ҰСТАЗ ҰЛАҒАТЫ НЕМЕСЕ РУХАНИ ТЕКТІЛІК
Осы жылдың 30 қазаны күні аймақ мұғалімдерінің форумы өтті. Форум «Қазақ тілі, әдебиеті мен жас ұстаздарға» арналып ұйымдастырылды. Форум барысында көтерілген мәселелердің бір түйткілі Сағындықұлы Бекеннің баяндамасында қамтылды. Оқырмандарымызды ойсыз қалдырмас деген тілекпен жариялауды мақұл көріп отырмыз.
ұстаз ұлағаты немесе рухани тектілік
Тек бүгінгі күні дейін десем жансақтық болар. Бірақ осы өңірдегі қазақ тілінің бағы 1989-90 жылдары шырт ұйқыдан оянды десем ешкім дау айта қоймас. Дәл сол жылдары «Қазақ тілі» қоғамы атына мінді. Қазақы рух пен ұлттық намыс оянды. Дәл сол жылдары қазіргі «Бұқар жырау» атындағы музейдің үні шықты. Қазақтың әдебиетінің, қазақтың ән-күйінің, өнерінің, мұрағатының Меккесіне айналған орталық аз жылда-ақ өркениеттің өрнегін салып берді. Дәл сол жылдары қазақ филологиясы кафедрасының аты озық тұрды. Қазақы тәрбиедегі қазақтың ұлы мен қызы булығудағы ата-анасының аманатын арқалап, Сарыарқаның төсіндегі әдемі қалаға ауды. Алыстан-жақыннан келген абзал есімді азаматтар керекулік мәдениеттілікке сол жылдардың осы атаған жолдары арқылы куә болды.
Дәл сол уақытта білім алған бүгінгі әріптестеріміз «қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі» деген ұлық атты иелене бастады. Арада өткен 30 жылда аласапырандық базар да, ақшасыз өткен заман да болды. Тіпті, қанты мен шайын айыра алмай қиналған сәттерінде мұғалімдіктен безіп кетуді ар санаған шәкірттеріміз қазір ортада отыр. Дәл сол уақыттың студенттері – сіздер болмағанда бүгінгі мұғалімдердің өңірлік мәртебесі жайлы сөз қозғай алар ма едік, кім білсін?!. Сондықтан ұйымдастырылымдағы форумды өңірлік қазақ филологтарының еңбегіне берілген баға деп түсінгеніміз жөн.
Сол тоқсаныншы жылдарға дейін, тіпті бүгінгі күні де, қайыс ноқта орыстың шылбырауын мәдениетін серік санадық. Оны ертерек Абай айттыға салып, өзіміздің абырой-ақтығымызды арашалап отырдық. Менмендіктен ада қазақ ұлының айтқаны қыстауда қалған көңтерілікті көтерудегі мақсұты екенін ұмыттық, я болмаса түсінбедік. 175 жылдығы тойланайын деп отырған Абай бабамның «орыстан үйрен де жирен» дегенінің ақиқаттығын ақтарған Ж.Аймауытовты ауызға ала алмадық. Ақиық аудармашы, көсем публицист, шебер жазушы, дара драмматург Ж.Аймауытов: «Орыстың білімін алуға, өнерін білуге, жақсы жағын жаттауға еліктеу – дұрыс та; кәпірлігін (дінсіздігі деп түсініңіз), мақтаншақтығын (кейіннен жабысқан дерт деп түсініңіз), рақымсыз (қайырымсыз деп түсініңіз), қызықшыл (тойшылдық деп түсініңіз), қалташыл (ұрлық деп түсініңіз), антшыл «суық» шенеуніктігіне еліктеу (жемқорлық деп түсініңіз), ақсүйек болуға, салтанат түзеуге, тұрмысын, жүрісін, үй-ішін жат түрге салып (еуроремонт деп түсініңіз), қазақтан қашыртуға еліктеу – үлкен мін, кемшілік» — депті.
Қосарыңыз бар ма? Қалтқысыз бәрін айтқаны аздай, бүгінгі күннің бет-әлпетін көрсетіп тұрғанына күмәніңіз жоқ-ау, сірә! Қазақстан егемен ел болып, тәуелсіз мемлекет ретінде бір ұрпақтық ғұмырында (30 жыл дегенім ғой) 18 білім министрін басынан өткеріпті. 30-ды 18-ге бөлсең, 1 жыл 6 ай сайын ауыс-түйіске түсіп отырған екен. Әрине, білімге жасалған эксперимент із-түзсіз кетті дей алмаймыз. Бірақ Керекудің білім саясаты тұрақтылықта болыпты. Себебі аталған уақытта 3-4 қана білім басқармасының басшысы ауысыпты. Осыдан болса керек, Ертіс бойында орын тепкен «Павлодар – білімнің астанасы» деген халықтық атақты көп жылдар ұстап отырыпты.
Басында болған басшысымен білім басқармасын бағалап отырғамын жоқ. Керісінше, біліми атақтың көп жылдар тұрақтануына сіңірген Сіздердің еңбектеріңізді айтқым келіп отыр. Оның өзіндік себебі бар. Егер де рухани тектілікті қазақы толеранттылықтан таратқан қауым бар болса, ол осы аудиториядағы алпауыттар екені сөзсіз. Егер де қазақ тілі мен әдебиетіне қатер төнсе, басына қаны шабатындар да осылар. Сөзіне селкем түссе, өре түрегелетіндер де ортада. О баста осы мамандыққа келген жұрт жайбарақаттыққа салынбады. Әлі де ондай ойдан аулақ. Ертең де осылай болатынына сенейік.
«Ей, әуселесі бөлек әлеумет!». Бұл сөздер тіркесімі Әбіш абыздың Маңғыстаудың бас қаласы Ақтауда ашылған ескерткіші алдында айтылды. Мұны ақын Светқали Нұржан айтты. Сол «әуселесі бөлек жандар» — қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімдері. Қазақстан Еңбек Ері деген атақты алған Кекілбайұлы Әбіш те қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Мақтау мен мақтануға тұратын тұлғаларды тәрбиелейтін қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімдері екеніне де дау жоқ. Қазақтың жанын ұғатын, жетеңе жеткізіп ұғындыратын қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Атаң мен әжең, әкең мен анаң мұғалімдікте болмаған шығар. Бірақ баласын жетектеп әкелген сол ата-ана баласына қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімінің табалдырығын аттандырғанда, өзінің қазақ халқы алдындағы бір парызын өтегендей болып тұратынын ұмытпасақ игі?!
Қазақта классикалық білім беру Ахмет Байтұрсыновтан басталды. Өзінің аты аталмаса да, оқытуындағы өзгешелік өткен ғасырдың аяғына дейін өмір сүрді. Жаңа ғасырдың алғашқы он жылы жайбарақат болғанымен, онан кейінгі уақыт тыныштықтан айырды. Байырғы қазақ білімінде бастауыш бастап, баяндауыш бақылап тұратын. Қазіргі білім беру үдерісінде анықтайтын (анықтауышты айтамын) ештеңе жоқ. Бәрі Еуропадан толығып келген (толықтауышты айттым). Пысықтауыш та өзінше бір әлем. Бүгінгі балаң сөйлем мүшелері деген түсініктен ада болудың алдында тұр.
«Әдебиет – ардың ісі» дейтінбіз. Біздің ұрпақ пен бізден бір-екі ұрпақ бұрынғылар ақын-жазушының түр-түсін түстемей-ақ, оны оқыған шығармасы арқылы танитын. Қой баққан шопаның мен темір тепкен (тракторшыны айтып отырмын) тентегіңнің қолтығында жүретін көркем шығармалар қазіргі уақытта кітапхана сөресінен ысырылып жатыр. «Ескіріп қалыпты» дейді есі кеткендер. Есі кіргендер интернет пен смартфонның құлағын бұрап, әлуметтік желідегі таралымдардың құлы болып отыр. Құлдық құрылғылар құртып бара жатқаны анық. Мынаны қараңыз: БҰҰ-на 2400 ғалым қол қойып, хат жазыпты. Сұрағандары құлтемірдің тым әсірешілдігі, роботтың адами ой-сананың қабілетін меңгергендігінен қауіптенгендігі екен. Айтса-айтқандай, бүкіл жұмысты құлтемір атқаратын жағдайға келсек, ертеңгі күні жер бетінде адамзат атаулы құриды екен. Сенесіз бе: екі жүзге тарта мемлекет мүше болып отырған БҰҰ жазылған хаттағы ескертпені елемепті де.
Осы айтылғанға қарап, қай заманда, қандай заманда ғұмыр кешіп отырғаныңызды бағамдай беріңіз. Рас, қазіргі заман ғылымы тез өзгеріске түсіп отыр. Есептегендердің сөзіне сенсек, игерген ғылымыңның 18 айлық ғұмыры бар екен. Онан кейінгі уақытта ескіретін сияқты. Бір нәрсенің басын ашып алсақ екен. Бұл жайт, меніңше, физика, биология, химия сынды пәндер арқау болатын ғылымға шақталып айтылса керек. Ал гуманитарлық ғылымның жөні басқа. Елбасы Н.Ә.Назарбаев тегіннен тегін гуманитарлық ғылымға мән беріп, «100 оқулық» бағдарламасын ұсынған жоқ. Оның үстіне аударма бюросымен дайындалған кітаптарды қараңыз. Барлығына жуығы өткен ғасырдың еншісіндегі кітаптар. Былай қарасаң, ғасыр жасаған кітаптар. Демек, гуманитарлық ғылымдар еншісіндегі пәндердің ғұмыры 18 аймен бітпейді. Қайта, ғасырлап ғұмыр кешетін болады. Менің және сіздердің иеліктеріңіздегі пән – гуманитарлық ғылымның атасы мен анасы. Сондықтан да оны талан-таражға салуға болмайды. Қазақтың тіл ғылымы грамматикасымен мың жасайды. Қазақтың әдебиеттануы көркем шығармалар плеядасымен ғана ұрпақтан ұрпаққа тарайды.
Жатжазу – әдемі әрі сауатты жазудың айнасы болатын. Мазмұндама мен шығарма жазу – әдеби әрі мәдениетті болудың алғы шарты болатын. Эссе жазу – ойды шолақ қайырудың жолы, әрі сауаттылықты қажет етпейтін құрал болып отырғанын мойындайық. Бұл бұл ма? Жаңартылған жаңа оқулықтар қазақ тілі грамматикасы мен әдеби көркем шығармалар желісін мазмұны мен мәтініне көптеп кіргізуді ар санапты. Тек қазақ тілі оқулығынан әрі тарихтық, әрі жаратылыстық, әрі эстетикалық мәнді мәтінді оқи отырып, қай пәннің мұғалімі екеніңе есеп бере алмайтын жағдайда жүрген әріптес-шәкірттерімізге қандай жұбату айтарымызды білмей далмыз? Таң қалатын нәрсе ме? Ие, солай.
Тағы сол өткенге көз жүгіртейікші. Мұғалімнің ең сыйлы қоғам мүшесі болғанын қалай жасырасың?! Оның алдын кесіп өту былай тұрсын, «менің баламның бір кемшілігін ел алдында айтып қоя ма екен» — деп ата-анамыз қипықтап тұратын. Көпшілік бас қосқан жерде сөздің мәйегі мұғалім арқылы тамып, шешімі сол мұғалімнің айтқанымен тиянақталатын. Бүгінгі күні дәл осы дәстүрді (мұғалімді аялауды айтып отырмын) жұрт жапон халқына телитінді тауып алыпты. Ол дәстүр менің қазағымның жұрағатында болғанын әсте естен шығарыппыз.
Ол ол ма? Баласын мұғалімге табыстай отырып, «Еті сенікі, сүйегі менікі» дейтін қазақы тәрбие құрдымға кетіп, «Менің балама неге қатты сөз айтасың?» сынды тіркестермен тітіркендіретін «террорист» тұлғалар кездесіп қалатын заманға кез болдық. Бір кездері сөзі таусылғанда басы бұғатын қазақ оқушысының қолы көтерілетінінің де куәсі болып жүрмыз. Сонда, қай жерде олақ бастық? Білімнің бәсі неге төмендеп кетті?
Біріншіден, қазақ тілі мен әдебиеті сабағының сағат саны қысқарды. Бір жыл көлеміне артылатын «Абай дәрісі» бір аптаға жетпей түгесілетін болды. «Абай жолын» оқы деп айту былай тұрсын, Абайдың бір өлеңін жаттатудың өзі мұң болды. Себебі мемстандарт солай сөйлейді. Қазіргі күні жаңартылған оқу бағдарламасына бағынған білім жүйесіндегі оқушы сөздерді топтастыру мен таптастыру түгілі, олардың зат есім немесе сын есім деп аталу себептерін да байыптай алмайды.
Екіншіден, түрлі әдіске саламыз деп дәстүрлі сабақтың рөлі кемшін тартты. Конференцсабақ, топтық сабақ, дебатсабақ, тренингсабақ т.т.б. деген модыдағы білім жеке оқудың құдіретін жойып жіберді. Қазір білмейтін оқушы білетін оқушының көлеңкесінде қалмай, керісінше жоғары бағаланып жүр. Тест болып келген тапсырма қазақ оқушысының танымдылығын тарылтып, жұтаң жаттаудың жауқазын жүрісін жорғалатуда.
Үшіншіден, ғылыми жобаның тым жасарып кеткені. Бастауыш сыныптың оқушысы ғылыммен айналысады. Ойынмен көсегесі көгеретін ойын баласын ерте тұмшалап тастаған жоқсыз ба? Менің пікірімді білгіңіз келсе, бастауыш сынып түгілі, орта буын оқушыларының ғылымға қанат қағуы ерте. Неге десеңіз, ғылыми тұжырым тек қана көп ізденудің нәтижесі. Ол жыл емес, ондаған жылдарды қажет етеді. Бесіктен белі шықпаған баланың ғылымға ерте енуі келер келешекте ғылым атаулыдан жеруіне алып баратыны ақиқат. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» дегенді емес, «Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз» дегенге бас ұрсақ, қане!
Әрине, -шіденнің шіретін (очеред) тізбектей беруге болады. Тізбектей отырып, білім жүйесіне қара күйе жағудан да аулақпыз. Біздің айтпағымыз бар дүниенің кемшін тұсына үн қосу ғана. Бүгінгідей мәжіліс сол айтпағымызға орын беріп те отыр. Сондықтан да қазақ тектілігінің тауқыметін терген шәкірт-әріптестерге жемісті еңбек тілеумен ой-тұжырымымды тәмамдайын. Тыңдағандарыңызға рахмет.