Бекен Сағындықұлы
Паратаксистің құрмалас сөйлемдік қызметі
Қазіргі қазақ тіл білімінде құрмалас сөйлем мәселесі барынша тексеруден өтті. Оның тарихи тұрғыдағы (Ғ.Айдаров, Т.Қордабаев) көріністері де, ХІХ-ХХ ғасырлар жазбаларындағы (Р.Сыздықова, Б.Әбілқасымов) баяндалуы да, әдеби тілдің даму жүйесіндегі (1930 хылдан бергі уақыттағы еңбектердің кез келгенін алыңыз) таратылуы да болды. Рас, оның түрлерінің сандық дәрежесі екі-төрт деңгейінде болып түсіндірілгенімен, ғалымдар пікірінің бір арнаға тоғысқанын байқаймыз. Көптеген ғалымдар ұстанған пікір салалас және сабақтас болды. Н.Сауранбаевтың бұған қосқаны іргелес болғанымен, кейін бұл ойынан қайтты. Ақыры, кезінде С.Аманжолов ұстанымындағы салалас, сабақтас, аралас түрлері тілде орнықты. Бірақ ғылым даму үстінде, тек осындай түрлік сипатпен қазір де тоқталып қалған жокпыз. Қазіргі күні аталған сөйлем түрлерінің ішкі сараланулары көбейе түсті. Олардың нақты бір түрге байлаулы екені белгілі бір синтаксистік заңдылықпен бекіді. Осы себептен де құрмалас сөйлем түрлерін ажыратуда қателікке ұрынбаймыз. Ол зандылық — синтаксистік байланыс. С.Жиенбаевтың дұрыс аңғарғанындай, «Қай тілдің болса да іргелі дәуірлерінде сөйлем структурасы онша күрделі болып келмеген. О бастағы негізгі конструкциялар жай сөйлем болып отырады да, сол жай сөйлемдердің өзара бірігуінен барып құрмалас сөйлем туады. Лингвистердің қорытындылары бойынша, құрмаластың сабақтас, салаластың өзі қатар пайда болмаған. Құрмаластың алғашқы түрі — салалас құрмалас. Салалас құрмаластың өзі де тілдің, онымен қатар ойлау процесінің біраз күрделіге айналғанының белгісі»[1].
Салаластың көнелігі құрмаластың басқа түрлерінің дамуына әсерін тигізіп отырады, тіпті олардың ішкі бір бірлігі ретінде жұмсалады. Біздіңше, салаласу құрмаластың өзге түрлері болып саналатын сабақтас және аралас құрмаластарға тікелей қатысы бар. Амал нешік, синтаксистік байланыстың бұл негізгі түрі салалас құрмалас сөйлемге қатысты анықталып отырды. Оны жоққа шығарудың да жөні жоқ: «Салалас байланыс — салалас құрмалас сөйлемдер мен сөйлемнің бірыңғай мүшелерінің біріне-бірі қатар тұруы арқылы байланысуы. Салалас байланыс сабақтаса байланысқа қарама-қарсы орайда жұмсалады. Салаласа байланысқан синтаксистік бөлшектердің дәрежелері, тұлғалары, қызметтері тепе-тең болады да, олар өзара салаластырушы жалғаулықтар не интонация арқылы байланысады»[2].
Рас, салаластық құрылымға енген жай сөйлемдік үлгілер тұлға жағынан тиянақты болып, бірімен-бірі аталған синтаксистік құралдар арқылы байланысқа түседі. Мәселен, Досы көпті жау алмайды, ақылы көпті дay алмайды мақалындағы жеке сыңарларды бір-бірімен тепе-тең дәрежеде тұр деп айтуға әбден болады. Себебі ондағы сыңарлардың басын түйістіріп, салаласқа жеткізіп түрған — компоненттердегі орын тәртібі амалы. Басқаша айтқанда, мұндай сөйлемдердегі әр сыңарды жеке қолдануға ешнәрсе кедергі бола алмайды. Мұндай құрылымдар. қазіргі әдеби тілдің байымдауларында да жиі орын алып отырады: Момын ел қарғап-сілеп кеткен екен, келер жылы Есенейдің екі ұлы қара шешектен бір күнде, бір сәттің ішінде бірге өліп кетті. Бұл Рязановқа көшпейді де, Рязанов мұны алмайды да (Ғ.Мүсірепов). Жүрегім үйлеспеген бір жанға тағдырым қосты, бірнеше сүйікті баланың атасы болдым (М.Әуезов).
Мысалдарды салалас сыңарларын байланыстыратын негізгі амалдар (интонация, шылау, орын тәртібі) арқылы бердік. Әрі бұлардың барлығы жоғарыда айтылған тұлға бірліктерін, байланысу амалдарын және қызмет тепе-теңдігін толық сақтаған. Демек, салаласуға қатысты тағы бір өлшем — сыңарлардың орнын алмастырып айтуға көнетіндігі. Бірақ осы барлық құрмаласуда сақтала ма? Жоқ. Онда салаласудың бұл қасиеті негізгі өлшем болғанымен, оған кез келген жерде иек арта беруге тағы болмайды. Қызметтерінің тепе-тең болуы әр уақытта сәйкесе бермейді. Тағы да жоғарыдағыдай ретпен мысалдар берейік: Бұдан әрі прокурор оның шаруасын сұрап еді, ол елде жалғыз ғана кәрі шешесі бар екенін, өзі осында бір қызметке тұрып алып, оқуға сонан соң кіріспесе болмайтынын аңғартты (Б.Қыдырбекұлы). Күшігінен асыраған қос ақ қасқаны да сұрап алған, әйтпесе әлдеқашан біреу қолқалап алып кететін еді (Ғ.Мұстафин). Құдайдың берген ғұмырынан артық кім жасаушы еді? Дәм-тұз қашан таусылады, сол күні өлесің де қаласың (Т.Әбдіков).
Берілген сөйлемдердің предикаттық сыңарларын алмастырып айтуға келмейді. Олардың өзіндік себебі де бар: ең бастысы сол, соңғы сыңарлардың бірінші сөйлемде шаруасын түсіндіретіні, екінші сөйлемде ақ қасқаға қатысты шарт қойғандығы, үшінші сөйлемде сол күннің салыстырыла айтылуы. Мұндай сыңарлар орнын алмастыруға болмайтын құрылымдардың байланысуларын Н.Сауранбаев тілдің психологиялық негізі деп таниды. «Салаласып құрмаласқан жай сөйлемдердің аралығындағы ішкі байланыс — құбылыстардың, оқиғалардың аралығындағы байланысты айқын, дәл ажырату емес, ассоциация, аналогия, апперцепция принциптерімен жинақталып ұласуға негізделген» — дей келе, мысалдарының алғашқы сыңарларын тиянақсыз тұлғада жұмсаған. – «Екінші сөзбен айтқанда, сөйлемдердің сабақтасып құрмаласуының психологиялық негізі — талдау (анализ). Сөйлемдердің салаласып құрмаласуының негізі — жинақтау (синтез)»[3].
Сыңарлар орнын алмастырып айтуға, қолдануға болмайтын құрылымдарға алдыңғы предикаттылық негіздің -ма/ме тұлғасына бітуі сеп болады. Мұндай тұлғаға аяқталған, М.Томанов сөзімен айтсақ, «Бірақ баяндауыштары сұраулық шылаумен қосарланып келген не көсемшенің -ып-іп-п тұлғасынан жасалған жай сөйлемдер тобы салалас құрмалас деп талданбауы тиіс»[4]. Бұл пікірдің кейіннен бір ғана ғылыми еңбекте[5] сабақтас тобынан көрсетілгені болмаса, жаппай ғылыми қолдауға ие бола алған жоқ. Рас, -ма тұлғасына біткен сыңардың тұлғалық тиянақсыздығы бар, бірақ ол мағыналық тиянақсыздыққа әкеле ме? Ең алдымен, мұндай тұлғалардың жай сөйлемді де, құрмалас сөйлемді де аяқтап тұрар қабілеті бар. Яғни әрі тұлғалық, әрі мағыналық тиянақтылыққа да ие: Бұл не? Қарақшы тонап, жаралап кеткен адам ба? (Ж.Аймауытов). Балалар жылайды, онсыз да әрең ілініп тірі отырғанда, жүректерін ұшырып алсақ күніміз қараң болмай ма? (Д.Мекебаев).
Екіншіден, мұндай тұлғалы сыңарлардың құрмалас құрамында кездесуі де жиі. Әрі басқа кұрылымдардағыдай себептік, түсіндірмелік, болжау, талғау-жинақтау мәнін тудырып отырады: Ондай ғажайып оқиғалар жұрт аузына тараған неше түрлі әңгіме-ертегілерде көп емес пе, бұл да мүмкін ел қамын жеген еңіреген ер болар, осындай жалшы-жақыбай, қойшы-қолаңдарға көз қырын салар (Б.Қыдырбекұлы). Шіркін-ай, қажымайды-ау. Бірақ анандай жұмыс қоя ма, бір күні қапшықтың екі шетінен ұстап, тізерлеген күйі тұра алмай жатыр екен, демеп жіберіп едім, тұра беріп қайта құлады. Әбден зорығып қалған (Т.Әбдіков). Биыл күз ерте түсе ме, қалай, кешеден бері күн райы бұзылып тұр. Әмірсананың өзі баспана сұрады ма, немесе патша әкімдері әлде бір себеппен қолдарында ұстағысы келді ме, әйтеуір оны жедел түрде Тобыл қаласына жөнелтіпті (Қ.Жұмаділов). Сөйлемдердің бәрін жоғарыда түсіндірілген мағыналық топтастыру ретімен бердік, әрі біз бұлардың барлығын салалас кұрмалас сөйлем деп танимыз. Бұлардың -ма шылауынсыз қолданылу мүмкіндігі де, қатыса тұрып, сыңарларының орын алмастыру мүмкіндігі де жоқ.
Дәл осындай қызметті түсіндірмелі салаластың мынау, сол есімдігіне және оның әр түрлі тұлғалануына біткен құрылымдар атқарады. Бұл — салалас сыңарларының орнын ауыстыруға көнбейтін үшінші жайт. Жалпы, қазақ тілінде сонша, соншалық есімдігіне біткен сыңарлардың да я тиянақты, я тиянақсыз тұлғалы екендігі шешімін таба алмай жүрген сыңайлы. Ғалым Қ.Есеновтің алғашқы еңбектерінде мұндай есімдіктер сабақтас құрамында талданғанымен, кейіннен салалас байланыстың еншісінде қаралды[6]. Кейінгі бір ғылыми еңбек те тиянақсыз тұлға ретінде сипаттады[7]. Есімдіктердің байланыстыру қызметін функционалдық тұрғыдан талдаған Ж.Жақыпов: «Ең алдымен айтарымыз — есімдіктер салалас құрмалас сөйлем сыңарларын байланыстырады» — дей келе, аталған есімдіктерге қатысты: — «Келесі сыңардағы айтылатын құбылысқа, ойға сілтейді де, осы сөздердің мән-мазмұны сол келесі сөйлемде анықталады» — дейді[8].
Біздің ой-тұжырымдарымыз да дәл осы бағытта. Онда түсіндірмелі қатынастағы есімдіктердің салаластыра байланыстыруын алдыңғы қатарға қоя отырып, сонымен қатар сыңарлардың орын тәртібін қатаң сақтайтынын ескертеміз. Аталған ретпен мысалдар берейік: Жақсы оқығаны сол, сүйекке таңба салды (Ғ.Мұстафин). Көңілі қатты толқып кеткені сонша, Мырза өзі тоқтаған үйге қалай жеткенін де байқамады (Ә.Нұрпейісов). Әлгі сөздерді Сақанның сенбеске қоймай, өршеленіп айтқаны соншалық, шал жымиып басын көтерді (Т.Әбдіков). Бір кезде қолым жұдырықтай тac түбіріне ілініп еді, күштің шиыршық атқаны сондай, аяғымдағының бірін ұшырып жібердім (Ә.Әбішев).
Құрмалас сөйлемнің екінші бір түрі — сабақтас сөйлем. Тиянақсыз тұлғаға біткен сыңары бар құрмалас түрін салаласуға жақындатудың еш қисыны да жоқ сияқты. Оның үстіне мағына жағынан бір-біріне бағынбай, басқаша айтсақ салаласып келген -п көсемше кұрылымдарды да салаласудың тұрғысынан баяндау жағында емеспіз. Шын мәнінде, мұндай тұлғалы бірліктердің, бірден, байланыстырушылық қызметі, екіншіден, мағыналық дербестігі ғалымдар назарында болды. Т.Қордабаев пікіріне сүйенсек, «Өткен шақтық көсемшенің дәнекерлігі арқылы жасалатын сабақтас құрмалас сөйлемдердің бірсыпыраларында тиянақсыз компонент тиянақты компонентке тек тұлғалық жағынан ғана тәуелді болғаны болмаса, мағыналық жағынан өз дербестігін сақтап, басыңқы сөйлемнің ешбір мүшесіне меңгерілмей, онымен жарыса, салаласа айтылады»[9].
Жанарынан бұрынғыдай уытты көгілдір сәуле шашырап, екі детінің ұшында қан ойнайды (Қ.Жұмаділов). Дара бағыныңқылы сабақтас деп талданатын бұл сөйлем түрі мағыналық жақтан тәуелсіз екендігі рас. Қазіргідей талданымға түсіп жүрген сабақтастардың түп-төркіні салаласудан тарағандығы жұмбақ емес. «Едіге» жырын талдай келе, себеп мәнді салалас, сабақтас сөйлемдерді мысал етіп, Н.Сауранбаев: «Біздіңше, мұндағы құрмаластарға енген сөйлемдер бір-біріне бағыну жолымен байланыспаған, салаласу жолымен байланысқан. Сондықтан бұлардың біреуі басыңқы, біреуі бағыныңқы болмайды, екеуі тең правода салаласып қана байланысады» — дейді[10]. Бұл пікірді қазіргі сөйлем түрлеріне орайластырып қолдануға болмас, бірақ сабақтастық кұрылымдардың ішінде мағыналық қатынас жағынан бағыныштылығы жоқ жеке сыңарлардың құрмаласуы әлі де болса орын алып отырады. Мәселен, салыстырмалы, түсіндірмелі сабақтастардың жай сөйлемдік сыңарлары тек тұлғалық жағынан бағынышты. Сол сияқты қарсылықты сабақтастың құрамындағы баяндауларда да бағыныңқы-басыңқы сипат емес, біріне-бірі қайшы түсіндірілудегі құбылыстар бар.
Мағыналық жағынан дербестігі бар сыңарларды жинақтаған сабақтастардың қазіргі әдеби тілдің мысалдарында көптеп кездесетіндігі дау тудырмайды. Біздің тақырыбымызға қатысты салаласу, құрмалас сөйлемге қатысты салаласу, тиянақты тұлғалы кұрылымдар. Әдеби тілдің барынша дамуында сабақтас құрмалас сөйлем де, оның құрам-кұрылымы да кеңіді. Сабақтас сөйлемнің ерекше түрі, құрамында салаласа байланысқан сыңарлары бар түрі пайда болды. Ол — көп басыңқылы сабақтас кұрмалас сөйлем. Әрине, мұндай құрылымдағы негізгі синтаксистік байланыс түрі — сабақтасу. Сондықтан да ол сабақтас құрмалас болып аталады, демек құрамдағы басқа сыңарлар, басқаша айтқанда басыңқы сыңарлар, алғашқы сыңармен, басқаша айтқанда бағыныңқы сыңармен тікелей байланысқа түседі. Бір қызығы ондай байланысулар сатылы түрде де, жарыспалы түрде де болады.
Сонымен қатар сабақтастың бұл түрінде салаласу да бар: кәдімгі тиянақты тұлғалардың біріне-бірі иек артпай, тең дәрежеде тұруы. Бұл сөйлем түрін салаласуға жақындататын тағы бір басты белгі сол, онда, жоғарыда баяндалғандай, сыңарлардың орнын алмастырмау мүмкіндігі жоқ. Яғни салаласуға қойылған басты талап сөзтұлғалардың, бұл арада кұрылымдардың, орнын ауыстырғаннан синтаксистік байланысуда да, мағыналық топталуда да сөйлем мазмұнына нұқсан келмейді. Оның үстіне әдеттегі салалас құрмалас сөйлемде болатындай жалғаулық шылаулардың мұнда да өзіндік қызметі бар. Бірақ салалас кұрмаластағыдай белсенді емес, онда ыңғайлас мәнді жалғаулықтар басым келеді. Әрі біз осындай себептерден кейін ғана бұл сөйлем түрінің салаласуға тікелей қатысы бар деп таптық.
Күн найза бойы көтерілгенде, Ақбілек алқынып бір кезеңге шығып еді, алды бұдырмақ дала екен (Ж.Аймауытов). Кешегі Куандық байдың жындылары үйіңе келіп, отырған орныңда сабап кетсе, не берер сотың жоқ, не кек қайтарар күшің жоқ, ішіңнен тынып қалмас па ең (Т.Әбдіков). Мысалымыздың алдыңғысы үш предикаттық сыңардан тұрады да, алғашқы екі сыңары жатыс септікті есімшенің нәтижесінен байланысады, соңынан санағандағы екі сыңар интонацияның әсерінен құрмаласады. Сабақтастық байланыс бірінші мен соңғы сыңарлар байланысында да сақталады. Ондайда мезгіл бағыныңқылық қатынас та бұзылмайды. Демек, тиянақты сыңарлар орын алмасып, синтаксистік қатынас құрай береді. Мұндай сөйлем кұрамының кеңеюі де мүмкін, бірақ аталған байланыс түрі өз қызметін өзгертпейді. Екінші сөйлем төрт предикаттылық сыңардан түзілген: алғашқы екі сыңар баяндауыштың тиянақсыз тұлғада байланысуынан тұрса, қалған екі сыңар не шылауының көмегінен, ал соңғы сыңар компоненттердің орын тәртібі амалына бағынған.
Құрмалас сөйлем синтаксисінің қомақты бір бөлігін аралас құрмалас сөйлемдер кұрайды. «Аралас байланыс – бірбүтін синтаксистік құрылымда жеке сөйлемдік конструкцияларды байланыстырудағы салаласу мен сабақтасудың басын біріктіретін жаңа байланыс түрі. Ол тек аралас құрмалас сөйлемде ғана болады, өйткені дәл осы сөйлем түрінде ғана жеке сыңарлар түрлі алмасулардан тұра алады»[11]. Бұл — біраз ізденулердің нәтижесінде және біздің тікелей араласуымызбен осы құрмалас түріне қатысты орныққан ғылыми тұжырым. Ғалымдар пікіріне сүйенсек, аралас сөйлемдік құрылымдар «Жамиғ-ат тауарихта», «Шежіре түрік» шығармаларында да орын алған. Онда өте аз көлемде болса да «Төл сөз қатынасы арқылы жасалған түрі де, төл сөзсіз жасалған түрі де кездесіп отырған»[12]. Қазіргі жазба тілімізде тіптен көп. Оған аталған тақырыпқа қатысты өз тарапымыздан күнделікті баспасөз беттерінен, тарихи және көркем шығармалардан жинақталған мысалдық деректерді талдаудан өткізуде көз жеткіздік. Қалай болғанда да, тілде басқа құрмалас сөйлем түрлеріндей, аралас кұрмалас сөйлемдер де кеңінен қолданыс тапқан. Және ондағы негізгі синтаксистік байланыс түрі салаласудан тарайды. Себебі тек осы жағдайда ғана адам байымдауы жоғары шегіне жетіп, толық түсінік алады. Сонымен, салаласудың кұрмаластағы қызметін бірыңғай мүшелер арасында болатындай байланысуға телуге болмайды. Ең басты жақындық екеуінің де тең дәрежедегі тілдік бірліктерді байланыстыратыны болса, ең басты айырмашылық сол, құрмаластағы салаласу сыңарлардың орнын алмастыру қызметіне бағына бермейді. Тең дәрежедегі бірліктердің орнын ауыстыруга болмайтын жайттар жиі кездеседі.
Жоғарыда баяндалғандарды қорытындылай келе, мынадай ой-тұжырымдар айтуға болады. Ең алдымен және ең бастысы құрмалас сөйлемге енетін жай сөйлемдік құрылымдар салаласа байланысудан өтті. Олардың сабақтас байланысуы кейінірек болған жайт. Екіншіден, жай сөйлемдік құрылымдарды байланыстырудағы интонацияның, орын тәртібінің, түрлі шылаулардың, қайталамалардың амалдық қызметі құрмалас сөйлемнің түр-түрге жіктелуіне әкелді.
Салалас құрмалас сөйлемнің функциялық қызметі
Фонеманың басқа бір фонемалармен тіркесімінен сөздің пайда болатыны сияқты, жеке сөздік тұлғалардың тіркесімінен сөз тіркесінің қолданысқа енетіні дау тудырмаса керек. Ал соңғы екі тілдік бірліктің сөйлемге келуі де олардың өз байланысуынан тұрады. Адам баласының байымдауы осы сөйлем арқылы іске асады. Сондықтан да сөйлемді пікір білдірудің құралы деп атайды. Адамзаттың пікір алысуына дәнекер болған — жай сөйлем. Құрмалас сөйлем — осы сөйлемдердің өзара байланысуынан дамыған келесі сатыдағы әрекет. Адам миының жетілуіне сәйкес, сөйлемнің жай түрі іске асады, оны күрделендіру эволюциялық даму нәтижесінің еншісінде. Сондықтан жай сөйлемнің қарым-қатынастық қызметі алғашқы, кұрмаластың қызметі адамаралық қатынастың соңғы жемісі (кешелі-бүгінгі) болып саналады.
Құрмалас сөйлемге қойылар өлшемдердің бірі — интонациялық жіктің болуы. Бұл, ең алдымен, синтаксистік құрал қызметінде жұмсалатын интонациялық амалдың екінші сатыдағы белгі екендігін аңғартады. Алғашқы сатыда интонацияның байланыстыру қызметінен гөрі, сөйлем түрлерін айырудағы ролін ашқан жөн. Қазіргі қазақ тілінде нақты жүйеге бағынып қалыптасқан жай сөйлем мен құрмалас сөйлем бар. Аталған сөйлем түрлерін жақындататын белгі ретінде екеуіне де қатысты мақсаттық тұрғыдағы интонация болып саналады. Яғни, жай сөйлемде де, кұрмалас сөйлемде де байымдауды білдірудің хабарлы, сұраулы, бұйрықты түрлері болады. Мұндай жақындық бола тұра, екі сөйлем түрін айыруға да интонация көмектеседі. Құрмалас сөйлемнің ішкі сыңарларында болатындай ұласпалық жай сөйлемде кездеспейді: Жолбарыс бір топ адаммен түнделетіп аттанған-ды (С.Бақбергенов). Қалампырдың немере інісі болады екен, аты Алпысбай екен (Б.Майлин). Алғашқы сөйлемде дауыс құйылысы соңынан түгесіледі де, соңғысында інісі болады екеннен бір қайырылып барып жалғасын табады. Бұл — құрмалас сөйлемді танытар өлшем.
Құрмалас сөйлем сұраулы мағынада да тұрады. Оның жасалу жолында жай сөйлемнен өзгешеленетін ештеңе жоқ. Бірақ жауап алу мәнінің соңғы сыңар қызметінен шешілетінін еске ұстаған жөн. Мысалы: Ызалы елдің ұрпағы ең, оған қалай шыдарсың? (Ы.Алтынсарин). Арам қатқырың аяғын бір баспайды, бәрін менің өгізіме тартқызбақ па едің? (Ғ.Мүстафин). — Аты да бір түрлі екен, өзің жүдеусің ғой? (Ж.Аймауытов). — Бәрін де айтам, ендігәрі ештеңе жасырмаймын, Жағдадан кем көрсем не қыл дейсің? (Б.Нұржекеев). Берілген сөйлемдердің жасалу жолында интонациялық әсердің де орны бар. Сұраулы сөйлемдер тек соңғы сыңар қызметімен шешілмейді. Оның әр сыңарында да сұрулық мән болады: — Жиының қырық бес жігіт екенсің, бұның бесеуі жатақтың азаматысың ғой? (М.Әуезов). Жан жей ме, жақ жей ме? (Мәтел).
Мұндай сөйлемдерді бұйрық мәнді құрылымдардан да табуға болады. Және олар баяндауыштағы жақтық қатынастың жасалу жолдарына сүйенеді. Олардың әр жақтан болуы сөйлем мәніне де әсерін тигізеді. I жақтық құрылым қалау, тілек мәнінде келсе, II жақта нақты бұйыру бар. III жақ та нақты талап ету мәнін қалайды. Осы ретпен мысалдар берейік: Басқа ауылдардан салық жинауды Ізтөленге беріңізші, Нұртазаның желігін мен-ақ басайын (С.Мұқанов). — Бірін де шығармаңдар есіктен, қазір ауданнан мілиса шақыртам (Б.Нұржекеев). — Жарықшақ сөз шығармасын, елді сандалтып, шаң қаптырмасын! (М.Әуезов).
Салаластың құрамындағы әр жақтық құрылым бір-бірімен орын алмасып келіп отырады. Ондайда бұйрықты сөйлем мәні соңғы сыңардың қызметінен шешіледі. Төмендегі сөйлемдерде I жақ пен ІІ жақтың, III жақ пен II жақтың орын тәртібі өзгертіліп берілген. Осыған орай оларға қатысты мән де қызметін өзгерткен: — Сен одан да концерт көр, мен саған қазір қатырып билеп берейін (Б.Нұржекеев). — Үйде құман толы су бар екен, мен шай қойып жіберейін, сіз қалаған төсегіңізге жантайып дем ала беріңіз (Ә.Әбішев). — Құдай сені төбеңнен ұрсын да, көріңде өкіріп жат! — деді Жұман (Ғ.Мүсірепов).
Р.Әмірдің «Іргелес салалас сөйлемдер сөзді эмоциялы етіп айту қажет болғанда жұмсалады. Іргелес салалас сөйлемдер осы коммуникативтік қызметке бейімделген»[13] дегеніне сүйеніп, салалас құрмаластардың да лепті, болымды-болымсыз болып келуі орынды деп білеміз. Салаластық құрылымдағы эмоциялық оның белгілі бір сыңарында көңіл-күйге қатысты сөздердің қатысуынан болады. Мәселен, төмендегі алғашқы байымдауда өкініш пен үндеу, шақыру мәні әттең мен серпілмес пе еді сөзтұлғаларына жүктелген. Ал екінші сөйлемдегі қалайша сөзі шаттықтың, қуаныштың берілуін қалайды: Әттең, қазақ қауымы тұнық күні болмайтын лай су ғой: әйтпесе, тым болмаса, өнерге бас иіп, серпілмес пе еді?.. (М.Әуезов). Қалайша жыр төкпессің, ән соқпассың, Шаттықтан нөсер құйған өмірде енді (Жамбыл). Хабардың шындық болмысты білдіруіне қарай сөйлем болымды және болымсыз болып келеді. Мұндай саралаудың құрмалас үшін де қажеті бар. Салалас құрмалас сөйлемнің болымды немесе болымсыз келуі үшін, ең алдымен, соңғы сыңардың тұлғалық тұрпаты қызмет етеді. Әдетте, болымсыз сөйлемдердің көрсетілуі басты орынға шығады да, болымды сөйлем ондай дәрежеде сипаттала бермейді. Әйтпегенде болымды сөйлемдердің жасалуында бар тұлғасының қызметін көрсету қажет (төмендегі бірінші сөйлем). Тіпті, бар сөзтұлғасы бірінші сыңарда келіп-ақ соңғы сыңардың болымды болуын қалайтын кездер кездеседі (төмендегі екінші сөйлем). Төмендегі үшінші сөйлем болымсыз тұлғаға аяқталған, бірақ алғашқы сыңардағы бар сөзтұлғасының әсері мұнда да бар, сондықтан болымды сөйлем. Сол сияқты болымсыз тұлғада келген сөйлем сыңарларының өзінен болымдылық мәнді анықтауға болады. Бұл, әсіресе, болымсыз мәнді сөздердің қайталанып келуінде беріліп отырады (төмендегі төртінші сөйлем): Жыртық шапанның өңі жұртта жатқан қу шүберек сияқты, сонда да аздап жылуы бар (Ғ.Мүсірепов). Бізге шектес Каразымның Бесімбай деген батыры бар, аулымызға қайта-қайта шабуыл жасап, мал, дүниемізді тартып ала береді (Х.Дәрібаев). Баукеңнің күлетін орны бар еді, мүдірместен мергеннің оғындай қадап, қатарынан екі теңеу айтып тастау жазушы адам үшін аз олжа емес қой (Ә.Нұршайықов). Сөзбен жауап қатқан жоқ, бірақ жаңағы қалпы үй ішіне байқалмай да қалған жоқ (М.Әуезов).
Ал соңғы сыңардың жоқ көмекшісі мен -ма/ме болымсыз мағына беретін тұлғада, сол сияқты болымсыздық есімдіктерде тұруы болымсыз сөйлемдерді жасайды: Қазір күн түс болып қап еді, бірақ сұрақшы бүгін Керімбекті әлі шақыртқан жоқ (Ж.Ахмадиев). Жолдас шалы Дерпенді қолтығынан, тартып еді, ол қозғалмады (Ә.Нұршайықов). Есіктің алды күртік қар, із дегеннен дым жоқ (Б.Майлин). Абайдың қиналғанын Ділда сезді, бірақ ол түк өкінген жоқ (М.Әуезов). Мұндай тұлғалық болымсыздықтың екі сыңарда болуы да заңды: Жалғыздың үні шықпас, Жаяудың шаңы шықпас (Мақал). Өз жоспары туралы Сәбит ештеңе айтпады, домбары да үнсіз қалпында (Т.Кәкішев). Шамы сөнбейді, үні тоқтамайды. Қазақ хандығы дегеннің шек-шеңбері де жоқ, бұлжымай тұрар заңы да жоқ (Ғ.Мүсірепов).
Осыдан да құрмалас сөйлемдерді функциялық таптастыру бойынша аталған мағыналық топтарға саралаймыз. «Мәселеге дәл осы тұрғыдан қарағанда, қазіргі кездегі тілімізде салалас, сабақтас және аралас құрмалас деп топтастырылып жүрген категориялардың барлығы да бұл күнде жан-жақты мағыналары, қолданылу тәсілдері және қалыптасқан құрмаласу амалдары сияқты толып жатқан ерекшеліктері болғанмен, олардың элементтері, тәсілдерінің басым көпшілігінің, яғни негізінің өте ерте уақыттан бері қарай қолданылып, замандар бойы жетіліп, сараланып, қалыптасып, екшеліп келе жатқан категориялар екендігіне дау болмасқа тиіс» — дейді Ә.Хасенов[14].
Қазақ тіл біліміндегі құрмалас сөйлемдер жүйесін сипаттауда көптеген өзгерістер болды. 1954-71 жылдар аралығындағы грамматикалық еңбектер мен оқулықтарда олардың жалғаулықты түрлерін жеке, жалғаулықсыз түрлерін өз алдына топтастыру орын алды. Ал құрмаластың, оның ішінде салаластың, өзгеше бір түрі іргелес сөйлемді танытудың да өзіндік ерекшеліктері бар. Н.Сауранбаев пікірінше, «Іргелестер бірнеше жай сөйлемдердің дағдылы тобы. Дағдылы дейтін себебіміз іргелестер ауыз әдебиетіне, сол сияқты ауыз әдебиетіне еліктеп жазылған көркем әдебиетке тән нәрсе, олардың экспрессивтік жағы басым болады. …Жай сөйлемдердің іргелесу арқылы құрмаласуы әсіресе, мақал-мәтелдер, сол сияқты шешен билердің сөзінде тиянақты орын тепкен тәсіл»[15]. Ауыз әдебиетіне тән мысалдарды ертегілер мен батырлар жырынан теруге болады: Бар екенде жоқ екен, аш екен де тоқ екен, алыс бір теңіздің жағасында, біз жақ бетінде емсе, арғы жағында бір қоянның көжегі өмір сүреді екен («Сылдырмақты көжек» ертегісі). Тоқсанбайдың жылқыда тоқсан құлы бар еді, Тоқсанының бастығы Естеміс деген ер еді («Қобыланды батыр» жыры).
Мақал-мәтелдер мен шешендік сөздердің де іргелесе құрмаласуға бейім келетінін аңғаруға болады: Ақыл жастан шығады, Асыл тастан шығады // Атаңның баласы болма, адамның баласы бол // Елі көшсе, бел — жетім, Үйрек, қаз кетсе, көл — жетім, Ері жоқ ел — жетім, Елі жоқ ер — жетім, Жоқтаусыз кетсе, қыз — жетім, Жасы жеткен қарт — жетім, Парықсыз болса, сөз — жетім (Қараменде шешеннің сөзінен). Ғалым пікірлеріне сай мысалдық деректер келтіре отырып, Р.Әмірдің де «Іргелес салалас сөйлемдер мынандай функционалдық аумақта жиі көрініп жұмсалады: 1) Ауызекі сөйлем тілі; 2) Мақал-мәтел, нақыл сөз; 3) Ертегі, жұмбақ, жаңылтпаш т.т» дегенін де құптаймыз[16].
Н.Сауранбаев құрмаласқа қатысты тағы бір функционалдық белгіні қозғайды. Ол белгі — құрмалас құрамында болатын жай сөйлемдердің орналасу тәртібі мен орналасу реті. «Порядок расположения или место простых предожений в составе сложного, как вообще порядок слов в предложении языках тюркской системы, в том числе и в казахском языке, играет не столько стилистическую роль, сколько сугубо синтаксическую» деген ғалым олардың қатаң тәртіп, заңдылыққа орай өрбитінін көрсетеді: — «В сложносочиненном следствие предшествует причине в противоположность сложноподчиненному, где порядок распложения бывает обратный. …т.е. таким строгим порядком, при котором места слова и простого предложения в составе сложного выражает их функционалное значение»[17].
Сөйлемнің пайда болу мерзімін бір уақытқа телуге болмайды. Ғалым Ғ.Мұсабаев пікіріне сүйенсек, жалпы түркі халқының бабасы болып келетін ғұндардан біраз ескерткіштер жетті. Соның бірінен оқылған сөйлемнің өзі құрмаластық құрылымда келген екен: Сушы тілей(ді) қаң, Бұғы тағы аң даң![18]. Ал кейінгі (қазіргі) уақытқа жеткен құрмаластық құрылымдарды, А.Байтұрсынұлы жіктеуіндегі сөйлемдердің құрмаласуын (сыйыса және қиыса құрмаласу) дұрыс түсінген жөн. Қазіргі күні ғалымдар талдамына салсақ, осы сөйлемдердің қиысулы түрі ғана кұрмалас сөйлем өлшеміне жауап береді. Бұл — дұрыс. Бірақ А.Байтұрсынұлы құрмалас деп тегіннен-тегін айтпаған. Ең бастысы, ғалым құрмаластың жеке сөйлем екенін анық аңғарған да аңғартқан. Демек, сөйлеуді білдірудегі қабілеттің күші, ең алдымен, Қарабай аңға шықты немесе Сарыбай аңға шықты тұрғыда түзуге жетті[19]. Мұны, А.Байтұрсынұлының сыйыстыруын, адамзат қабілетінің жоғары сатыға көтерілгендігін байқатуы деп қабылдаған жөн.
А.Байтұрсынұлы меңзеген сыйысулы кұрмаластар қолданыста жиі кездеседі. Оларды жай сөйлемдік үлгіде таныту қалай болады екен?! Әдетте, дау тудырмайтын қүрмалас сөйлем құрылымындағы мысалмен талдап байқайық: Менің айрықша тілейтінім, сыйлықтарды беруде кандидаттың ұлты мен нәсіліне назар аударылмай, оны нағыз лайықтылар алса екен (Альфред Нобель). Сөйлемде алғашқы құрылымның баяндауышы — мынау да, екінші кұрылымның бастауышы — ол. Екеуі де сыйыстырудың нәтижесінде ығыстырылған, бірақ сөйлемде мағынасыздық жоқ. Екінші бір ескеретін нәрсе, сөйлемдік құрьлымның тәуелдік жалғаулы болып тұруы сыйыстырудың бір амалы іспетті. Тек осындай түзілімде ғана мынау (сол, осы) — ол моделі болады. Қараңыз: Менің Отаным — Қазақстан. Біздіңше, бұл — екі жай сөйлемдік бірліктердің тұтасуына ұласқан сыйысулы құрмалас сөйлем. Оның біріншісі — Менің Отаным — мынау (сол, осы) да, екіншісі — ол — Қазақстан.
Осы модельдің жұптасып келуі де, жеке біреуінің тұруы да сыйысудың басты амалы іспетті: Бәрінің де алғы ойы белгілі: …оны өздерінің бір кәдесіне жаратпақ (Ә.Нұршайықов). Бір жақсысы, Нартай еттен соң қонақ балалармен бірге сыртқа шығып, үй сыртында ақсүйек ойнады (М.Мағауин). Бірақ «барма» деуге амалдары жоқ, сондықтан шуласа айтқандары, «ас тез пісер, кешіге көрме!» (С.Мұқанов). Алғашқы сөйлемнің сыйысуына бірінші сыңардан кейін орналасуға тиісті ол-мынау моделі әкелген. Ал қалған екі сөйлемде осы модельдің бірі ғана жұмсалған. Ол тек қана сол немесе мынау сөзтұлғасының кұрылымынан көрініс бермеген, әйтпегенде бұл сөйлемдердің алғашқысының бірінші сыңары мен соңғысының ортаңғы сыңарының баяндауышы осы сөзтұлға екеніне дау жоқ.
Тағы да баса айтарымыз сол, екі есім сөзден болған предикаттық қатынастағы тіркестерден сыйысулы құрмалас іздеуге әсте болмайды. Мысалы: Сол жақ қаптал — күлгін бозғылт жусанды кең дала (М.Мағауин). Бұл сөйлемдегі қаптал — кең дала тіркесімінің Отаным — Қазақстан тіркесімінен айырмашылығы шамалы. Бірақ алғашқыда сыйысулыққа әкелетін осы — ол моделі жоқ. Ал ондай өлшемді өз еркімізбен кіргізу сөйлем мағынасына нұқсан келтірмесе де, шығарма авторының құқығын, қала берді, тілдік зандылықты бұзу болып табылады.
Құрмалас сөйлемдердің сыйысу жолымен берілуі С.Аманжолов тарапынан көтерілгенімен, кейіннен жалғасын таппады. Әйтпегенде ғалымның «Өткен түнде қар жауып еді, бүгін жаңбыр жауды мысалын дерек етіп, мұны қысқартып Өткен түнде қар, бүгін жаңбыр жауды деуге болады» — деп тұжырымдауына келіспеу қиын[20]. Екінші орамдағы сөйлемді құрмаластық құрылымға жеткізбей, жай сөйлемдік бірлікке тану екі сөйлемге қойылар талапты білмеу болып табылады. Өйткені екі қимыл иесін (субъект) бір іс-әрекетке (предикат) балау бола қоймайды. Ал бір қимыл иесінің екі, тіпті одан да көп іс-әрекеттерді атқару мүмкіншілігі мол: Ол келді, жуынды, шайын ішті… Ғалым бұл жайды «Мұндайда бастауыш бір-ақ рет айтылады да, баяндауыштар тіркес қойылады. Соның арқасында салалас сөйлем бірыңғай баяндауышты я көп баяндауышты жайылма (жай) сөйлемге айналады» — деп түсіндіреді[21]. Шын мәнінде де, жоғарыдағы мысалды Ол келді, ол жуынды, ол шайын ішті деп шұбалтудан ұтарымыз шамалы.
Ал ғалымның енді бір түсініктемесімен келісе қоюға болмайды. Ол: «Баяндауыштары бір сөздің қайталақтауы болып келген салаластың ішіндегі жай сөйлемдерді ықшамдап сыйыстырып айтуға болады. Мұндай жай сөйлемдердің бастауыштары сақталады да, баяндауыштары біреу-ақ қалады, сүйтіп, құрмалас сөйлем жай сөйлемге айналып кетеді»[22]. С.Аманжолов еңбегіндегі мысалдық дерек те біздің мысалымызбен сәйкестенеді. Бірақ оның құрамындағы алғашқы жай сөйлемдік сыңардың баяндауышын ығыстыру ол сыңардың сөйлемдік дәрежесін төмендете алмайды. Шыбыққа шыдай алмай молданың алдына біреуі бір тиын бақырды, енді біреуі жарты тиын қара күрешті тастай берді (Ғ.Мүсірепов). Барымтадан — қарымта, қыжылдан кек туындайды (Қ.Жұмаділов).
Келтірілген мысалдарымызда екі-екі бастауыш бар, бірақ бір-бір баяндауышқа байланған. Сөйте тұра, оларды бірыңғай бастауыштар деп санауға сөйлем құрамындағы интонациялық өлшем, екі дербес ой жібермейді. Сондықтан оны бірыңғай бастауышты жай сөйлеммен қатар санауға болмайды. Мәселен, Ызынаған суық лептің қарсысына ана жыры, мейір шашқан жыры үн косады (М.Әуезов) түзілімін жоғарыдағы мысалдармен бірдей қоя алмаймыз. Болмаса төменгі сөйлемге көңіл аударыңыз. Бұл да дара құрамды салалас құрмалас сөйлем. Бірақ оның алғашқы сыңарының құрамында бірыңғайландыру бар. Ол сөйлемді орынсыз шұбалаңқы құрудан сақтандырады: Кенесарыда мұндай жағдайда көңіліне біреудің көңіліне қарау деген болмайды, тік кетеді (І.Есенберлин). Қазақ тіл білімінде С.Аманжолов мысалымен сәйкес келетін Кұнанбай округті басқаратын приказдың бастығы, Майбасар оның орынбасары болатын сынды сөйлемдерді құрмалас деп таныту болды. Мұны іргелес құрмалас сөйлем деп таныған Н.Сауранбаев қойылыңқы іргелес дегенге сыйысуға тән мысалдарды тізген[23].
«Сайып келгенде, салаластың толық түрі қазақ ауыз әдеби тілінде көбірек кездеседі де, ықшамдалып, сараланып келген түрі қазіргі жазба тілімізге тән» — дейді Қ.Мамытбеков. Сосын Жалғыз Дәулет пен Нығмет емес, бүгін аз ғана Үсен руының да орнын сақтап қалдым мысалын келтіріп, — «Бірінші компонентте ой аяқталмай, өз мағынасың аша түсуі үшін екінші бір компонентті керек етіп тұр» — деп көрсетеді[24]. Шын мәнінде де, мұнда алғашқы сыңар сыйысуға ұшыраған. Жалпы, емес көмекші етістігімен келген жай сөйлемдердің сыйысуға бейімділігі байқалады. Осыдан барып олардың жай сөйлем, я салалас құрмалас сөйлем екендігін ажырату қиынға соғады. Біріншіден, екі құрылымдық сөйлем түрі үшін де бұл сөзтұлға бірдей қызмет атқарады. Яғни, жай сөйлемнің де, салалас құрмалас сөйлемнің де соңынан тұрып, көмекшілік қызмет атқарады. Бұл арада шешімін таппай жүрген мәселе жоқ. Қараңыз: Ол мың сан жан иесін шөлдетіп, тарықтырып, шалдықтырып көрген емес (М.Әуезов). Жауап бар да, айтуға аузы барар емес (Ғ.Мүсірепов). Мұндай құрылымда жиі кездесетін сөйлемдер олардың өзара салаласа байланысуында да сақталады. Бірақ оның кұрмалас екендігін құрамдағы субъект-предикаттық қатынас шешеді. Бұған мына мысал айқын дәлел: Күн аяз емес, бірақ мазасыздау қыстың салқын желі арттан соғып, аттардың кұйрығын, жалын үйіре түседі (М.Әуезов). Бұл — екі. Үшіншіден, аталған сөзтұлғаның қатысы ондай құрылымдар байланысын құрмалас сөйлемге әкеле бермейді. Төмендегі сөйлемде емес сөзтұлғасымен тұйықталған сыңар оның жеке сөйлемдік белгісін көрсете алмайды. Қайта ол сыңардың жоғары қарай «самғай» алмайтынын имплицитті түрде білдіреді. Мысалы: Алғаш лақтырылғанда сен лашынды құлап бара жатыр екен деп ойлайсың, өйткені ол жоғары емес, төмен қарай құлдырайды (С.Мұқанов).
Әрине, мұндай тұлғадағы сыңарлардың барлығы жасырын (имплицитті) түрде беріледі деуден аулақпыз. Жасырын ойдың өзінен кейінгі құрылыммен түсіндіріліп отыруы да жиі кездесетін кұбылыс. Мәселен, төменде емес ұғымы өзінен кейінгі айқындауыш сыңармен берілген: Бибіхан — менің бөтенім емес, бір ауылда туып-өскен жерлесімнің, кұрдасымның әйелі және Бибіхан екеуміз институтта бір факулътетте төрт жыл бірге оқығанбыз (Н.Ғабдуллин). Қалай болғанда да, жасырын жол сыйыстырудың бір құралы екендігі анық. Және ол кұрал тек емес сөзтұлғасымен байланысты ғана қолданылмайды. Оның құрамында септеулік шылаулардың келуі де мүмкін: Мағираның онысы маған ұнамады, достың жұбатуынан гөрі, «айтпап па едім, менікі расқа шықты ғой» деген жазғыруы басым (Б.Нұржекеүлы). Мысалдағы гөрі сөзтұлғасының шылауындағы сыңардан жұбату болмады байымдауын түсіну қиын емес.
Тілде жасырын түрде келген сыңарлардың дұрыс танылмауы себепті сөйлем түрлері де шатастырушылыққа әкелуде. Әдетте, -са тұлғасына біткен сыңарлар тиянақсыз құрылым болып келеді. Бірақ оның өзі талғаммен қарауды қалайды. Мұндай тұлғаға біткен сыңарларда интонациялық тиянақсыздықпен қатар мағыналық тиянақсыздық қоса жүреді. Яғни, олардың арасынан мағыналық қатынасты айқындау бола қоймайды: Жақын жердегілер болмаса, кейінгі жақтағыларға судың исі ғана барады, бір құйған су алдыңғы екі-үш сиырдың жалпақ аузымен бір жайлағанынан да аспайды (Ж.Аймауытов). Мұнда алдыңғы сыңар, біріншіден, берілгеніндей емес, қайта жақын жердегілерге су тиеді. Екіншіден, тек осындай жағдайда ғана сыңарлар арасындағы мағыналық қатынас қайшылық мәнге толық ие болады. Тағы бір мысал: Ұлы сәскеде басталған шайқас шалқар түске жетпей тыным тапты, сай-сайды паналаған жеке топтары болмаса, торғауыттың тірі кұтылғаны аз (Қ.Жүмаділов). Мұндай құрылымдағы мысалдарды аралас байланыстағы сөйлемдер деп талдауға ешқандай негіз жоқ. Қайта, салаластың көп сыңарлы түріне жақын. Өйткені ортаңғы бөліктің баяндауышы кұтылып кеткен, оның мәні болмаса сөзтұлғасының сілтеуімен соңғы сыңардан байқалады.
Сыйысудың соңы гректің зевгма атауындағы кұрылымымен сәйкестеніп келеді. Зевгмалық құрылымды О.С.Ахманова: «Ряд гипотактических (сочиненных) предложении, организованных вокруг одного общего для всех них главного члена (реализуемого только в одном из них, а в остальных подразумеваемого)» — деп түсіндіреді[25]. Қазақ тілі сөйлемдері де аталған құрылыммен беріліп отырады: Менен, ырзалық сұраған адам жоқ, молданы алдырды, некемізді қиды (Б.Майлин). Аманнан өзге балалары кескіндес екен: өңкей қара домалақ (Ғ.Мүстафин). Күн шыға жұмыс басында боламыз. Біреулер aт, біреулер өгіз, тіпті ештеңесі жоқтар сиырларын жетектеп келіп жүрді (Т.Әбдіков). Алғашқы екі сөйлемде қос сыңарларға да ортақ мүшелер (бірінде адам, екіншісінде балалар) алдыңғы сыңарда айтылған. Мұны Ж.Марузо протозевгма, біздіңше басқы сыйысу — деп атаған[26]. Бұл құрылым О.С.Ахманова сөздігінде де келтірілген. Гипозевгма, біздіңше соңғы сыйысу, құрылымына үшінші сөйлем жауап береді. Демек, мұнда алғашқы сыңарда айтылуға тиісті жегіп келіл жүр сөзтұлғасы соңғыға ысырылған. Аталған құрылым ортаңғы сыйысуға да, яғни мезозевгмаға бағынады. Мұндай түзілімнің қазақ тілі сөйлемдерінде өте сирек ұшырасатынын байқадық.
Интонация – құрмалас сөйлем түрлерін ажыратуға көмектесетін басты құрал. Құрмалас сөйлем сыңарларының аралығындағы ұластырушы интонацияны оның кез келген түрлеріне тән екендігін мойындай тұра, енді бірде оны тек салалас кұрмалас сыңарларына теліп, сабақтас құрмалас сыңарларынан алшақтатуға болмайды. Дұрысы бұл арада интонацияның амалдық қызметінен гөрі, құрмалас сөйлемнің нақты түрлерін таныту қызметі жоғары. Себебі: «Құрмалас сөйлемнің компоненттері бір бүтіннің құрамына енген, бірінсіз-бірі жұмсалмайтын бөлшектері болып табылады. Өйткені құрмалас сөйлемнің әрқайсысы жеке ой білдіру интонациясымен айтылмайды, сөйлеушінің шындыққа деген қатынасын да көрсетпейді»[27]. Мысалы: Жылқыңды Сәдірдің қосына қосып жіберіңіз, Ұлжан да қысқы суықта түнделетіп шапқылап жүрмейді. Күсен бұзау арбаға жақындай бергенде, үйдің сыртында отырған екі адам көрінді (Ғ.Мүсірепов). Біртұтас дауыс құйылысымен айтылған сөйлемдердің әрбір сыңар жігіндегі кідіріс әр ыңғайда көрінген: алғашқыда айқын да, соңғысында шағын, көмескі. Дауыс сазының осындай ыңғайда айтылуының өзі сөйлемнің я салалас құрмалас (бірінші сөйлем), я сабақтас құрмалас (екінші сөйлем) екендігін танытады.
Интонациялық амал қазіргі күні барынша жетілген және белсенді түрде көрініс береді. Оған қоғамдағы түрлі өзгерулер, жазба әдебиеттер мен ақпарат құралдарының көптігі әсер етеді. Оның үстіне интонациялық амал — ең көне тәсіл. Н.Сауранбаев: «Жеке сөйлемдердің бір-бірімен байланысуы түрік тілдерінің ескі дәуірінде басталған, яғни сөздердің бір-бірімен байланысуы сияқты жеке сөйлемдер өзара байланысатын болған. Мағына жағынан бір- біріне байланысты сөйлемдер бір-бірімен не ешбір жалғаусыз іргелесіп байланысатын болған, я болмаса алдыңғы сөйлемнің баяндауыш формасы арқылы байланысқан. Кейде өте аз болса да, сөйлемдердің арасы көмекші сөздер арқылы байланысатын болған» — дейді[28]. Бұл пікірдің өзі ең алғаш іргелес байланыстың, яғни салалас құрмаластың пайда болуын көрсетеді.
Біздің байқауымызда, интонацияның амал-тәсілдік рөлі әлі де болса басым. Әрі ол салаласа байланысқан құрылымдар арасында болады да, алғашқы сыңар баяндауышының еді, екен, емес көмекшілерімен келуін қалайды. Өйткені тек осындай кұрмаласуларда ғана ішкі сыңарлар орнын алмастыруға көнбейді: Ыбыраш ауыл кедейлерінің басын қосып, артель болу туралы сөз қозғап еді, жиналған жұрт мұның сөзіне қүлақ қоюдың орнына өзін тәлкек қылды (Б.Майлин). Ауылға қарай жүруге айналып еді, сол уақытта алдыңғы жақтағы иықтан асып келе жатқан екі салт атты көрінді (М.Әуезов). Ал құрмаластық құрылым ішіндегі бір сыңардың тиянақсыздануы орын тәртібі амалының туындауына себепші болды. Дұрысы, бұл амал бағыныңқы сыңардың алғашқы орынды иеленуіне әкелді. Сол себепті тиянақсыз тұлғалы бағыныңқы сыңарды тиянақты тұлғалы бағыныңқы сыңарлар сияқты орнын алмастыра алмайтын болдық.
Әттең бір атым насыбай деп отырғанда, бір шақша алдына келіп топ етті. Қотыр өлең жұрттың қытығына тиіп, күлкіден өліп жатыр (Ғ.Мұстафин). Бұл сөйлемдерде сабақтас қүрмаластың бағыныңқылары өз басыңқыларының алдынан орын алған және олардың орын тәртібін ауыстырып қолдану мүмкіндігі жоқ, оған қазіргі әдеби тіліміздің заңдылығы жібермейді. Әйтпегенде жоғарғы сөйлемдердің ішкі сыңарларын ауыстырып қолданудан мағынаға нүқсан келмейтін сияқты. Тіпті, ертедегі әдебиеттерде, кейінгі Абай шығармаларында тиянақсыз тұлғалы кұрылымның сөйлем соңында келуі бұл заңдылықты бұзбады. Ал мұндай сыңардың басыңқы қүрылымның ішіне кірігіп кетуі соңғы көркем әдебиет тіліне тән болып қабылданып кетті. Сондықтан да «Сөйлем ішіндегі жеке компонент, жеке сөздердің орын алмасуларына кездейсоқ құбылыс емес, тіл табиғатының заңдылығына сай өз орнымен болып жататын табиғи процесс ретінде қарауымыз керек»[29].
Мұндай табиғи процесс, яғни сыңарлардың орнын алмастырып қолдану салалас кұрмалас сөйлемдерде еркін. Төмендегі мысалішілік сыңарлардың орнын «бұзып» көріңіз: Тоғыз қанат киіз үйдің көлеміндей ғана қуыс, төбесінде кішкене шаңырақтай тесігі бар (Ғ.Мүсірепов). Оңтүстіктен, ыстық жақтан келгені бірден байқалады, жүзін күн қақтап тотығып кеткен (Ш.Мұртаза). Демек, орын тәртібі амалына бағыну дегеніміз сыңарлардың орнын бұзбау деген сөз емес (ал бұл өз кезегінде басты өлшем де), қайта ондай құбылыста мағынаға нұқсан келмеу деп түсінген жөн.
Құрмалас сөйлем сыңарларының ішіндегі бір сөздердің қайталанып келуі де олардың даму көздерінің бірі болып танылса керек. «Құрмалас сөйлемде қолданылатын қайталама сөйлем мүшелері бірнеше қызмет атқарды. Ол кызметтерге басыңқы сөйлемде айтылған ойды дәлелдеу, түсіндіру, кеңейту, қорытындылау сияқты қызметтер жатады. Қайталамалардың кұрмалас сөйлемнің екі сыңарында да келіп, бастауыш-бастауыш, баяндауыш-баяндауыш, бастауыш-толықтауыш т.б. қатынас түрінде келуі құрмалас сөйлем компоненттерінің семантикалық байланысын күшейтіп, олардың бірбүтін синтаксистік құрылымға айналуына көмегін тигізеді» — дейді О.Бүркітов[30]. Бұл тәсіл жоғарыда айтылған амалдардан кейін туды да, қазір ең жиі қолданылатын амалға айналды. Ол алғашында шылау түрлерінің қайталануымен көрінді де, кейінірек түрлі қатыстық сөздердің қатысуынан болатындай дәрежеге жетті: Кейде ол қапы кетеді, кейде мен қапы кетемін (Ғ.Мүсірепов). Арқасын жапқан қалың шашы күннен қандай қорғаса, ардақтап сақтаған ар-ұяты жамандықтан сондай қорғап тұр (Ғ.Мұстафин).
Мұндай салаластық кұрылымдар жай сөйлем үлгілерінің ішіндегі шылау сөздердің қайталанып жұмсалуынан пісіп жетілді. Сондықтан да қазіргі күні ажырата алмай жатамыз. Қайта, жоғарыдағыдай мысалдарды синтаксистік деривация нәтижесінен болған салалас құрмаластар деп таныған жөн. Өйткені дәл осындай шылау сөздердің қайталанулары жай сөйлем қүрамында жиі кездеседі: Жүргіншілер кейде екіден, үштен қатарласады да, кейде жол тарылған уақытта жалғыз-жалғыз шұбап кетеді (М.Әуезов). Біресе бір адам озып кетеді, біресе бір адам кейін қалып қояды (Ғ.Мүсірепов).
Мұндай қайталаулардың құрмалас сыңарларында да кездесетінін ескеріп, оны жеке сыңарлық дәрежеде деп танытудан сақтану керек. Сонда ғана төмендегідей сөйлем кұрылымы үш сыңарлы емес, дара құрамды салалас сөйлем болып табылады: Екеумізге жазған хаттарын бір конвертке салып, кейде менің атыма, кейде Бораштың атына жіберуші едік, сөйтсек, менен гөрі Бораштың атына көбірек жіберген екен (Ғ.Мүсірепов).
Әр сыңарда сөзтұлғалардың қайталануы арқылы салалас құрмалас сөйлемге ұласу тек шылаулардың нәтижесінен болмайды. Шылау мен толық мәнді сөздердің қатар жұмсалуы да мүмкін: Сонда я жүрегім жеңер, я білегім жеңер (Ә.Әбішев). Жалпы, мұндай сөйлемдерде баяндауыш мүшелердің қайталанып келуі жиі. Және ол қазақтың мақал-мәтелдерінде кездеседі: Байлық — мұзға жазылған сөз, Білім — тасқа жазылған сөз.
Бастауыш мүшелер де қайталанып келіп, мақалдық мысалдармен көрінеді: Білген адам тауып айтады, Білмеген адам қауып айтады. Алғашқы сыңардағы бастауыш мүшенің келесіде түрлі тұлғада келіп, басқа мүшенің қызметінде тұрғанымен қайталаудың негізінде кұралған сөйлем болады: Одан бері заман өзгерді, заманмен бірге Қасым баласының тіршілігі де өзгерді (Т.Әбдіков). Есімдіктердің қайталанып берілуі де салаластың даму көрінісі болып саналады: Кейбіреулері ернін қыбырлатты, кейбіреулері иек көтерді (Ж.Аймауытов). Кейіннен бұл тәсіл өнімді дамыды, енді жекелеген сөздер қайталануға ұшырап, құрмалас сөйлемнің көп сыңарлы түрлерін жасауға әкелді: Есенейге екі нәрсе өтпейді: оқ отпейді, сөз өтпейді. Кейде екі салт қатар аяңдайды да, кейде бірі екі атты жетелеп, бірі артынан айдайды (Ғ.Мүсірепов). Осылай бола тұра, біз мұндай қайталаулар көп сыңарлы кұрмалас сөйлемдерді жасау үшін ғана қолданылады деген пікірден аулақпыз. Олардың ең бірінші кезекте жай құрамды құрмалас түрлерінде (салалас, сабақтас) болатындығы сөзсіз. Және ол осылай баяндаумен де тоқталып қалмайды. Адам өз ойын беруде жай сөйлемдер мен құрмалас сөйлемдерді пайдаланады. Нақты ойды жеткізу үшін бұл да жеткіліксіз. Сондықтан да адам баласы осы сөйлемдердің өзара байланысынан тұрған келесі бір синтаксистік бірлікті қолданады.
Салалас құрмалас сөйлемнің кұрылымдық сипаты
Сөйлем кұрылымы жағынан да тиянақталады. Бұл тарапта жай сөйлем барынша қамтылған. Жай сөйлемге қатысты зерттеулердің барлығында дерлік құрылымдық тұрғыдан жақты, жақсыз, атаулы сөйлемдер талданады. Соңғы уақытта құрмалас сөйлем түрлерінің де осындай құрылыммен түзілетінін сөз ете бастады. Ол дұрыс та. Себебі кұрмалас сөйлемдер жай сөйлемдік құрылымды қамти отыра байланысады. Нәтижесінде, оларды белгілі бір сыңарларының немесе жалпы құрамының жақты, жақсыз, атаулы болып келетінін байқаймыз. Тіпті, біздің байқауымызда, құрмалас құрамында кездесе алмайды деген атаулы сөйлемнің де салаласа келетіні және құрам санын кеңейте алатыны болады. Атаулы құрылым кұрмалас сөйлемнің жеке сыңары ретінде қолданылады: Өзі жасынан осы кезді ұнатушы еді, ауылда ғой бұл кезде мал қайтып, у-шу болып жататын тәтті шақ (Н.Қапалбекұлы). Ай сүттей жарық. Түбек жақта ауыл жастары у-шу болып, бірін-бірі қуалап ойнап жұр. Мәз болып айқайлаған еркек дауысы, қыз даусы. Әлдекім күркілдетіп өрістен кеш қайтқан сиырын сауып жатыр (Т.Әбдіков).
Соңғы мысалдық деректе атаулы құрылымның өзі салаласа байланысқан екі жай сөйлемнен тұрған. Жалпы, сөз кезегі келгенде айта кеткен орынды. Атаулы сөйлемдік құрылым салаласа байланысудың бір амалы болып жұмсалады. Мұндайда ол жалпы контекстің ортақ амалы ретінде қатысады. Жоғарыдағы сөйлемдер тізбегін контекске жинақтаушы осы атаулы құрылым. Ал ол салалас кұрмалас құрамында көп құрамдылықты да танытады. Басқаша айтқанда, көп құрамды салаласқа әкелудің бір жолы — атаулы кұрылымдағы сөйлемдер. Қараңыз: Хан сарайының сән-салтанатын айтуға тіл жетпейді. Айнала толған асыл жиһаз, жарқыраған дүние, мәрмәр тасты қабырға, алтын тұтқалы есіктер. Сондай есіктердің талайынан өтіп, ең соңында Еженхан отырған орданың өзіне де жақындайды (Қ.Жұмаділов). Мұндай атаулы сөйлемдік құрылым жалпы контекст басында орналасуы да мүмкін: Жұлдыздар самсаған айлы түн, бой сергіткен салқын ауа, қыздардың сыңғырлаған әдемі күлкісі, әркімнің көңіліне бүгінгі думан бітпесе деген бір тілек әкелгендей. Жастар екеу-екеуден бөліне бастады (Т.Әбдіков).
Біз өз тарапымыздан да атаулы сөйлемдік құрылымдардың табиғатын ашу үшін контекстің аса қажет екенін қолдаймыз. Бұл жайлы қазақ тілші ғалымдары айтуындай-ақ айтты. «Атаулы сөйлем болу үшін, сол арқылы тек аталып көрсетілген құбылыс, болмысты әрі қарай баяндайтындай, мазмұнын ашатындай басқа сөйлемдер, яғни контекст болу керек» — дейді А.Әбілқаев[31]. Р.Әміровтің пікірінше, «Атаулы сөйлемдерге тиянақты синтаксистік форма беретін — интонация, контекст»[32]. Мұны контекске қатысты ғылыми еңбек жазған Ж.Жақыпов та көрсетеді[33]. Бірақ біздің тарапымыздан көңіл аударылғаны сол, атаулы құрылымдардың тек салаласа байланысуға бағынатындығы. Және ол жоғарыда байқағанымыздай, жай сөйлемдік құрылымдар, басқаша айтқанда құрмаластың жеке сыңары ретінде де жұмсалады.
Салаластық негізде олар қос кұрамды түрде де, көп кұрамды түрде де келе береді. Тағы бір ескеретін жай, мұндай құрылым сабақтастың немесе араластың тиянақсыз тұлғалы сыңары болып жұмсалмайды. Кім білсін, Х.Арғыновтың тек атаулы сөйлем ғана құрмалас сыңары бола алмайды дегені осыған сүйенгендіктен бе екен? Оның үстіне Ж.Жақыпов күрделі синтаксистік тұтастықтың да бірыңғай атаулы сөйлемдерден кездесуін жоққа шығарады[34]. Мұның бәрі атаулы сөйлемдік құрылымдардың тек салаластық негізде жұмсалатынын дәлелдей түседі.
Тілде, оның ішінде қазақ тілінде жақты, жақсыз құрылымдардың құрмалас құрамында келуін жоққа шығару жоқ. Әйтсе де оларды құрмалас жасаудың құралы ретінде қарастырған еңбек тағы жоқ. Егер жай сөйлемнің құрылымдық ерекшелігі құрмаласқа әкеледі деген ойды тиянақтау керек болса, оның бұл қасиетін ашып көрсеткен жөн. Бәрімізге мәлім, «Кез келген жай сөйлемдер кұрмалас сөйлем компоненті бола алмайды. Құрмалас сөйлем компоненті болу үшін жай сөйлемдер арасында тек мағыналық жақындықтың болуы жеткіліксіз. Құрмалас сөйлем компоненттері арасында семантикалық бірлікпен қоса, оларды бір-бірімен байланыстырып, ұштастырып түрған «көген» түрлі грамматикалық және лексикалық амалдардың болуы шарт»[35]. Осы көген қызметімен тиянақтайық: Жұмабай состиыңқырап кіріп еді, Күлтай күлімсіреп жаньндағы столға отырғызды (Б.Майлин). Талып барып, ұйықтап кетсе керек, таңертеңгі шайды алдыға алып жатқан кезде тұрдым (Т.Әбдіков). Сауда жым-жырт болды да, базар құлаққа ұрған танадай басылды (М.Әуезов). Мысалдардың біріншісі мен соңғысы нақтылы жақты сөйлемдердің өзара интонация мен шылаудың көмегінен кұрмаласқан. Екінші сөйлемде екі белгілі жақты сөйлемдер орын тәртібі амалы арқылы байланысқан. Мұндай жақты сөйлем түрлерін грамматикалық амалдарға бағындырмай жеке пайдалануға да болады. Ондайда сөйлемге, бұл жерде құрмалас сөйлем сыңарларына, ешқандай нұқсан келмейді, өз алдына жеке ойды білдіріп тұра береді.
Әдетте, жақты сөйлем грамматикалық бастауыштың қатысынан шешіледі. Жоғарыдағы нақтылы жақты, белгілі жақты дегендердің алғашқысында бастауыш мүшелер айқын да, соңғысында бастауыш мүшелер — жасырын. Ал белгісіз жақты сөйлемдер III жақта келіп отырады. Оның белгісіздігін жай сөйлемдік кұрамда анықтау мүмкін емес. Ол үшін міндетті түрде контекст қажет. Мәселен, төмендегі сөйлемдер байланысының соңғысы басқа сөйлемдерден тыс алып қарағанда белгісіз жақты сөйлем: Сол күні біз суға түсіп, күнге қақталып, кешке дейін тоспа басында ойнадық. Аян бұрыннан таныс адамдай етене боп кетті. Ол өте ақкөңіл, ақылды бала екен… (С.Мұратбеков). Ал салаластық кұрамда іс-әрекет иесінің белгісіздігі белгілі болып қалады. Өйткені оның кім екендігі алдыңғы сыңардағы бастауыштан білінеді. Қараңыз: Жамал қолындағы барын көршілерімен бөлісіп отыратын қолы ашық әйел еді, ол күйеуінің ниетін түсініп, сыртқа көңілденіп шықты (Ә.Нұрпейісов).
Әйтсе де, салалас құрмалас сөйлемнің белгісіз жақты сыңарының шешілуі де контекспен тікелей байланысты. Бұл, әсіресе, ол сыңардың бастапқы орында орналасуымен және екі сынардың да белгісіз құрылымда тұруымен келгенде қажет-ақ: «Тоңып қалыпты ғой» деп ойлап, Ақбаланың аяқ жағын көрпемен қымтай беріп еді, Ақбала күйеуіне қарай аударылып түсті (Ә.Нұрпейісов). Өткен жылы байлардың малын біріктіріп, әлденеше фермалар құрған екен, соның біріне бастық боп кетіпті (Қ.Жұмаділов). Бірінші сөйлемнің алғашқы сыңарының, сол сияқты екінші сөйлемнің әр сыңарының іс-иелерін тану үшін міндетті түрде басқа байланысудағы сөйлемдер тізбегі, басқаша айтқанда контекст қажет. Осы себептен де сөйлемді, мейлі ол жай сөйлем болсын, мейлі құрмалас сөйлем болсын, тиянақты ойды білдіреді дей алмаймыз. «Олай болса, «тиянақты ойды білдіру» дегеннің өзі шартты нәрсе екен»[36].
Қалай болғанда да, жақты кұрылымды шешудің басты кұралы — бастауыш бастауыш құрылым. Демек, ондай құрмалас кұрамындағы сыңарлардың өз бастауыштары болады: Әлі шам жағылған жоқ, жұрттың көбі мал жайлап жүр (М.Әуезов). Мұнымен қатар сөйлемішілік грамматикалық бастауыштардың қайталанып келіп кұрмаласуын да құрмалас сөйлем жасаушы элемент ретінде түсіну қажет. Мысалы: Біреулерді сабамақ болып еді, өзі таяқ жеп қала жаздап, арашаның көмегімен әрең құтылды (С.Мұқанов). Мұнда алғашқы сыңарда жасырын келген қимыл иесі, екінші сыңарда өзі тұлғасымен берілген. Біздің ойымызша, бастауыштардың қайталанып келуі жазушы, айтушы тарапынан әдейі стильдік мәнде жұмсалатын іспетті. Және ондай бастауыш, көбіне, сол алғашқы бастауыш тұлғалы немесе оның эквиваленті өзі сөз тұлғасымен беріледі. Мұндай құрылымдар тек салаластық байланыста ғана емес, сабақтасып та тұра береді: Тоғжан баяғы шолпысы сылдырай жүріп, баяғы Абай алғаш көргендегі сыпайы қозғалыстарымен күтуші келіншекке шай жасатып, өзі үстел қасына келді (М.Әуезов). Жақты кұрылымды танытуда екінші сыңардағы бастауыш алғашқы сыңардағы баяндауыштың қайталануы нәтижесінде де болады: Қайсарлық — ұлт бойына жинақталған ұлы күш, ол күш жинақталмай болмайды (Р.Тоқтаров).
Жақты құрылымды жай сөйлемдердің салалас құрамына түсуі осы айтылғандармен түгесіліп қалмайды. Салалас сыңарларының жақты құрылымда келуіне негізгі мүшелер ғана емес, тұрлаусыз мүшелер де қызмет етеді. Жақынырақ түсіндірсек, белгілі бір сыңардағы белгілі бір тұрлаусыз мүше келесі бір сыңардың бастауышы ретінде жұмсалады: Бәрі кеп Боздақты қоршады, оң қолының қарынан жараланыпты (Ғ.Мүсірепов). Бұл Бәкенге қайырсыз болып жабысты: мың түрлі істеген жолсыздығы үшін Бәкен үш жылға түрмеге жабылды (Б.Майлин). Берілген сөйлемдерде толықтауыш мүшенің, алғашқысында тура, соңғысында жанама, келесі сыңарда бастауыш мүше болып жұмсалуын байқау қиын емес.
Мұндай салалас құрмалас сөйлемді толықтауыш-баcmayыш құрылымды деп тануға болады. Ол сөйлем бастауыш-толықтауыш құрылымды болып келуі де мүмкін: Түні бойы жазғандарын хатшыға көшіртіп алып, Ушаков қайта оқып шығып еді, толып жатқан қайшылықтар көп екен (Ғ.Мүсірепов). Мұнда Ушаковтың оқып шыққан нәрсесінде қиыншылықтардың көп екендігін осы кұрылым нәтижесінен түсінеміз. Толықтауыш мүшенің екі жақты кұрылымды сыңарға ортақ болып жұмсалуы да кездеседі: Өзге көп Ырғызбай сияқты Базаралының қайтқанына бұнда түкте сүйсіну жоқ, қынжылу ғана бар еді (М.Әуезов).
Анықтауыш мүшенің де салалас құрмаластың жақты құрылымын түзетінін көруге болады: Зылиқа күлкіден қысылып, бетін есік жаққа бұрып алыпты, иығы ғана дірілдейді. Он бес қойдың бәрі бірдей өлген жоқ, жарымына жуығы тамақталған, қалғандары жараланған екен (М.Әуезов). Біз бұл мысалдың алғашқысын бастауыш-анықтауыш кұрылымды, соңғысын анықтауыш-бастауыш құрылымды салалас кұрмалас сөйлем деп білеміз. Өйткені иығы дірілдеудің негізі Зылиқадан басталады да, қойлардың бөлшектеніп кетуі соңғы сыңарлар түсіндіруінен болады. Аталған сыңарларды анықтауышсыз құруға болмайды дегеннен аулақпыз, бірақ ол сыңарлардың осы мүшеге қатысты дамығандығын тағы жоққа шығаруға болмайды.
Тұрлаусыз мүшенің пысықтауыш түрі жақты сөйлемдердің құрамында келеді. Және жай ғана қатыспайды. Қайта, олардың жақтылық құрылымына әсер етіп отырады. Қараңыз: Отауының сыртында тұрып, бір күн тыңдар ем, осы күнде дәл осы өңірде теңі жоқ, дәулескер домбырашы боп кетіпті (Ғ.Мүсірепов). Мұнда екінші сыңардағы осы күнде мезгіл пысықтауыштың орасан зор қызметі бар. Рас, ол тіркесімсіз де жақтылық құрылым бұзылмайды. Бірақ ойдың толық берілуі оған тікелей қатысты да. Төмендегі сөйлемді кішкене терезеге жабысып, менен көз алмай тіркесімдерінен тыс құрастырып көрсеңіз, сөйлем түсініксіз болады: Үйден таяқ тастам жер ұзап барып соңыма бұрылдым, кішкене терезеге жабысып, менен көз алмай Бағдар тұр (Б.Мұқаев). Салаластың бұл түрі – бастауыш-пысықтауыш құрылымды. Мұның керісінше байланыста тұрып келуі де салалас құрмалас сөйлемде болады: Аспанда заулап жанған от: қазанның ішінде бір үйіріліп, бір бұзылып қайнап жатқан сабын (Б.Майлин).
Пысықтауыш мүшенің екі сыңар үшін де қажеттілігі сөйлем мағынасына әсер етуімен көрінеді. Мәселен, төмендегі сөйлем ішіндегі пысықтауыштар ойдың толық дәрежеге жетуіне көмектеседі: Былғарыны да алыстан іздемейді, өзінің ер жеткен екі ұлы Жауыртамда көншілік жасайды (Қ.Жұмаділов). Түйіндей айтсақ, жай сөйлемнің жақты құрылымды түрі салалас кұрмалас сөйлемнің сыңарлары қызметін толық атқарады. Және ол сөйлем түрінің осындай құрылымда түзілуіне мүмкіндік жасайды. Ал ондай мүмкіндік тек негізгі бас мүшелердің қатысынан емес, тұрлаусыз мүшелердің де ерекшелігінен көрінеді.
Тұрлаулы мүшелердің қатысымынан, шындығында, оның бірі — грамматикалық бастауыштың қатыспауынан, жақсыз құрылымды сөйлемдердің түзілімі байқалады. Құрмалас сөйлемнің, оның ішкі сыңарларының жақсыз құрылымда келіп, салаласа байланысуы да талдануда бола қойған жоқ. Дұрысы, ондай талдаулар ғылыми еңбектерде, тәжірибелік (практикалық) жұмыстарда беріліп отырды. Мәселен, Ғ.Мадина: «Жақсыз сөйлемдер жалаң, жайылма болумен қатар, сол күйлерінде жеке де, құрмалас сөздің құрамында да тұра береді» — десе[37], О.Төлегеновтің практикумында бұл жайды нақты қозғаған тапсырмалар да бар: «Текстен құрмалас сөйлемдерді көрсетіп, талдау жасаңдар. Әрі құрмалас сөйлем неше синтаксистік компонентті болып келгенін атаңдар да, бұларда қай жай сөйлем (жақты, жақсыз, белгісіз жақты, жалпылама жақты) типімен берілуін құрамы жағынан ажыратыңдар»[38]. Бұл тапсырманың студенттер танымына әсері де болды, екінші жағынан, кұрмалас сөйлем жеке жай сөйлемдерде бар белгіні қамтитыны айқындала түсті. Әрине, мұндай құрылымның жеке сыңарларда келуі белсенді. Және ол өз кезегінде кұрмалас сыңарларынан хабардар етеді. Жақынырақ түсіндірсек, қимыл иесінің біреу екендігі анық, бірақ оның екі сыңарда тұруы құрмалас деп тануға әкеледі: Иілмеген басты қағып тастағанды жөн көрді, тек ондай сырды сопы ағасының көзінше айтқысы келмеді (Ә.Нұрпейісов). Мұнда алғашқы сыңардағы қимыл иесі (ол) екінші сыңарға да ортақ, бірақ онда жақсыз кұрылымда түр. Егер аталған кұрамдағы сьіңарларды құрмаластың негізгі бөліктері деп танысақ, қимыл иесінің қайталанып келуі де құрмалас сыңарларын түзуші элемент ретінде қарауымызға жетелейді.
Жақсыз құрылымды сыңар бастапқы орында да тұрады. Мұндайда жоғарыдағы сөйлемге керісінше түзілім болады да, грамматикалық бастауыш екінші сыңарда тұрады. Ана кұрсағындағы осы бір өз тірлігін әлден танытып, тыпыршып жатқан кішкене баласын қысып сүйгісі кеп кетті, бір кезде Еламан көзінен жылап аққан жасты сезіп, өзінің көңілшектігіне таң калды (Ә.Нұрпейісов). Жақсыз құрылымды сыңарда тұрақты тіркестер жиі кездесіп отырады: Игілік аулына көзі түсіп кетіп еді, Игіліктің жұрт көзін сүріндірерлік тағы бірдемені шығарғанын көрді (Ғ.Мүсірепов). Бөле-жаруға келмейтін мұндай тіркестер салалас құрмаластың екі сыңарының да жақсыз құрылымда түзілуіне әсері болады. Мәселен, төмендегі сөйлемде екінші сыңарды жақсыздандырып тұрған — жаны кетіп қалған тіркесімі. Бұл әрі қолының сөзтұлғасының логикалық бастауыш қызметіне де бөгет жасамайды. Қалған киімдерін де үстінен бір-бірлеп шешіп, көрпе астына кіріп жата қалғысы кеп еді, бірақ кительдің жоғарғы түймесіне апара берген қолының кенет жаны кетіп қалғандай болды (Ә.Нұрпейісов).
Аталған құрылымдық сыңарлар не олардың құрмаласулары салаластың көп құрамды болып келуіне септігін тигізіп отырады. Әсіресе, бұлардың аралас келуі көп құрамдылықта анық көрінеді. Мәселен, мына сөйлемнің алғашқы екі сыңары мен соңғы сыңары нақтылы жақты сөйлемдер де, ортаңғысы — жақсыз құрылымды сыңар: Күн батты, теңіз үсті тастай қараңғы, қай маңда келе жапқанын болжау қиын, қайықтың қара құсы да көрінбеді (Ә.Нұрпейісов).
Атаулы құрылымдар да көп құрамды салаластың жеке сыңарлары болып келіп отырады. Тіпті, ол сыңарлардың өзі көп сыңарлы салаластық байланысулардан тұрады: Шағын ғана кабинеттің іші — музей. Неше түрлі ескі қанжар, қылыш; әр жерден алған сыйлық ескерткіштер, баяғы бабалар дулығасы мен сауыты… төрде керіскедей болып Алтай аюының терісі жатады (Ш.Мұртазаев).
Көп құрамды салаластың құрылымдық белгінің тағы бір ерекшелігін ашатыны бар. Ол осы сөйлем түрінің ашық және тұйық кұрылымды болып жұмсалуынан шығады. Мұндай жіктеулерге салу кұрамдағы сыңарлар санына және олардың баяндауыштарының шақтық, жақтық қатысына байланысты болатыны айқындалған[39]. Бұған қоса жалғаулықтың қатысымен шешілетіні талдаудан өтті[40]. Салалас құрмаластың әрі қос құрамды, әрі көп құрамды түріндегі мұндай құрылымды ажырату мәселесі де қозғалды[41].
Аталған зерттеулер ашық құрылымды салалас құрмаластың жан-жақты белгіленуіне әкелді. Әсіресе, жай сөйлемдік үлгілердің мезгілдестік қатынаста тұруы оның басты белгісіндей танылып кетті: Шаналардың айналасында он шақты мылтықты солдат бірін-бірі түрткілеп ойнап жатыр, орта кездегі екі шанада біреулер бүрісіп отыр, олардың қасында мылтықты екі солдат тұр (С.Мұқанов).
Ашық құрылымдық кезектестік қатынаста да тұрады. Себебі мұндай жағдайда іс-әрекеттер санамаланып беріледі. Айнала бірде аққұтанның әдемі сапарларындай желбіреген ақ сәулелі дала кездеседі, бірде қызыл бұйра тобылғылы, жасыл, қоңыр қарағанды адырлар, шоқылар, таулар ұшырасады, бірде көкала қамысты көлдер көрінеді, бірде сары ала жол белестер қалып отырады (С.Саин). Ашық құрылымды салалас құрмаласты есім баяндауышқа біткен сыңарлардың байланысқа түсуі көрсетеді. Себебі мұндайда да баяндалған іс-әрекеттерде санамалау орын алып отырады: Астында тобылгы күрең am, үстінде коңыр түйе жүн шекпен, басында төрт салалы пұшпак бөрік (І.Есенберлин).
Ашық және тұйық құрылымдардың белгісін сыңарлар санымен шеше беруге болмайды. Бұл екі түр қос құрамды салалас құрмалас құрамынан да табылып жатады. Алтыбақан құрылды, белес басы бозбаламен шоғырланды (Б.Майлин). Қасымбек менің тез жұбанғаныма куанып, иығымды кеудесіне қаттырақ қысты да шығып кетті, бірақ менің көңілім орнына түспеді (Т.Ахтанов). Алғашқы сөйлем ашық құрылымға бағынған, өйткені мұндай байланысуларға басқа да іс-әрекеттік байымдауларды, мәселен, бозбалалар ән айтты, ойын ойнады т.т.б., ойша болсын қосақтап айта беруге болады. Ондайда мағыналық қатынас та өзгермейді, сөйлем мағынасына нұқсан да келмейді. Соңғы сөйлем — тұйық құрылымды салалас, өйткені жоғарыдағы құрылымға басқадай байланыстыру енгізу бола қоймайды.
Демек, тұйық құрылымдыда мағыналық қатынастар байлаулы. Ол жоғарыдағы сөйлемдер тізбегіндегідей қарсы, себеп, салыстыру т.б. мәндерде орын алып отырады. Тұйық құрылымдының қос құрамды түрі салаластық кұрамда бір мағыналық қатынастан шешіліп отыруы жиі. Тұйық құрылымды көп кұрамды салаласта да бар. Ондайда ол әр түрлі мағыналық қатынастың селбесе жұмсалуынан көрінеді: Өздерінің сиырларын суарам ғой деп барып еді, Қартқожаның ол ойы болмады: ауылдың сиыры қаптап кетті (Ж.Аймауытов). Қарын ашады, бірақ қосқа баруға қорқам, оны маңайлап қасқырлар жүрген сияқты (С.Мұқанов). Екі сөйлем де қарсылықты-себеп мәнде жұмсалған, бірі — жалғаулықсыз, бірі — жалғаулықты. Мұндағы тұйықтық сол, олардың ешқайсысының қатарына басқа қатынастық сыңарлар үстемелеуге негіз жоқ. Бола қалғанның өзінде сөйлем мағынасы өзгермесе де, мағыналық қатынас бұзылады.
Тұйық құрылымды құрамда көбіне-көп түсіндірмелі қатынастың болатынын байқаймыз. Мұндайда сыңарлар саны ешқандай да қызмет атқармайды. Дұрысы сыңарлар саны қанша көп болса да, олар алғашқы жалпы мәндегі сыңардың қасиетін ашады: Бойларын үйрете келе екеуі де шамалары келгенше қалаша киінген: бастарында қара қатпа татар тақиясы, үстерінде қоңыр сұр барқыттан тіктірген бешпент шалбар, аяқтарында жалтыраған хром етік (Р.Тоқтаров). Кейінгі сыңарлар алғашқыдағы қалаша киінген тіркесімінің мәнін ашуға қызмет еткен.
Түсіндірмелік мәнге сілтеу есімдіктері нұсқайды. Мұндайда сілтеу есімдігі қатысқан сыңардың тиянақсыздығы білініп тұрады. Сондықтан өзінен кейінгі сыңарлардың айтылуын қажет етеді: Мұның қашанғы мінезі осы: ұнатқан нәрсесін көкке көтере алмайды, жек көргенін жерге жыққысы келмейді (З.Қабдолов). Күн шуақты көктемнің қауырт келгені соншалық, жұрт қыс киімін тастап та үлгермеді (Ұ.Доспанбетов). Алғашқы сыңарға байлаулылықты -ма/ме сұраулық демеулігі де көрсетеді: Бір-бірімізге тым таяу отырғандықтан ба, оның ақырын ғана тыныстаған ып-ыстық деміне дейін сезіп отырдым (Т.Нұрмағанбетов).
Көп құрамды салалас құрмалас ерекшелігінің бірі ретінде аталған кұрылымдардың бір сөйлем ішінде қабаттаса жұмсалуын айтқан жөн. Демек, бұл сөйлем түрі бірыңғай ашық немесе бірыңғай тұйық құрамда келе бермейді: Асқар бұл жөніндегі өзінің пікірін сол кездегі баспасөз бетіне жазды, оның жазған мақаласы басылды да, бірақ ол мақала арқылы шара қолданған, қалыңға тыю салған үкімет жоқ (С.Мұқанов). Мысалдың алдыңғы екі сыңарынан болған құрмаласуды ашық құрылымды байланыс деп атауға әбден болады да, соңғы сыңар қосылуынан тұйық құрылымдыны табуға болады. Өйткені алғашқылар қатарына мақаланың жазылуы мен басылуының үстіне оның көпшілік тарапынан колдау тапқанын немесе сынға ұшырағанын үстемелей беруте болады.
Мұндай аралас келген құрылымдардың керісінше түзілуін де байқауға болады: Ақбала күйеуі келгенше ойын бөлетін ермек тапқысы келді, бірақ отын кіргізулі, су әкелулі, ең аяғы үй-ішінің азғана дүниесі де тап-тұйнақтай, соның бәрін істеген Еламан, әйелінің аяғы ауырлағаннан бері күнде ертерек оянып, үйдің бар шаруасын тындырып кететін-ді (Ә.Нұрпейісов). Мысалдағы алты сыңарлы салалас құрмалас сөйлем тұйық-ашық құрылымға бағынған. Тұйықтық алғашқы бөліктен кейін орналасқан да, қалған сыңарлар аралығында ашықтық бар. Бірақ олардың алдыңғы сыңармен байланысуында да тұйықтық белгі сақталады. Демек, олар өзара синтаксистік байланысқа да түседі, бір ғана (қарсылық) мағыналық қатынас та кұрайды. Демек, «Компоненттері бір-біріне тәуелді болып байланысқан сөйлемдерді түрге бөлуде кұрылымдық ерекшелікті ескерудің маңызы зор. Мұндай жағдайда басқа амалдардың барлығы да негізгі шартты белгілер бола алмайды»[42].
Құрылымдық мәселесі шылаулардың қатысымымен де айқындалады. Онда шылау сөздердің тек қана байланыстырушылық қызметі емес, мағыналық қатынасқа тигізер әсері сипатталады. Бұл орайда, ең алдымен, жалғаулық шылаулар аталады. Мәселен, төмендегі сөйлемдерде мағыналық қатынас — себеп мәнді. Оның алғашқысы шылаусыз да, соңғысы шылау нәтижесімен кұрмаласқан. Мұндағы тағы бір басты мәселе шылаумен келген құрмалас түрінде мағыналық қатынас жігі айқын. Қараңыз: Жаңа ғана қойшыдан сүт ішкен, өзегі талып отырған жоқ (Ж.Аймауытов). Ешкім де үндемеді, өйткені бұндағы кісілердің бәрі де әйелдің даусын білетін (Ә.Нұрпейісов).
Мағыналық қатынасты шешуге жалғаулық шылаулардың кез келген түрі қатыса алады және олар берілген мағыналарды анықтай, жетілдіре түседі. Ал шылаудың демеулік түрлерінің мағынаға қатысы көрсетілмей жүр. Бұл, тегі, оларда байланыстыру қызметінің жоқтығынан болса керек. Біздің байқауымызда, демеулік шылаулар да салалас кұрмалас сөйлемнің мағыналық қатынасын білдіруде барынша қызмет етеді: Әкесі көп сөйлемейтін момын еді, бірақ бір айтары бар тура, адал кісі болатын. Баласы нағашысына тартты ма, ақылынан ашуы басым, ойынан ісі шапшаң әупірімдеу (Т.Әбдіков). Кешегі Бекмахан айтқан әңгіменің әсері ме, дәрігер келіншекті көз алдыма елестетуге тырыстым (Б.Бодаубаев). Ма/ме шылауымен берілген сөйлемдерді, біріншіден, оның қатысынсыз құрмаластыруға болмайды. Екіншіден, бұлар алғашқысында болжалдық, соңғысында себептік мағынаны да үстейді. Егер бірінші сөйлемді ма шылауынсыз құрсақ, сөйлем себеп мәндіге ауысады. Екінші сөйлем ол шылаудың қатысынсыз құрмаласпайды.
Әйтсе де, шылаулардың байланыстыру амалы ретінде жұмсалуы жақсы қарастырылып келді. Мәселен, Н.Сауранбаев: «Основным вопросом синтаксиса сложного предложения надо считать форму и способы (средства) связи простых предложений. Так как сложное предложение есть сочетание двух и нескольких простых предложений, то оно и выражает не одно целостное предложение, как простое, а сложную мысль, объединяющую несколько целостных предложений» — дей келе, салалас кұрмалас сөйлемге қатысты тұжырымын да білдіреді. – «В развитии сложносочиненного предложения казахский и другие тюркские языки использовали служебные имена, местоименные основы в падежах, притяжательных формах, которые, окостеневая, постепенно стали сочинительными союзами»[43].
Бұған сүйенсек, салаласа байланысудан тұрған құрмалас құрамында жалғаулық шылаулардың түр-түрі жұмсалады. Ыңғайлас мәнді жалғаулық екі түрлі мәнде беріледі. Біріншісі — да/де түрі, бұл құрмаласушы сыңарлардың алғашқысының соңында тұрады. Мұндай сөйлем түрін құрылымдық-синсемантикалық-потенциалды-автосемантикалық салалас кұрмалас сөйлем деп атайды[44]: Дайындалған шикізат қағаздан жасалған ыдыстарға салынады да, беті жақсылап жабылады (Н.Шәріпбаев). Қыз-келіншек жолдардың екі жағына отырды да, жігіттер атқа мініп бөлек шықты (Ғ.Мүсірепов). Мұндай сөйлем сыңарларының орнын алмастырып та қолдануға болатын сияқты. Бірақ ондай еркіндікке бір есептен да/де шылауы жібермейді. Демек, Жігіттер атқа мініп бөлек шықты, қыз-келіншек жолдардың екі жағына отырды да деп тиянақтай алмаймыз.
Ал ыңғайлас жалғаулықтардың ішіндегі сирек болса да жай сөйлемдік үлгілерді байланыстыратын және шылауында біршама еркіндік бар. Бұл шылау түрі жеке сыңарларды алмастырып қолдануға кедергі жасамайды: Асқар онша әнші жігіт емес еді және оның даусы да пәлендей қоңыраулы болмайтын (С.Мұқанов). Екінші жағынан, бұл шылау түрінің белгілі бір сыңарға телулі екенін айғақтауға еш негіз жоқ. Өйткені «Бұл жалғаулық өзі құрмаластыратын жай сөйлемдері арасында ғана қолданылады да, олардың ешқайсысының құрамына енбей жеке-дара тұрады. Бұл жағынан алғанда және жалғаулығын нағыз салаластырушы жалғаулық деуге болады»[45]. Олай болса, мұндай кұрылымның ешбір жалғаулықсыз байланысқан құрылымдардан принципті айырмашылығы жоқ. Сондықтан да оны потенциалды-автосемантикалық- потенциалды-автосемантикалық құрылымды салалас кұрмалас сөйлем деп таныған жөн. Біздің пікірімізше, сыңарлардың орын тәртібі амалымен байланысқа түскен кұрмалас сөйлем (Көздері жылтырайды, тәмпіш мұрындарын кіржитіп, қи шоғының иісімен қуана дем алады (Ә.Нұрпейісов) мен және шылауының байланыстыруынан болған құрмалас сөйлемнің (Ол да Балуан Шолақ туралы көп әңгімелер естіген еді және ол әңгімелер Көктекеге ертегі сияқты боп жеткен еді (С.Мұқанов) аталған құрылымға сай келетінін байқауға болады.
Құрылымда басқа да жалғаулық шылау, мәселен, кезектес мәнді, жұмсала алады. Мұндайда ол қайталауға ұшырамай, тек бірінші сыңар құрамында келуі қажет: Кейде үлкен көзі кісінің өңменінен өтe қарайды: онысы тіпті орынсыз (Т.Ахтанов). Қарсылық, себеп мәнді шылаулардың да жалпы салалас құрмалас сөйлемнің басында тұруы кездеседі. Бірақ оның кұрылымдық-синсемантикалыққа әсері жоқ. Өйткені олар мұндайда құрмалас сөйлемдік сыңарларды байланыстырудан тыс қалады, қайта күрделі құрылымдар (мәтін) қатарынан орын алады.
Аталған шылау түрлері салалас құрмалас сөйлемнің екінші сыңар кұрамында келеді. Мұндайды потенциалды-автосемантикалық-құрылымдық-синсемантикалық салалас құрмалас сөйлем деп атайды. Олардың қатарында, мысалда келтірілгендей, өйткені, бірақ шылаулары ғана жұмсалмайды. Бұған қоса олардың синонимдік варианттары да (сондықтан / сол себепті / себебі; дегенмен / ал) еркін қолданылатынын есте ұстаған жөн. Садырбайға мен жақтым, өйткені құранды бір сыдырғы әдемі оқитын даусым бар. Алыстан әлдекімдердің күйзелген дауысының жаңғырығы естілген сияқтанады, бірақ қай жақтан естілгенін шамалай алмаймын (Б.Соқпақбаев).
Салалас құрмаластың құрылымдық-синсемантикалық сыңарында әрі ыңғайластық шылауы да келеді. Бұл шылау түрі мағынасы жағынан және шылауына жақын, бірақ құрмалас сыңарларын байланыстыруда одан да сирек қолданылады. Мысалы: Қазан бүлк-бүлк қайнап жатыр, әрі ішіндегі жылқы етінің иісі бұрқырайды (Ғ.Мұстафин).
Әйтпесе шылауы да екінші сыңар басында орналасуға бейім. Бұл шылау түрі алғашқы грамматикалық оқулықта да[46], тіпті кейінгі оқу құралында да[47] талғау мәнді болып берілген. Ал Қ.Есеновтің пікірінше, бұл — шартты салалас құрмалас сөйлемнің жалғаулығы[48]. Шын мәнінде де, әйтпесе шылауы шарттық мәнді үстемелейді. Мысалы: Ағайын деген аты бар, әйтпесе кісі есігінде күнелтеді (Ш.Мұртазаев). Басына тесіп құю керек, өйтпейінше ешбір іс алға баспайды (Ғ.Мұстафин). Екінші сөйлемде әйтпесе шылауының орнын өйтпейінше сөзтұлғасының атқарғандығын байқауға болады. Демек, бір кездегі Н.Сауранбаев ескерткен әйтпесе шылауының «жұмбақтығы» қазіргі әдеби тілде де шешіліп болған жоқ.
Салалас құрмалас сөйлем құрылымдық-синсемантикалық-құрылымдық-синсемантикалық болып та жұмсалады. Бұл — екі сыңарда да шылаулардың жұмсалуы. Әрі тек қана кірістірілмей, байланыстырушылық қызмет атқаруы. Мұндай құрылымға, әрине, бірінші кезекте кезектес мәнді шылаулар қатысады: Зор дауысынан кейде ыза мен зіл де байқалады, кейде Абайға қызық көрінетін мақал-мәтелдер айтылып кетеді. Біресе зор кеудені сілкінте, қалтырата шыққан ыстық жалын күрсіну естіледі, бірде сыбырлап, әлденені сөйлеп кетеді (М.Әуезов).
Ыңғайлас мәнді жалғаулықтардың да/де және әрі түрлері қайталанып келіп аталған құрылымдық қызметті атқарады. Бірақ мұндайда олар жоғарыдағы орнын сақтап отырмайды: да/де тек өз сыңарының соңында, әрі өз сыңарының басында ғана келмейді, олардың орын тәртібінде қатаң байлаулылық болмайды. Қараңыз: Іңір де түсті, боран да лоқсып-лоқсып қалып, қиқулап жүре берді (Ғ.Мүсірепов). Қи өзге отыннан әрі қызу, әрі оның шоғы ұзақ уақыт сөнбейді (С.Мұқанов).
Құрылымдық-синсемантикалық құрылымның қабаттаса жұмсалуы талғау мәнді жалғаулықтардың қатысымен де болады: Бұл істің шындығын не көзімен көрген айтар немесе құлағымен естіген айтар (Ә.Әбішев). Грамматикалық еңбектерде мұндай мән әлде шылауының қатысымында көрінетіні айтылады. Әлде шылауының қайталанып келуі -ма/ме сұраулық шылауымен тығыз байланысты. Тіпті, олардың бөлек жұмсалуы сирек. Осыдан да болса керек, мұнда талғаулық мәннен гөрі болжалдық мән басым: Әлде ауруы ұстады ма, әлде адам бауырына тығылып көрмеген сорлының жүрегі шын жылынды ма, Қамза жас балаша солқылдай өксіп, бұйығып дамылсыз жатыр. Өз ақылының іске аспай қалғанына ренжіді ме, әлде Асқардың айтқан сөзіне түсінді ме, Малдыбай астындағы көрпешенің жиегін шұқылап, басын көтермей ұзақ отырды (Т.Әбдіков). Екінші сөйлемді де қабатталған құрылымдық-синсемантикалық құрылымға жатқыздық. Бұл алдыңғы сыңардағы ма шылауының қызметін ескергендіктен болып отыр. Себебі оның қатысынсыз алдыңғы сыңар сөйлемге болжал мәні жамалмайды. Мұның үстіне талғау-жинақтау мағынасын білдіруде ма-әйтеуір моделі жұмсалады: Ұры алды ма, бөрі алды ма, білмеймін, әйтеуір жоқ болды. Қысыр қалғанына ағаш кінәлы ма, ауыл кіналы ма, оны мен білмеймін (Ғ.Мүсірепов).
Мұндай құрылым түрлеріне жіктеу, біздің байқауымызда, салалас құрмалас сөйлемнің мағыналық қатынасын айқындауға да септігін тигізеді. Бұл өз кезегінде шылау түрлерінің байланыстырушылық амалымен қоса, мағыналық жіктелуде де өзіндік орнын сипаттайды. Сондықтан да салалас құрмалас сөйлемді жалғаулықты, жалғаулықсыз деп сипаттау кұрылымдық-семантикалық топтастыру болып саналады. Сондықтан да біз Ж.Жакуповтың «Салалас құрмаластың жалғаулықты, жалғаулықсыз болып бөлінуі де құрылымдық фактіге жатады. Өйткені контекст арқылы да жалғаулықтың көмегінсіз мағыналық қатынасты табуға болады» деген тұжырымымен әрі келісеміз, әрі дау айтамыз[49] [93,19]. Келісетініміз — салаластың кұрылымына қарай жалғаулықты және жалғаулықсыз деп бөлінуі. Келіспейтініміз — мағыналық қатынастың тек қана контексте айқындалмайтындығы. Оны салаластық құрамда тұрып-ақ, шылаудың қатысы нәтижесінен шешу мүмкіндігіміз бар. Оған біздің талдауларымыз да сілтейді. Өйткені құрылымдық-синсемантикалық, автосемантикалық деп алып отырған белгілердің мағынаға да, сонымен бірге сөйлемнің грамматикалық түзілуіне де септігі бар. Д.Э.Розенталь, М.А.Теленкова сөздігінде автосемантикалық сөйлем дегеніміздің бір белгісі — басқа сөйлемдермен грамматикалық байланысқа түспеген кұрылым. Ал синсемантикалық сөйлем — бұған керісінше құрылым [50].
Салалас құрмалас сөйлемнің мағыналық негізі
Әдетте, құрмалас сөйлем түрлерін топтастыруда байланысудағы жеке сөйлем түрлерінің грамматикалық қатынасына сүйену басты орында тұрады. Бұл дұрыс та, тек қана ішкі жай сөйлемдердің синтаксистік байланысы мен мағыналық қатынасы ол құрмалас түрінің я қарсылықты, я шартты т.с.с. мәнде жұмсалуын көрсетеді. Қазақ тіл білімінде мұндай жіктеу құрмаластың барлық түрінде шешімін тапқан деуте толық негіз бар. Тіпті, олардың мағыналық топтарының бір-бірінде қайталанып келуі кездесіп отырады. Оларды біз сыңарларының тұлғалануына қарай салалас не сабақтас деп ажыратып жатамыз. Сонымен қатар бірінде бар мағыналық қатынас екіншісінде болмауы да мүмкін. Мәселен, сабақтас қатарындағы амал, мақсат, мезгіл бағыныңқылар салалас кұрылымынан немесе салаластың талғаулы, кезектес топтары сабақтас құрылымынан әлі күнге дейін танылмай жүр.
Қазақ әдеби тілінің жоғары дәрежеде даму үрдісі аталған сөйлем түрлерінің толық мәнде қолданылатынына негіз бола алады. Оған еш күмәндануға болмайды. Төмендегі екі құрмалас (сабақтас, салалас) түрінің мағыналық қатынасы мезгіл мәнді екені дау тудырмаса керек. Себебі оның екеуінде де екінші сыңардағы іс-әрекеттердің уақыты алғашқы сыңарларының еншісінде тұр. Қасқыр дем алған кезде, баланың көзі тыржитқан мұрнынан тамшылап аққан қанға түсті. Досы үш атымен Балуанды түнде соған апарып еді, ол судъяның аттарын босаттырып жіберді… (С.Мұқанов). Дәл осы сияқты мысалдарды талғау, кезектес мәнді түрлері жоқ дейтін сабақтас кұрмалас үшін де табуға болады. Тіпті, қазіргі күні сабақтастың жеке түрі болып танылған үлестес түрі кезінде салаластың кұрамынан кездескендігі де жоққа шығаруға болмайтын тілдік факт[51].
Қазақ тілінің құрмалас сөйлемдер жүйесінде мағыналық дамуды басқа қырынан сипаттауға бара қойған жоқпыз. Біріншіден, мағыналық даму дегенімізде жеке жай сөйлемдік үлгілердің бір-бірімен синонимдік, омонимдік, антонимдік байланысулары арқылы болатын құрмаласуларды түсінеміз. Бұл орайда синонимдік түзілімдердің сөйлемдер арасындағы (жай, сабақтас, салалас) қатынасын қарастырған М.Серғалиевтің еңбегін жоққа шығармаймыз. Бірақ ол еңбектің өзін аталған сөйлем түрлерін бір-біріне жақын қоя көрсеткен еңбек деп танимыз. Бұл, әрине, өз кезегінде біздің тақырыбымызға қатысты жол сілтер еңбек болатыны сөзсіз. Ал басқа мағыналық (омонимдік, антонимдік) дамуды қарастыру кұрмалас түрлерінің жаңа бағыты болмақ. Басқа қырынан сипаттауға бара қойған жоқ дегендегі екінші себебіміз — осы. Сонымен, құрмалас сөйлем түрлері, оның ішінде салалас құрмалас сөйлем, ішкі сыңарларының бір-біріне жақын мәнде келуі, тұлғалық жағынан бірдей болып, басқа мағынада жұмсалуы, болмаса қарама-қарсы мәнде қолданылуы мүмкін бе? Қолданыла қойса, грамматикалық қатынастың тигізер әсері қандай? Осындай сұрақтарға жауап беру үшін салалас құрмалас сөйлемнің жаңаша даму үрдісін — а) синонимдік дамуын; ә) омонимдік дамуын және б) антонимдік дамуын — қарастырып көрелік.
Салалас құрмалас сөйлем дамуындағы синонимдік мағына
Жоғарыда айтқанымыздай, бұл бағытта М.Серғалиевтің еңбегі жарыққа шықты. Ғалым «Сөйлемдер синонимиясы» тарауында түрлі мәндегі сөйлемдер жақындығын салыстыра қараған. Онда салалас құрмалас сөйлемнің басқа сөйлем түрлерімен синонимдігі таратыла айтылған. Сонымен қатар өз ішінде де, әсіресе ыңғайлас түрі, бірімен-бірі синоним болатындығы талданған[52]. Мұндай жайға қатысты, бірақ сөз тіркестік тұрғыдағы өз ойын Р.Әміров былай деп білдіреді: «Тілде әр типті сөз тіркестері дара-дара, белгілі бір мағынаны білдіріп оқшау жұмсалмайды. Олар көп жағдайда қызметі білдіретін мағынасы жағынан бір-біріне жуықтасып, бір-біріне синонимдес болып келетін жайлары өте көп болады»[53]. Синонимге қойылар талаптарды барынша жинақтаған Ә.Болғанбаев: «…синонимдік қатардағы әрбір жеке сөздерден контекске түскенде басқа қатарлар туып, бірімен бірі ұласып шексіз кете беруі мүмкін» — дейді[54]. Жеке сөз үшін, бұл арада синонимдер үшін, контекст — сөйлем іші. Синонимдер сөйлем ішінде, ең алдымен, негізгі мағыналы сөздердің қатысымен келеді. Олардың бір сөйлемнің ішінде тұруымен қатар, жеке-жеке сөйлемдер ішінен де іздестіруге болады:
Жаз шығып, жаманшылық жоғалғанда,
Тал гүлдеп, шалғын өсіп, оңалғанда.
Көлбеңдеп көкорайда күрілдетіп,
Орақшы пішен шауып, шөп алғанда (Шәкәрім)
Алтын балдақ ақ семсер
Саған арнап соқтырып
Салып қойдым қынапқа («Қыз Жібек»)
…Қарыс жауып қабағын
Суырып қыннан қылышын (Жамбыл).
Синонимдер тек осындай тұрақты қалпын, негізгі мағыналы сөз екенін сақтап отырмайды. Олар енді контекст ішінде өзгеріске түседі. Демек, әншейінде синоним бола алмайтын сөздер өзара мәндестік ұғымда орналасады. Мұны синтаксистік синонимдер немесе контекстік синонимдер деп атау бар: Әлгі Алтайдың аруларын айтуға тіл жетпейді. Жүзі айтарлықтай айнадай боп, көзі құралайындай боп, күлкісі атқан таңындай боп, беті құба талындай боп, былқ-сылқ етіп бұраңдасып, күбірлесіп, өлеңдесіп, езу тартса — есің кетіп, сұңқыл қақса — шым-шым етіп, бойың босап, ойың босап, кцялың қия кезеді (Ж.Аймауытов). Екі сөйлемнен тұратын шағын мәтіннің өзі бір ғана синонимдерден тұрған іспетті. Біздіңше, алғашқы арулар сөзіне соңғы сөйлемдегі кез келген теңеулер контекстік мағына тұрғысынан өте жақын. Екіншіден, осы сөздер ішінен де синтаксистік мәндес сөздерді табуға болады. Олар: күлкісі — езу тарту; күбірлесіп — сұңқыл қағу; былқ-сылқ — бұраңдасу / кұба талдай болу.
Тағы бір жағынан синонимдердің мәтін түзуге әкеліп түрғанын байқаймыз. Онда олардың салалас құрмалас сөйлем құруға да шеберлігі жетеді. Салалас құрмалас сыңарларында лексикалық немесе тұрақты синонимдер қатысып отырады. Оның өзіне талғаммен қараған жөн. Біздің айтпағымыз сол, екі бөлек салалас кұрмалас сөйлемнің белгілі бір сыңарлары өзара синоним болып келе береді. Бірақ ол сөйлем түрінің дамуын көрсетпейді. Мәселен, төмендегі сөйлемдердің алғашқысының бірінші сыңары екіншісінің соңғы сыңарына синонимдік қатар бола алады: Шұбар енді жауап қатқан жоқ, ол қатты құлшынып, ытқып тұрды да шыға жөнелді. Осыған келгенде Сәтбек жауап қатпастан өз жолдастарына қарап еді, бәрі шетке қарай ығып жым болды (М.Әуезов).
Біздің түсіндіруіміздегі синонимдік қатар бір ғана сөйлемнің ішкі бөліктерінің мәндестігінен туындап жатуы қажет. Және ол сөйлем бір ғана мағыналық қатынасқа, яғни себептес салалас, қарсылықты салалас т.с.с. негізделуі қажет. Бұл — бір. Екіншіден, синоним сөздерге қойылған шарт бойынша олар бір сөз табынан және бір ғана сөйлем мүшесі болуға тиіс. Жоғарыда берілген екінші сөйлемнің жеке сыңарлары бір-біріне синонимдес сияқты. Себебі алдыңғы сыңардағы жауап қатпау мен екінші сыңардағы жым болу осыған жауап береді. Бірақ жауап қатпауымыз — пысықтауыш та, жым болуымыз — баяндауыш.
Сонымен, салалас құрмалас сөйлемдердің жай сөйлемдік бөліктері бір-біріне жуық мәнде келеді. Сондай-ақ, олар негізгі мағыналы сөздерден, лексикалық синонимдерден болады: Абайдың да көзі жасаураған, Дәрменнің өз көзінен де жас парлайды (М.Әуезов). Жеке сыңарлардың ерекше белгілеудегі баяндауыштары мәндес, тіпті бір ғана ұғымда жұмсалған және олар жеке қолданғанда да сол ұғымға (жылау) ие. Біздің лексикалық синонимдер дегеніміз осы. Сонымен бірге сөйлем ішіне түскен әр түрлі сөздер жалпы сөйлемнің мағынасында жақын мәнде жұмсалуы мүмкін. Біз оларды жоғарыда контекстік немесе синтаксистік синонимдер деп атадық. Төмендегі сөйлем сыңарларындағы бастауыштар жеке тұрып бір-біріне синоним бола алмас. Ал мысалда олар бір-біріне жакын, тіпті себептің салдары осы негізден өрбіген: Май айында жер тоңы әлі жібімеген, жалаң аяқтарынан өткен суық шық өтіп шекесінен бірақ шықты (Р.Тоқтаров).
Синтаксистік синонимдер жайында аз да болса мағлұматты «Қазақ тілінің стилистикасы» оқулығынан табуға болады. Әсіресе, жай сөйлемге, оның ішінде сөйлем мүшелеріне байланысты мәндестікті қозғаған автор құрмаластың сабақтас түрін де сөз етеді. Мәселен, мезгіл бағыныңқылы сабақтастың тұлғалары әр түрлі болғанымен, мағына жағынан жақындықтары болып отырады. Нақтырақ айтсақ, олардың мағынасы бірдей де емес, «стильдік өңі, экспрессивтік мағынасы» әр басқа болып келеді[55]. Біз мұндай жақындықты да салаластың синонимдік дамуы ретінде қарастырамыз. Төмендегі сөйлемде көз тастап еді мен көз салып еді тұлғалы баяндауыштар өзара синонимдес. Расында да, екеуінің беретін нақты мағынасы — қарау. Бірақ олардың әрқайсысын барынша тарқатуға да болады. «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» бойынша түсіндірсек, «көз тастады — көзінің ұшымен қарады; қарап қойды, көз салды — назары ауды; аңсары ауды; қызықты»[56]: Ол aт үстінде дұрысталып отырып төңірегіне көз тастап еді, күншығыс жақ тұтасып жатқан теңіз екен. Қыз ақырын, бұрылып, төр жаққа көз салып еді, оқыған жігіт бір жастықты колтықтап, төр алдында қисайып жатыр (Ә.Нұрпейісов). Тілдік фактілерді сұрыптай келгенде, салалас кұрмалас сөйлем сыңарлары өзара мәндес жұмсалып отыратынын байқадық.
Қазіргі қазақ тіліндегі салалас құрмалас сөйлемдер жеті-сегіз мағыналық топқа сараланып жүр. Оның алғашқысы — ыңғайлас мәнді салалас құрмалас. Алғашында және онан кейінгі көптеген уақыт көлемінде осындай аталыммен танылса да, жоғары оқу орындарына ұсынылған екі оқулықта да мезгілдес болып орнықты. Мұнда тұрған ештеңе жоқ, бірақ «Ыңғайлас салалас болу үшін құрмаластың құрамындағы жай сөйлемнің санын дәл айтуға тырысу, әсіресе екеу деп нақтылау дұрыс бола бермейді, өйткені тіліміздің фактысына қарағанда, ыңғайлас салаластың кұрамындағы жай сөйлемнің саны екіден асып кетуі мүмкін»[57].
Ал мұндай предикаттық бөліктердің өзара мәндес тұрулары да қызық. Оларда, көбіне, алғашқыға ортаңғы, оған келесі сыңар жақын мәнде тұрады. Төмендегі сөйлемнің бас мүшелерінің бірі (бастауыштар) осындай контекстік синонимдер қатарынан танылады. Жағалауға жақын. тұстағы биіктеу дөңесте өңкей атан жілік кісілер — Байбақ, Олжабай, Сағидолла, Қарағұл, Әбдіғаппарлар, жердің шаңын аспанға шығарып, көбірек істеп, көбірек шулап жатқандар — солар, әсіресе Сағидолланың айқайы жиі-жиі естіледі (Т.Әбдіков).
Сыңарлардың бірі тұрақты тіркесті болып келіп отырады. Ырық бермейді баяндауышы ықылас жоқ баяндауышымен, ол өз кезегінде осы сөзтұлғаға жақын синтаксистік құрылыммен синонимдес екеніне мысал берелік. Мұнда да жарыспалы байланысудан туған синонимдік қатар орын алған: Анау ырық бермейді, «құп, жолдас лейтенант» дегенінде де ықылас жоқ, мейлі әйтеуір деген сияқты (Т.Ахтанов). Әрине, ыңғайластық мәндегі салалас сөйлемдердің қос құрамды түрі барынша кең қолданылады. Олардың предикаттық бөліктері осы мәндегі шылаулардың көмегінен де, ешбір шылаусыз, басқа синтаксистік кұралдар нәтижесінен де түзіледі.
Жалпы алғанда, ыңғайлас салалас сөйлемдердің синонимдес сыңарлардан түзілуі жиірек. Тегі, ол жеке сыңарлардағы іс-әрекеттердің бір мезгілде болуымен қатар, бірінен соң бірінің жарыса орын алып отыруымен байланысты болса керек. Мұндайда алғашқы сыңарда баяндалған іс-әрекеттен соң екінші сыңардағы қимыл-процесс бірден іске қосылады. Олардың өзара жақындығы сөйлемнің жалпы мағынасынан танылады. Бұл жайды М.Серғалиев көптеген мысалдармен көрсеткен. Ол: «Оның себебі мынада: дәл осы жағдайда ыңғайлас салаластың екі сыңарындағы оқиға бірінен соң бірі болғанымен, сол іркес-тіркестің өзінде екеуіне де тән жылдамдық бар» — деп, алдыңғы сыңар баяндауыштарының мұң екен, сол еді тұлғаларына бітетінін алға тартқан[58]. Бұған тілдік фактілер де толығынан жауап береді: Тәңірберген тізгін ұстаған қолымен am шоқтығына жармасып, үзеңгіге аяғын сала бергені сол еді, көз қиығы кейінгі жақтан келіп қалған біреуді шалды (Ә.Нұрпейісов). Қалай болғанда да, «Құрмалас сөйлемдердің синонимикасында да белгілі тәртіп, заңдылық бар» — деп М.Серғалиев дұрыс аңғарған. – «Атап айтқанда, құрмаластың әр түрі бір-бірімен қалай болса солай синоним бола бермейді: олардың бөліктерінің мағыналық қарым-қатынасы мен байланысы басты критерийге айналады»[59].
Түсіндірмелі салалас сөйлем жайлы мәлімет алғашында іліктес аталымымен де тиянақталған. 1967 жылы грамматикалық еңбектегі құрмалас сөйлемнің осы бөлімін жазған Т.Қордабаев түсіндірмелі салалас аталымына тоқталды. Онан кейінгі уақытта бұл аталым өз мәнін жоғалтқан жоқ. Ал оның жеке сыңарларының өзара мәндес тұруы тіптен белсенді. Бұл оның жасалу жолдарына байланысты болса керек. Мұндай мәндестік, ең алдымен, сол есімдігінің түрлі тұлғалануымен көрінеді: Сенің жөнің бөлек дегенім сол, сен сонау жиналған жас буынның қайнаған ортасындасың (М.Әуезов). Асқардың үрейленгені сондай, жаны шығып кететіндей көрінді (С.Мұқанов). Сілесі қатып қалжырағаны соншалық, жанынан жібек орамалды әзер алып терін сүртті (Ә.Нұрпейісов). Хан кеңесі көптің көңілінен шыққаны сонша, оның арты ұлан-асыр тойға ұласты (Қ.Жұмаділов).
Бірақ түсіндірмелі салаластың әр түрлі сөйлем сыңарларындағы мәндестігі жиі екендігі байқалады. Төмендегі сөйлемдердің алғашқы сыңарларындағы айт сөзтұлғасының әр түрлі болып келуі осыны аңғартады: Бір ғана айтарым бар: мұны парыз-қарызсыз жас тілеулестік істеткен іс десеңіз болды (М.Әуезов). Қашаннан бері айтып келем саған: құйрығын шаншып ала жөнелгені түлкінің қаншығы болады (Ғ.Мүсірепов). Әуелі көнген себебімді айтайын: әкем үмітін жүктеген КЭП-ке соңғы бір уақытта мен де үміт жүктедім (С.Мұқанов).
Төмендегі сөйлемдеріміз де түсіндірмелі салаластар және олардың алғашқы сыңарлары біріне-бірі синонимдес. Тек соңғы сөйлемнің ғана жеке сыңарларында жақындық бар. Демек, олардың өзі өзара синонимдес: Үйге кіргенде көрді: он екі-он үш жасар кішкентай қыз қара орамалмен бетін бүркеп, белін таянып, керегеге қарап, дауыс қылып отыр екен (Т.Әбдіков). Қабанбай көз мөлшерімен бір қарағанда-ақ байқап үлгерді: жаудың мына келе жатқаны үш мыңнан аспайды. Бүгін қонақтарымен бірге маңайдағы Мәмбет, Қарақұрсақ ауылдарын аралап келе жатқанда байқады: жұрттың бәрі де жұмыртқадай тұтынған ақ үйлерін тігіп, жердің сәнін енгізіп-ақ жіберген екен (Қ.Жұмаділов). Әбен жиналыстың қалпын бақылай қойып еді, алдыңғы қатардағы колхозшылар терезеден Ақадырға қарасып отыр (Ғ.Мүсірепов).
Түсіндірмелі салаластың өз ішінен синонимдікті таба беру мүмкін де бола бермейді. Мәселен, төмендегі мәлім етті сөзтұлғасына біткен түсіндірмелі салаластың жеке сыңары, онан кейінгі сөйлемдердегі айқайла, мазақ етер ем, созды, шығады сөзтұлғалары бар сыңарлармен контекстік синоним кұрайды. Ол сөйлемдердің мағыналық қатынасы да әркелкі: шарт мәнді, оның шылаулы түрі және кезектес мәнді салаластар: Қаceндep келісімен барлық жылқышы мәлім етті: өткен түнде көк шолақ жылқыға шауып, бір жабағыны жеп кетіпті (М.Әуезов). «Әй, Досбол, құрбаныңды ұрлап сезіпсің, құдайыңнан безіпсің» — деп, үш мәрте айқайла, сосын келмей көрсін. Бір-екі жас болса да үлкендігін білдіріп әлімжеттік жасайды, әйтпесе мына түрін мысқылдап мазақ етер ем (С.Мұратбеков). Біржан біресе бұлбұл нақысты, көп ырғақты «Жиырма бесті» созды, біресе наз қоңыр, кең тынысты «Жанбота» шығады (М.Әуезов)
Салалас құрмаластың ішінде жиі кездесетіннің бірі — қарсылық мәнді түрі. Ондай сөйлем түрі, ең алдымен, жеке сыңарлар аралығындағы синонимдігімен көрінеді: Мырыш ауыл кедейлерінің басын қосып, артель болу туралы сөз қозғап еді, жиналған жұрт мұның сөзіне құлақ қоюдың орнына өзін тәлкек қылды (Б.Майлин). Оның дөңгелек көзі кірпігін қақпастан қадала қалатын, әдеті бар еді, бұл жолы ол Әбдірахманның тұла бойын, жүзін шарлап қарады (Х.Есімжанов). Алғашқы сөйлемдегі ерекше белгілеудегі сөзтұлғалар айтты, сөйледі мағынасын білдіріп тұр да, екінші сөйлемдегі сөзтұлғалардың жалпы мағынасы қараудың шеңберіне сыйып тұр.
Қарсылық мәндегі салаластардың белгілі бір сыңарлары осындай құрылымдағы басқа бір сыңарлармен мәндес тұра алады. Төменде жұп-жұбымен төрт сөйлем берілген. Олардың алғашқы екеуі алдыңғы сыңарлар нәтижесінен мәндес келеді де, соңғы екі сөйлем соңғы сыңарлар нәтижесінен синонимдік қатар құрайды. Олардың бірі фразалық тіркесте де тұр: Ірі денелі солдат мылтығына ұмтылып еді, бірақ Кәлен оны да қарсыласуға келтірмеді (Ә.Нұрпейісов). Қасқыр бір қызыл қойға ауызды салғалы ентелеп келіп еді, бағанадан айғайлап келе жатқан қойшы касына кеп қалды (М.Әуезов). Бақсы-балгерден талай дәрі де іштім, малмен де емделдім, бір де бір сәті түспеді (С.Мұқанов). Кәлен бір кісісімен Ұлықұмның ішіне қалыңдап кіріп, жоғалып кетермін деп еді, бірақ оған да болмады (Ә.Нұрпейісов).
Қарсылық мәндегі салаластардың басқа мәнді сөйлем түрлерімен синонимдес тұруы да кездеседі. Мұндай жақындыққа олардың сыңарлық қызметі әкеледі. Мәселен, төменде қарсылық мәндегі айтпай тоқтау себеп мәндегі үндемеумен сәйкеседі: Белгілі мақалдың «Берген санап береді, алған еселеп қайтарады» дейтін жалғасы да бар еді, Ақжелең оны айтпай тоқтады (Ғ.Мүсірепов). Ешкім үндемеді, өйткені бұндағы кісілердің бәрі де қарт әйелдің даусын білетін (Ә.Нұрпейісов).
Мұндай мәндестік сәйкесулер себеп мәнді салаластардың әр түрлі сөйлем сыңарларынан да табылады. Төмендегі екі бөлек сөйлемнің жеке сыңарларындағы ақырып еді мен саңқ ете қалдының мәндестігін жоққа шығаруға бола қоймас: Кенеттен Әлдеке қатты ақырып еді, шошынып Жүсіпті құшақтай алды (Ғ.Мұстафин). Әзиз әфенді «жақсы адам едісін» айтып үлгермеді, қалың қамыс арасынан бір қою дауыс саңқ ете қалды (Ә.Сәрсенбаев). Себеп мәнді салаластардың бір сөйлем ішіндегі сыңарлардан жақындасуы болып тұрады. Мәселен, Алайда қатындардың көңілі бұл көріске жарымады, өйткені Ақбілек суырылып сөйлей алмады (Ж.Аймауытов) сөйлемінде көрісу де сөйлеу. Осы жағынан олар мәндес және көріске жарымау сөйлей алмаудың салдары.
Сөйлемдердің жеке сыңарлар қарым-қатынасының синонимдігін қорытсақ, олардың сөйлем синсемантикасына барынша әсері болатыны байқалады. Әрине, мұндай қасиет о бастағы әр алуан сөйлем түрлерінің мәндестігінен туындайды. Бұл орайда қалыпты жай сөйлемдердің мағына, реңк жақындығы құрмалас сөйлем сыңарларымен мәндестікте тұруға ауысады. Ал жеке сыңарлардың өзара мәндес тұруы — көп зерделеуді қажет ететін құбылыс, бірақ қажет құбылыс.
Салалас құрмалас сөйлем дамуындағы омонимдік мағына
Қазақ тіліндегі омоним сөздердің тексерілуінде кемшілік жоқ. Тіпті, олар соңғы уақытта синтаксистік тұрғыдан, оның ішінде кұрмалас сөйлем шеңберінде де, сипатталып өтті. С.Адаеваның пікірінше, «Омонимдердің синтаксистік түрлері де болады: Сен келгенде, екеуміз де ауылға баратын едік. Бұл мысалды шарт бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем ретінде де, мезгіл бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем ретінде де қабылдауымыз мүмкін»[60]. Мұндай мәселенің салаласу нәтижесінен кұрмаластық сөйлем түрінде тиянақталуы бола қойған жоқ. Түсініп отырғанымыздай, жеке сыңарлардың тұлғалануы бірдей болғанымен, мағынасы әр түрлі құрылуы қажет. Бір қарағанда, олардың түк қиындығы да бола қоймас. Мәселен, еді тұлғасына бітіп, салаластың түрлі мағыналық тобын құрайтын сөйлемдер кездесе береді: Күн кешкіре келе бұлыңғырланып еді, ұзамай қар жапалақтай бастады. Қолындағы картасын жиып тастап Дәндібай шамға таман еңкейіңкіреп еді, Аққұлаш та мойнын сәл бұрыңқырап қырындады (Ғ.Мүсірепов). Оның дөңгелек жүзі кірпігін қақпастан қадала қалатын әдеті бар еді, бұл жолы ол Әбдірахманның тұла бойын, жүзін шарлап шықты (М.Әуезов). Жәнібек мойнын созып қарап еді, қос құлағын жол жаққа тігіп тұр екен (Қ.Жұмаділов).
Берілген төрт сөйлемді де интонация арқылы құрмаласуға келген салалас құрмаластар деп білеміз. Құрмаласудағы сыңарлардың қарым-қатынасынан грамматикалық мағына шешіледі. Әдетте, олардағы іс-әрекет ыңғайласып, бірінен соң бірі атқарылып жатады да, мезгілдес салалас құрмалас болады. Біздің мысалымыздағы алғашқы сөйлем осындай негізде өрбіген. Енді бірде екінші сыңардағы баяндаудың уақыты бірінші сыңардағы іс-әрекетке байланысты болады. Мұндай салаластың түрін мезгіл мәнді деп тиянақтаған жөн. Сөз орайы келгенде айта кеткен орынды, мезгіл мәнді сөйлем түрі әр сатыдағы оқу орындарында да қамтылмайды, оқулық және грамматикалық еңбектерден де орын алған жоқ. Үшінші сөйлемде біріне-бірі бағынушылық болмаса, біріншісінен екіншісі өрбитіндей ерекшелік жоқ. Бұл жолы олар тең дәрежеде келіп, мағыналық жағынан біріне-бірі қайшы мән құрайды. Ал соңғы сөйлемнің бұларға қарағандағы басты ерекшелігі сол, мұнда алдыңғы сөйлемдерде болғандай қасиет жоқ. Бірінші сөйлемдегідей бірінен соң бірі туындамайды, үшінші сөйлемдегідей қарама-қарсы мәнде де емес, тіпті екінші болмаса әдеттегі талдауларда болатындай соңғы сыңардың қасиеті біріншіден танылмайды. Керісінше, бірінші сыңар соңғы сыңар есебінен түгенделеді. Басқаша айтқанда, басыңқылық қызметті бірінші сыңар атқарады. «Демек, алғашқы компоненттегі оқиға желісі кейінгілермен түсіндіріліп ашылып отырса, мұндай сөйлемдер түсіндірмелі салаластың тобын құрайды»[61].
Иә, алдыңғы сыңарлардың бірдей тұлғаға бітіп, мағыналық қатынастың әр басқа болуы жиі, әрі олар сол сыңар баяндауышының көмекшілік қызметіндегі сөзтұлғалардан шешіліп отырады. Төмендегі сөйлемдер де біріне-бірі омоним болып келеді. Алғашқысы — мезгілдес мәнді салалас та, соңғылары — себеп мәнді салаластар. Соңғыларының өзі бір-бірімен де омонимдес болады, өйткені алғашқысында себеп бірінші тұр да, салдардың бірінші баяндалуы екінші сойлемде. Мағыналық қатынас алғашқы сыңарлардың екен сөзтұлғасына бітуімен беріледі: Күн еңкейіп барады екен, терезеден қиыс түскен сәуле вагонның ішін шақырайтып жіберді (Қ.Жұмаділов). Оқытушылар жөнді қызмет ақы ала алмай, сабаққа да салақ келеді екен, оқуы мардымсыз болды (Ж.Аймауытов). Ернін шоқ қарып алғандай екен, баланың еті лапылдап жанып жатыр (Ә.Нұрпейісов).
Еді, екен сөзтұлғалары -ып/іп формантты негізгі етістіктермен тіркесіп келіп отырады. Мұндайда алдыңғы негізгі етістікпен тұлғалас келген басқа сөйлем түрлерімен омонимдік қатар кұрайды: Нақ осы кезде қолында бір құшақ қағазы бар хатшы кыз кіріп келіп еді, Сәлім даусын кенеп, сеннен сізге көше сөйледі (Б.Қыдырбекұлы). Ол әкемнің борышқорларына ақыра келіп еді, олар ығысудың орнына шапылдап, бойларына дарытқан жоқ (С.Мұқанов). Мысалдарда келіп еді сөзтұлғасының әсерінен екі түрлі сөйлем мағынасы туып отыр: алдыңғысы — себеп мәнді де, соңғысы — қарсылық мәнді. Бұл жерде кіріп сөзтұлғасы мен ақыра сөзтұлғасының да өзіндік әсері бар шығар, бірақ тұлғалану ыңғайындағы бір түрлі сөздердің тіркесуін көздеп отырғанымызды ескертеміз. Сонымен бірге мұндай мағына қалыптастыруға жоғарыда айтылған екен сөзтұлғасы еді сөзтұлғасындай басқа етістік форманттарымен тіркесіп те, соңынан шылау сөз ертіп те қатыса береді.
Біздің байқауымызда, аталған сөзтұлғалар сөйлемнің мағыналық қатынасы жағынан әр түрлі болып келуіне, жақындата айтсақ, олардың омонимдес болып келуіне барынша көмек жасайды. Ал басқа тұлғада келетін етістік баяндауыштардың мағына әсерін тану көп ізденісті қажет етеді. Етістік баяндауышқа біткен предикаттық сыңарлар көп кездескенімен, олардың омонимдік қатар түзуге әкелуі жоғары дәрежеде емес. Бірақ аз да болса кездесіп отырады. Төмендегі сөйлемдер жерге түсті сөзтұлғасымен тұлға жағынан жақындайды, дегенмен алдыңғы сөйлем ыңғайлас мәнде тұр да, соңғысындағы іс-әрекеттерден қайшы мән өрбіген: Қолындағы сойылы сол сәтте сылқ етіп жерге түсті, Әзімбайдың өзі аттың шылбыр тізгінін тастап жіберіп, шалқалап сілейіп қалды (М.Әуезов). Қарғыған тай секіріп жерге түсті, бала кұламады (С.Мұқанов).
Болды етістігіне біткен мезгілдес және себеп мәнді салалас сөйлемдерге мысал келтірейік: Аяғын жерге тигізді болды, сұмдық ауру тұла бойын мың сан найзамен түйрелей, төбесінен бір-ақ шығатын (Ғ.Мүсірепов). Әлден уақытта көлік даяр болды, алды айғайласып, ауылдан баяулап жөнеле берді (Ж.Аймауытов).
Жоқ сөзтұлғасына біткен сыңарлардың да омонимдікке жақын тұратынын байқауға болады: Үй-іші не болып жатқанымен ісі жоқ, жайраңдап мас болып арсалаңдап жүргені. Үйде кенеу болар тамақ жоқ, арықтан өлген бұзау-торпақтың су татыған жасығы жүректі кесіп төмен тартады (Ж.Аймауытов). Ұн тартып, қырғын боп жатқан ештеңесі жоқ, бірақ бидай куырып, талқан түйіп тіршілік жасайды (Б.Нұржекеев). Үш сөйлем сыңарларының жоқ сөзтұлғасымен аяқталуы және мағыналық қатынастың әр түрлі (мезгілдес, себеп, қарсылық) болып келуі оларды өзара омонимдік қатарға тізбектеп түр.
Әрине, жоғарыда айтқанымыздай, мағыналық қатынасы бөлек, алғашқы сыңарларының тұлғалануы жақын сөйлемдерді жинастыру қиындық тудыра қоймас. Екінші жағынан, бір ғана мағыналық қатынас құрайтын кұрылымдар ішінен омоним болатын сөйлемдерді таныту да лазым. Біздіңше, мезгілдес мәнді сөйлемдердің өзі бір-біріне омоним бола алады. Ондайда, әрине, негізгі мағына сақталады. Бәрімізге мәлім, мезгілдес мәнді сөйлемдердегі болатын қимыл-әрекет қанша ыңғайласып жұмсалғанымен, атына заты сай бір уақыт шеңберінде орындала бермейді. Олардың уақыт мөлшері де шартты. Мәселен, баяндаудағы екі қимыл-әрекет бірінен соң екіншісі бірден іске асып отырады: Пештің алдына жүресінен отырып Балғын от тұтатып жатыр екен, қаңылтырға тиген от лапылдап сәулеленіп Балғынның бетін қара балаға жарқ еткізді (Б.Майлин).
Енді бірде мұндай қимыл-әрекеттердің алдыңғысы іске асады да, соңғысы аз уақыттан соң ғана баяндалады: Жастар бір бөлек әзілдесіп отыр екен, мен де соларға қосылдым (Б.Майлин). Мұндай сөйлемдердің үшінші бір түріндегі баяндаулар басқаша орын алады. Әр сыңардағы оқиғалар өз алдына жеке баяндалып отырады, бірақ уақыт мезеті бір мөлшерде болады: Бұлардың көргені бөкеннің бір бөлегі ғана екен, қуғыншылар қоршаған батыс жақтан тағы бір қорасы андыздап жортып келеді (Қ.Жұмаділов). Көрсетілген сөйлемдердің барлығы мезгілдес мәнді салалас кұрмалас сөйлем болып келген. Бірақ ішкі мағыналарына үңілсек, әр түрлі мағыналық реңктің бар екенін байқауға болады. Сондықтан да мұндай сөйлем құрылымдарын жартылай омонимдік кұрылымдар деп санауға болады.
Жартылай омонимдік құрылымдарға сыңар баяндауышындағы азын-аулақ дыбыс өзгерістеріне ұшыраған сөйлем түрлерін жатқызуға болатын сияқты. Төмендегі екі мезгілдес сөйлем сыңарлары де шылауы арқылы байланысқан, реңктік мағына жағынан аздаған ерекшелігі де бар (алғашқысындағы іс-әрекеттер тез арада орындалады да, екіншісінде ондай тездету жоқ), сонымен қатар баяндауыштарының кұрамы де шылауымен ерекшеленеді: Бірақ сенің әрбір оқыс қозғалысың ол кісінің талқысына шалынбай өтпейді де, ретсіз айтқан сөзің құлағына ілінбей де қалмайды (Ә.Сәрсенбаев). Арада сан рет арыз, тексеру, ізденудің айлары өтеді де, ең ақыры жақында ғана жандарал кеңсесінен рұқсат алып екеуі шіркеу жолымен зорға некеленіпті (М.Әуезов).
Мұндай құрылымдар тек шылаудың бірінің қатысуымен де шешіледі. Әрине, шылаудың мағыналық қатынастың басқадай болып құрылуына септігі тиетінін ескерген жөн. Біздіңше, төмендегі шылаулы сөйлемнің шылаусыз сөйлемге қарағанда себептік мәнде тұрғаны анық: Ол күнге жиырма жылдан асып кетті, жиырма бес жыл да боп қалған шығар (Ж.Аймауытов). Жаугершілікте ата-анасы басқа жаққа ауып кетті де, бала менің қолымда қалды (Қ.Жұмаділов). Бұл арада де шылауы себеп мәнін туғызып тұрған жоқ, әрі өзі жиі қолданылатын ыңғайластыру мәнін де сақтап отырған жоқ. Мысалдық сөйлем түрлерін омонимдікке жақындатып тұрған екеуінің екі түрлі мағыналық қатынаста тұруы да, жартылай омонимдік тұрғыдан талдануына әкелген — бірінде де шылауының әрі байланыстырушылық қызмет атқаруы, әрі сыңар тұлғасының басқадай дыбысталуы.
Жартылай омонимдік кұрылымға еді тұлғасының жіктеліп келуі де әкеледі. Мәселен, жоғарыдағы алғашқы сыңарлары еді тұлғасына аяқталған мезгілдес мәнді салаластармен төмендегі едім тұлғасымен келген қарсылық мәнді салалас омонимдес. Тұлғаларындағы өзгешелік -м жіктік жалғауы ғана: Оған да көнбес едім, менің Күләнға жазған хаттарымды Мақан Сарбаланың қолынан көріпті (Ж.Аймауытов).
Сонымен, синтаксистік омонимдерді тарата келе, мынадай ерекшеліктерге көңіл аударғанды жөн санадық. Біріншіден, лексикалық омонимдердің басты өлшемі олардың әр түрлі сөз табынан болуы еді ғой. Синтаксистік омонимнің, оның ішінде салалас құрмалас сөйлемдердің омонимдігі, шешімін басқадай жолмен тапты. Онда тұлғалары бірдей алдыңғы сыңарлар іріктеліп алынды да, оның омонимдігі құрмалас сөйлемдерде болатын мағыналық қатынас белгілерінен шешілді. Екіншіден, лексикалық омонимдер өзара мағыналас байланыстан аулақ болады. Біздің қарастыруымыздағы омонимдік қатарлар бір мағыналық қатынастың ішінен де таратылып жатты. Демек, мағынаға әсері бар реңктік кұбылыстар да тарқатылды. Үшіншіден, түрлі дыбыстық өзгерулердегі ауытқулар да баяндалды. Ондайда мағыналық қатынастың әр алуандығы, сонымен қатар шағын реңктік мәні ескерілді.
Салалас құрмалас сөйлем дамуындағы антонимдік мағына
Бір-біріне қарама-қарсы мағынада тұратын сөздер де лексикалық тұрғыдан түсіндіріліп келді. Оның дұрыстығына да шүбә келтірмейміз, сонымен қатар лексикалық антонимдердің өзінің контекске қарай түрленіп келетінін, яғни бірде антоним болатынын, бірде болмайтынын ғалымдар ескеріп отырған[62]. Қалай болғанда да, антоним сөздердің танылуы сөйлем шеңберінде болады. Мұндайда әдеттегі ақ пен кара, көп пен аз, үлкен мен кіші, кету мен келу сынды сөздер қарама-қарсы мәнде келіп, белгілі бір саланың ең соңғы шекке дейінгі дәрежесін білдіреді. Мәселен, ақтың ең соңғы қарама-қарсы шегі қара. Екеуінің аралығында ақшыл, ақсұр, қоңыр т.с.с. түстер бола береді және олар сөйлеммен болсын, жеке тұрғанда болсын, адам танымында оңай табылады. Бұған қоса жеке тұрғандағы лексикалық мағынасы жағынан қарама-қарсы мәнде болмайтын сөздер сөйлем ішінде жалпы қарсылық мәнді білдіре береді. Абай өлендеріндегі өлген мен саудың қайшы мәнде келуі контекске байланысты: Ішім өлген, сыртым сау. Адам ұғымында өлудің қарама-қарсылығы тірі де, саудікі ауру. Ал контекстік қолданыста жөні басқа.
Біздің қарастыратынымыз да осы мәселе. Бір жай сөйлемдік құрылымда жекелеген сөйлем мүшелерінің өзі бір-біріне қарсы қойылады: …жылт еткен қап-қара көз көрінді де, көк қауылдырық ішіне қайта жасырынды (А.Мекебаев). Құлазып жатқан өлік далаға қайнаған өмір беру деген абыройлы-ақ іс шығар (Ғ.Мүсірепов). Алғашқы сөйлемдегі көрінді, жасырынды сөзтұлғалары қарама-қарсы мәнде, әрі сөйлем мүшелері жағынан баяндауыш болып келген. Екінші сөйлем бұл тұрғыдан біраз ерекшеленеді: өлік пен өмір беру сөзтұлғалары бір сөйлем ішінде келген, әрі екі түрлі сөйлем мүшесі қызметін атқарған. Демек, антонимдік құрылымға синонимге қойылатындай бір сөз табына, бір сөйлем мүшесіне бағынышты сынды талап қою орынсыз. Бұл орайдағы ой өрбітуіміз ғалым А.Жұмабекованың ұстанымымен сәйкеседі. Ол былай деген болатын: «Көркем әдебиетте және көркемсөзде антоним экспрессия үшін пайдаланылады, олар антитеза, акротеза, амфитеза, диатеза, антиметабола, оксюморон сияқты әр түрлі стильдік фигураларды құрайды. Ғылыми әдебиетте антоним тек сапалық, бір сөз табына тән, әр түрлі түбір сөздер деп қарастыратын да пікірлер бар, алайда бұндай көзқарастар антонимияның тіл жүйесіндегі және сөйлеу барысындағы барлық мүмкіндіктерін қамти алмайды»[63].
Жай сөйлем шеңберіндегі антоним сөздер қызметінің кеңеюін салаластық байланысулардан байқауға болады. Мұндайда олардың лексикалық түрлері басқа мәнге ауыспай-ақ қайшылық мәнде тұрады. Төмендегі сөйлемдерден орын алған дос/жау, кәрілік/жастық сөздері лексикалық мағыналарын толық сақтап тұр, бірақ сөйлем мүшелік қызметі жағынан әрыңғай: біріншісінде екеуі де бастауыш та, екіншісінде бастауыш-анықтауыш: Бұрын бір ұры досым болатын, енді бір ұры жауым артық болар (Ә.Нұрпейісов). — Шеген аға, біздің шығыста кәрілік деген онсыз да ұзақ емес пе, жастық жолын бөгей беріп не керек? (Ғ.Мүсірепов).
Синонимдік құрылымдарда болатындай, сөйлемнің түр-түрі біріне-бірі антонимдік қатынас кұрайды. Мұның өзі сөйлем мүшелерінің қарама-қайшылығынан дамып отырады. Жақын түсіндірсек, сөйлем мүшелері арасында болатын мұндай мән енді жай сөйлем мен құрмаластың бір сыңарының қайшылығымен көрінеді. Төмендегі микромәтінде өліпті сөзімен аяқталған жай сөйлем — онан кейінгі берілген салалас кұрмаластың соңғы сыңарының антонимі: Бірақ aт қайтпады, аттың құны ғана төленді. Көктемде ұйыққа батып өліпті. Асқар шегір торының терісін алып еліне келді (Т.Әбдіков). Біздің қыстауларымыздың үстінен көп ауыл күзекке қарай көшіп өтеді, солардың малынан сескеніп қарумен күн кештік қой (М.Әуезов).
Салалас құрмалас сыңарларының әр түрлері де антонимдік құрылымда тұрады. Белгілі бір сөйлемдердің алғашқы сыңарлары өзара қайшы болып келсе, енді бірде олардың соңғы сыңарлары қарсы болып отырады. Тағы бірде біреуіндегі алғашқы сыңар екіншісіндегі соңғы сыңармен антонимдік жұп құрайды. Мысалдарды осы түсіндірменің ретімен баяндайық: Шайдан кейін жолаушылар жүрмек болып еді, Жағыпар «дәм ішпей кетпейсіңдер» — деп, зорлағандай қылып атты доғартты (Т.Әбдіков). Көпшілік бөгелгенде болып еді, бірақ Баймағанбет ертеден бұл сөзді естіген, жауабын да білетін (М.Әуезов). Үлкендер қатты қорқытып қойған болу керек, үйдегілер дауыстарын шығара алмай, жаншылып егіліп жылайды (М.Әуезов). Олжабек пен Көрібай келді бір кезде, Шығанақ домбырасын сүйей салып, күліп жіберді (Ғ.Мұстафин). Ознобин қонағын астан кейін де жібермеді, әкелі-балалы екеуі ортаға алып отырып, түннің бір уағына дейін сөйлесті (Ә.Нұрпейісов). Мәмет үндемеді, өзі де солай ойлаған, оны несіне кемпіріне қайталап жатады (Б.Нұржекеев).
Тақырыбымызға сай антонимдік кұрылымдардың дамуы да қазіргі әдеби тілімізде жоғары дәрежеде. Ең бастысы, бұл арада антонимдік құрылымды сыңарлары қайшы мәнде тұратын салаластың қарсылық мәнді түрімен бірдей қарауға болмайды. Демек, антонимдік сыңарлар ыңғайлас мәнді, себеп мәнді, шарт мәнді т.б. салалас сөйлемдердің барлығында келе береді. Мұндай қасиет жоғарыда талданғандай, жеке сыңарлардан да көрінеді. Тағы бір мысал келтірсек, төмендегі сөйлемдердің мағыналық қатынасы әр түрлі: біріншісі — түсіндірмелі, екіншісі — қарсылықты. Бұлардағы антонимдік мән сол, алғашқысының алдыңғы сыңарында субъектінің қайтып келуі баяндалады да, соңғысының соңғы сыңарында субъектінің қайтып келмеуі беріледі: Түн ортасында Любаға еріп кеткен Жанқия апай таң алдында ғана оралған еді, тегі Атанияз мырзалардың манағы Арман ағай айтқан айласын алдын ала сезіп, соған қарсы шараларға дайындалған болса керек (Ә.Сәрсенбаев). Ол кеткелі, міне екі-үш айдың жүзі болды, сол сапардан әлі оралған жоқ (Қ.Жұмаділов).
Әрине, мұндай қасиеттерді антонимдік құрылымдардың қатысынан тауып отырудың мәні зор және олар бір мағыналық қатынас шеңберінде шешілгені жөн. Төмендегі сөйлемдердің әр сыңарлары біріне-бірі қарсы мәнде, бірақ мағыналық қатынастары бөлек-бөлек: Ата-анасы ерте қайтыс болды да, жастайынан жетім қалған Дөненбай немере ағасы Бекмұраттың қолында өсті (С.Мұқанов). Бұл мезгілдес мәнді салалас құрмалас сөйлем. Оның қарсылық мәнде тұруы да жеңіл: Бөлімше командирлері жүгіре жөнелді, тек қарт жұмысшы қозғалмады (Ә.Нұрпейісов). Салыстырма мәнді салаласқа мысал келтірейік: Білген адам тауып айтады, білмеген адам қауып айтады (Мақал). Кезектес мәнді салалас: Кей жерлерді жау өртеп келеді, енді бір жерлерді жау қолына түсірмейін деп елдің өзі өртеп кетіп барады. Бірде қабағы түксиеді, бет-әлпеті күлім қағады (Ғ.Мүсірепов). Түсіндірмелі мәнді салалас: Октябрь төңкерісінен кейін патшаның жоғын жоқтап шыға келген көп генералдан Орынбор атаманының бір артықшылығы бар: Орынбор атаманы өзге генералдай Бугая Ресей қамын ойлағансып құлашты кең сілтеген жоқ (Ә.Нұрпейісов). Талғау мәнді салалас: Бұл үлкен адамның кішірейгені ме, кішкене адамның үлкейгені ме? (Ғ.Мүсірепов). Шарт мәнді салалас: Пайда ойлама, ар ойла (Абай).
Антонимдік құрылымдардың сөйлем мүшелерінің қатысымынан салалас құрмаласқа жетіп отырғанын байқадық. Олар, көбіне, сыңарлардағы баяндауыш мүшенің қайшы келуінен түзіледі: Мынау далада қарсы тұрар бір күші жоқ болғаны ма, әлде, тіпті осы сұрапылды да елемейтін ерекше күш бар ма? (Ғ.Мүсірепов). Бастауыш-баяндауыш үлгісіне бағынған антонимдік құрылымдар да жиі кездеседі: Жас — қартаймақ, жоқ — тумақ, туған — өлмек (Абай). Мұндай құрылым толықтауыш-баяндауыш үлгісінде болады: Кұдай жаратқан тіршілікте шешімі жоқ ештеңе болмайды деп ойлайтын бұрын. Асқанға — тосқан, қылмысқа — жаза, сабырға — мұрат, еңбекке — зейнет, таршылыққа — баршылық, әйтеуір бір азаптың ақыры қайыр — кез келген жазмыштың соңында жауабы болмақ (Т.Әбдіков). Мұндағы кұрылымдар әрі антонимдік, әрі синонимдік мәнде келген: Сабырға — мұрат, еңбекке — зейнет құрылымын қарсы мәнінде тұр деп айта алмаймыз. Жалпы, мұндай үлгідегі қатынаста есім сөздерден болған сөйлем мүшелері тұрады: Үй ішіндегі аппақ бу сейіле бере, соңынан ілескен алты-жетілер шамасындағы немересі Ақылбай көрінді. Басында өзіне шақтап тігілген түлкі тымақ, аяғында да тізесінен жоғары киіз байпақты кішірек саптама етік, құдды ергежейлінің шалы (Р.Тоқтаров). Сонымен, антонимдік құрылымдарды да салалас құрмалас сөйлемнің мағыналық дамуына әсері болады деп айта аламыз. Сонымен бірге тілдегі контекстуалды, біздіңше синтаксистік, антонимдер «Тіл жүйесінде бір-біріне қарама-қарсы семантиканы білдірмей, әр алуан тілдік және тілден тыс себептерге байланысты контексте бір-біріне қарама-қарсы қойылады»[64]. Осы мәселені біз басты қағида етіп ұстындық та, антонимдік құралдардың сөз арқылы, сөйлем мүшелері арқылы, жай және салалас құрмалас сөйлем арқылы болатынын танытуға тырыстық.
Қорытынды немесе паратаксис теориясы
Қазіргі күні қай ғылым түрін алсаңыз да жан-жақты даму үстінде және дами да береді. Ғылым жоқтан жасалмайды. Бірақ «Екінші жағынан алғанда, ғылым — қоғамның өзі дүниеге келтірген, өркендеуіне жағдай туғызған құбылыс» және оның мақсаты да сол, «…қалыптасқан қағидаларды талдау, көнергендерін өзгерту, керек десе оған қарсы тұру»[65]. Сондықтан да өзімізге белгілі тілдік категорияны, осыған дейін синтаксистік байланыс ретінде танылып, талданып келген паратаксисті, барынша кең, терең түрде түсіндіруді мақсат еттік. Бұл оны қоғамның өзі дүниеге келтірген құбылыс екенін дәлелдей түседі. Әрине, тілдің синтаксис қабатындағы паратаксистік қызмет қалыптасқан қағидаларды талдау иәтижесінде іске асырылды. Демек, біз бұрынғы бар нәрсені барынша дамыттық, көнергендерін өзгерттік, керек жерінде оған қарсы тұрдық. Себебі Абай атамыз айтқандай, «Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп».
Паратаксистің маңызы тілдегі байланыстылықтың, тұтастықтың, үйлесімділіктің, тепе-теңдіктің ғылыми қызметімен көрінді. Ең алдымен, мұндай тілдік бірліктер қатарына тұлғалануына қарамай-ақ бірдей қызмет атқаратын құрылымдар жатады. Сол сияқты тұлғалануы тиянақты болып келетін салалас құрмалас сыңарлары екі түрлі қызметте келе береді: бірде олардың орнын ауыстыруға болса, енді бірде ондай қасиеттен айырылады. Бірақ бұл паратаксис заңына қайшы келмейді. Екіншіден, біртұтас бірліктердің ішкі бөліктері бірдей тұлғада тұруы шарт та емес. Сондықтан біздің қарастыруымызға бірліктердің ішкі бөліктерінің тең дәрежеде тұру қасиеті емес, олардың бірімен-бірінің орнын алмастыруға болатын ішкі бөліктерді қамтыған түрлері кірді. Үшіншіден, тиянақсыз тұлғада тұрып (сөйлем сыңарларына қатысты), ішкі бөліктері тең дәрежеде келетін құрылымдар көптеп кездеседі. Біз бұл қатарға салыстырма, түсіндірме, қарсылық мәнді сабақтас құрмаластарды жатқызар едік. Оларды сөз орайына қарай айта кетсек те, зерттеу негізіне айналдырмадық.
Түркі жүйелі тілдерде болсын, оның ішінде қазақ тіл білімінде болсын, сыр-сипаты жан-жақты талдау нысанасына іліккен синтаксистік байланыс түрі екеу: салалас және сабақтас байланыс. Салалас байланыс – сөз бен сөз, сөйлем мен сөйлемнің бір-біріне тәуелсіз күйде, тең дәрежеде тұрып байланысуы да, сабақтас байланыс – осы сияқты тұлғалардың бір-біріне иек арта, бағына байланысуы. А.Байтұрсынұлы сөзіне сүйенсек, «Сөйлем ішіндегі сөздердің басын түсінікті етіп құрастыру, сөйлемдерді түсінікті етіп жасау туралы сөз табиғатынан шыққан түрлі заңдар, тәртіптер бар, қысқасын айтқанда, өз алдына білерлік толып жатқан білімдер бар»[66]. Бұл заңдылық тілде синтаксистік байланыс деп танылса керек. Синтаксистік байланыс құрмалас сөйлемдерді түр-түрге топтаудағы басты белгі болып та есептеледі. Тақырыптың нысаны болып отырған паратаксистік қызмет құрмаластың алғашқы түрінде жан-жақты сипатталып келді. Біз оны барынша талдауға айналдырдық. Бірақ ол бұрынғыны қайталау емес. Тек паратаксис нәтижесіндегі құрмалас бірліктің функциялық, құрылымдық және мағыналық белгілеріне жан-жақты тоқталдық.
Қ.Жұбанов: «Сөз белгілі тәртіппен тізіліп барып хабар болады. Сөздер жеке-жеке жүреді, бірақ олар жекелік үшін жасалған емес, басқаға жанасым тауып, үйлесерлік болып жасалған» — дейді[67]. Соңғы уақыттарда жарық көрген еңбектерден салаласа байланысқан сөз тіркесімдерінің зерттеу нысанасы ретінде еленбей жүргенін байқауға болады. Мұндай тілдік бірліктердің жанасым табуы олардың паратаксис қызметіне тәуелді екенін көрсетті. Сондықтан да ішкі құрылым бөліктеріндегі орын алмасулардың жалпы бірліктің біртұтас мағынасына әсер етпейтіндігі, сонымен қатар олардағы бөліктердің орын алмасуға көне бермейтін жайттарын қадағалау басты меже болып белгіленді.
Еңбектің синхрондық тұрғыдан қарастырылуы себепті мұндай тілдік материал қазіргі газет-журналдардан, қазақ ақын-жазушыларының көркем шығармаларынан алынды. Теориялық тұжырымдар жасау, нақты түсінік беру үшін орыс, түркі, әсіресе қазақ тілші-ғалымдарының ғылыми еңбектері, энциклопедиялық және философиялық сөздік материалдары пайдаланылды. Паратаксистік қызметтегі бірліктерді ғылыми негізде сипаттау мақсатымыз төмендегі міндеттердің шешімін іздестіргенде:
- тіл біліміндегі синтаксистік байланыс заңдылығын басшылыққа ала отырып, паратаксис қызметіне қатысты ерекшеліктерін ашқанда;
- оның негізі салаласудан туындаған аналитикалық тәсіл және оның тиісті амалдармен жұмсалатынын назардан тыс қалдырмаған жағдайда;
- мұндай қызметтегі тілдік бірліктердің ұғым мен байымдауды жеткізудің құралы екенін ескеріп отырғанда, демек ішкі құрылым бөліктерінің орын алмасу, алмаспау «қабілеттерін» барынша пайдаланғанда;
- паратаксиспен бір жүйеде қарастырылатын заңдылық арақатынасын: жақындығын, яки ұқсастығын, қарсылығын, яки айырмашылығын және басқа да белгілерін айқындағанда ғана орындалатынын сезіндік. Сол себепті болса керек, ізденіс бағыты қазіргі қазақ тіліндегі бір-бірімен тең дәрежелік қатынасқа құрылған сыңарларды қамтыған бірліктерді біртұтас тілдік құбылыс ретінде анықтап беруге ауды.
Дыбыс жүйесіндегі байланысуға қатысты ерекшеліктерді қарастыруда жекелеген дыбыс, фонемалардың мән-мағынасы, байланыстық қызметі ашылды. Дыбыстың байланыстық қызметін қазақ тіл білімінде алғаш рет Қ.Жұбанов анықтаған. Түркі тіл білімінде А.Ж.Будаев қарашай-балқар тілінің дыбыстық жүйесін, х, һ дыбыстарының қызметін, Т.Талипов ұйғыр тілінің тарихи ескерткіштердегі дыбыстық ерекшеліктерді, Н.К.Дмитриев қосар дыбыстағы дыбыстық салаласуды, Т.К.Ахматов буын мәселесінің дыбысқа қатысын, Н.Авазбаев буынның қызметі мен жіктелуін таразылаған. Бұның өзі түркі тіл білімінде дыбыстық салаласу айтылмаса да, оған қатысты пікірлердің болғанын айғақтайды. Қ, ғ, к, г дыбыстарын салаласқан дыбыстар деген пікір И.А.Батманов сөзінен аңғарылады. Орыс тіл біліміндегі дыбыстың байланыстық қызметі В.В.Иванов, Б.Н.Головин, Л.В.Бондоренконың зерттеулерінен көрінді. Мәселен, Л.В.Бондаренко дыбыс тіркесімдеріндегі бағынушылық пен тең дәрежелікті қозғап өтеді. Дыбыстық жүйедегі салаласу палиндром сөздерде бар. Бұл олардың екі жақтан оқығанда да мағыналы сөздің жасалынғанынан, бір ұғымдағы сөзді білдіргенінен байқалады. Ал мұндай сөздер қазақ тілінде көптеп кездеседі. Сондықтан дыбыстық салаласу басқа да фонетикалық терминмен қатар бола алады деп есептейміз.
Сөз жүйесінде сөздің мағыналық жағы, оның тілдің өзге салаларына материал болатындығы қарастырылды. Ю.С.Маслов сөздердің қарама-қарсы жұппен және синонимдік қатармен тендестік дәрежеде болатындығын түсіңдірді. Б.Н.Головин сөздердің еркін/байлаулы мағыналы болатынын айтады. Осыдан біз байлаулы мағынаның тек негізгі, көмекші сипатта ғана болмайтындығын байқаттық. Қосарланған, кейбір біріккен түбір сынарлары өзара тең дәрежелік қатынаста болып, орын ауысып отырады. Бұл тұрақты тіркестерге де тән. Тұрақты тіркестер ішкі құрылымдары жағынан байланысуы ажырамайтындай болғанмен, олардың ішінде сөз тұлғаларының синонимділігі, орын ауыстыруы, варианттылығы кездеседі. Мұның өзі олардың ішінде салаласудың барын білдіреді. Бұл түйін Р.А.Будагов, Ю.С. Маслов, Н.М.Шанскийдің пікірлерімен тиянақталды. Нәтижесінде, сөздік құрамға қатысты тең дәрежелік тұлғаларға омоним, синоним, антоним, фразеологизмдер жатқызылды. Себебі олар контексте түрлі жақтармен көріну арқылы өздерінің тең дәрежелік қатынастарын көрсете алады. Сондай-ақ, табу мен эвфемизм, дисфемизм, біріккен, қосарланған кісі есімдерінің орын ауыстыруы да салаласуға сай келеді. Бұған қоса септеулік жалғаулары арқылы қосарланған сөздердің де тең дәрежелік қатынаста болуы дәлелдені.
Қазақ тілінде фразеологизмдердің де салалас құрмалас сөйлемдік үлгіде және сабақтас құрмалас сөйлемдік үлгіде келіп, тең дәрежелік қатынаста болатындығы байқалды. Тұрақты тіркестердің тендігі сөйлемдік үлгіде де, сөйлемшелік түрде де, тіркестік түрде де, олардың өзара синонимділігінде де, көп мағыналықта да сипат алып отырады. Мұндай қызметте болатын тілдік бірліктер синтаксистің барлық сатысында көрініс береді. Олар мыналар:
♦ салаласа байланысқан сөз тіркесімдері. Еңбекте мұндай тіркестердің сөз таптарына қатысы, байланыстыру амалдары мен грамматикалық қатынасы шешімін тапты;
♦ жай сөйлемнің құрамдық түрлері. Жай сөйлемнің жалаң, жайылма, күрделенген және құрылымдық түрлері, сонымен бірге бірыңғайланып жұмсалатын сөйлем мүшелері математикалық өлшем (квадрат, куб) шамасымен шешімін тапты. Сандық сипаттау есімді сөйлем мен атаулы құрылымдардың қызметін көрсетуде де пайдаланылды;
♦ салалас құрмалас сөйлем. Еңбекте аталған қүрмалас сөйлем түрінің құрылымдық және мағыналық дамуына барынша көңіл бөлінді. Мәселен, синонимдік, омонимдік және антонимдік құбылыстардың салалас құрмалас сөйлемнің мағыналық тобын танытудағы ерекшеліктері талдаудан өтті.
Еңбекте паратаксистік қызметті теориялық тұрғыдан таныту мақсатында оның грамматикалық белгілерін жинақтау керек болды. Себебі олар салаластық қатынас, салалас байланыс, салаласу деп әр түрлі көрсетіліп жүргенмен, біртұтас тілдік құбылыс ретінде танылмаған. Тілдік бірліктердің паратаксистік қызметін қарастыру ондағы тендік дәрежені анықтау болып саналады. Грамматиканың алғашқы түрі морфологияның қарастыруындағы жұрнақтарды теңдік шамасымен тарқатуға болады. Жұрнақтағы теңдік шама олардың қабаттасып жұмсалуынан байқалады. Х.Досмұхамедұлы ондай жұрнақтарды шын жұрнақ деп атап, олардың басты белгісін сингармонизм заңдылығымен шешеді. «Шын жұрнақтың бәрі қос болады. Жуан түбірге я тұқылға жуан түрінде жалғанады, жіңішке түбірге я тұқылға жіңішке түрінде жалғанады»[68]. Ғалым жеткізуіндегі шын жұрнақтар қазіргі күні де сөзтудырым құбылысында белсенді қызмет атқарады. Және олардың атқаратын қызметі мен сөзге мағына жамау қасиеті де тең: қалашық, үйшік дегендегі жұрнақтар тек кішірейту мақсатында, балаша, кісіше салыстыру мәнінде. Мұндай жұрнақтардағы тепе-тендік олардың өзара қайшы мән тудыруымен де сипатталады: таулы, таусыз. Түркі тіл білімінде -лы/-лі жұрнақтарын тек қана сөз тудырушы деп қараудың біржақты екендігі айтылып қалады. Мәселен, Е.А.Поцелуевский бұл жұрнақты форма жасаушы деп көрсетсе, Е.Н.Убрятованың пікірінше, -лы/лі жұрнағы сын есім тудыру қасиетімен қоса, синтаксистік байланыстыру қызметін қоса атқарған.
«Если же при общности функции формальные связи отсутствуют, нужно говорить не о вариантах одной морфемы, а об омосемии (равнозначности) разных морфем» — дейді Ю.С.Маслов. Ғалым ойын жалғастырсақ, «…омосемичными являются и функционально тождественные морфемы, принадлежащие к одному типу, если они не связаны чередованиями. Примером такой омосемии могут служить в русском языке суффиксы страдательного причастия -/п/ -(дан) и -д/-(взят), или окончания 1-го лица единственного числа -/и/ -(сижу) и -/ш/ -(ем), или творительный падеж -/ом/ -(столом), -/ju/ (костью) и /oj/ (горой, слугой)»[69]. Орыс тіл білімінің сөзжасамында екі түбірді біріктіруде дәнекер дыбыстардың (о, е) қызметіне сүйену де бар. Және ол екі басқа түбірдің тұлғалық қалпын сақтап тұруына көмектеседі: рельсоукладчик, грязеводолечебница. Ғалымдар мүндай сөз жасалуының екі жолын көрсетеді. Берілген мысалдар сол екі жолдың бірі салаласа байланысуға (по способу сочинения) бағынған[70].
Мұның үстіне орыс тіл білімін тексерушілер қосарлану мен қайталану нәтижесіндегі сөзтұлғаларды да таниды. Олардың түбір күйінде келуін де, қосымшалар арқылы берілуін де тілдегі негізгі бірліктер ретінде біледі. Қос сөздердің қайталанып келіп стилистикалық қызмет атқаратыны қазақ тіл білімінде тиянақталды. Ал оның қосарлануындағы, оның ішінде салаласып байланысуындағы ерекшеліктер, біздің еңбекте шешімін тапты.
Түркі тілдерінің ішіндегі якут тілінде күрделі сөздің сан шамасы 100-ге жетіп жығылады екен. Н.К.Антоновтың пікірінше, күрделі сөздер барлық сөз табында да бар. Ең жиісі зат есім (52), онан кейінгі орында сын есім (14) де, саны жағынан үшінші кезекте үстеулер (10) тұр. Ғалым күрделі сөз түрлерінің барлық жасалу жолын көрсетеді. Бізге жақын келетіні – қос сөздердің бірігуінен болған тұлғалар (слиянием парных слов) [71]. Күрделі сөз түрлерінің сөз табы қүрамында қаралуын «Түркімен тілі грамматикасын» құрастырғандар қалайды. Ғалымдар зат атаулы күрделі сөздердің жасалуы ретінде біріккен түбірлер мен қосақталған түбірлердің берілуін көрсетеді. Біріккен сөз жасалуының бір жолы ретінде ұсынылған мына өлшемнің өзіндік ерекшелігі бар. «Первый компонент с аффиксом, второй – без него. Например: оклукирпи «дикобраз» (первый компонент ок (стрела, пуля! с аффиксом -лы, второй компонент – кирпи (еж)»[72]. Мұндағы -лы жұрнағын сөз бен сөзді байланыстырушы ретінде тану қажет. Аталған жүрнақтың байланыстыру қызметі жоғарыда айтылды. Еңбек авторларының көрсеткен есім сөз бен есім сөздердің тіркесімінен болған кісі аттары (Айбиби, Ашырмәмбет) мен екі зат есімнің қайталануынан жасалатын сын есімдерді (дессе-дессе гүл; өйжүк-өйжүк агач) тақырыбымызға жақын тартамыз. Себебі алғашқы мысалда тең дәрежелік бар да, соңғысында салаласу бар. Жоғарыда айтқан салаласу тең дәрежеліктің ішкі бірлігі ретінде жұмсалады дегеніміз осы. Оның үстіне қос сөздерге қатысты айтылғандары қазақ тіліндегі қос сөз көріністерімен толық сәйкеседі.
Байқап отырсақ, сөз табына қатысты салаласу көбіне зат есімдік сөзтұлғалардан орын алады. Бірақ мұны тек осындай бір бағытта түсінуге болмайды. Заттың сынын, санын білдіретін сөз топтарында да салаласу бар. Мәселен, Н.М.Шанский орыс тіліндегі сын есімдердің күрделі түріндегі салаласудың нәтижесінен болған бірліктерді атайды. Ғалым пікірінше, біртұтас бірлік ретінде жұмсалатын күрделі сын есімдер сөз тіркесімдерінің бір-біріне бағына, болмаса тең дәрежеде байланысуынан да болып отырады. Күрделі сын есімдердің соңғы жолын ғалым: «Прилагательные, в которых слагаемые основы оформлены как основы прилагательных, с сочинительными отношениями» — деп көрсетеді[73]. Орыс тілі ғалымдары күрделі сын есімдердің дәнекер дыбыстардың қызметінен туындайтынын да ескертеді: «Сложные прилагательные, образованные из сочетания (посредством соединительного гласного) двух основ имен существительных, обозначающих равноправные понятия» — дей отырып, оған рабоче-крестьянский, товаро-пассажирский мысалдарын келтіреді[74]. Ал башқұрт тіліндегі күрделі сын есімдер синтаксистік және морфологиялық-синтаксистік тәсілдердің салаластық және сабақтастық қатынастар негізінде жасалуы орын алады. «Сложение с сочинительным отношением основ представлены парными прилагательными, все же другие сложные прилагательные характеризуются подчинительным отношением их компонентов» деген З.Г.Ураксин салаласа байланысқан күрделі сын есімнің бес түрлі қосақталу жолын көрсеткен[75].
Түркі тілдерінің сан есім топтарынан да салаласа байланысқан құрылымдарды кездестіруге болады. Мәселен, түркімен тілін зерттеген ғалымдар сан есімді морфологиялық құрамы жағынан жай, күрделі, қосақталған деп жіктейді. Ғалымдар көрсетуінде соңғы түр бір сөздің қайталануынан немесе екі, үш жай сан есімдердің қосарлануынан болады[76]. Екі сөздің қосақталуы қай тілде болсын бар, ал үш сөздің қосарлануы аталған тілде орын алады екен. Қарақалпақ тіліндегі сан есімдер де синтаксистік, оның ішінде салаластық, байланысқа көніп отырады. Оны Н.А.Баскаков мысалдарынан анық байқауға болады. «Наконец, атрибутивнообстоятельственные формы числительных могут быть образованы также и синтаксическим способом» деген Н.А.Баскаков бир-бир, бир-бирлеп мысалдарын берген[77]. Аталған сөз таптарының салаласа байланысуының өзі көбіне ол сөздердің қосарланып келуінен болады. Атауға түспеген есім сөз таптарының ішінде кемі екі сөздің бірігуінен болған күрделі сөздер жоқ деп айта алмаймыз. Мәселен, якут тіліндегі біз және сіз жіктеу есімдіктерінің өзі үш сөзден түрады екен: «Сложные местоимения биһиги «мы» и эһиги «вы» состоят каждое из трех слов: би «я» и си «ты» и икки «оба», «вдвоем»[78].
П.П.Барашков есімдіктердегі «біз екеуміз», «сенімен бірге» мағынасын білдіретін икки сөзін шылау деп таниды. Икки-дің шылаулық қызметін Е.И.Убрятова жоққа шығармайды. Оны ғалымның мынандай мысалдары да дәлелдейді: Эн биһикки «мы с тобой» (из эн биһи икки «ты и мы»), кини биһикки «мы с ним» (из Кини биһи икки «он и мы»)[79]. Қарақалпақ тілінде қосақталып келген күрделі есімдіктер де бар екен. «Последнюю группу атрибутивно-обстоятельственных форм указательных местоимений составляют местоимения, представляющие собой сочетания слов: Парные слова (состоят из повторяющихся или различных по семантике указательных местоимений) например: мине-мине, олай да-былай, ане-мине, олайына да-былайына, ары да емес, бері де емес»[80]. Мысалдар күрделі есімдіктердің тек қосақталуын ғана емес, да/-де жалғаулық шылауының көмегімен де түзілетінін көрсетеді.
Етістік ішіндегі салаласуға жақын құрылымдарға байланысты пікірлер кездесе қойған жоқ. Тегі, «В системе глагола сложение не получило распространение. Сложные глаголы малопродуктивны» деген А.Н.Тихонов сөзін осы тақырыпқа қатысты айтса да болатын сияқты[81]. Бірақ мұнымен де іс бітіп қалмайды. Қазақ тіліндегі күрделі етістіктердің көп екендігі мәлім, сондықтан ондағы синтаксистік байланыстыру көрініс алатынына күмән жоқ.
Үстеу түрленбейтін сөз табына жатады. Үстеудің бұл қасиеті біздің тақырыбымызға да әсерін тигізіп отырса керек. Дегенмен, басқа түркі тілінде, жақын айтсақ, қарақалпақ тілінде үстеудің салаласа байланысудан болған түрі кездеседі. Оған Н.А.Баскаков: «Наречия, образованные посредством повторения двух слов с изменением начального согласного второго слова или прибавлением согласного, чаще всего губно-губного м, если повторяющееся слово начинается с гласного. К этой же группе могут быть отнесены редупликация типа теп-тез «быстрым-быстро» и наречия, образованные посредством повторения одной и той же основы с вставкой частицы -ма/-ме, -ба/-бе, -па/-пе» — деп, мынадай мысалдар келтіреді: аз-маз; тип-тикке; далъ-ма-даль; туп- па-тувры»[82]. Үстеудің қайталану мен қосарлану нәтижесінен болатынын және олардың зат есім, сан есім, үстеу түрлерінің өзінен жасалатынын башкұрт тілін зерттеушілер де алға тартады[83].
Септеулік шылаулардың ішінен де тең дәрежелікті іздеудің қисыны жоқ. Қайта, септеулікке қарағанда жалғаулық шылаулардың қызметі, әсіресе синтаксистік, оның ішінде байланыстыру қызметі жоғары. Оны А.В.Филиппов пікірімен білдіруге болады: «Союзы – это служебные слова, выполняющие синтаксические функции: 1) соединение слов (обычно знаменательных), соединение частей в составе сложного предложения, соединение отдельных предложении; 2) установления между связуемыми частями разных видов отношений»[84]. Мұндай пікір жалғаулық шылауды морфологиялық құрылымнан гөрі синтаксистік құрылыста қарауға итермелейді. Бұл дұрыс та. Бірақ тілде бұған қатысты басқа да пікір бар. «Тегінде, да шылауының жазылуына байланысты қиындықты оның белгілі бір жағдайда сөз бен сөзді байланыстыру қызметінің әлсіреп, ыңғайластық мағынасының көмескіленуіне байланыстыруға тура келеді. Мысалы, ұр да жық, ас та төк, у да шу, гу де гу, шырт та шұрт, азар да безер, опыр да топыр, қояр да қоймай т.б. дегендегі да/де шылауы негізгі сөзге бейімделіп тұрады да, оның сөз байланыстыру қызметін, компенсация ретінде интонация атқарады. Сондай-ақ, бұл шылаудың ыңғайластық мәні фразеологиялық тұтастықпен астасып кетеді» делінген Н.Уәлиев пен А.Алдашеваның құралында[85]. Сөз соңында мұндай сөздердегі да шылауын алдыңғы сөзбен біріктіріп жазуда (ұрда-жық) орнықтыру дұрыс деп санайды. Асылы, мұндай пікір аталған шылаудың салаластырғыш қызметін төмендете алмаса керек.
Одағай сөздердің негізін салаласу құрайды. Бұл оның айтылу ерекшелігімен байланысты. Бір қызығы, одағай бір дыбыстан да, оның қосарлануынан да болып отырады. Тіпті, оның сөйлемдік дәрежеде кездесіп отыратынын айтады ғалымдар. Мәселен, башқұрт тілінің грамматикасын зерттеушілер одағайды: «Состоят из одного гласного или трех одинаковых гласных, произносимых с паузой» дегенді айтса, Н.А.Баскаков: «Междометия в каракалпакском языке представляют собой как бы целые предложения – суждения, выраженные в прямой речи в виде отдельных слов непосредственных выражений эмоции, чувств, переживани и пр.» — дейді. Дәл осындай ойдағы ғалымдар қатары түркімен тіл білімінде де бар. Олар: «Междометия употребляются в одинарной, повторной, а иногда утроенной форме» — деп көрсетеді[86].
Еліктеуіш сөздердің дыбыстық еліктеуіндегі сөздер салаласа байланысқан болып келеді. Өйткені олар да одағай сөздер сияқты «…морфологиялық жағынан аморфты, синтакситік тұрғыдан қажетінше дербес». Олардың синтаксистік түрғыдан тәуелсіздігін қосақталып келген түрінен байқауға болады. Мұндайда олар, тіпті, арасына -да шылауын кірістіріп байланысады: Күңгірт сөйлеген шаңда-щұң дауыс шықты (С.Сейфуллин). Еліктеу сездердің басқа сөз таптарымен тіркесуінде тек қана бағыныңқы байланыс болғанымен, өз ішінде байланысу – салаластық. Оны еліктеу сөздердің қайталанып, дыбыстық өзгеріске түскенде қосарланып берілуінен байқауға болады.
«Сөз тіркестерінің негізі – сөз таптары. Сөз таптарының бір-бірімен сөз тіркесін құрауының басты тірегі тіркесімділік» деген пікірден өзіміздің такырыпқа қатысты екі құбылысты табамыз. Біріншісі – тіркесімділік, біздің ұғымымызда тіркесімділік тек сөз тіркесіне қатысты ғана ұғым емес, кез келген сөздердің тіркесін көрсететін теория. Екіншісі — сөз таптары. Сөз таптарының сөз тіркесіне қатысы жайлы зерттеулер екінші жағынан олардың салаластық тіркесімдердегі көрінісін де анықтауға итермелейді.
Салаласудың сөздерді байланыстырудағы қасиеті қазір төмендеп қалды деуге негіз жоқ. Бірақ синтаксистің негізгі салалары ретінде сөз тіркесі мен сөйлемнің танылуы оларды екінші орынға итермелегені де анық. Алғашқы зерттеулерде сабақтастырушы байланыс жабық байланыс, салаластырушы байланыс ашық байланыс деп танылып, сөз тіркесімдерінің өзін бағыныңқы және салаластық болады деп бөлу болды. Кейінірек оның өзіне түзету енгізіліп, салаластық, предикативтілік емес бағыныңқы және предикативтілік бағыныңқы деп үшке жіктеу де болды. Және ол барынша түсіндірілді де: «Каждый из типов характеризуется не только грамматическими особенностями, но и особенностями отношения к мышлению человека: сочинительные словосочетания выражают однородных в каком-то смысле понятий, подчинительные непредикативные словосочетания выражают – каждое — одно расчлененное понятие, предикативные словосочетания передают объединение понятий для образования суждения»[87]. Ю.С.Маслов та сөздердің тіркесімін кез келген мағыналы екі не одан да көп сөздердің байланысынан болатынын алға тартады. Ғалымның синтаксистік байланыс түрлеріне қатысты да пікірі бар. «Синтаксической связью мы называем всякую формально выраженную смысловую связь между лексическими единицами (словами, устойчивыми словосочетаниями), соединившимися друг с другом в речи, в акте коммуникации. Обычно выделяют два главных типа синтаксической связи – сочинение и подчинение. Для сочинительной связи характерна равноправность элементов, что проявляется в возможности перестановки без существенного изменения смысла (хотя при союзах и, или первое место в сочетании обычно обладает большим «весом», чем второе: ср. Жена и я — я и жена). При сочинении связанные элементы однородны, функционально близки: обычно не отмечается, чтобы один из них как-то изменял свою грамматическую форму под влиянием другого»[88].
М.Балақаев сөз тіркесі объектісіне бір-біріне тәуелді кемі екі сөздің байланысуын жатқызады. Ал басқа байланыстағы сөз тіркесімдер сөз тіркесінің емес, қазіргі пайымдауша, сөзтұлға синтаксисіне жатса керек. «Изучение словесных групп, соединенных не подчинительной, а сочинительной связью, и словесных групп, составляющих лексическое единство, а также полнозначных слов со служебными словами не входит в круг объектов синтаксиса словосочетании» деп тұжырымдаған М.Балақаев сөз тіркесінен тыс жатқан тілдік бірліктерді де атайды. Олар сөйлемнің бірыңғай мүшелері, сөйлемдегі оқшау сөздер, қос сөздер, негізгі мағыналы сөз бен көмекші етістіктің, демеуліктің тіркесі, күрделі (біріккен, тіркескен) сөздер және тұрақты тіркестер[89]. Ғалым есептеуінде, септеулік шылаулар мен көмекші есімдер арқылы байланысқан сөз тіркесімдері де бар. Оларды ғалым байлаулы (скованные) тіркестер деп атап, сөз тіркесінің бір сыңары ретінде жұмсалатынын айтады.
Сөз тіркесіндегі салаластық байланысуды тану Ф.Ф.Фортунатовта болды. Тіпті, ғалым предикаттық байланыстағы сөзтұлғаларын да сөз тіркесіне жатқызған. Ал қазір «Словочетания это такие сочетания слов, в которых слова объединены подчинительной связью. Наличие предикативной связи между словами свидетельствует о том, что перед нами не словосочетание, а предложение»[90]. С.И.Небыковамен пікір сәйкестігімізді білдіре отырып, сөз тіркесі мәселесіне, оның бағынышты қатынасқа орай өрбитініне байланысты, соқпағанымызды ескертеміз. Ал синтаксистің де ең негізгі объектісі болып танылатын сөз тек қана сабақтасып байланыспайды. Сондықтан да «В составе словосочетания и предложения слова находятся в смысловой и грамматической связи, причем способы связи могут быть различными, – дейді З.Г.Ураксин. – Между синтаксическими единицами два основных типа отношении, представляющие собой неравнозначные структуры: сочинительная связь и подчинительная связь»[91].
Рас, кейінгі жылдары салаласа байланысқан тіркестердің сөз тіркесінің жеке сыңары ретінде танылуы, болмаса сөйлем мүшелерінің бірыңғайланып жұмсалуы болып баяндалып отырды. Осыдан барып «Однородные члены предложения могут быть нераспространенными и распространенными. Они могут соединяться при помощи сочинительных, разделительных, сопоставительных союзов. Союзная связь может и отсутствовать»[92] дегенді барлық тіл білімінің құрылымында пайдаланып отырдық. Бірақ Р.Әміровтің: «Синтаксистік қатынасты білдіру үшін толық мағыналы екі (немесе одан да көп) сөздің сабақтаса, салаласа байланысқан тобын сөз тіркесі дейміз» деген ескертпесін де ұмытпаған жөн[93].
Қорыта айтқанда, қазақ және басқа тіл білімдеріндегі соңғы ғылыми жетістіктер ой елегінен өткізіліп, тақырыпқа байланысты маңызды қағидалар еңбекке тартылды. Әсіресе, қазақ тілші-ғалымдарының еңбектеріндегі теориялық негіздемелерге сүйеніліп, тілдік талдаулар, қорытындылар жасалды. Еңбек тіл біліміндегі жаңа бағыттардың – функционалдық семантика мен семантикалық синтаксис – теориялық негіздерін қалыптастыруға зор ықпалын тигізеді. Тіл білімінің философия, мәдениеттану, логика, математика ғылымдарымен қарым-қатынасын тұрақтандыра түседі, әрі оларды тығыз байланыстыра оқытуға мүмкіндік береді. Мұндай бағытты жүйелендіруге ғылыми ой-пікірлерді салыстыра сипаттау, контекстік талдау, жинақталған тілдік материалдарды жүйелі түрде баяндау, түсіндіру әдістерін пайдаланғанымызда көзіміз жетті. Сонымен қатар тілдік бірліктердің қолданылу дәрежесін нақты да дәл байқату үшін математикалық әдіс, оның квадраттық, кубтік шамаларына, диаграммалық көрсеткіштері мен сандық-сапалық қызметіне сүйену қажет болды. Ал ол өз кезегінде тақырыптьң нақты табиғатын жүйелеуге, оған тән заңдылықтарын белгілеуге, яғни лингвистикалық тұжырымдамасын айқындауға мүмкіндік берді. Сонда, паратаксистік қызмет дегеніміз тіл жүйесіндегі бірліктердің жеке сыңарларының тең дәрежелік қатынаста тұрып, әр түрлі амалдар арқылы байланысуына бағынған дыбыс жүйесінен құрмалас құрылымдық сатыда болатын біртұтас тілдік құбылыс болып табылады.
М А З М Ұ Н Ы
аңдатпа немесе тақырыпқа ғылыми негіздеме
Паратаксистің лексика-фонетикалық әлеуеті
Дыбыс жүйесіндегі байланыс түрлеріне қатысты ерекшеліктер
Сөз жүйесіндегі байланыс түрлеріне қатысты ерекшеліктер
Паратаксистің морфо-синтаксистік сипаты
Паратаксис құрылымды сөз топтары
Сөз тіркесімдеріндегі паратаксистік қатынас
Жай сөйлем және ондағы паратаксистік бірліктер
Паратаксистің құрмалас сөйлемдік қызметі
Салалас құрмалас сөйлемнің функциялық қызметі
Салалас құрмалас сөйлемнің кұрылымдық сипаты
Салалас құрмалас сөйлемнің мағыналық негізі
Салалас құрмалас сөйлем дамуындағы синонимдік мағына
Салалас құрмалас сөйлем дамуындағы омонимдік мағына
Салалас құрмалас сөйлем дамуындағы антонимдік мағына
Қорытынды немесе паратаксис теориясы
[1] Жиенбаев С. Синтаксис мәселелері. Алматы, 1941. – 8-б.
[2] Қазақ совет энциклопедиясы. 9 том. Алматы, 1976. – 620-б.
[3] Сауранбаев Н. Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі. Очерктер. Алматы, 1948. – 35-б.
[4] Томанов М. Құрмалас сөйлемдер туралы бірер сөз // Қазақ тілі мен әдебиеті. № 6, 1959. – 45-б.
[5] Айтжанова С. Екі және көп компонентті салалас сөйлемдердің құрылымдық-функционалдық арақатынасы. Филол. ғыл. канд. ғылыми дәрежесін алу үшін жазыл. дисс. Алматы, 1997. – 89-б.
[6] Есенов Қ. Құрмалас сөйлем синтаксисі. Алматы, 1995. – 8-б.
[7] Құсайынова Ж. Көп компонентті, аралас түсіндірмелі құрмалас сөйлемдер және олардың қолданылуы. Филол. ғыл. канд. ғылыми дәрежесін алу үшін жазыл. дисс. Астана, 2002. – 49-б.
[8] Жакупов Ж. Қазақ тілі функционалдық синтаксисі (контекст проблемасы). Филол. ғыл. док. гылыми дәрежесін алу үшін жазыл. дисс. Алматы, 1997. – 71-б.
[9] Қазақ тілінің грамматикасы. Том 2. Алматы, 1967. – 153-б.
[10] Сауранбаев Н. Құрмалас сөйлемдер және олардың даму жолдары // СССР Ғылым Академиясының Қазақ филиалының хабарлары. Тіл мен әдебиет сериясы. 1-кітап, 1944.
[11] Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы, 1998. – 30-б.
[12] Қордабаев Т. Тарихи синтаксис мәселелері. Алматы, 1964. – 99-б.
[13] Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. Астана, 2002. – 695-б.
[14] Хасенов Ә. Синтаксис пен пунктуацияның кейбір мәселелері. Алматы, 1957. – 38-б.
[15] Сауранбаев Н. Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі. Очерктер. Алматы, 1948. – 30-б.
[16] Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. Астана, 2002. – 696-б.
[17] Сауранбаев Н. Құрмалас сөйлемдер және олардың даму жолдары // СССР Ғылым Академиясының Қазақ филиалының хабарлары. Тіл мен әдебиет сериясы. 1-кітап, 1944.
[18] Мұсабаев Ғ. Қазақ тілі тарихынан. Алматы, 1988. – 21-б.
[19] Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. Алматы, 1992. – 301-б.
[20] Аманжолов С., Бегалиев Ғ. Қазақ тілі грамматикасы. Синтаксис. Бөлім 2. Алматы, 1943. – 31-б.
[21] Аманжолов С. Қазақ әдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы. Алматы, 1994. – 212-б.
[22] Сонда, 212-б.
[23] Сауранбаев Н. Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі. Очерктер. Алматы, 1948. – 26-б.
[24] Қазақ тілі мен әдебиеті мәселелері // Аспиранттар мен ізденушілер жинағы. VII шығуы. Алматы, 1971.
[25] Ахманова О.С. Словарь лингвистических терминов. М., 1966. – 158-с.
[26] Марузо Ж. Словарь лингвистических терминов. М., 1959. – 110-с.
[27] Толегенов О. Сабақтас құрмалас сөйлем жөнінде // Қазақ тілі мен әдебиеті. №4, 1959. – 50-б.
[28] Сауранбаев Н. Құрмалас сөйлемдер және олардың даму жолдары // СССР Ғылым Академиясының Қазақ филиалының хабарлары. Тіл мен әдебиет сериясы. 1-кітап, 1944.
[29] Есенов Қ. Құрмалас сөйлем синтаксисі. Алматы, 1995. – 113-б.
[30] Бүркітов О. Қазақ тіліндегі қайталамалардың лингвостилистикалық жүйесі. Филол. ғыл. док. ғылыми дәрежесін алу үшін жазыл. дисс. Алматы, 2001. – 160-б.
[31] Әбілқаев А. Қазіргі қазақ тіліндегі жай сөйлем түрлері. Алматы, 1963. – 44-б.
[32] Әміров Р. Ауызекі сөйлеу тілінің синтаксистік ерекшеліктері. Алматы, 1977. – 57-б.
[33] Жакупов Ж. Қазақ тілі функционалдық синтаксисі (контекст проблемасы). Филол. ғыл. док. гылыми дәрежесін алу үшін жазыл. дисс. Алматы, 1997.
[34] Жакупов Ж. Сложные синтаксические единства в современном казахском языке. Дисс. на соиск. уч. степ. канд. филол. наук. Қарағанды, 1990. – 124-б.
[35] Мамытбеков Қ. Қазіргі қазақ тіліндегі салалас құрмалас сойлем. Филол. ғыл. канд. ғылыми дәрежесін алу үшін жазыл. дисс. Алматы, 1973. – 56-б.
[36] Аманжолов С. Қазақ әдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы. Алматы, 1994. – 16-б.
[37] Мадина Ғ. Қазіргі қазақ тіліндегі жақсыз сөйлемдер. Алматы, 1959. – 25-б.
[38] Төлегенов О. Қазіргі қазақ тілі синтаксисі. Практикум. Педагогтік институттар мен университеттердің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімдеріне арналған құрал. Алматы, 1962. – 94-б.
[39] Салиева Ұ. Қазіргі қазақ тіліндегі жалғаулықсыз құрмалас сөйлемдер. Филол. ғыл. канд. ғылыми дәрежесін алу үшін жазыл. дисс. Алматы, 1974. – 189 б.
[40] Садирова К.Қ. Қазіргі қазақ тіліндегі көп компонентті салалас құрмалас сөйлемдер. Филол. ғыл. канд. ғылыми дәрежесін алу үшін жазыл. дисс. Алматы, 1997. – 147 б.
[41] Мамытбеков Қ. Қазіргі қазақ тіліндегі салалас құрмалас сойлем. Филол. ғыл. канд. ғылыми дәрежесін алу үшін жазыл. дисс. Алматы, 1973. – 210 б.; Айтжанова С. Екі және көп компонентті салалас сөйлемдердің құрылымдық-функционалдық арақатынасы. Филол. ғыл. канд. ғылыми дәрежесін алу үшін жазыл. дисс. Алматы, 1997. –129 б.
[42] Садирова К.Қ. Қазіргі қазақ тіліндегі көп компонентті салалас құрмалас сөйлемдер. Филол. ғыл. канд. ғылыми дәрежесін алу үшін жазыл. дисс. Алматы, 1997. – 74-б.
[43] Сауранбаев Н. Қазақ тіл білімінің проблемалары. Алматы, 1982. – 208-б.
[44] Мамытбеков Қ. Қазіргі қазақ тіліндегі салалас құрмалас сойлем. Филол. ғыл. канд. ғылыми дәрежесін алу үшін жазыл. дисс. Алматы, 1973. – 52-б.
[45] Қазақ тілінің грамматикасы. Том 2. Алматы, 1967. – 172-б.
[46] Сонда, 173-б.
[47] Қордабаев Т. Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер синтаксисі. Алматы, 1995.
[48] Есенов Қ. Құрмалас сөйлем синтаксисі. Алматы, 1995. – 37-б.
[49] Жакупов Ж. Қазақ тілі функционалдық синтаксисі (контекст проблемасы). Филол. ғыл. док. гылыми дәрежесін алу үшін жазыл. дисс. Алматы, 1997. – 19-б.
[50] Розенталь Д.Э., Теленкова М.А. Словарь-справочник лингвистических терминов. М., 1985. – 281-с.
[51] Аманжолов С. Қазақ әдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы. Алматы, 1994. – 180-б.
[52] Серғалиев М. Синтаксистік синонимдер. Алматы, 1981.
[53] Әміров Р.С. Жай сөйлем синтаксисі. Алматы, 1983. – 47-б.
[54] Болғанбаев Ә. Қазақ тіліндегі зат есімдік синонимдер. Алматы, 1957. – 18-б.
[55] Балақаев М., Жанпейісов Е., Томанов М., Манасбаев Б. Қазақ тілінің стилистикасы. Алматы, 1974. – 157-б.
[56] Кеңесбаев I. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. Алматы, 1977. – 257-б.
[57] Серғалиев М. Ыңғайлас салалас және онымен синонимдес сөйлемдер // Қазақ тілі мен әдебиеті. Алматы, 1974.
[58] Серғалиев М. Синтаксистік синонимдер. Алматы, 1981. – 127-б.
[59] Сонда, 53-б.
[60] Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы, 1998. – 299-б.
[61] Есенов Қ. Құрмалас сөйлем синтаксисі. Алматы, 1995. – 44-б.
[62] Кеңесбаев I., Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі (лексика, фонетика). Алматы, 1962. – 64-б.
[63] Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы, 1998. – 54-б.
[64] Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы, 1998. – 23-б.
[65] Кішібеков Д., Сыдықов Ұ. Философия. Алматы, 1994. – 309-б.
[66] Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. Алматы, 1992. – 264-б.
[67] Жұбанов Қ. Қазақ тілінің жоғарғы курсы. Алматы, 1999. – 62-б.
[68] Досмұхамедұлы X. Аламан. Алматы, 1991. – 86-б.
[69] Маслов Ю.С. Введение в языкознание. М., 1987. – 144-с.
[70] Современный русский литературный язык. JL, 1988. – 293-с.
[71] Исследования по грамматике якутского языка // Сборник научных трудов. Якутск, 1983. – 21-с.
[72] Грамматика туркменского языка. Часть I. Фонетика и морфология. Ашхабад, 1970. – 134-с.
[73] Современный русский литературный язык. JL, 1988. – 330-с.
[74] Грамматика русского языка. Том I. М., 1960. – 365-с.
[75] Грамматика современного башкирского литературного языка. М., 1981. – 188-с.
[76] Грамматика туркменского языка. Часть I. Фонетика и морфология. Ашхабад, 1970. 154-с.
[77] Баскаков М. А. Каракалпакский язык. Фонетика и морфология. М., 1952. – 234-с.
[78] Исследования по грамматике якутского языка//Сборник научных трудов. Якутск, 1983. – 26-с. 1
[79] Убрятова Е.М. Исследования по синтаксису якутского языка. М.-Л., 1950. – 241-с.
[80] Баскаков М. А. Каракалпакский язык. Фонетика и морфология. М., 1952. – 291-с.
[81] Современный русский литературный язык. JL, 1988. – 448-с.
[82] Баскаков М. А. Каракалпакский язык. Фонетика и морфология. М., 1952. – 222-с.
[83] Грамматика современного башкирского литературного языка. М., 1981. – 203-с.
[84] Современный русский литературный язык. JL, 1988. – 499-с.
[85] Уәлиев Н., Алдашева А. Қазақ орфографиясындагы қиындықтар. Алматы, 1988. – 70-б.
[86] Грамматика туркменского языка. Часть I. Фонетика и морфология. Ашхабад, 1970. – 476-с.
[87] Головин Б.Н: Введение в языкознание. М., 1977. – 192-с.
[88] Маслов Ю.С. Введение в языкознание. М., 1987. – 170-с.
[89] Балакаев М.Б. Основные типы словосочетании в казахском языке. Алма-Ата, 1957. – 16-с.
[90] Современный русский литературный язык. JL, 1988. – 518-с.
[91] Грамматика современного башкирского литературного языка. М., 1981. – 365-с.
[92] Современный русский литературный язык. JL, 1988. – 568-с.
[93] Әміров Р.С. Жай сөйлем синтаксисі. Алматы, 1983. – 10-б.