағжан Бекенұлы — Мағжан Бекенұлы Жұмабаев — Бекенұлы Мағжан Жұмабаев. Бұл «құрамы мен құрылым жағынан тіркесті зат есімдердің сыңарларының орны тұрақты» деген теореманың антропонимдердің күрделі түрлеріне үнемі сай келе бермейтінін аңғартады.
Зат есімнің енді бір түрін кірігуден болған сөзтұлғалар құрайды. Біз мынадай сөздерді өз тақырыбымызға жақындатып қолдана аламыз: шегара, өлара, келсап, ағайын, қолғанат. Бұл сөздер сыңарларының байланысуы жағынан білезік, қарлығаш, алжапқыш сөздерімен бірдей емес. Соңғы топтағы сөзтұлғалар алдыңғы сыңардың соңғысына бағыну сипатынан (білек(тің) жүзігі, қара ала құс, алды(н) жапқыш) туған. Ал алдыңғы топтағыларда тең дәрежелік басым. Мәселен, ағайын, қолғанат сөзін талдаған А.Ысқақов олардың паратаксистік қызметтен болғанын көрсетеді: «Мұндағы аға және іні сөздері мағына жағынан бір-біріне қандай жақын болса, қол және қанат сөздері де өзара сондай жақын. Сөйтіп, бұл сөздердің құрамдарындағы компоненттер біріне бірі тәуелді (бағынышты) емес, біріне бірі тең»[6].
Есім сөз таптарының ішіндегі сын есім заттың сынын, сапасын, т.б. белгілерін білдіреді. Оның да жасалу жолында түрлі амал-тәсілдер бар. «Продуктивным способом образования прилагательных является и способ словосложения посредством сочинительной и подчинительной связи» деген Е.М.Галкина-Федорук паратаксис қызметке жақын рабоче-крестьянский, народно-демократический сынды мысалдар келтіреді[7]. Ал ғалымның обороноспособный, двухтомный, многоэтажный сынды сөзтұлғалары гипотаксистік байланысуға жауап берсе керек. Алғашқы жол, яғни қосарланып жұмсалу, бірақ а, е дыбыстарының дәнекерінсіз, қазақ тіліндегі сын есімдерге де қатысты. Дей тұрғанмен, қос сөздер арасында бір жұрнақтың (-лық/-лік) қайталанып келуінде немесе бұл екі жұрнақтың әр сыңарда болуында жоғарыдағыдай дәнекерлік қызмет байқалады. Оны А.Ысқақов әскери-саяси (кадрлар), әлеуметтік-экономикалық (шара), идеялық-саяси (өмір) сияқты мысалдармен тиянақтайды да[8]. Бұл амалдың мардымсыз екендігін де ескерген жөн. Ал сын есімнің қосарланып жұмсалуындағы төмендегі жолдар барынша өнімді: Өмірдің ащы-тұщы, қайғы-қуаныш дегендері ойына да кіріп шықпайтын сияқты. Ішкі-сыртқы дүние хабарларын, …жеткізіп тұратын – транзистор (Ғ.Мүсірепов). Ұзынды-қысқалы төрт адамды шал тани алмаған (С.Мұқанов). Үйлеріндегі бір ағаш төсек пен жүкаяқ үстінде жамаулы-жасқаулы көрпе-жастықтар жататын (Қ.Мұхаметжанов). Малдыбай қарт Жетісу өңіріне танымал, көп шаңырақты үбірлі-шүбірлі дегендей, әлеуетті де дәулетті кісі (Ә.Сәрсенбаев).
Мысалдағы қосарланған түбірлер түбір тұлғалы да, түбір-жұрнақты да, басқа сөз табынан туындаған да, сын есімнің өзіне жалғанып қосарлануынан да болған. Және мұның бәрі паратаксистік қызметке бағынған. Оны сыңарлардың орнын ауыстырып байланыстырумен, болмаса арасына ыңғайластық жалғаулықтарды қосып тіркестірумен тексеруге болады. Сын есімнің басқа күрделі түрлері, әсіресе тіркесу арқылы, бұл қызметке бағына бермейді. Ондай сыңарлардың орнын ауыстыруға болмайды, бола қалған жағдайда, мысалы, қызыл сары-сары қызыл; ақ шұбар- шұбар ақ, алғашқы мағынаға нұқсан келеді. Ал қайталанудан болған құбылыстар басқа еңбекке арқау болған. Бірақ қайталама дегенді тұлғалануға тікелей бағыштасақ (үлкен-үлкен, қара-қара), оның қосымша арқылы түрленіп берілуіне (таулы-таусыз) басқаша қарау керек сияқты. Себебі мұнда алғашқы тұлға (таулы) сол күйінде қайталанбайды. Біз бұл мәселені паратаксис нәтижесінен түзілген деп санағанды жөн көреміз.
Сан есім де, есімдік те қайталанып келу арқылы паратаксис қызметтегі күрделі құрылымда болады. Оның өзінде аз шамада және ол сан есімнің басқа сөз таптарынан сөз қабылдамауымен тығыз байланысты да болса керек. Сан есімнің қайталанып (мұның өзінде тек түбір ғана қайталануға ұшырайды) келіп, паратаксиске бейімделуі бір сөзімен ғана байланысты. Басқа сандық қайталауларда да бұл қызмет жоқ. Себебі бірі-біріне, бірі-бірін, бірімен-бірі сынды сыңарлық байланыстар екі, үш, төрт және жоғары санды көрсеткіштерде болмайды. Ал алғашқы сыңардың қосымшасыз болып, қайталану нөтижесінен күрделену барлығына тән: бір-біріне, екі-екіден, үш-үштен. Бірақ мұның қай-қайсысы да орын ауыстырып байланысуға көнбейді. Сонымен, түбірлері қайталауға ұшыраған, бірақ қосымшалары әр түрлі сан есімнің (мұны басқа есім сөз таптарына да қатысты, әрине қисыны келген жерде қабылдаған жөн) бір сөзімен келген сөзтұлғаларды паратаксис нәтижесі деп білеміз.
Сан есімнің қосарлануынан болған сөзтұлғалар байланысу жағынан жалғаулық шылаулардың көмегіне сүйене алғанымен, орын ауыстыру мәселесінде «…өз тұтастығын берік сақтайды. Әрбір күрделі сан үшін бір құрамда, сыңарларының орын тәртібін қатал сақтап, тұрақты қолданылады»[9]. Төменде келтірілген мысалдардағы қосарланған сан есім сыңарларының аралығына ыңғайластық, талғаулықты, кезектес жалғаулықтарын қойып айтуға әбден болады: Біз әр операциядан кейін он-он бес [кейде, не (месе)] минуттан уақыт үнемдейміз (З.Шашкин). Бұл екеуінің елі жақын, 30-40 [не (месе), және] шақырымдай ғана жерде (С.Мұқанов).
Есімдіктің ішінде күрделенуге жақын тұратындары – белгісіздік, болымсыздық, сұрау және өздік есімдіктері. Мұның алғашқы екеуі бірігуге көбірек жақындайды да, соңғы екеуінде қайталанып келу болып отырады. Есімдіктердің бірігуінен паратаксисті іздеу жетістікке жеткізбейді. Бірақ синтаксистік тәсілге бағынудан жасалған бір де бір болымсыздық есімдігінде тең дәрежелік бар: Ертеңгі ататын таңның бүгінгі батқан күннен бір де бір айырмашылығы жоқ (Д.Исабеков). Бұл сөзтұлғаның көркем әдебиетте басқаша жазылуы кездесіп қалады. Бірақ ол, біздіңше, мұндағы паратаксистің рөлін кемітпейді: Екі-үш қол гранатаны лақтырып едік, бірде бірі жарылмады (Қ.Қайсенов). Ырғызбайдан Абай сөзін мақұлдап жауап қатқан бірде-бір кісі болған жоқ (М.Әуезов). Ғалымдардың «Көптік мағына кейде сұрау есімдіктерінің қосарланып айтылуы арқылы беріледі» дегендеріне қосылғанымызбен, мысалдарының қосарлану емес қайталаудан болғандығын, бірақ паратаксиске жауап бермейтіндігін ескертеміз.
Сұрау есімдігінің немене тұлғалысы көңіл аудартады. Бұған қатысты Ә.Ибатов: «Немене? сөзі неме (не-ме) және не деген тұлғалардан құралған», — дей отырып, ме тұлғасын -ма/-ме сұрау шылауларымен тектес деп таниды[10]. Біздің пікірімізде, бұл (ме) – не және не тұлғасын жалғастырып тұрған байланыстырушы қосымша. Оған, біріншіден, ғалымның шылау деп таныған пікірі итермелейді де, екіншіден, не сөзінің екі рет қайталанып айтылуы оның белгілі бір дәнекерге сүйенуін қажет етеді. Ондай дәнекер интонация болуы (не, не) да мүмкін, болмаса жалғаулық шылау (не+ме+не) болуы ықтимал. -ма/-ме-нің мұндай қызметін қос сөздер арасында келуі де тиянақтай түседі: қолма-қол = қол және қол; -ма/-ме-нің жалғастырушылық қызметін даль-ма-даль, туп-па тувры сынды мысалдар арқылы Н.А.Баскаков та көрсеткен[11].
Өздік есімдігінің септік жалғауларында тұрып байланысуында паратаксистік қызмет бар: …қатаң талап қойып, өзін-өзі алдамайды (Ғ.Мүсірепов). Мұндай орын алмасуларда (өзі-өзін; өзіне-өзі; өзімен-өзі; өзінен-өзі) мағынаға нұқсан келмейді. Мұны біз паратаксистің басты белгісі ретінде танимыз.
Қазақ тіліндегі ең күрделі сөз табы – етістік. Осы себептен де ол көптеген зерттеудің нысанына ілікті. Морфологиялық құрылымы жағынан етістік жалаң және күрделі болып екі үлкен саламен сипатталады. Етістіктің күрделі түрінің қатарына жәрдем қыл, солай ет, селк етті сынды басқа сөз табы мен көмекші етістік модельді, алып кел, ала кет сынды етістік пен етістік модельді, жігері құм бола жаздады, бойын аулаққа сала береді сынды идиомаланған тіркестер еніп, құранды етістік, құрама етістік және тұрақты етістік деген аталымдармен беріледі. Мұның сыртында аналитикалық форманттар көмегінен түзілетін күрделі етістіктер, сондай-ак бірігіп-кірігуден, қосарланудан болған етістіктер де көптеп саналады. Етістіктің күрделі түрлерінің біразы паратаксис нәтижесінен түзіледі.
Құранды етістіктің жасалу жолы кең: ол көмекші етістіктің атауыш сөздердің барлық түріне – үстеу, модаль, еліктеуіш сөздерге тіркесуінен болып отырады. Мұндай етістік түрінің лексикалық мағынасына алғашқы сыңар қызметі көмектеседі. Яғни, оның етістік парадигмаларын жасауына көмекші етістік ықпал стеді. Аталған басқа сөз табы және көмекші етістікті тіркесімдер паратаксиске жауап бермейді. Оның себебін көмекші етістіктің бағындырушы қызметінен іздеу керек. Етістіктің бірігіп-кірігуі де бұрыннан бар тәсіл. Қазіргі күнгі жасалуында аса белсенділік болмаса да, «Қазіргі қазақ тілінде демал (жексенбі сайын осында демалыңыз), кешкір (күн кешкірді), жайма-шуақты, автошаналап, арпалыс, жанталас тәрізді біріккен түбірлер және алып кел, алып бар, алып кет, алып бер деген күрделі етістіктерден әкел, апар, әкет, әпер болып, кіріге бірігіп (деформацияланып) жасалған етістіктер бар. Түрегел деген түбірді де осы тұрғыдан қарауға болады»[12]. Бұлардың барлығы дерлік деформациялауға ұшырап, бөле-жаруға, араларына сөз салуға болмай қалған. Сондықтан да паратаксиске көнбейді.
Біз бұл жерде кірігу нәтижесіндегі күрделі етістіктерді айтып отырмыз. Кірігудің алғашқы түлғаларының да қолданыста бар екенін және соңғы тұлғамен (кірігумен) қатар жұмсалатындығын тілдік фактілер дәлелдейді. …өзі үшін үлкен бір байлам, үлкен бір арман алып кетіп [әкет] еді (Ғ.Мүсірепов). Октябръдің он бесі күні қар ұшқындап тұрғанда, абақтыдан екі солдат Әділді айдап, началъникке алып келді [әкел] (Шәкәрім). Есімбектің жоғалған атын мен ұрлады қылып, бір бұзаулы сиырымды төлеуге алып берді [әпер] (Б.Майлин). – Қызымды құлақ естімеген қиырға алып бара [апар] жатырсың (Т.Ахтанов). Демек, екінші жағынан, құрама күрделі етістік деп аталатын етістіктің күрделі түрінің «…әрбір компонентінде өзді-өзінше дербес лексикалық мағына бар және әрқайсысының осы мағыналары бір-бірінен кем емес, бір-бірімен парапар, я тең түседі».
Әрине, А.Ысқақов мұндай күрделі құрам сыңарларының қазіргі күні жеке-жеке бөлшектенбейтінін, «бір күрделі мүше болып қолданылатынын» айтады. Сонымен қатар алып кел, алып бар, келіп кет құрама етістіктерінің «біріншісі – ал да кел, екіншісі – ал да бар, үшіншісі – кел де кет» деген ұғымдарды білдіретінін тілге тиек етеді[13]. Үңіле қараған адамға мысалдардан ал сосын кел, ал сосын бар, кел сосын кет ұғымын алу қиын емес. Ал аталған шылау сөздің (сосын=сонан соң) сөйлемдерді байланыстырушы, оның ішінде салаластырушы қызметті атқаратыны белгілі. Және ол ыңғайлас мәнді салалас құрмалас сыңарларын байланыстырады. Олай болса жоғарыдағы құрама күрделі етістік сыңарлары өзара тең дәрежеде тұрып, жалғаулық шылау арқылы байланысады.
Тілдік материалдарға сүйенсек, құрама күрделі етістіктің басқа тұлғалары да осындай тұлғалану жолымен беріліп отырады: Сыртта Көкшенің көк нөсері төкті де тұрды (С.Жүнісов). Біздің кішкене бөлме кеңейіп, шағын ән театрына айналды да кетті (Ә.Тарази). Есіл-дерті Семей болды да жүрді (Ж.Аймауытов). Біз аузымызды ашып, аңқидық та қалдық (Т.Тінәлиев). Берілген мысалдарымызда баяндауыштарының әр сыңары тиянақты, әрі -да/-де шылауының тұлғалық көмегінен болған. Мұндай сөзтұлғалар күрделі етістік түрлерінің қатарында баяндалмайды. Ол оның жоғарыдағыдай жасалу жолдарын көрсетумен шектелгендіктен болса керек. Сондықтан да мұндай күрделі етістіктерді төгіп тұрды, айналып кетті, аңқиып қалдық тұлғасына орай түсіндіріп жатамыз. Олардың басқаша тұлғада келіп отыратыны елене бермейді. Әйтпегенде олардың бұл жерде көптік жалғаудың байланыстыру қызметін еске түсіретіндей ерекшелік бар сияқты. Тағы бір-екі мысал келтірейік: Ол қора ішінен қалай атып шыққанын аңғармай да қалды (С.Мұқанов). Адамдары, малы, күркелері қосылып, бір ауылдан бір ауылды айырып та болмайды (М.Әуезов).
Тұрақты етістік болып табылатын күрделі етістік түрлері де да/де шылауымен байланысқа түсіп отырады: Қамшысын үйіреді де отырады // Аузымды ұстадым да қалдым // Көрейін де өлейін // Қашанғы жарапазан айтамыз да жүреміз. Осыдан да болса керек, Е.М.Галкина-Федорук: «Фразеология является с одной стороны, предметом изучения лексики, с другой стороны, грамматики» — деген-ді[14]. Неге екені белгісіз, А.Ысқақов морфологиясында етістіктің түбірлердің қайталануы мен қосарлануынан болған түрі аталмайды. Бірақ еңбектің көмекші етістіктер тарауында жазда етістігінің «ертеректе жеке лексикалық мағынасы болғандығын, «оған жаздым-жаңылдым; жазығым не? не жаздым? деген сияқты формалар айғақ» деп көрсете кетеді[15].
Сонымен қатар ғалымның қосарлама қос сөздер тақырыпшасында қарғап-сілеп, сүріне-жығыла, туған-өскен, жатса-тұрса сынды етістік тұлғалары берілген. Күрделі етістіктің түбірдің қосақталуынан жасалуын жаңадан жарыққа шыққан «Қазақ грамматикасы» да елемейді. Ол етістікке қатысты мәселелермен айналысқан А.Хасенова-Қалыбаева етістіктің түбір түлғаларын негізгі түбір, туынды түбір, біріккен түбір, қос түбір және күрделі түбір деп беске бөлген[16]. Қос түбірдің қайталанып және қосарланып келуден болатынын ескерсек, паратаксистік байланысуға бағынған етістіктің күрделі түрлерін мысалмен тиянақтауға да болады. Бір түбір тұлғалының немесе түбір және қосымша тұлғалының бірдей болып, қайталанып келуін (Әуелі кібіртіктеп, тоқтап-тоқтап, сөзден қиналатыны бар //…көмейіне тыға-тыға бұл Рысқұл бұрын не береке тапты?) паратаксиске жақындатпағанымызбен, түбірі бөлек, қосымшасы бір және түбірі бір, қосымшасы бөлек «қайталануларды» салаласудан болған деп танимыз. Осы ретпен мысал берейік: 1) Өткен-кеткенге [кеткен-өткенге] бөгелмей, сабағын бірден жүргізе беретін әдеті // …сүрініп-жығылып [жығылып-сүрініп] ілдебайлап жауап беріп жүр (Қ.Жұмаділов); 2) Айтты-айтпады, жауырды жаба тоқып жүргеннен сау ма? (С.Мұқанов).
Түбірлерінің әр түрлі болуы – қосарлану жолының айғағы. Бұл етістіктің әр алуан топтарынан көрініс беріп отырады. Оның есімшелі, көсемшелі (алдыңғы мысалда) тұлғаларда тұруымен қатар бұлардың бір сөзтұлғада алмаса жұмсалуы да, басқа топпен (қимыл есім) көрінуі де мүмкін. Қараңыз: Ата-бабаның аруағы, Ақшидің топырағы желеп-жебеген [жебеп-желеген] (Қ.Жұмалиев). …ақ жібек орамалмен сылап-сипайтыны [сипап-сылайтыны] да серіліктен қалған әдеті (С.Мұқанов).
Салаласа байланысқан сөз топтарын үстеуден де іздеп көрдік. Бұл сөз табындағы сөзтұлғалар да сөздердің бірігу-кірігуінен, тіркесуінен және қосарлануынан жасалады. Үстеудің грамматикалық тұлғалармен түрленбейтіндігі біздің тақырыбымызға да әсер етеді. Әйтсе де оның мезгіл мәнді мағыналық тобындағы қосарлану нәтижесіндегі сөзтұлғаларда паратаксистік ерекшелік кездесіп отырады. Мәселен, күндіз-түні сөзтұлғасы енді бірде күні-түні болып тұлғаланып, орын ауысуға көнеді: Бұл ақындар маған ұнайтын да, күні-түні [түні-күні] басымды көтермей оқитынмын (Ә.Нұршайықов).
Сол сияқты ерте-кеш болып келетін мезгіл үстеу енді бірде ертелі-кеш болып жұмсалады: …ертелі-кеш алаң ететін сөздер енді Аралтөбедегі ауылда саябырлап басылған еді (М.Әуезов). Бұл мысалдағы мезгіл үстеудің байланысу жолын Қ.Шаяхметовтің сөзімен түсіндірген жөн. «-лы/-лі аффиксі бірқатар жағдайларда қосар есімдердің біреуіне ғана қосылып тұратыны да бар. Мысалы: ертелі-кеш, кешелі-бүгін т.б. Сөйтсе де бұл –лы/-лі аффиксінің қызметі – сөз жасаушылық емес, форма жасаушылық. Ол бәрібір жалғаулық шылаулармен теңдесерлік қана функцияда: ертелі-кеш – ерте де, кеш те; кешелі-бүгін – кеше де, бүгін де»[17].
Сөз таптарының ішінде қайталанып және қосарланып қолданылу еліктеу сөздерге тән. Еліктеу сөздердің қайталануындағы сәл ғана ерекшелікке көңіл аудартқымыз келеді. «Еліктеуіш сөздердің қайталанған түрінің екінші сыңарындағы ашық дауысты дыбыс қысаң дауысты еріндік дыбысқа айналып өзгерсе, ол сөздің тұлғасында туған осы өзгеріске байланысты мағынасында да сәл өзгеріс туады»[18]. Тіпті, мүндай дыбыстық өзгерулердегі еліктеуіш сөздердің сыңарлары арасына шылау салып та байланысады: Шегебай ауласы даң-дұң шуға толып кетті. Топтың алдында нән кылышы жалт-жұлт етіп шағылысқан Тимофейді көрді. Бірінің айтқанына екіншісі құлақ түрмейді, шарт та шұрт (Б.Тілегенов). Мысалда еліктеу сөздің дыбысқа еліктеуден (даң-дұң, шарт та шұрт) туған түрі де, көз алдымызда бейнелеуден (жалт-жұлт) туған түрі де берілген. Екіншіден, күрделі тұлғаның әр сыңарындағы сәл де болса ерекшелікті байқаймыз. Даң-дұң түлғасында шудың әр сипатта болғандығы (біреу қатты айқайласа, біреудің дауысы шіңкілдейді), жалт-жалт етті дегенде бір ғана белгі бар, ал жұлттың тіркесуі шағылысудың басқаша да бола алатынын көрсетеді. Сол сияқты шарт-шұрт, шарт та шұрт тұлғаларындағы шұрт сыңарының мағынаға күштірек әсер ететінін байқауға болады.
Сыңарлардағы әр түрлі тұлғалану бір ғана дыбыстың әсерінен мағынаға сәл өзгеріс енгізіп тұрса (әрине, біртұтас мағынаға нұқсан келмейді), оны қайталанудан пайда болған құбылыс ерекшелігі деуге бола қоймайды. Оның үстіне еліктеу сөз түрлеріндегі сыңарлар арасын жалғаулық шылаулар байланыстырады немесе оны селбестіріп айтуға да болады. Төмендегі бейнелеуіш сөздердің жеке қолданылу мүмкіндігі, олардың шылау арқылы байланысуына да бөгет жасамайды: Қалың шырғанақтың арасынан көздері жарқ-жұрқ [жарқ және жұрқ] етіп, екі үкі қалбаң ете қалды (Ш.Мұртаза). …таңданушылықпен басын қалт-құлт [қалт және құлт] еткізіп қарan отыратын кіп-кішкене күшік еді (Д.Исабеков). Председательдің қасына ере келген жалба-жұлба [жалба да, жұлба да] қара баланы көріп,.. (Б.Тілегенов). Күміс ер-тұрман батар күннің жарқын нұрына малынып жалт-жұлт [жалт және жұлт] етеді (С.Ерубаев).
Сөз табындағы ерекше топ – одағай сөздер. Көңіл-күйді білдіру үшін жұмсалатын бұл сөздер жеке дыбыстан бастап, сөз-сөйлем, тіпті сөйлемнің мақсаттық түрін жасауда да өзіндік орын алады. Одағайдың сөз-сөйлемдік қызметін Ш.Сарыбаев былайша аңғартады: Ол қай адам? – Кеше біздің үйде отырған ше! – Ә-ә-ә! (Ғ.Сланов). Мұндағы Ә-ә-ә одағайы «Енді түсіндім, есіме енді түсті» деген сөйлемнің мағынасын аңғартып тұр»[19].
Одағай сөз сұраулы сөйлем жасау үшін қызмет етеді. Мәселен, Сен ертең келесің ғой сөйлемі сұраулық интонациясыз сұраулы сөйлемге жақындамайды. Ал осыған ә одағайы қосылса, сөйлемнің осы түрі түзіледі, әрі интонацияны да тартады: Сен ертең келесің ғой, ә? Одағай сөздердің паратаксистік қызметі де сөйлемде көрінеді: Сарыжайлау есіне түскенде, Тәттімбет «уһ!», «Па, шіркін-ай!» [Па, шіркін-ай-уһ] деп сүйсіне күрсінді // Апыр-ай, енді не істеуім керек, ренжітіп көңіліне қаяу салып алдым ба, қап! [қап-апыр-ай] (О.Омаров).
Одағай сөз құрамы жағынан күрделі болып, «Бұл топқа бірнеше сөзден біріккен, қайталанған, қосарланған немесе басқа тілден ауысқан сөздер енеді»[20]. Бірақ біріккен (мәссаған, апырым) одағайлар паратаксистік белгіге бағынбайды. Қосарланудан болған одағайлар түрін таба алмадық. Қайталану арқылы күрделі одағайлардың жасалуы жиі, әрі ол тек паратаксистік нәтижесінен болады. Бірақ оның грамматикаланбауы, әсіресе жалғауларды қабылдамауы себепті, оларды (қайталануды) паратаксиске жатқызбаймыз (салыстырыңыз: біріне-бірі; өзіне-өзі қайталанудың емес, қайта салаласудың пәтижесі; Пай-пай, Паһ-паһ, о-хо-хо қайталанудан болған).
Міне, қазақ тілі сөз таптарының күрделі қүрамды түрлерінде паратаксис нәтижесінен болған біріккен, тіркескен, қосарланған, ішінара қайталанған сөзтұлғалар кездесіп отырады. Және ол тілде бар, бірақ байланысу жағынан талдауға түспеген құбылыс. Мүндай мәселе өз кезегінде тілдің сөзжасам (қайталанудан басқасы) саласындағы аналитикалық тәсілдің құрамын, қызметін кеңейте алады.
Сөз тіркесімдеріндегі паратаксистік қатынас
А.Байтұрсынұлы адамаралық сөйлеудің тіл білімі бірліктерімен (сөйлем, сөз, буын, дыбыс) ғана өмір сүретінін дұрыс байқайды. Жақын таратсақ, ғалым пікірінше, «…бір сөйлеудің ішінде бірнеше сөйлем болатындығы» сияқты «Бір сөйлемнің ішінде бірнеше сөз болады»[21]. Ал сөздің өзі «бірнеше буыннан», буын «бірнеше дыбыстан» тұрады. Мысалы: Үш күндік жолдың бүгінгі, соңғы күніне бала шәкірт барын салды. Қорықтан күн шыға атқа мінейік деп асыққан-ды. Бұны қаладан алып қайтқалы барған ағайыны Байтасты да таң атар-атпаста өзі оятып тұрғызып еді. Күн ұзын аттан түспей, өзге жүргіншілерден оқ бойы алда отырған.
«Абай жолы» эпопеясының басталар сәті осындай төрт сөйлемдік құрылыммен келген. Мәтіндік әр сөйлем жай сөйлемдік құрылымға да, жай сөйлемнің күрделенген түріне де, құрмалас сөйлемдік құрылымға да жауап береді. Жеке сөйлемдердің өзі түрлі сөзтұлғалардан түзілген. Ол сөздік тұлғалар, А.Байтұрсынұлынша, түбір сөзден де (үш, жол, күн, ат, бұл, қала, бар, таң, өзі, оят, түс, өзге, алда, отыр), туынды сөзден де (қорық, күндік, бүгінгі, соңғы, жүргінші), тіркесті сөзден де (алып қайтқалы) қос сөзден де (атар-атпас), қосалқы сөзден де (асыққан-ды) бола береді. Қазіргі ғылыми түсінік бойынша, салаласа байланысқан тіркесті (бүгінгі, соңғы), атаулық тіркесті (бала шәкірт), түйдекті тіркесті (барын салды, күн шыға, мінейік деп, тұрғызып еді), біріккен сөзді (Байтас, ағайын), тұрақты тіркесті (күн ұзын, оқ бойы) деп жеке сөзтұлға ретінде қарайтын уақыт жетті. Себебі бұлардың өздері басқа бір тұлғалармен немесе өзара синтаксистік байланысқа түседі. Олардың жеке бір сыңарларын бөлшектей алмайсың. Өйткені «Сөйлемнің жаны – сөздердің басы мағыналы болып құралуы. Олай болмаса, құр сөздердің басын құрап айтқанмен, сөйлем болмайды»[22]. «Тіл жүйелер жүйесі» ілімінің ескірмеуі де сондықтан.
Қазақ тіл білімінің синтаксис саласы сөзтұлға синтаксисі, сөз тіркесі синтаксисі, сөйлем синтаксисі және мәтін синтаксисі болып танылғанына көп бола қойған жоқ[23]. Ал «Оның сала-салаға бөлінуі тілдің синтаксистік құрылысының дара тетіктерінің, бөлшектерінің ыңғайына, оларды зерттеп тану мақсатына бағынышты»[24]. Бәрімізге мәлім, сөз тіркесі және сөйлем синтаксисінің біршама зерттеуден өтіп, құрамдық болсын, құрылымдық-мағыналық болсын, баяндалғаны сөзсіз. Осы жағынан келгенде, сөзтұлға мен мәтін синтаксисінің әлі де болса жан-жақты талдауға түспегендігін айтқан орынды. Бірақ бұл аталған бөлім бірліктерінің зерттеу нысанына айналмағандығын көрсетпейді. Мәселен, мәтін синтаксисінің соңғы уақыттарда тексеріліске түсе бастағанын байқаймыз. Ал сөзтұлға синтаксисінің қарастырылуы жоққа тән десе де болады. Оның осындай тіркесімде «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі» (1978; 1988) және «Қазақ тілінің сөздігінде» (1999) кездеспеуі де қынжылтады. Ал «Сөз тұлға – грамматикалық тұлғасы бар сөз (лексема)»[25] деп келетін түсіндірме оның синтаксиске тән қолданымын толық айғақтай алмайды.
Жалпы, сөзтұлға аталымының тіл білімінде қолданылу аясы кең. Ол, ең алдымен, грамматиканың морфология саласында кездесіп отырды. Ғалым А.Ысқақов: «Тіліміздегі сөздер морфологиялық құрамы жағынан біркелкі емес, әр түрлі. Сөздердің ішінде жалаң түбір сөздер де, жұрнақ арқылы жасалған туынды сөздер де бар. Бұл тұлғалармен қатар екі түбірден біріккен сөздер де, екі түбірден қосарланып жасалған сөздер де, бірнеше түбірдің тіркесуі арқылы жасалған құрама сөздер де, бірнеше түбірден қысқарып құралған сөздер де бар» — дейді[26]. Бұл пікір кейіннен ғалым Н.Оралбаева тарапынан жалғасын тапты: «Тілдің сөзжасамдық тұлғаларына сүйенбей ешбір жаңа сөз жасалынбайды. …Қазақ тілінде сөз жасауға қатысатын негізгі тұлғаларға түбір сөз және қосымша жатады»[27]. Бұл сөзтұлға аталымының, біріншіден, тіл білімінің басқа салаларында емес, тек грамматика аумағында кездесетінін білдіреді. Екіншіден, оған жеке сөздердің түрленіп, бір ұғымда жұмсалуы (бас, басым, басыма, басты) немесе басқа бір ұғымда (бас, басшы, бастық) жұмсалуымен қатар, бір ұғымды білдіруде түбір сөздердің күрделеніп (бірігу, қысқару, т.б.) қызмет атқаруы жатады. Әрине, біз бұл арада әр түрлі ұғым білдірудегі сөз төркінін бір сөздің тұлғалары деуден аулақпыз. Алғашқы мысалдағы сөздер бір сөздің әр түрлі тұлғалары екені рас, ал екінші мысалдағы сөздер негіз болған сөздің (бас) тұлғасы емес. Өйткені бұлар «екі бөлек сөздің тұлғаларын жасауға негіз болады»[28].
Үшіншіден, байыптай қарасақ, жоғарыдағыдай қолданыстағы сөзтұлғаларын пайдалану тіл білімінің сөздік қорын байытуда аса зор рөлі бар. Ал грамматикалық құрылыс иесі – синтаксис осы дайын тұрған түрлі сөз тұлғаларын материал етеді. Соларды өзінің керегіне жаратады. Әрине, бұлардың өздері қырланып, қиындасқан мезетте сөйлеуші адамның құралы бола алады. Әрі ол сөз тұлғалардың қырлану-қиындасуы оның соңғы фонемаларының өзгеруіне негізделетінін ескеру қажет. Мысалы: Шіркіннің жанының тәттісін қарашы (І.Есенберлин). Сөйлем төрт сөзден тұрған, әр сөз өзара қырласу нәтижесінде байланысқа түскен, әрі сөйлемшілік сөздер жеке сөз тұлға қызметіне ие. Сөйлемді жалғастырайық: Кертөбелге жеткізбей кеткен. Алғашқы сөздің екі түбірден және онан кейінгі сөздің жеке-жеке түбірден тұратындығы болмаса, олар өз алдына біріге келіп, бір мағынаны білдіреді. Демек, құрылымдық жағынан сөйлемде төрт сөз бар десек те, ол сөйлемде төрт тұлға бар дегенге әкелмейді.
Төмендегі тілдік бірліктер де (біз қосақтамағаны өз алдына жеке сөзтұлға) жеке сөзтұлға ретінде танылады. Қараңыз: Әуелі бұлар жұдырықтай-жұдырықтай көк шұбар жұмыртқа еді (Ғ.Мүсірепов). Жер үстінде томпайған блиндажды қар басып қалған (Ғ.Мұстафин). Саясыз жайлаудьщ жан-жануары көлге тығылап қана сая табады (Ғ.Мүсірепов). Абайдың кәрі әжесімен, өз шешесімен бірге тұратын үйі осы еді (М.Әуезов). Бұл мысалдарда жоғарыда айтылған жеке сөздік немесе күрделі сөздік тұлғаларды қамти отырып, біз енді басқа тілдік тіркестерге иек арттық. Олар: жұмыртқа еді, жер үстінде, сая табады, кәрі әжесімен, өз шешесімен, осы еді сынды бірліктер. Бұған бақсақ, М.Серғалиевтің: «Сөз тұлғасы екі жағдайда қолданылады: 1) нақтылы бір сөзге байланысты (жатырмын, күледі, т.б.); 2) кез келген сөз байланысы және біртекті өзгеріс ретінде танылады (сын есімнің салыстырмалы шырай тұлғасы; өткен шақ тұлғасы, т.б.)»[29] деп көрсетуі синтаксистік бірліктердің біршама мән-жайын аша алады.
Сөзтұлғаның синтаксистік бірлік ретінде танылуы – кейінгі кездің жемісі. Бірақ қазақ синтаксисінің таралу жолдарына көз жіберсек, 1930-40 жылдар аралығында тыңғылықты ғылыми пікірлердің айтылғандығын байқаймыз. Егер Қ.Жұбановтың «Түбір сөздің мағынасы толық болу үшін ол сөйлем ішінде тиісті шылаулармен түгелденіп келуі тиіс. Өйткені сөздер тек ат болып аталуы үшін ғана емес, басқа сөздермен байланысуы үшін де жұмсалады»[30] дегенін ыждаһаттылықпен меңгерсек, жеке сөзтұлғаларының байланысы ғана байымдауды білдіретінін ұғамыз. Демек, тілдегі тіркестің бірі – түйдекті тіркес сонау 30-жылдарда-ақ көрініс берген. Олардың қазіргі тіл білімінде қолданысы тіптен айқын. Ол бірде толық лексикалық мағынасы бар сөзге шылаудың септеулік түрінің тіркесуі арқылы ұшырасады: Кішкентай күнінде Абай өзі де кеш сайын жырдың тербеуімен ұйықтайтын (М.Әуезов). Шашын желкесіне қарай желкігенде… Итбай үйде ме? – деді ол шанадан түспей, Бүркітбайға иек қағып амандасқаннан кейін (С.Мұқанов).
Бұл қатарға модаль мәнді сөздермен тіркесіп келген сөз тұлғаларын жатқызған да орынды: Сиқыр жібін шерткелі қобыздың нәзік шегінен шыққан майда күй секілді жүрекке жылы тиеді (Ж.Аймауытов). Алайда жалғаулық және демеулік шылаулардың тіркесімінен болатын сөз тұлғаларын түйдекті тіркес тарапынан тануға болмайды. Әрине, жалғаулық шылаулардың қатысынан да белгілі бір тіркес түзіледі, ал демеулік шылаулар тіркесуінде басқа шылау түрлеріндей байланыстырушылық қызмет жоқ. Жоғарыда баяндалған септеулік шылау өзінің алдында тұрған толық мағыналы сөздің нақты бір септік тұлғасында тұруын қажет етеді. Ол септік сөздерді байланысқа түсірудің басты амалдарының бірі болып табылады: Ол төбенің басына шыққанда, барлық аттылар сәл ғана томпайып жатқан ескі екі моланы көрді (М.Әуезов). Асты сызылған тіркестің, бір қарағанда, жоғарыдағы кеш сайын тіркесімінен айырмашылығы жоқ. Бірақ бұл оның тұлғалық жағынан ғана ұқсастығы, ал ішкі қызметі жағынан қарағанда олай емес. Алдыңғы тіркесімнің (кеш сайын) бір-бірімен байланыстылығының беріктігі сондай, көмекшілік қызметтегі бірлікті (сайын) тіркестен шығарып тастауға көнбейді. Ал екінші тіркесімдегі (сәл ғана) көмекшілік қызметтегі бірлікті (ғана) алып тастап та, сөйлемді пайдаға жарата беруге болады.
Түйдекті тіркес түрін енді бірде толық лексикалық мағынасы бар сөз бен көмекші есімнің тіркесі күрайды. Жалпы, бұларды да түйдекті тіркеске әкелетін – қосымша тәсілі, анығырақ айтқанда, ілік септіктегі толық мағыналы сөздің тәуелдік жалғаулы дербес мағынасы жоқ сөзбен байланысуы: – Жер астына түспей қоймассың, шырақ (Ғ.Мұстафин). Ерекшеленімдегі көмекшілік бірлікті (астына) негізгі бірліктен (жер) ажырата қарауға болмайды. Бола қалған жағдайда, олардың келесі бірлікпен тіркесуі іске аспайды, болмаса мүлде мағынасыздық туады. Осыдан да болса керек, Ә.Абылақов «Тарихи тұрғыдан қарайтын болсақ, қазіргі толық лексикалық мағынасы бар сөздер мен көмекші сөздердің тіркесі бір кезде сөз тіркесін құраған, өйткені бүгінгі көмекші сөздер деп жүргеніміз – ертеде өздерінің лексикалық мағынасы болған дербес мәнді сөздер» — дейді[31]. Бұл олардың жеке дара қолданылуына да әкеледі. Қараңыз: Астында жарау бедеу, қолында қыран тұйғын, үстінде сымдай киім (Ж.Аймауытов). Көмекші сөздердің бірінің үстіне бірі жамалып, сөзтұлғаның құрамын кеңейтуі де мүмкін: Әйел бұршақтай бораған оқ астына қарай кіріп келе жатыр (Ғ.Мүсірепов).
Түйдекті тіркестің келесі жолын көмекші етістіктердің толық мағыналы сөзге тіркесімі көрсетеді. Бұлардың да аралық байланысы орын тәртібі тәсілі. Бірақ мұндай талдамды олардың жеке-жеке бірлік екеніне көз жеткізу үшін пайдаланбасақ, олар қазіргі күні бір сөзтұлғалық бірлік болып кеткен. Көмекші етістік қызметін, әдетте, кез келген етістік атқара алады. Ал тек көмекшілік қызметтегі түрлі тұлғаларда келетін е, ет, де, қыл, жазда етістіктерінің сөзтұлғалық қасиеті біршама өзгеше. Бұлар толық мағыналы сөздің есімді, етістікті болып келуіне талғаусыз қарайды. Мысалы: — Аты да бір түрлі екен. Аттарын тежеп, қорқып шаппады ғой, Әйтпесе түсіріп алар едік (Ж.Аймауытов). Кәрі әже …бұл тұста ырық бермей, қатты бұйрық еткен. Абайдың бұл келісі …кейде есік көре келу деп те аталады (М.Әуезов). Дәл осындай қызметті жоқ сөзі де атқарады: Бірін-бірі ренжітерлік түрі жоқ. Әйтсе де өткен күнге өкінген жоқ (Ж.Аймауытов). Дегенмен де мұндай бірліктер кездескен жерінде түйдекті тіркес құрала береді екен деген ұғым болмауы керек. Олар жеке сөйлемдерді байланыстыру қызметінде келуі (- Ең әуелі сабыр тап! — деді де, Жігітек ішіне қайта іске жібереді (М.Әуезов) немесе сөйлемді аяқтап, жеке дара қолдануы да мүмкін: — Жатсайшы, апа! Қайда барасың? – деді Темірбек (С.Мұқанов).
Сөз басынан бері аталымға түсіп отырған синтаксистік тұлғаларды С.Аманжолов: «Синтаксистің бұл бөлімі әлі де тексере түсуді керек қылатын жаңа нәрсе» — деп ескерте отырып, өз тарапынан синтаксистік тізбектер деп атаған[32]. Ал ғалымның мұның ішіндегі идиомдық қасиеті бар сөз тізбектері және фразалык тізбектер деп саралуы қазіргі тілдік тіркестердің тағы бір түрін талдауымызға себеп бола алады. Демек, синтаксистегі тұрақты тіркестердің басқа бір сөзтұлға бірлігімен байланысы, қарым-қатысы қарастырылады. Бұл бағыттағы ойымыз «Таким образом, фразелогические сращение являются только эквивалентами слов. Они образует своеобразные синтаксические составные слова, выступающие в роли либо частей предложения, либо целых предложений. Поэтому они подводятся под грамматические категории как сложные лексические единицы» деген В.В.Виноградов тұжырымымен сәйкеседі[33]. Мысалы: Ол оқ бойы ұзап кетіп бара жатып… (М.Әуезов). …көз көрім жерден үш-төрт атты кісілер шыға келді (С.Сейфуллин). Мынадай сарылып отырған қайғыны көргенде, өзге болса жүрегі шайылар еді (М.Әуезов). Берілген тұрақты тіркестер құрылымы жағынан түйдекті тіркеске де (1-сөйлем), сөз тіркесіне де (2-сөйлем) және жай сөйлем үлгісіне де (3-сөйлем) ұқсайды. Бірақ, бәрімізге мәлім, бұларды өз ішінен жіктеуге түсіре алмаймыз. «Ондағы сөздер калыпты сөйлемдердегідей жеке-жеке ұғым емес, бір жалпы ұғымға жымдасқан және ол ұғым көп жағдайда ондағы сөздердің тура мағынасына ешбір қатысы жоқ, олардың қосындысы да болып табылмайды, одан мүлдем басқаша ұғым, мағына болады. Синтаксистік тұрғыдан да, бұлар бөліп-жаруға келмейтін бүтін бір тұлға болып табылады: компоненттері арасындағы грамматикалық байланыс та мәнін жойған жоқ» — деп түсіндіреді Ж.Шәкенов[34]. Біз оның осы бірбүтін мағынасын меңгергендіктен де жеке синтаксистік тұлға ретінде танимыз.
Тұлғалық-құрылымдық және мағыналық тұрақтылық тек осы айтылған бірлікпен шектеліп қалмайды. С.Исаевтың пікіріне сүйенсек, «Тұрақты тіркестер үлкен екі топқа бөлінеді: фразеологиялық тіркестер және атаулық тіркестер»[35]. Алдыңғы мысалдағы тіркестер бірінші топқа жатады. Екінші топтағы сөзтұлғаларды С.Аманжолов лексикалық тізбектер атауына жинақтап, «Бұған екі я онан да көп сөзден қүралған түрлі сөз топтары кіреді» — дейді де, төмендегідей сөзтұлғаларын тізеді: aт қора, ауыз үй, орталық атқару комитеті, Арал теңізі[36]. Соңғы екі бірлік жайында С.Исаев құнды пікір білдіреді: «Ілік септік жалғауы түсіп қалғанда, ол екі сөздің мағыналық, синтаксистік қарым-қатынасында өзгеріс пайда болады, ол тіркес тұрақталып, номинациялық қасиетке бейімделеді. Соның арқасында бұл жеке синтаксистік үлгі болып қалыптасып отыр»[37]. Мұнан басқа ғалым С.Аманжоловтың мысалдық деректерінде қазіргі күні әбден орныққан, тармақталып жеке бірлік болып кеткен біріккен сөз (Алакөл), қос сөз (бірде-бір), тіркесті түбір (он бес, мың да бір), тұрақты тіркес (қоян жүрек) сынды сөз тізбектері бар. Бұларды талдап, тануда қателікке ұрына қоймаймыз.
Бірақ бұл бірліктерді сөз тіркесі деп тануға болмайды: бұлар сөз тіркестерінде боларлықтай анықтауыштық қатынасқа (толықтауыштық, пысықтауыштық та қатынас бола береді) бағына түзілгенімен, әр сыңары сөз тіркесіне қойылатын талап жеке-жеке мағынаға ие емес. Сондықтан да бұл тіркестердегі алдыңғы сыңарлардың лексика-грамматикалық дербестігінен айырыла бастағандығын қабылдау керек. Мысалы: Қодардың денесін Абай жаңа көріп еді, бас сүйегі мылжа-мылжа болыпты. Тыстағы ойын: am шабыс, серке тарту, теңге алу – баршасы осы күні болды. Мұнда да қонақасы, той-жиын, сән-салтанат олқы емес (М.Әуезов). Бұл тіркестер Рысбай Бибігүлдің ғылыми еңбегінде шектеулі тіркестер деген атпен сипатталады[38]. Бірақ ішкі тарамдары атаулық тіркес заңдылығына жауап беретіндіктен, оны жеке бірлік ретінде танытуды жөн көрмедік.
Сөйлем ішінде кездесетін белгілі бір сөздер тобы өзара тығыз байланысқан күйінде басқа бір сөздер тобымен тіркесімге түседі. Оның құрамындағы сөздер жеке дара мағынаға ие, бірақ аралық байланыс берік, сондықтан бөлшектеуге болмайды. Тіл білімінде бұлар салаласа байланысқан тіркестер деген атаумен таныс. «Тіл-тілде толық мағыналы сөздердің тізбегінен тұратын, осыған орай, сөз тіркестерімен сыртай ұқсас келетін тізбектерді» К.Аханов сөздердің салалас қатары деп атап, оны өзіне ұқсас тіркестерден ажырата қарауды ұсынады. «Сөздердің салалас қатарында басыңқы (ұйытқы) мүше, бағыныңқы (тәуелді) мүше дегендер болмайды, олардың сыңарлары тең дәрежедегі сыңарлар ретінде бір-бірімен салаласа байланысады» — дейді ғалым. – «Бірнеше сөздердің тізбегінен құралған салалас қатардың құрамынан бір сыңар түсіріліп айтылуы мүмкін, бірақ мұның өзі салалас қатардың ыдырауына немесе жойылып кетуіне соқтырмайды»[39].
Ділдә Абайға сүйкімді, сұлу көрінді. Абай жүрегі де сыр мен жырға толы (М.Әуезов). Мысалдан көрінгеніндей, мұндай тіркестердің ішкі бөліктері бір-бірімен ешбір жалғаулықсыз да, жалғаулықтар арқылы да байланысқа барады. Әрі олардың жеке бөліктерін өзі қатысты сөзбен қарым-қатынасқа да түсіре беруге болады. Мұндайда оның синтаксистік қатынасы да, байланысу жолы да өзгермейді. Мұның өзі олардың бөлшектеп қарауға болмайтынын аңғартады.
Салаласа байланысқан сөз тіркесімдерінде сөз таптарының қай-қайсысы да жұмсалады. Салалас байланыстың атауыш сөздерге тән екенін башқұрт әдеби тілін зерттеушілер де алға тартады[40]. Мұны нақты мысалдармен көрсеткен дұрыс: Козлов, Лапшин, Шәйкен, Жантайлар бір тесікке үймелей, абыр-сабыр болып жатыр (Ғ.Мүсірепов). Анда-санда артына, жан-жағына жалт-жұлт қарайды (М.Мағауин). Ширақ, сергек қайратына ызалы жүрек оты араласқан, әділет жоқшысы туғандай (М.Әуезов). Декабръдің алтысы мен онының арасында, яғни төрт күнде, — деді Айбарша қағазды оқып… (С.Мұқанов). Сенесіз бе, мен ешқашан, ешкіммен оңаша сөйлесіп көрмеппін (Д.Исабеков). Жүрегің елжіреп, егіліп, езіліп кеткен екен ғой (Р.Райымқұлов). Күндіз де, түнде де Барластардың қасынан шықпайды (М.Әуезов). Сол-ақ екен жанама бойында гу-гу, пыш-пыш әңгіме қоздап, сыпсың өсек өрттей лаулап жүре берді (Б.Тілегенов). – Қап, қап, қалаға да радиограмма беріп қойып едім, «Қызыл Октябрьден» ұят-ай, қап, қап! (Ә.Омаров). Ерекшеленген сөзтұлғалар әр сөз табының интонация немесе жалғаулық шылаулар нәтижесінен салаласа байланысқан. Онда мұндай сөз тіркесімдерінің зат есім мен зат есім, сын есім мен сын есім, сан есім мен сан есім т.с.с. модельдерге қатысты өрбитіндігін байқаймыз.
Екіншіден, салаласа байланысқан сөзтұлғаларының «…әрқайсысын екінші бір сөзге әдетте сабақтаса байланыстырып, әрбірі жеке-жеке сөз тіркесін құрайды»[41]: Абайды Ызғұтты мен Қаратайдың есік алдындағы қарбаласы тағы кіргізбеді (М.Әуезов). Мұндағы салаластық тіркестер (Ызғұтты мен Қаратай) басыңқы сыңарға (қарбаласы) жеке-жеке бағынады: Ызғұттының қарбаласы, Қаратайдың қарбаласы. Ал атау септіктегі салаластық тіркестер жіктік жалғаулы сөзбен киыса байланысады: Көмір қазып ақша табатын жер Екібастұз айналасын тұзды көл, ащы шалшықтар қоршаған [тұзды көл қоршаған], [ащы шалшықтар қоршаған] (Ә. Нұршайықов).
Үшіншіден, әр сөз табындағы сөзтұлғалардың сөйлем мүшесі қызметін де атқаратындығын еске алсақ, салаласа байланысқан тіркестерде де «бастауыштық қатынас, баяндауыштық қатынастардың болуы таңдандырмаса керек. Ал толықтауыштық, анықтауыштық және пысықтауыштық қатынастардың жиі қолданылатынына еш шүбәнің болмағаны дұрыс»[42]. Бұл пікір де мысалмен тиянақтауды қалайды: Биыл Құнанбайдың өз ауылдары да, жақын ағайындары да күземді елден ерте алды. Биылғы қыстың басы адамға да, малға да жайлы болып тұр. Соған орай мынау кеш те тымырсық, қапырық. жермен, малмен тынатын көңіл болса, жесін де тынсын (М.Әуезов). Ұлы да, қызы да ешнәрсеге еліктемейтін, салмақты да ақылды болатын беталыстары бар (Ғ.Мүсірепов). Аш ауызға, ерінге тигеннің бәрі май тәрізді болып таныла ма, кім білсін, әйтеуір бірінші көргендегі курстағы қыздардың бәрі бірдей сұлу, сымбатты, бірінен-бірі өткен әсем, бейіштің төріндегі хор қызындай бірінен-бірі айырғысыз сияқтанып еді (Ә.Нұршайықов). Ұзыннан ұзақ көше. Бір шеті мен екінші шетіне көз жетпейді (С.Мұқанов). Күн дағдысымен ел бейқам, жым-жырт (С.Омаров).
Сөйлемдерде ерекшеленген сөзтұлғалар әр алуан сөз таптарын қамтыған. Олар өзара интонация немесе жалғаулық шылаулар арқылы салаласа байланысып, тұрлаулы және тұрлаусыз мүшелер болып келген. Осыдан да орыс тілі зерттеушілерінің «Сочинительные союзы (а, и, но, да, же, или, то) выражают синтаксические отношения между однородными членами предложения и частями сложносочиненного предложения. Так, например, союз и может связывать подлежащие (брат и сестра), сказуемое (работаю и учусь), второстепенные члены предложения (работали дружно и быстро), части сложносочиненого предложения (шел снег, и было холодно)» дегені де дәлелді[43]. «Союзы, – писал Ломоносов, – ничто иное суть, как средства, которыми идеи соединяются, и так подобны они гвоздями или клею, которыми части какой махины сплочены или склеены бывают» дегенін алға тартқан Р.А.Будагов: – «В свою очередь, сами союзы, возникшие в результате развития мышления человека, начинают воздействовать на дальнейшие развитие самого мышления, как бы ускаряют, на ряду с другими причинами, его последующий рост» — деп анықтайды[44]. Жалғаулық шылаулардың қасиетінен санамалы, талғаулы, түсіндірмелі және модальдық қатынас болатынын нақты мысалдарга сүйеніп беру де[45], мұндай байланыстардың ыңғайластық, талғаулық, қарсылықты болып келетінін аңғарту да бар[46].
Тілдегі мысалдық деректер салаласа байланысқан сөз тіркесімдерінің жалғаулық шылаудың әр алуан топтарымен келіп, түрлі грамматикалық қатынасты білдіретінін көрсетеді.
1) Ыңғайластық қатынас: – Ең әуелі арзан мен қымбаттың парқын айырмайсың. Екінші дос пен қасты сараптамайсьің (М.Әуезов). Ұлы Отан соғысында қазақтардың атын өзгеге де, өзімізге де танытып, …паш еткен осы үш тұлға — Жамбыл Жабаев, Баубек Бұлқышев және Бауыржан Момышұлы болды. Мен өзімшіл екем, әрі ақьн, әрі күйші болғым келеді (Ә.Нұршайықов). ЬІңғайластық қатынас берілген жалғаулық шылаулардың қатысынан, олардың дара күйінде, болмаса қосарланып келуінен түзіледі. Мұндай қатынас көбіне есім сөздердің, оның ішінде зат есімдердің, сондай-ақ, заттанған есімдердің тіркесуінен болады. Әрине, атауыш сөздердің ішінен етістік тұлғаларының байланысуы да кездеседі: Ұрғанына титтей міз баққан да, қит еткен де жоқ (М.Әуезов). …жақтаудан сығалап, бақылады да тұрды (З.Шашкин). Балғын балалықпен. осылай қоштасасың да кете барасың (М.Иманжанов). Сөзін оқы және ойла, тез үйреніп, тез жойма (Абай).
2) Кезектес немесе талғау мәнді қатынаста да жеке сөзтұлғалар салаласа байланысады. Мұнда бірде, біресе, кейде шылауларының қатысы даусыз болса да, болмаса, әлде, ма/ме, ма/ме+әйтеуір тұлғаларының танылмай жүргені бар. Мысалы: Балапан біресе жемге, біресе жан-жағына қарап елегізіп… (З.Шашкин). Жел соқпай, сулар ақпай, қамыс қалғып, Әлде ұйып, әлде тынып қалды жер, көк (І.Жансүгіров). Бүгін бе, ертең бе, тұтас па, біртіндеп пе… қалай бару керек? (Ғ.Мұстафин). Соры ма, ырысы ма, әйтеуір тағы бір өзгешеліктері бойынша намысқор кісілер (М.Әуезов).
Сөйлемдердегі шылаулардың құрмалас сөйлем сыңарларын байланыстырудағы қызметі бары айқын. Келтірілген мысалдар жеке сөзтұлғаларын байланыстыратынына да дәлел. Кезектестік қатынасты әлде, болмаса, әлде+ма/ме, әлде+ма/ме+әйтеуір модельді тұлғалар да көрсететінін осы мысалдар да айғақтай алады. Мәселен, бірінші сөйлем шылауын екінші сөйлем шылауымен, өз кезегінде әлде шылауын соңғы екі сөйлем ішіне қосып айтуға болады. Сондай-ақ, әлде шылауының орнын болмаса шылауы да басады. Болмаса шылауы әлде жалғаулығындай ма/ме демеулігімен қабаттаса да алады (үшінші, төртінші сөйлемге қосып көріңіз). Болмаса, немесе, я, яки жалғаулықтары бір-бірімен мағыналас, қызметтері де бірдей деуге болады. «Сондықтан да олардың бәрін салаласа айтылған сөздер мен сөйлемдердің алдарында тұрып, олардағы ойларды я талғап, я салғастырып, кезектестіріп айту үшін жұмсалады» деуге болады[47].
3) Қарсылық мәнді қатынас, көбіне, құрмалас сөйлем сыңарларының байланысуынан шешілетіні рас. Сондықтан да қарсылық мәнді жалғаулықтар «Тек құрмалас сөйлем құрамында ғана қолданылады, олардың өзіндік стильдік ерекшеліктері бар» — дейді Ж.Сүлейменова[48]. «Сабақтастырғыш жалғаулықтар тек құрмалас сөйлемдердің құрамдарындағы жай сөйлемдерді бір-бірімен жалғастырып байланыстырып, солардың арақатынасын анықтап көрсету үшін жұмсалады» деген А.Ысқақов оның қатарын қарсылықты, себеп, салдар, шартты т.с.с. шылау түрлерімен толықтырады[49]. Ал А.А.Реформатский: «Сочинение несинтагматично. Это соединение равноправного, при которым ни первое в отношении второго, ни второе в отношении первого не являются ни определяющим, ни определяемым» — дей отыра, салаласудың жалғаулық немесе жалғаулықсыз байланысатынын көрсетеді[50]. Ғалым пікірінде тең дәрежеліктің қарама-қарсы (противопоставление равноправного) тұрғыда сипатталуы көрініс тапқан. Біздің пікірімізше де, салаласа байланысқан сөз тіркесімдерінде қарсылық мәнді қатынас болады: Манас тағы да ақырын дауыспен, бірақ зілді, ызғарлы үнмен бұйрық етті. Бір туған айдай, қылдай нәзік, бірақ емеуріндей анық сыры бар (М.Әуезов). Кең де мейірімді, бай да бақытсыз қазақ даласын да ұмытаспын. Мойын кеуделі, қастары қиғаш-қағаш біткен қара кісі Игілік би паң да тәкаппар емес (Ғ.Мүсірепов).
Сонымен, салаласа байланысқан сөз тіркесімдерінің грамматикалық қатынастары тілдегі салаластырғыш, ішінара сабақтастырғыш жалғаулықтар нәтижесінен шешіледі. Әрине, мұндай қатынастардың жалғаулық шылаусыз, интонация арқылы байланысатынын да жоққа шығаруға болмайды. Олар да түрлі есім сөздермен келеді. Мұндай сөзтұлғалар арасына жалғаулық шылаудың салаластырғыш тобын енгізіп тексеруге болады: Бірақ осы кезде Қаратай, Бұғалық кеп килікті. Олар өлімді сылтау етіп, өздерінің абыройын, атағын, мақтанын, айдынын да асырады. Сондықтан асты кім болса, сол жасамайды, тек жуан, бай, құдіретті күштілер ғана жасайды (М.Әуезов). Қатар тұрып байланысудағы тағы бір ерекшелік етістік тұлғалы сөздерге тән. Олар бірдей тұлғада келіп те, әр түрлі тұлғада келіп те, бұл екеуінің қатар келіп те отыруынан бола береді. Бірыңғай есімше тұлғалы байланыс: Әрі-беріден соң кепкен, солған, сенделген тұтқындар судың өзіне зар болды (С.Сейфуллин). Бірыңғай көсемше тұлғалы байланыс: Маша ашулана, қаһарын төге, оны оқты көзімен бір атты (Ә.Нұршайықов). Көзіне көзіңді сәл ұстап «Ерке аға!» десең, дариядай толқып, шалқып кетер еді (Ғ.Мүсірепов). Еңсесін көтермей, қабағын түйіп, уһлеп, аһлап, мүсәпірсіп, мұңайып төмен қараумен күнін өткізе бастады (С.Торайғыров). Бұл екі тұлғаның бірыңғайланып келуі де бар: Біз жеткенде алтыбақан құрылып даяр болған екен. Маңайы сыңысқан, сапырылысқан, әзілдесе сөйлескен, саңғырлай кеңесіп, сақылдай күліскен, кейбірі өлеңдеткен қалың жас (С.Мұқанов).
Қорыта келгенде, «Айтылған жайларды ақыл таразысына салып, ой елегінен өткізер болсақ, қазіргі қазақ тілінде (әрине, тіліміздің тарихында да) салаласа байланысқан сөздердің тіркесімі болатындығына күмән болмаса керек»[51].
Жай сөйлем және ондағы паратаксистік бірліктер
Қазіргі қазақ тілінде сөйлемді құрамдық тұрғыдан түрлеу әбден орнықты десе де болады. Әйтсе де бұл бағыттағы өз пікіріміздің Қ.Мамытбековтің тұжырымымен сәйкесетінін айтқымыз келеді. Ғалымды сөйлетсек, «Сөйлем синтаксисі сөйлемді құрылымына (біздіңше, құрылысы деген жөн болар – Б.С.) қарай екі үлкен топқа бөліп қарайды: жай сөйлем, құрмалас сөйлем. Жай сөйлем өз ішінде жалаң, жайылма және күрделі болып үшке бөлінеді де, құрмалас сөйлем салалас, сабақтас және аралас болып үшке бөлінеді»[52].
Ал сөйлем бір, екі немесе одан да көп сөздерден тұра беруі мүмкін. Сөйлемдегі түрлі сөзтұлғалардың аз-көптігі оның я жай, я құрмалас екендігін шешпейді. Құрамішілік сөздердің кейбір жай сөйлемдерден әлдеқайда аз құрмалас түрлері кездесіп отырады:
Мына шәкірт қыс үшкөлде оқып, жаз қаражат табуға елге келіп, бір байдың екі баласын оқытып жатқан Жүніс деген жігіт еді (Ж.Аймауытов). Бораштың жүзінде түсінгендік бар екен, мен қорланыңқырап қалдым (Ғ.Мүсірепов). Алғашқы топ арық басына келгенде, күн тұсау бойы көтерілген еді (Т.Әбдіков). Мысалдағы алғашқы жай сөйлемдік үлгінің ішкі сөздерінің саны соңғы екі құрмалас түрінің сөздер санынан әлдеқайда көп. Мұндайда, әрине, Р.Әміровтің ғылыми пікірі нақты тірек болуы қажет. Демек, «Сөйлемді құрауға ойдың кім, не туралы екенін білдіретін мүше және ол туралы не айтылғанын білдіретін мүше, яғни бастауыш, баяндауыш мүшелер қатысуға тиіс. Осы екі мүшенің грамматикалық қатынасы сөйлем құрауға негіз болады»[53].
Біз мұндай талапты құрмалас сөйлем түрлерінің әр сыңарларына қоямыз. Біздің зерттеуімізде аталған сөйлем түрлерінің қай-қайсысына болсын орын беріледі. Осы тақырып көлемінде жай сөйлем түрлерінің құрамындағы салаласа байланысқан бірліктерді танып алу шарт. Мұнда әрі сөйлем мүшелерінің қызметі ашылып отырады. Әдетте, жалаң сөйлем деп танылатын құрылымдар негізгі сөйлем мүшелерінің байланысуынан болады деп түсіндіріледі. Және оның тұрлаулы мүшелердің бірінен бола алатыны да айтылып жүр: Ботагөз састы. Шыңғыс куанып кетті. Ботагөз байқай алмай қалды. Сен-ақ еріге береді екенсің. Бірақ тіл қатыспады. Мысалдарымыз С.Мұқановтың әр шығармаларынан алынған, сондықтан белгілі бір контекске байлаулы емес. Мұнда барлығы — жалаң жай сөйлемдер: соңғысы ғана белгісіз жақты да, калғандары нақтылы жақты сөйлемдер. Тағы бір айтарымыз сөйлемдер құрамы екі, үш, төрт сөзді болып келген, бірақ бұл жалаң кұрамдық ерекшелікті өзгерте алмайды. Соңғы екі сөйлем шылау қатысынан жасалған, «Ал жалаң сөйлемге шылау қосылса, жайылма сөйлемге айналмайды, жалаң күйінде қалады»[54].
С.Аманжолов сөзінің тілдегі қалыптасқан пікірді өзгертуге тигізер ықпалы бар. Әйтпегенде жай сөйлемнің күрделенген түрінің бір негізі ретінде бірыңғай мүшелердің шылаулар арқылы байланысуы саналып жүр. Рас, бірыңғай мүшелердің жай сөйлемдерді күрделендіру мүмкіндігі бар және мол. Бірақ ол сөйлем мүшелерінің (баяндауыштан басқа) бірыңғайланып жұмсалуынан емес, күрделендіруші мүшелердің (оралым, айқындауыш) қабаттасып жұмсалуынан болып отырады. Онда шылаулар арқылы байланысқан, сол сияқты орын тәртібі тұрғысынан қатар келіп байланысқан бірыңғай бастауышты сөйлемді жалаң сөйлем деп таныған дұрыс. Тек осындайда ғана, С.Аманжолов меңзегендей, Комбайн мен трактор келді сынды сөйлемдер жалаңдық құрам болып талданады. Кейінгі Қ.Есенов зерттеуінде де бірыңғай сөйлем мүшелері күрделендіруге әкелетін жол деп танылмайды. Қайта, сөйлем мүшелерінің бірыңғайланып жұмсалуы жай сөйлемнің күрделенген түрінің нақты мәнін ашып бере алмайды деп санайды[55].
Жалаң сөйлемнің құрам ерекшелігін сөйлем мүшесінің күрделі болып келуі де бұзбайды. Оны жоғарыдағы мысалдардың күрделі баяндауышта тұруынан да байқадық. Мұндай құбылыс күрделі бастауыш бойында да бар. Сондықтан да төмендегі алғашқы екі сөйлемнің жалаң құрамдық екендігі қандай даусыз болса, соңғы екі сөйлемнің жалаң құрамдығы айтарлықтай дау тудырмауы қажет: Әбдірахман жүре берді (М.Әуезов). Сынып іші тына қалды (М.Иманжанов). Менің қанатым сендерсің (Ғ.Сланов). Кереку қызметшілері нашарлау екен (Ж.Аймауытов).
Жалаң кұрамды жай сөйлем түрін айқындауыш мүше түрлері де көрсетеді. Бірақ оның ой күрделілігіне қатысын айқындап алу қажет. Мәселен, жоғары оқу орындары үшін ұсынылған грамматикадағы қосалқы және қосарлы айқындауыштар жалаң құрамды жай сөйлемдер қатарында да келе береді. Мұндайда олар күрделі мүшенің қызметінде жұмсалады, әрі айқындалатын мүшесінің алдынан да, соңынан да келіп, тең дәрежелік қатынаста тұрады. Олардың орнын ауыстыруда жалпы сөйлем мағынасына, сонымен қатар орын ауысқан сөзтұлғаларға нұқсан келмейді: Түлкі байланбаған — сатушы Есенжан ғана (М.Мағауин). Сәрсенбек ағайым өзі алып келді (Б.Соқпақбаев).
Қосарлы айқындауыш деп танылып жүрген сөзтұлғалардың да қосалқы айқындауыштан айырмашылығы шамалы. Бұл орайда С.Исаевтың ондай сөздердің дефис арқылы жазылуын дұрыс емес деп көрсетуі, тіпті олардың айқындауыш мүшеден гөрі анықтауыш пен анықталушы сөз екендігін тұжырымдауы біздің ойымызды да көрсетеді. «Тіркеске енген сөздердің арасындағы дефистің басы артық, өйткені бұлар сырт тұлғасы жағынан қос сөздерге ұқсап кетеді, бірақ бұл жерде қос сөз жоқ, ол екі сөз бірыңғай тең мағыналы емес, ал анықтауыш пен анықталушы сөздің арасында ешбір тыныс белгісі қойылмайтыны белгілі»[56].
Сөйлем құрылымына тұрлаусыз мүшелердің енуі оны жайылма сөйлемге айналдырады. Жайылмалық құрам баяндауыш мүшесіз болмайды және тұрлаусыз мүшелердің біріне сүйенеді. Ал жеке сөйлем мүшелері қызметін дара және күрделі құрамды сөзтұлғалар атқара береді. Мәселен, төмендегі сөйлемдерді жайылмалыққа әкеліп тұрған — дара пысықтауыштар (қалың, қалықтап) пен күрделі жанама толықтауыш: Қар қалың түседі (А.Хамзин). Қалықтап айнала береді (Ш.Айтматов). Шариғаттың бұйрығынан бұра тартуға болмайды (Б.Майлин). Демек, жайылма сөйлем толықтауыш-баяндауыш немесе пысықтауыш-баяндауыш құрылымды болып келеді, бірақ анықтауыш-баяндауыш құрылымда тұра алмайды. Оның үстіне пысықтауыш-баяндауыш құрылымдының орналасу тәртібінде орын алмасушылық болып отырады. Оның өзі тең дәрежелік қатынастағы мүшелердің әсерінен емес, пысықтауыш мүшенің еркіндігінен болса керек. Әйтсе де, «Олардың түрлеріне қарай біразының сөйлемдегі орны жылжымалы, біразының орны тұрақты. Басқа сөз таптарынан жасалған күрделі пысықтауыштарға қарағанда, мезгіл үстеулерінің сөйлемдегі орны тіпті еркін» — дейді[57]: Қыз енді маңғаздана қарады (Ә.Нұршайықов).
Жайылмалық құрам жоғарыдағыдай құрылымға негізделіп отырады, сонымен қатар тұрлаусыз мүшелердің қатысым жиілігі артуы мүмкін. Ондайда құрылым да кеңиді, тұрлаулы мүшелерді есептемегеннің өзінде тұрлаусыз мүшелердің қатысымы өзгереді. Олар толықтауыш-пысықтауыш кұрылымға бағынады: Бұлар шіліктің арасымен жайбарақат келе жатыр еді (С.Жүнісов). Аталған тұрлаусыз мүшелер бірыңғайланып та келеді. Ондайда олар тең дәрежелік қатынаста тұрып байланысады. Қараңыз: Шеген «Дауылпаз» бен «Сұңқар» жырын жатқа білетін (Ғ.Мүсірепов). Сорлыға күндіз де, түнде де дамыл жоқ (С.Мыңжасарова). Талдаудағы тұрлаусыз мүшелер орын алмасып, пысықтауыш-толықтауыш кұрылымды да болып келеді: Төлепберді бағанадан бір ақыл ойлап алып еді (М.Әуезов). Бірақ бұл жолы ауыл арасының дырдуына aт сабылтып жатқысы келмеді (Қ.Жұмаділов).
Жоғарыда айтқанымыздай, анықтауыш баяндауышпен синтаксистік қатынасқа түспейді. Бірақ оның да жайылма сөйлемді жасауға көмегі бар. Тек ондайда толықтауыш пен пысықтауыш мүшенің алдынан келіп отырады: Ботагөз Алексейдің өзін де, қимылын да сезген жоқ (С.Мұқанов). Жыпырлаған киіз үйлердің манында тірі жан көрінбейді (С.Жүнісов). Реті келгенде айта кеткен жөн, анықтауыш мүше пысықтауыштың алдынан келеді дегенімізде соңғысының есім сөз таптарынан жасалатынын (киіз үйлердің маңында) ескердік. Сол сияқты баяндауыш мүшемен синтаксистік қатынасқа түспейді деген шартты. Мәселен, төмендегі сөйлемде баяндауышпен қатар келетінінін де байқаймыз: Туыстарыма жетудің сәті түсе қалды (С.Мұқанов). Анықтауыштың да бірыңғайланып жұмсалуы бар, әрі ондай құрылым жай сөйлемді күрделендіруге әкелмейді: Қараңғы, суық қорада күтім қашып отыр (Ғ.Мұстафин).
Жайылма сөйлемдік құрылымда, біздің енді бір байқағанымыз, тұрлаусыз мүшелердің квадраттық, кубтік шамада қолданылуы болды. Мұның өзі біздің талдауымызға сай келе бермейді, тіпті мүмкін де емес: 22 = 4; 23 = 6, сол сияқты 42 = 16; 43 = 64. Ал мұны басқадай шамаға салып, тілге жақындатуға болады. Мәселен, а+а = 2а, болмаса а+а+а = За. Бұл бізге қажетті формула көрінісі бола алады. Егер а шамасын бір тұрлаусыз мүше, оның өзінде біреуі ғана деп алсақ, 2а сол тұрлаусыз мүшенің екі рет қайталанып келуі деген сөз. Бірақ олар бірыңғай мүшелі сөйлем мүшелері емес. Сондықтан да төмендегі сөйлемде бірыңғайланып жұмсалған анықтауышты а+а формуласында тани алмаймыз: Тынышсыз жүрек таңғы, тәтті ұйқыны Рысқұловтан тартып алды (Ш.Мұртаза). Ал ондай мүшелердің бір ғана сөйлем мүшесі бола тұрып, басқадай қызметте жұмсалуы аталған формуланың қатысынан болады: Бұл қыста Абай сыры үздіксіз қатты тұйықтыққа кетті. Кесек мұрынды, шоқша сақал, зор дауысты Түсіп жігітектің Бөжейден соңғы басты адамның бірі болатын (М.Әуезов). Алғашқы сөйлемді 2а формулалы анықтауыш мүшелер деп танысақ, соңғы сөйлемді За формуласына бағынған дейміз. Себебі бірінші сөйлемде екі анықтауыш бар: үздіксіз және қатты сөздері, екінші сөйлем Түсіп сөзін анықтайтын күрделі бірыңғай мүшелер мен адам сөзін анықтайтын дара (жігітек, соңғы, басты) сөзтұлғалар.
Мұндай формулаға толықтауыш мүшелер де бағынады: Ұзын ойлы, aт жақты сары жігіт бір қағазға бірдемені жазып жатыр (С.Алдабергенов). Сол жерде мен оны Балтабек пен Даниловқа таныстырдым (С.Мұқанов). Соңғы сөйлемдегі бірыңғай мүшелі сөзтұлға тек бір а шамасына жауап береді. 2а формуласын пысықтауыш мүше де көрсетеді: Олардың ішінен ептеп қара торы қыз да, қара қыз да, шұбар қыз да шыға бастады (Ә.Нұршайықов).
Аталған сөйлем мүшелерінің За формулалы болып келуі қиындық тудырмайды, оған мысалдар да жеткілікті. Бірақ аталған формулаға бағынған мүшелердің қабаттаса жұмсалуы жайылмалық құрылымның қасиетін аша түседі деп ойлаймыз. 2а анықтауыш мүше мен 2а толықтауыш мүшеге мысал: Сен арық торы атыңа менің атымды айырбастап аласың (Ғ.Мүсірепов). 2а пысықтауыш мүше мен 2а анықтауыш мүшеге мысал: Көктем сайын ылғи да алма мен шие ағашының жас талдарын әкелетін (М.Иманжанов). 2а пысықтауыш мүше мен 2а толықтауыш мүшеге мысал: Орманда, бала шағымда, Бұтақтан көрпе тоқығам (Қ.Аманжолов). Мұндай құрылымдағы тұрлаусыз мүшелердің бірінің За формулалы болып келуі де мүмкін. Төмендегі мысалдың алғашқысында 2а формулалы анықтауыш бар да, соңғысында За толықтауыш мүше бар: Бір күні біздің үйге қапсагай денелі дәу қара келді (С.Бақбергенов). Одан соң беліне бірнеше жерден манаты арқандармен mac қып байлайды (С.Мұқанов).
Талдай келгенде, белгілі бір мүшенің а+а формуласына сай келетіндігі (төмендегі сөйлемнің біріншісі) қалай оңай құрылса, а+а+а формуласына сай келетін (төмендегі екінші сойлем) формула да көп қиындық тудырмайды. Ал бұлардың қабаттаса жұмсалуы біраз ізденуді қажет етті. Бірақ бұл ізденіс жайылма сөйлемдегі тұрлаусыз мүшелердің қызметін жан-жақты көрсетті деп есептейміз: Мен сізге айтарымды айтып болдым (Ғ.Мүсірепов). Шеберханада ағашты қол арамен жаратын (М.Иманжанов).
Тағы бір айтатын мәселе, тілдік талдауларға математикалық әдісті, нақтырақ айтсақ, формулаларды кіргізу бүгіннен басталған жоқ. Жоғарыда байқағанымыздай, а+а = 2а немесе а+а+а = За формуласының жайылма сөйлемді танытуда да жаттығы жоқ. Ал бұл формуланың жалаң сөйлемді көрсету мүмкіндігі жоқ. Сол сияқты математикадағы «қосылғыштардың орнын өзгерткенмен қосынды өзгермейді» қағидасының бірыңғай мүшелердің байланысуынан да алшақ кетпейтінін байқаймыз. Демек, у+х = z дегендегі формула тілдегі бірыңғай мүшелер байланысынан туатын мағынаны білдіре алады. Басқаша айтқанда, бірыңғай мүшелердің байланысынан болған сөйлем мағынасы олардың орнын өзгерткенде де бұзылмайды. Бұл қағида жалаң және жайылма сөйлемге тікелей қатысты. Мысалды бастауыш, анықтауыш, толықтауыш және пысықтауышқа қатысты өрбітіп көрейік. Байқасаңыз, бірыңғай мүшелер математикалық қосылғыштар сияқты орнын өзгертуге көнеді, әрі ондайда сөйлем мағынасына ешқандай нұқсан келмейді: Қыз-келіншек, әр жастағы әйелдер қалың бидайды қол орақпен бері карай орып келеді (Б.Әдетов). Былжыр ой, бітеу құлақ тірліктен Касқырбай әбден мезі болғандай (К.Сәрсекеев). Машинамен, мажормен, бумен, бензинмен, спиртпен жүреді деп естиді (Ж.Аймауытов). Сол күндері оларды осы өлкенің көптеген шопандары күтпеген жерден, тосыннан көріп қалып жүрді (Ж.Аймауытов). Бірыңғай мүшелердің жұмсалуында жалпылауыш сөздердің мәні ашыла түседі: Ауылдың бірталайы да әр түсті бояумен ала-бажалақ қып тоқыған матадай: ақ, ақ ала, қоңыр ала боп тұрады (С.Мұқанов). Құнанбай айналадағы топтан қала саудагерлері, молдасы, қалпесінен қымсынып қалды (М.Әуезов).
Біз өз еңбегімізде аз да болса математикалық әдісті басқа қырынан қарастырдық. Бұл әдіс соңғы жылдары математикалық лингвистика деп аталып, лексика саласында сөздердің жиілік тізімдерін жасауда қолданылды. С.Исаев пікіріне көңіл аударсақ, «Тіл білімінің грамматика, фонетика, стилистика салаларында да статистикалық әдіс кеңінен қолданылып жүр. Мысалы, осындай зерттеулер негізінде кейбір тілдегі белгілі жанр (текстер) үшін жеке әріптердің қолданылу жиілігі, яғни қолданылу ықтималдығы белгілі болып отыр. Сол сияқты жекелеген қосымшалардың тілдегі қолданылу ықтималдығын ашып, соның негізінде оның потенциалды мүмкіндігін көрсетудің қажеті де күмән туғызбайды. Енді сөз тіркестерінің, сөз таптарының, сөйлем түрлерінің т.б. статистикалық сипаттарын айқындай түсудің керектігі де ойға қонады»[58].
Бұл тарапта статистикалық сипат негізінде сөйлемнің есімді түрлерін қарастыруды жөн көрдік. Екінші жағынан, мұндай сөйлемнің біздің тақырыбымызға тікелей қатыстылығы да бар. Себебі есімді сөйлем түрлеріндегі негізгі мүшелер паратаксистік қатынаста келіп, бірін-бірі толықтырады, орнын алмастыруға бейім келеді: Қартқожа — жүзбасы. Көбінесе қолы бос. Олар — шаманның айнасы (Ж.Аймауытов). Қараөткелдің кейінгі аты — Ақмола (К.Сәрсекеев). Жалпы, есімді сөйлемдер ретінде бастауыш-баяндауыштық катьнастағы есім сөз таптары мен етістіктің есімге жақын топтары қатысқан сөйлемдер ұғынылады. Оның ішінде тең дәрежелік :қатынаста зат есім мен зат есім моделді сөйлемдер жиі кездеседі, ал зат есім мен сын есім моделді сөйлемдер орын алмастыруға көнбейді. Сонымен қатар заттанған сан есімдер мен есімшелердің аракідік кездесуі бар. Бұл, тегі, есімше бастауыштың түп-тегі етістікті сөйлемнен тарайтындығын көрсетсе керек. Себебі ондай сөйлемдерді, Р.Әміровтің пікірінше, «…әр уақыт трансформацияға түсіріп, етістік бастауышты сөйлемге айналдыруға болады. Бастауышты етістікті сөйлем логикалық субъектіні, объектіні актуализациялау қажет болған жағдайда жұмсалады»[59].
Есімді сөйлемдердің енді бір түрін атаулы сөйлемдер құрайды. Казақ тіл біліміндегі атаулы сөйлем мәселесі, оның мағыналық түрлері мен құрамы алғашқы оку құралдарынан-ақ шешімін тауып отырды. Ал оның құрмалас сөйлем мен мәтін ішіндегі қызметі соңғы жылдары тексеруге түсе бастады. Жай сөйлемдік құрамдағы атаулы сөйлемдердің қатар орын тебуі де көрсетіліп жүр, бірақ өзара байланысу жайы қозғалған емес. Біздің байқауымызда, атаулы кұрылымдағы жай сөйлемдер жалаң, жайылма құрамда да кездесе береді, әрі олардың орнын ауыстыруда сөйлем мағынасы өзгермейді. Тек қызмет орны ауысады: Шілде. Ыстық күн. Шаңқай түс (М.Әуезов).
Ал бір ғана атаулы құрылымы бар контекст ішінде мұндай еркіндік жоқ. Ол атаулы сөйлемде болатын іс-әрекеттің өзінен кейінгі сөйлемде баяндалатынымен түсіндірілсе керек. Мәселен, Көктем. Жайлауға көшетін мезгіл де жетті (Т.Ыбырайым) құрылымындағы атаулы сөйлем орнын ауыстыру дұрыс бола қоймайды.
Біз жинақталған тілдік материалды саралай келе, есімді жай сөйлемдердің көрінісін математикалық шамамен тексердік. Олардың жиілігін таныту үшін тік бұрышты координат жүйесін сыздық. Ондағы у осі бойынша есімді сөйлемдердің сөз табынан жасалу ерекшелігіне қарай өсу мүмкіншілігін, ал х осі бойынша пайыздық кему мүмкіншілігін белгіледік. Алынған диаграмма мынадай мәселелерді түсіндіре алады. Біріншіден, у осі бойы жинақталған тілдік материалдың сандық дәрежесін көрсетеді. Жалпы есімді сөйлем саны – 590. Ал х осінде осы сөйлемдердің пайыздық шамасы бар. Мәселен, 590 санды есімді сөйлем шамасы 100%-ға тең. Екіншіден, у осіндегі есімді сөйлемдердің сандық дәрежесі оның құрылым ерекшелігіне теңестіріліп отырды. Сонда, сандық дәрежесі 190-ға тең есімді сөйлем зат есім мен зат есім құрылымды болады да, 140 — зат есім мен сын есім құрылымды; 100 есімдік пен зат есім құрылымды; 60 зат есім мен модаль сөз құрылымды; 50 — -нда мен зат есім құрылымды; 30 — сан есім мен зат есім құрылымды және 20 — есімше мен зат есім құрылымды байланысқа тең.
Тек ескерілетін нәрсе, аталған құрылымды байланысулардың жалпы көлемін дөңгелендіріп отырдық. Яғни, жоғары сандық дәреже ±190, төменгі сандық дәреже ±20. Үшіншіден, нүктелік белгілер сандық дәреже мен пайыздық шаманың түйіскен жерін көрсетеді. Зат есім мен зат есім құрылымды 190 сөйлем. Бұл жалпы 590 сөйлемнің 32%-ын кұрайды. Келесі құрылымдар да өзіндік пайыз мөлшерінде: 140=22; 100=16; 60=1 1; 50=0,8; 30=0,5; 20=0,4. Осындай ретпен бір-бір мысал беріп, координат жүйесінде сызбалап көрсетейік: Баянның жері, суы, ағашы, көгі — қазақ-орыстікі (Ж.Аймауытов). Абай жүрегі де сыр мен жырға толы (М.Әуезов). Бұл — октябръдің бас кезі (С.Мұқанов). Тереңдеп ештпеңені ойлай алмайтын болбыр адам сияқты (С.Мұратбеков). Aт үстінде үнсіз жортқан күйеу жігіттердің де құлағында Ақан әні (С.Жүнісов). Әнеки, солардың бірі — осы үйдің иесі Жәмила апай (К.Сегізбаев). Аңдығаны — жылқышы (М.Әуезов).
Координат жүйесімен атаулы сөйлемдер жиілігі мен пайыздық мөлшерін де шамаладық. Жоғарыдағы түсіндірмелерді мұнда да толық пайдаланамыз. Әрине, атаулы сөйлемдердің сандық дәрежесінде өзгешелік бар, сондай өзгешелік өз кезегінде оның пайыздық шамасына да әсер етеді. Сонда барлық атаулы сөйлемдік құрылым саны — 790, оның пайыздық шамасы — 100%. Бұл атаулы құрылымның жай сөйлемдік ерекшелігін де, құрмалас сөйлемнің ерекшелігін де қамтиды. Жалпы жай сөйлемдік құрылым саны — 460, бұл жалпы сөйлемнің 65%-ы, ал жай сөйлемнің жалаң түрі – 310 = 48% да, жайылма түрі — 150 = 19%.
Атаулы құрылымдардың құрмалас сөйлем түрлеріндегі қатысымын да алдық, мұнда олардың құрмаластың бір ғана сыңары, екі, үш сыңарға дейін өсіп отыруы жеке-жеке сан ретінде саналады. Атаулы сөйлемдердің салаласа байланысынан болған құрылымдар саны — 200; ол жалпы сөйлемнің 26%-ын иемденеді. Салалас құрмалас сөйлем құрамындағы атаулы құрылымдар — 130 = 17%; аралас құрмалас сөйлем құрамында 50 = 6,5% және көп басынқылы сабақтас құрмалас құрамында 20, ол шамамен 2,6%-ға тең.
Нәтижесінде координат төмендегідей диаграмма берді. Диаграмманың түрліше бейнеде көрініс табуы сөйлемнің құрамдық ерекшелігіне байланысты. Ең алдымен, жай сөйлемдік құрылымды белгілеп алу керек болды да, құрмалас сөйлемдік құрылымның сандық құрамы жай сөйлемнің жайылма құрамынан асып кетті. Бұл қазақ синтаксисіндегі жай сөйлемнің бір және қос кұрамдық түрлерінің негізі қаланғанын анықтай алады. Ол қазір тіпті жан-жақты баяндаулардан өтіп, тұрлаулы мүшелердің қатынасынан шешіліп отырады. «Ал сөйлемдегі тұрлаулы мүшелерден басқа мүшелер сол сөйлемнің құрылымын кеңейтіп, толықтырып тұрады» деген Ж.Жакыпов бастауыш-баяндауышты екі кұрамды сөйлемдердің үлгі типтерін жинақтай алған: б-т-б; б-п-б; а-б-т-б; а- б-п-б; а-б-п-т-б; б-а-т-б-; б-а-п-б»[60]. Мұндай үлгіге жауап беретін сөйлем түрлері жоғарыдағы талдауда да болды. Бірақ біз ондай үлгілердің тақырыбымызға жақындығын ескеріп отырдық. Аталған үлгіге есімді сөйлем түрлері де жауап береді, бірақ атаулы құрылымдардың өзіндік ерекшелігі де бар. Атаулы сөйлемнің жоғарыдағы үлгілермен берілу мүмкіндігі жоқ. Бұл оның құрамындағы сөзтұлғалардың біртұтастығына байланысты, демек оның құрамындағы сөзтұлғалардың мүшелену қабілеті жоқ. Екіншіден, атаулы сөйлемдік құрылым — бір тұрлаулы мүшеден болатын сөйлем. Мұның өзі оларды жоғарыдағыдай үлгіге түсуге жібермейді. Бірақ мұның бәрі атаулы құрылымның сөйлемдік мәнін жоғалтпайды. «Сөйлем мүшелерінің құрамына қарай дара және күрделі болып бөлінетіні сияқты, атаулы сөйлем болып тұрған сөз де дара және күрделі болып келеді. Атаулы сөйлем құрамында тұрлаусыз мүше де болады. Осыған байланысты оны жалаң және жайылма сөйлем түріне бөлеміз»[61].
Жай сөйлемдік құрылым күрделеніп отырады. Сөйлем күрделенуін көрсетуде әр түрлі тілдерді зерттеушілердің пікірлері бір жерге тоғысады десек те болады. Бұл тұрғыда қазақ ғалымдарының ішінде Қ.Есенов елеулі еңбек етті. Ғалым күрделенген сөйлемді синтаксистің жеке бөлімі деп санап, оны жай құрылымдағы сөйлем мен күрделі құрылымдағы сөйлемнен ажырата қарауды ұсынды. Ғалымның нақты дәлелдеулерге құрылған ғылыми еңбегі оралым түрлерінің, окшау сөз түрлерінің, айқындауыш мүшенің қатысынан болатын күрделенудің жолын ашып берді. Расында да, үйірлі мүше қатысқан сөйлем құрылымы кеңейеді. Ондай құрылымның, Қ.Есенов көрсеткендей, бір ғана үйірлі мүшелі Темірбекпен бірге істейтін бір момындау жігіт бар еді (С.Мұқанов)) болып келуімен қатар, 2а және За формулалы болып көрініс табуы қиындық тудырмайды: Үй сыртына кеп түскен aт дүбірімен аралас арсылдап үрген ит даусы келді (М.Әуезов). Ыға бастаған табынды қайырып жүрген бір жылқышы буы бұрқырап жайрап жатқан семіз байталдың үстінен шығады (С.Жүнісов).
Әрине, сөйлем ішіндегі үйірлі мүшелердің 2а формуласына жетпей, паратаксистік қатынаста бірыңғайланып жұмсалуы мүмкін. Мұндайда ондай құрылымның тек бір тұлғада келеді деген өлшемнен аулақ болған жөн. Төмендегі алғашқы сөйлем бірдей тұлғада (-ған) тұрып, бірыңғайланып жұмсалған үйірлі мүшелі құрылымның қатысынан жасалған да, екінші, үшінші сөйлемдерде олай емес. Ондағы алғашқы үйірлі мүшелі құрылымдары -п көсемше тұлғасынан болған, бірақ -ған есімшелі тұлғалы үйірлі мүшемен бірдей қызмет атқарады. Яғни, ол сөйлем де бастауыш мүшеге бағынады, екіншіден, өзінен кейінгі -ған есімше тұлғалы құрылыммен орын алмасу мүмкіншілігі бар. Қараңыз: Ғасырлар бойы бұйығып қалған, ұйығып қалған ойды ояту керек (F.Мүсірепов). Ол орайда ақыл айтып, орын көрсеткен Жұмабай болатын. Бірақ жаңағы сөзге іштей барынша қарсы боп, ойланып қалған Әбіш енді Шұбарға ызылана қарады (М.Әуезов).
Жай сөйлем күрделенуінің енді бір жолы көсемшелі оралым қатысынан шешіледі. Қ.Есенов пікіріне сүйенсек, олар төмендегідей болмақшы. Мысалдық деректе көсемше тұлғасының әр алуан болуымен қатар, ортақ бастауыштың алдынан және соңынан келуіне мән бердік: Қос жақтан біртіндеп келіп, әңгіме тыңдаушылар да көбейе бастады (Ғ.Мұстафин). Өздері алысқа бармай, дәл үйіңнің жанынан тиепті (К.Ахметбеков). Үй иелері жас қонақтың ұйқысы келді деп жорыған (М.Әуезов). Соңғы сөйлемдегі деп арқылы күрделенуді де Қ.Есенов таныған. Біздің байқауымызда, көсемшелі оралымдардың өздері бірыңғайланып жұмсалады. Бірақ ондай тұлғадағы сөзтұлғалардың барлығын көсемшелі оралым деп тани бермеген жөн. Мәселен, мына сөйлемдегі мықшыңдап сөзтұлғасын алдыңғы көсемшелі оралымдардан бөлек, бұл жерде пысықтауыш бірлік деп танимыз: Қасым алғысты үйіп-төгіп, қабын арқалап, мықшыңдап үйіне қайтты (М.Әуезов).
Бірыңғайланған көсемшелі оралымның тең дәрежелік қатынаста тұруының себебі сол, олар салаласа байланысуға ғана қызмет ететін жалғаулықтармен де келіп отырады. Қ.Жұбанов, Н.Сауранбаев, С.Жиенбаев сынды тілші ғалымдарымыздың мұндай тұлғалы сыңарларды тиянақты деп тануы да осыдан болса керек. Мысалы: Өзі болса Абайға салмақ салып, іс тапсырмақ болып, немесе бетпе-бет ашық сөйлесіп, ағайынның анық бетін көріп кетпек боп келіпті (М.Әуезов). Кеше Шеген сені танып тұрып, бірақ сен танымады деп ойлап, ұялғаннан үндемеді (Б.Нұржекеев). Соңғы екі сөйлем көсемшелі оралым жасайтын конструкциялардың (-п, деп) қатар жұмсала беретінін де көрсетеді.
Оралым қатарынан танылып жүрген кұрылымның бірі – -са/се тұлғалы етістік. Қазіргі қазақ әдеби тілінде мұндай тұлғалардың да бірыңғай мүшелі болып келу мүмкіншілігі зор. Оның үстіне олардың жалғаулық шылаулар көмегіне де сүйенетінін байқаймыз. Тұлғалық жағынан тиянақсыз болса да, жақтық жағынан қиыса айтылатын ерекшелігі тағы бар: Я күлсең, я жыласаң, я сөйлесең, Жыбырлап термес пе едік меруертіңді (І.Жансүгіров). «Сөйтіп, біздің оралым деп атап отырған категориямыз — үйірлі мүше мен көсемше тұлғалы сөйлемдер. Бұлардың қатарына кейде шартты рай тұлғалы сөйлемдер де кіріп кетеді» деген Қ.Есенов, мұндай конструкцияны жай сөйлемнің күрделенген түрі деп таниды[62].
Аталған құрылымдардың бір сөйлем бойынан табылып отыруы да кездеседі. Олардың кездесу жиілігін де модельге салып көрдік. Онда А — есімшелі оралым; В — көсемшелі оралым; С — шартты райлы оралым деп белгіленген сөйлем ішіндегі құрылымдар төмендегідей болып тұратыны байқалды. Және олардың тендік дәрежесі Б-баяндауышқа сай: А-В=Б; В-А=Б; А-В-В=Б; А-С=Б; С- В=Б; С-А=Б; А-С-В=Б; А-В-С=Б. Бірақ бұларды бір-біріне тең дәрежелік қатынаста тұрады деп айта алмаймыз. Бір ескертетініміз, мәселен, А — есімшелі оралым тарапынан оның түрлі жолдар (-ған, бар/жоқ, сияқты т.с.с.) арқылы жасалуы, В — көсемшелі оралым қатарынан түрлі тұлғалары (-п, -й, деп) танылып отырды.
Сөйлем түрінің күрделенуі басқа жолдар арқылы да болады және біздің байқауымызда, оларда салаласу ерекшелігі басым. Қ.Есенов пікірінше, күрделенудің басты бір жолы — бірыңғай құрылымдардың жұмсалуы. Анықтай айтсақ, баяндауыш мүшелердің сөйлемдік дәрежеде бірыңғайланып жұмсалуы. Және олар кәдімгі жай сөйлемдік үлгілердің құрмаласуындай дәрежеде тұрып, әрқайсысы белгілі бір ойды білдіреді. Осыған орай сыңарларының орын тәртібі амалына бағынып та, шылаудың амалдық қызметіне сүйеніп те, интонациялық ұштасудан да болып отырады. Интонация нәтижесінен ұштасқан бірыңғай құрылымдардың орнын өзгерту қабілеті де әлсіз, ал жалғаулық шылау мен орын тәртібі амалына сүйенген құрылымдарда мұндай байлаулылық бола бермейді. Әрине, оның өзі белгілі бір сөйлем мүшесінің байланыстыру қызметіне бағынғандығынан болса керек. Аталған тәртіппен (интонация, орын тәртібі, шылау, оның өзінің мысал санын көбейттік) мысалдар келтірейік: Ағатайлап еркелеуші еді, ағатайына алғаш рет қапалы мұңын шақты (С.Сматаев). Жігіттер қанат жайып қаптай алмады, түйректеліп қақ жарылды (Ж.Аймауытов). Өріссіз ой осыған бекіпті де, тұрып қалыпты. Ұлпан Есенейді аяп та кетті, Есенейдің үлкен адам екендігіне қызығып та кетті (Ғ.Мүсірепов). Ол бірде жер бауырлап сүйретілді, бірде тұра сала жүгіреді (Ә.Нүршайықов).
Бірыңғай құрылымдардың орналасу ретіне қарай әр түрлі ыңғайда келіп отыруы мүмкін. Біздің байқауымызда, мұндайда оның бір сыңары ретінде көсемшелі оралымның, -са/се тұлғалы оралымның кездесуі жиі: Ол қазір Абайдың ашуынан жасқанды да, жақында болған бір халді айтпай, іркіп қалды. Әбді мен жолдастары мына сөзге ден қойып, орақтарын жерге түсірді, бірақ тастаған жоқ еді. Бұл шаңырақтан кетсем де, Кенженің аруағынан кетпеймін, азбаймын (М.Әуезов).
«Тілімізде өзінен бұрын айтылған мүшені басқа сөзбен айқындап түсіндіретін тұлғалар да жиі кездеседі. Мұндай сөздер айқындауыш мүше деп аталады» — дейді Ж.Болатов[63]. Ғалым пікіріне сүйенсек, ондай мүшелердің жалаң түрінен күрделі түрі жиірек қолданылады. Ал С.Исаев айқындауыш мүшенің, оның ішінде оңашаланған түрінің, пысықтауышты, толықтауышты, тіпті кейде анықтауышты да айқындай беретінін айтады[64]. Біз де өз тарапымыздан мұндай пікірлерді қостаймыз. Оның үстіне мұндай құрылым өзі анықтайтын сөзімен паратаксистік қатынаста тұрады. Аталған сөйлем мүшелерінің ішінде пысықтауыштың айқындауышпен анықталу дәрежесі жоғары. Олардың жеке сөздік, сөз тіркесімділік, сөйлемдік дәрежеде тұруы кездеседі. Қараңыз: Ауылдар алыс жайлауға шықпай, бауырда, Ералыда, қалыпты. Ол қыс ортасында өзінің Жидебайдағы қыстауында, Еркежан үйінде ауырды (М.Әуезов). Ертеде, Ресейден көшіп келгенде, Шодырдың кедей екені рас-ты (Ғ.Мүстафин). Апасы қолын қырға қарай, бытырай өріп бара жатып қойларға карай сілтеді (Т. Нұрмағанбетов).
Байқап отрығанымыздай, оңашаланған айқындауыш жай сөйлемнің күрделенуіне қызмет етеді. Сонымен қатар жоғарыда берілген күрделенудің белгілі бір жолдарымен (бірінші сөйлемдегі көсемшелі оралым), тіпті өздерінің бірыңғайлануы нәтижесінде де (екінші сөйлем) бола береді. Айқындауыштық қызмет бастауыш, толықтауыш мүшеде де бар. Онда да паратаксистік белгі алғашқы орында. Мысалы: Сіз, кұрметті мырза Никон Абрамович, бізді бекер жәбірлейсіз (Ғ.Мүсірепов). Біздің ауылдың адамдары көрші «Албарбөгет» колхозының орталығы — Көкалатты ауыздарының суы құрығанша мақтап отыратын (К.Сәрсекеев). Соңғы айқындауыштық мүшеге қатысты басқа бір ой өрбітуге болатын сияқгы. Шын мәнінде, ондай пікір 1939 жылы-ақ С.Жиенбаев тарапынан болған. Ғалым сол кездің өзінде-ақ айқындауышты анықтайтын сөзімен орналасуына қарай анықтайтын сөзінен кейін келетін (жоғарыдағы келтірген мысалдар) және анықтайтын сөзінің алдында келетін (соңғы сөйлемдегі ерекшеленген құрылым) деп бөлген[65].
Қазақ тіл білімі синтаксисінде оқшау сөз түрлерінің де сөйлем күрделенуіне қызмет ететіні тілге тиек етіледі. Бұл мәселеге олардың құрылым атауымен тиянақталып берілуі де өз әсерін тигізді. Екінші жағынан, олардың мәні де ашыла түсті. Мәселен, қаратпа сөз, қыстырма сөз дегендердің құрамдық санының өсуі оларды қаратпа құрылым, қыстырма құрылым деп атауымен күрделендіруге жақындата түсті. Шырақтарым, қай баласыңдар? Таңданып қалдыңыз ғой, Никон Абрамович (Ғ.Мүсірепов) мысалдарындағы қаратпалардан төмендегі мысалдың қаратпалық құрылымы әлдеқайда күрделенуге жақын: — Үндеме бишара, жаңағы хазіреттен әумісің (Ғ.Мүстафин). Елін сүйген окушылар, жүріңдер, туған жерге жетейік! (Ж.Аймауытов).
Мұндай құрамдық өзгешелік қыстырма құрылымдарға да тән. Онда да жеке сөзтұлғалық (міне, әнеки, сірә, біріншіден, рас т.б.) қыстырмалардан гөрі сөйлемдік дәрежедегі қыстырма құрылымдар сөйлем күрделендірудің негізі болып санала алады: Менің білуімше, Сәмет дәл осындай адам болса керек (С.Омаров). Мен, шынымды айтсам, сасудамын. Байқаймын, бүгінгі күн өзгеше (Ғ.Мүсірепов). Кім біледі, бұдан кетсе, Әбдірахман Шұғаны мәңгі көре алмас… (Б.Майлин).
Күрделендіру жайы қыстырынды құрылымдарда тіпті ерекше. Олар жеке сөзтұлғалық түрден бастап, жай сөйлемдік, бағыныңқы құрылымдық, тіпті салалас құрылымдық негізде келе береді. Осы тәртіппен мысалдар келтірейік: Әр тұста қызып, бықсып жатқан порода (балшық) үйінділерінің баяу оттары алыстан көрінеді. Аудан орталығы биылдың өзінде бұл арадан көшіп, Нұра жағасындағы «Қан сүйегіне» (Покаревка селосына) барып орнамақ (Ғ.Мұстафин). Мына қарашы (шалғыны сүрткен шөпті иіскейді) бір уыс шөпте сан түрлі гүл аралас жапырақ бар (С.Жүнісов). Ондай ыстық алдағы жылда болатынына (тіпті жаңбыр жаумаса да) көтерілген таңды көрген кісінің ешбір күмәні жоқ (С.Мұқанов). Апарып бір ұзын үйлерге, ірі дөңгелегі бар, үлкен бітеу күймелерге (вагон дейді екен, артынан білдік) әкеп кіргізді (Ж.Аймауытов).
Оқшау сөз түрлеріне негізделген мысалдық деректеріміздің байқатқанындай, аталған құрылымдар жеке сөйлемдік бірлікпен теңдестік қатынаста тұра алмайды. Бірақ паратаксис белгісіндей болған орын алмасушылыққа көнеді. Мұндай қасиеттің өзі жеке сөзтұлғалық оқшау сөз түрлеріне, сонымен қатар қаратпа, қыстырма құрылымдардың кез келгеніне тән. Аталған құрылымдардың орын тәртібін қатаң сақтамайтынын да байқауға болады. Олар сөйлем басы (қыстырындыдан басқасы), ортасында келуге бейімделген, бірақ сөйлем соңына қоюға да көне береді. Бұл сөйлем мәнін бұзуға әкелмейді, демек аталған құрылымдардың байланысу негізі де паратаксис болып саналса керек. Бұл тұрғыда неміс ғалымы В.Г.Адмони пікірімен толықтай келісуге болады: «В целом сочинение означает скорее количественное, а не качественное усложнение системы грамматических форм. Исходные грамматические формы здесь удваиваются, утраиваются и т.д., могут соединяться друг с другом различными средствами (числительными типа во-первых, во-вторых и т.д., параграфированием, перечислительной интонации и т.п.) но по существу остаются теми же»[66].
Жалпы, аталған күрделендіруші бірліктердің барлығы дерлік кез келген тілде ғылыми зерттеуге түсті. Дегенмен әлі де болса тиянақтай түсетін жерлері кездеседі. Мәселен, Д.Э.Розенталь мен М.А.Теленкова сөздігінде жай сөйлемнің күрделенген түрі ретінде а) оңашаланған айқындауыштар; б) сөйлемнің бірыңғай мүшелері; в) қыстырма құрылымдар мен г) қаратпа сөздер танылса[67], күрделенген сөйлем деп таныған О.С.Ахманова оны тілдегі дербес синтаксистік құрылым деп танып, айқындауыш және есімшелі, көсемшелі оралымнан болатынын айтады[68]. Аталған ғалымдар сөздігінде белгілі бір құрылымды бірдей түсіндіру жоқ. Мәселен, қыстырма құрылымның сөйлемнің ешбір мүшесімен грамматикалық байланысқа түспейтінің бірден таныған ғалымдар ол құрылымның жалпы сөйлемге тіркесу жолын беруде бөлек пікірде. Алғашқы ғалымдар қыстырма құрылымның жалпы сөйлемге шылаулар арқылы және шылаусыз тіркесетінің алға тартады. Дәл осындай өлшемді қыстырынды құрылымдар үшін де тән деп таниды[69]. «Вставные предложения могут включаться в основное предложение при помощи сочинительных союзов а, да, и, или и некоторые др., выступающих в этих случаях с дополнительным оттенком присоединительного значения. Вставные предложения с этими союзами содержат те или иные добавочные замечания и обычно вставляются в середину основного предложения, непосредственно после тех слов, к которым они относятся. По своей структуре эти предложения очень разнообразны»[70]. Қазақ тіліндегі мұндай кұрылымдардың белгілі бір шылау көмегінен байланысқа түскенін кездестірмедік, бірақ сөйлем байланысуында болатын септік жалғауларының (айтуына қарағанда, әйтпесе, ең алдымен) тұлғалануындағы құрылымдар кездесіп отырады.
А.А.Реформатский пікірінше, айқындауыштық құрылымдар жай сөйлем мен құрмалас сөйлемнің аралығындағы жеке категорияға тән. Өйткені онда анықтауыштық қатынастың үстіне уақытты, себептілікті көрсететін басқа да белгі бар және оны құрмалас сөйлем түріне айналдырып түсіндіруге болады[71]. Дәл осы ойдың жалғасы JI.K.Капралованың еңбегінен орын алды. Л.К.Капралова А.А.Реформатскийдің айқындауыштық оралымын (обособленные обороты) түсіндіруші оралым (поясняющие обороты) ьңғайында танытқан. Және оның трансформациялауға көнетін жолдары болатынын дәлелдеген. Ғалым ойынша, түсіндіруші оралымның кеңістік пен қимылдың сынын білдіретін түрлерінде трансформды пайдалану мүмкін емес. Ал оның басқа түрлерінде трансформдық жүйелеу бола береді: «Он никогда, даже в молодые студенческие годы, не производил впечатления здорового (Чехов) — Он никогда, даже когда был студентом, не производил впечатления здорового»[72]. Бұл жағынан келгенде қазақ тілі сөйлемдерінің оңашаланған айқындауыш арқылы күрделенуі, «Орыс грамматикасының» авторлары көрсеткеніндей, трансформациялауға көне бермейді. Оның алдында, стол үстінде, хаттар жатыр (М.Иманжанов) сөйлемін басқа құрылымдағы сөйлем түріне (құрмаласқа) ауыстыруға болмайды. Біздің түсінігіміздегі трансформация сол, «Один из методов порождения вторичных языковых структур, состоящий в закономерном изменении основных моделей (или ядерных структур)»[73].
Л.К.Капралованың сөйлем күрделенуіне трансформациялауды негізге алуын жан-жақты пайдаланған жөн. Мәселен, ғалымның жартылай предикатты (полупредикативные) оралым қатарынан танытқан есімшелі, көсемшелі, заттық, анықтауыштық түрлерін трансформациялап, құрмалас сөйлемнің бір бөлігі, болмаса дербес жай сөйлемге айналдыруға болатынын толықтай қабылдауға болады. Бұл, әсіресе, есімшелі оралымды қамтыған құрылымға тән: Ақырын күңкілдеген дауыстан оянып кетті (С.Жүнісов). Ол оянып кетті, себебі күңкілдеген дауыс шыкты // Ақырын күңкілдеген дауыс шыққандықтан, ол оянып кетті // Акырын күңкілдеген дауыс шықты, сосын ол оянып кетті т.т.б. Есімшелі оралымды құрылымның жай сөйлемге қарай трансформациялану мүмкіндігі бар: Жиналысқа келген адамдардың ішінде бір әйел жоқ (С.Омаров). Жиналысқа келген адамдар // Адамдар жиналыска келген // Адамдар келген // Адамдардың ішінде бір әйел жоқ // Ішінде бір әйел жоқ // Бір әйел жоқ т.б.
Орыс тіліндегі көсемшелі оралымдар да трансформацияланады. «Себебі ол етістікті формаға бағынады да, қосымша ақпарат жүктей алады, — дейді Л.К.Капралова. — Сондықтан ол түрлі мағыналық қатынастағы бағыныңқы сыңар және салаластың предикаттық бірліктеріне трансформацияланады»[74]. Біз дәл осы түсіндірмеден-ақ екі тілдегі алшақтықты байқаймыз. Рас, қазақ тілінде де көсемшелі оралым қатысқан құрылым қосымша ақпарат бере алады, демек байымдауды беру үшін қызмет жасайды. Дәл осындай қасиет -са/се тұлғалы, есімшенің шылаулар ерткен баяндауыштық қызметінде де бар. Бірақ мұның бірде-бірі құрмаластың жеке бөліктері болып трансформацияланбайды. Ал олардың жай сөйлемдік құрылымға өтуі қиындық тудырмайды. Егер ондай құрылым (көсемшелі оралым деп санап жүрген құрылым) сөйлемнің басқа құрамдық түріне (бұл арада құрмаласқа) ауысу мүмкіндігі болмаса, басқаша айтқанда трансформацияланбаса, онда олардың басқа тілдік бірлік болғаны да?! Біздің ойымызша, көсемшелі оралымы бар құрылым жай сөйлемнің күрделенген түріне де жатпайды. Себебі ол жай сөйлем өлшемдеріне бағынбайды. Онда құрмалас сөйлемде болатындай мағыналық қатынас бар. Бірақ ол құрмалас сөйлем де емес, онда құрмалас өлшемі болып танылатын қос субъект-предикаттық қатынас жоқ.
Жай сөйлемнің күрделенуіне әкелген бірліктердің трансформациялауға бағыну мүмкіндігін қарастырсақ, нақты нәтижеге жетеміз деген ойдамыз. Бізде оқшау сөз түрлері сөйлемді күрделендіреді деген пікір басым. Ол солай-ау, бірақ қалай, қандай жолдар арқылы? Бұл мәселе шешіміне жете түсіндіріле бермейді. Егерде ондай құрылымдарды трансформациялауға ұшыратып көрсетсек қайтеді? Мәселен, одағай сөздердің адамның көңіл-күй ерекшеліктеріне байланысты қолданылатыны мәлім: — Пай-пай- пай! Өзі де саңғырап тұр екен (Ж.Аймауытов). — Әттең, балалар таласы аяқталған жоқ (Ғ.Мүсірепов). Пай-пай-пай // әттең сөздерінің кіші бөлшек ретінде жұмсалуын жоққа шығармаймыз. Тіпті, ондай сөздік тұлғаның бір ғана дыбыспен (Е, жыласатын не қалып еді?) күрделі мәнді байымдауды білдіруіне трансформациялау арқылы көз жеткіземіз. Қимыл иесінің белгілі бір нәрсеге таң қалуы пай-пай сөзтұлғасының құрамына сыйып кеткен, ал өкінуі әттеңнің бойында түр да, немкұрайдылық бір дыбыстық тұлғамен бекітілген. Басқаша айтқанда, бұлардың барлығы жеке сөйлемдік үлгіге трансформация арқылы жетеді. Өйткені «Каждое ядерное предложение описывает элементарную ситуацию, а тип ядерных предложений — класс элементарных ситуации» [75].
Қорыта келгенде, жай сөйлемдік құрылым қазақ әдеби тілінің дамуындағы басты көрсеткіш бола алады. Ал әдеби тілдегі қолданыстар жай сөйлемнің бар мүмкіндігін, оның ішінде паратаксистік қызметін, ашуда алғы шарт болып саналады. Оның үстіне күрделенудегі барлық ерекшеліктер мен трансформ жүйесінің танылуына да жай сөйлемдік құрылымның мол әсері бар.
[1] Аханов К. Тіл білімінің негіздері. Алматы, 1993. – 365-б.
[2] Баскаков М. А. Каракалпакский язык. Фонетика и морфология. М., 1952. – 515-с.
[3] Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы, 1991. – 137-б.
[4] Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. Астана, 2002. – 336-б.
[5] Жанұзақов Т. Қазақ есімдерінің тарихы. Алматы, 1971. –139-б.
[6] Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы, 1991. – 102-б.
[7] Галкина-Федорук Е.М. Современный русский язык. Лексика. М., 1954. – 164-с.
[8] Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы, 1991. – 183-б.
[9] Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. Астана, 2002. – 371-б.
[10] Ибатов А. Қазақ тіліндегі есімдіктердің тарихнамасы. Алматы, 1966. –24-б.
[11] Баскаков М. А. Каракалпакский язык. Фонетика и морфология. М., 1952. – 222-с.
[12] Хасенова А. Етістіктің лексика-грамматикалық сипаты. Алматы, 1971. –66-б.
[13] Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы, 1991. – 238-б.
[14] Галкина-Федорук Е.М. Современный русский язык. Лексика. М., 1954. – 148-с.
[15] Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы, 1991. – 251-б.
[16] Хасенова А. Етістіктің лексика-грамматикалық сипаты. Алматы, 1971. – 66-б.
[17] Қазақ тілі мен әдебиеті. 8-шығуы. Алматы, 1976. – 75-б.
[18] Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы, 1991. – 347-б.
[19] Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. Астана, 2002. – 567-б.
[20] Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. Астана, 2002. – 566-б.
[21] Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. Алматы, 1992. – 144-б.
[22] Сонда, 266-б.
[23] Хасанова С., Әбдіғалиева Т., Қасабекова Қ., Шалабаев Б. Кестелі грамматика. Алматы, 1996. – 154-б.
[24] Әміров Р.С. Жай сөйлем синтаксисі. Алматы, 1983. – 4-б.
[25] Лингвистикалық түсіндірме сөздік // Құрастырғандар: Салқынбай А., Абақан Е. Алматы, І998 – 201-б.
[26] Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы, 1991. – 84-б.
[27] Қазақ тілінің сөзжасам жүйесі. Алматы, 1989. – 14-б.
[28] Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. Алматы, 1998. – 48-б.
[29] Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы, 1998. – 363-б.
[30] Жұбанов Қ. Қазақ тілінің жоғарғы курсы. Алматы, 1999. – 70-б.
[31] Абылақов Ә., Исаев С., Ағманов Е. Қазақ тіліндегі сөз тіркесінің дамуы мен лексикалану процесі. Алматы, 1997. – 19-б.
[32] Аманжолов С. Қазақ әдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы. Алматы, 1994. – 66-б.
[33] История советского языкознания: Некоторые аспекты общей теории языков. Хрестоматия // Сост. Ф.М.Березин. М., 1988. – 283-с.
[34] Шәкенов Ж. Қазақ тіліндегі күрделі сөздер мен күрделі тұлғалар. Алматы, 1991. – 48-б.
[35] Исаев С. Қазақ тілі жайлы ойлар. Алматы, 1977. – 39-б.
[36] Аманжолов С. Қазақ әдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы. Алматы, 1994. – 65-б.
[37] Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. Алматы, 1998. – 38-б.
[38] Рысбай Б. Қазіргі қазақ тіліндегі шектеулі тіркестер. Филол. ғыл. канд. ғылыми дәрежесін алу үшін жазыл. дисс. Алматы, 1998. – 89-б.
[39] Қордабаев Т. Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер синтаксисі. Алматы, 1995. –390-б.
[40] Грамматика современного башкирского литературного языка. М., 1981. – 65-с.
[41] Исаев С. Қазақ тілі жайлы ойлар. Алматы, 1977. – 39-б.
[42] Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. Астана, 2002. – 590-б.
[43] Грамматика русского языка. Том I. М., 1960. – 663-с.
[44] Будагов Р.А. Очерки по языкознанию. М., 1953. – 209-с.
[45] Грамматика современного башкирского литературного языка. М., 1981. – 366-с.
[46] Әміров Р.С. Жай сөйлем синтаксисі. Алматы, 1983. – 11-б.
[47] Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы, 1991. – 368-б.
[48] Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. Астана, 2002. – 568-б.
[49] Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы, 1991. – 369-б.
[50] Реформатский А.А. Введение в языковедение. М., 1967. – 344-с.
[51] Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. Астана, 2002. – 590-б.
[52] Мамытбеков Т. Синтаксистің кейбір проблемалық мәселелері // Қазақ тілі мен әдебиет мәселелері. IX шығуы. Алматы, 1972. – 50-б.
[53] Әміров Р. Ауызекі сөйлеу тілінің синтаксистік ерекшеліктері. Алматы, 1977. – 20-б.
[54] Аманжолов С. Қазақ әдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы. Алматы, 1994. – 162-б.
[55] Есенов Х.М. Синтаксис осложненного предложения в казахском языке. Алма-Ата, 1992. – 188-с.
[56] Исаев С. Қазақ тілі жайлы ойлар. Алматы, 1977. – 71-б
[57] Бектаева Ш. Қазіргі қазақ тіліндегі тұрлаусыз мүшелердің орналасу тәртібі. Алматы, 1970. – 40-б.
[58] Исаев С. Қазақ тілі жайлы ойлар. Алматы, 1977. – 59-б.
[59] Әміров Р.С. Жай сөйлем синтаксисі. Алматы, 1983. – 57-б.
[60] Жакупов Ж. Қазақ тілі функционалдық синтаксисі (контекст проблемасы). Филол. ғыл. док. гылыми дәрежесін алу үшін жазыл. дисс. Алматы, 1997. – 18-19-бб.
[61] Әбілқаев А. Қазіргі қазақ тіліндегі жай сөйлем түрлері. Алматы, 1963. – 47-48-бб.
[62] Есенов Қ. Күрделенген сөйлемге кіріспе // Қазақ ССР FA хабарлары. Қоғамдық ғылымдар сериясы. N5, 1973. – 47-б.
[63] Қазақ тілінің грамматикасы. Том 2. Алматы, 1967. – 80-б.
[64] Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы, 1998. – 13-б.
[65] Жиенбаев С. Сөйлемнің оңашаланған мүшелері туралы // Халық мұғалімі. N 14, 1939. – 38-б.
[66] Адмони В.Г. Грамматический строй как система построения и общая теория грамматики. Л., 1988. – 103-с.
[67] Розенталь Д.Э., Теленкова М.А. Словарь-справочник лингвистических терминов. М., 1985. – 150-с.
[68] Ахманова О.С. Словарь лингвистических терминов. М., 1966. – 296-с.
[69] Розенталь Д.Э., Теленкова М.А. Словарь-справочник лингвистических терминов. М., 1985. – 48-с.
[70] Современный русский литературный язык. JL, 1988, – 567-с.
[71] Реформатский А.А. Введение в языковедение. М., 1967. – 335-с.
[72] Капралова Л.К. Глубинный синтаксис сложного предложения. Алматы, 1994. – 12-с.
[73] Ахманова О.С. Словарь лингвистических терминов. М., 1966. – 48-с.
[74] Капралова Л.К. Глубинный синтаксис сложного предложения. Алматы, 1994. – 10-с.
[75] Лингвистический энциклопедический словарь. М., 1990. – 520-с.