Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай
Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орайластырылған іс-шаралар басталып кетті. Павлодар облысындағы алғашқы шара 2020 жылдың 24 қаңтары күні «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» деген атаумен дөйгелек үстелден басталды. Аталған іс-шарада ғылым докторы, профессор Сағындықұлы Бекен төмендегі тақырыптағы баяндамасын ұсынды. Сол баяндама мәтінін өз оқырмандарымен бөлісу үшін жариялап отыр
абайдағы Балалық һәм даралық
Қазақ қоғамы Абайға қайта айналып соқты. Бастауы қайда еді? Сонау Абай туған ғасыр мен Абай туған елді мекенге иек артады-ау, шамасы. Бүгіні қашаннан еді? Кешегі Президент мақаласынан бұрын, Ләйлім атты бүлдіршіннің Абай өлеңін оқуы мен оны Мемлекет басшысының іліп әкету әсері ерекше болды. Тіпті, әлемдегі «адамзаттың баласы болған» пенделері «Мен Абаймын» деп мұндалады. Ал Президент мақаласы ақынның «бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болуына» барып тірелді. Айтары бар ма, мақала Абайды тарқату арқылы қазақты танытуға бейімдеді. Бұл өзі керек шара болып тұр. Абай – қазақтың темірқазығы. Абай – нұрлы ақыл мен жылы жүрек. Абай – қазаққа біткен ыстық қайрат. Катаклизм мен апокалипсистен тұратын аласапыран әлемнен осы үштік (ақыл, жүрек, қайрат) алып шығары даусыз-ау, сірә!
Абай жайлы айтқанда абай болған жөн. Тіпті, Абай туралы айтудың өзі әркімнің сүйрер шоқпары емес. Бірулерге құрық шалып қайтейік, дегенмен бәзбіреулердің Абайды арқалап жүргендей әсірешілдікке баратынын көзіміз көріп жүр. Бізге арқалап жүру ауырлық етіпті де, арқалану бойға біткен мінезге ұқсайды. Әуезовтің «Абай жолын» оқығанымыз, Абайдың өз өлеңдерін жаттағанымыз болмаса, ақын туралы арнайы зерттеу (екі-үш мақала болмаса) жүргізбеппіз. Ал өзім Абай туралы аз айтқандарға ерсем, арқаланып кететінім бар. Бүгінгі баяндама сол арқаланудан туған дүние деп қабылдасаңыздар екен. Баяндаманың бағыты М.Әуезовтің роман-эпопеясы, әрі ондағы тек көркем өрілген характер мен портреттердің берілу жолдары.
Ең алдымен, Ибраһимнің Абай деп аталып кетуінің өзінде ел ескермеген дүние бар сияқты. ХУІІІ-ХІХ ғасырда ғұмыр кешкен ата-бабаларымыз Ибраһим сынды есімдерге имандай ұйлыққаны анық. Оны айтылуы үлкендерге қиындық келтірді деген жай сөз болса керек. Оның үстіне дінге бас ұра бастаған қазақ үшін Пайғамбар атын айтуда бұрмалаушылыққа бару мүмкін емес жағдай. Бара қалғанның өзінде Ибраһим сөзінің өңін қанша айналдырсаң да, Абай деген сөзге илігерлік нұсқа таппайсыз. Бұл бір. Екіншіден, Кәкітай ұлы Әрхамның естелігінде қарт Зеренің «Әлди, әлди, абайым, Атқа көрпе жабайын» деп әндеткенінен әдетке айналып кетіпті-мыс. Бәрімізді осы әлди әлпештеді, бірақ біріміз де Абай болып кеткен жоқпыз. Үшіншіден, А.Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» мақаласында «Ибраһим деген атын бұзып, Абай деп атап қойған шешесі екен» — дейді. Бұл енді мойынсұнатын жайт.
Біздің пікірімізше, жас сәбидің, өсе келе балғын баланың қылығы тек анаға мәлім. Қазақ «абай» деген сөзді ең алдымен негізгі мағынасында қолданады. «Сақ бол, байқа» деген мағынаны береді. Бесікте жатқан баласына «абай болшы» дегенді анасы ғана айтады. Қаз-қаз басқан, тәй-тәйға енді ауысқан баласының алғашқы жүруінде де ана қауіптенген «отқа түсіп кетпе, қазаннан аулақ жүр, көзіңе қара» сынды дүниелердің болғаны ғой. Мұны да бір деп қойыңыз. Екінші «Абай жолы» романындағы Оспанның мінез-қылығын көз алдыңызға елестетіңізші. Оспанды іздеген Абайға анасының « — Е, жүр-дағы, жынды неме. Бүгін осында маза бермеген соң, әжең екеуміз қуып шыққамыз» — дейді. Онан кейін де кездесетін «сотқар Оспан, тентек Оспанның» сәбилік шағы да «абайланудан» тұрғанына күмән жоқ. Ал бір әке, бір анадан туған қос сәбидің мінез ұқсастығын жоққа шығару қалай болар екен? Демек, Ибрахимнің Абай аталуы алғашқы «сақ бол» ұғымындағы сөздің есімге айналуы болса керек. Үшіншіден, М.Әуезов Абайды танытуды он үш жастан бастайды. Бәлкім, оның балалық шағын мақсат етпеген де шығар, мүмкін жаңағыдай бала мінездерді көрсетуді қаламаған шығар. Бұл енді біз төрелік айта алар іс емес.
Он үште отау иесі дейтін бүгінгі жеткіншек «Абай жолын» оқымайтыны аян. Ал он жеті-жиырма жастың аралығындағы бозбала оқыса, өзінің алдыңғы жеті жылдық ғұмырын көз алдынан өткізе алады. Шыбықты ат қып мінген (Оспанның суреттелуін есіңізге түсіріңіз) бала мінез Абайда да бар еді. Бірақ Мұхтар шыбыққа мінгізбейді, қаладан қайтқан баланы бесті атқа мінгізеді. Бойында балалығы бар бала Абай Есембай жырасында ұры боп шабуылдаса, даралығы өзінен үлкен, әрі әкесінің қатарындағы үлкендерге: — Ұйқы ашар болсын деп ойнап ем, ғайыпқа бұйырмаңыз, — деп сызылуында тұр. Бұл оның тек қаладан оқып келгендігі емес, оқу арқылы есейгенін де жеткізеді.
Он бес-он алтыдағы бозбаланың ойын бұзатын шашы өруге келіп, қолаңға айналған қыз бала емес пе? Бізбен қатардағылардың сол он беске толғанында қатар отырған қыз оқушыға көз салып, арқаға асылған шаштың ұшынан тартып ойнайтыны бар. «Абай жолын» оқып отырған жиырмадағы жігіттің осы мәндегі мәтіндері еріксіз езу тартырады. Қараңыз: «Көз алдында Тоғжанның аппақ жұмыр білегі жас баланың етіндей! Ақ торғындай мойыны!». Бұл оның сұлуды алғаш көргендегі күйі. Мәтінге көңіл аударсаңыз, қазір айтып жүрген «Бір көргеннен ғашық болу» деген жақсы пәленің жаңсақ емес екеніне байыптайсыз.
«…Ақ етің аппақ екен атқан таңдай!» Менің байқауымда, осы өлең жолдары Абайдың алғашқы өлең құруы болса керек. Тоғжанды көрген уақытын он бес жас шамасы десеңіз бұл өлең 1960 жылдардың еншісінде болады. Бірақ Абай өлеңдерінің жинағында 1984 жыл деп беріліпті. Енді есептеп көріңіз немесе қазіргі 40-қа аяқ басқан жігіт ағасының осындай өлең жазатынына кепіл бола аласыз ба?! Ал Әлихан Бөкейханов «Абай 14 жасынан бастап сықақ өлеңдер шығарды» деп жазады. Сонда, «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» деп басталатын өлең жолының басы да, бастауы да он бес жас. Түйеөркеш деген жердегі Сүйіндік ауылы. Толық оқып көрелік:
Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы,
Аласы аз қара көзі нұр жайнайды
Жіңішке қара қасы сызып қойған
Бір жаңа ұқсатамын туған айды.
Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын,
Ақша жүз, ал қызыл бет тіл байлайды.
Аузын ашса көрінер кірсіз тісі,
Сықылды қолмен тізген, іш қайнайды.
Сөйлесе, сөз әдепті һәм мағыналы,
Күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды.
Жұп-жұмыр ақ торғындай мойыны бар,
Үлбіреген тамағын күн шалмайды.
Тақтайдай жауырыны бар, иығы тік,
Екі алма кеудесінде қисаймайды.
Сорақы ұзын да емес, қысқа да емес,
Нәзік бел тал шыбықтай бұраңдайды.
Етіндей жас баланың білегі бар,
Ажымсыз ақ саусағы іске ыңғайлы.
Қолаң қара шашы бар жібек талды,
Толқындай толқын ұрып, көз таңдайды.
Қазіргі уақыт әр нәрсені бар нәрсе ғып айтады ғой. Соған салсақ, психология ілімін түгесушілер мұны интимлингвистика деп жүр. Романда М.Әуезовтің Майбасардың аузына «Иегі ителгінің тамағындай» деген суреттеуді салатын жері бар. Осы сөзден-ақ Абай Ділдәға ынтығады. Абайдың ең алғаш сүйгені (тура мағынасында түсініңіз) Ділдә. Демек, Ділдәға арналған өлең «Иегі ителгінің тамағындай» болып келуі керек еді. Бірақ Абай өлеңдерінде бұл тіркес кездеспеді. Мүмкін, жоғалған мен архивте қалған көп қағаздың ішінде болуы керек деп білеміз.
«Абай жолы» — қазақтың жолы. Қазақ баласының тәрбиесінде үлкендердің орны бөлек. Жетпіс жылдық ғұмыры болған КСРО кезінде қазақ үлкендері қонақ келсе болды балаларын басқа үйге жасыруды әдет қылды. Екінші жағынан орыспен келген ащы суларды көрмесін деген қорғаштаулары да шығар. Ал Абай заманындағы мейман басқаша бағаланатын. Қонаға келген ақын-жыраулардың орны тіпті ерекше. Абай баланың сырқатынан құлан таза айығуына Барлас пен Байкөкшенің әсем жырлары әсер етеді. Анасынан, оның үстіне әңгімешіл әжесінен мол қазына, тәбарак жинаған Абайға қос қонақтың бергені ұшан-теңіз болды. Бала Абай бірден есейді. Бірақ балалық дәуірі бәрібір өз орнында. Қараңыз: Абай шешесіне дән ырза боп қуанып кеп, бұрынғы бір кішкентай күніндегі еркелігіне басты. Ұлжанның мол денесін қапсыра құшақтап, қатты қысып, бетінен, мұрнынан, көзінен қайта-қайта сүйді. Ал ертеңінде сол сәби Абай Құнанбайдың қол астындағы қызметшісі. Оның сәлемін жеткізуші. Қажет жерінде батыра айтушы, үлкенге тән мінезбен әңгіме өрбітуші. Мұны кейін Ысқақұлы Кәкітай: «Он бес жаста балалық қылмай, үлкендерден білімі артылып, ел ішінде жұртты өзіне қаратып, басшылыққа бұрынғы төрелермен талас қылып, әкесіне үлкен көмегі тиген» деп көрсетеді. Демек, бізге Абайдың балалығын байқауымыз үшін екі-ақ жыл берілген. Мұның өзін қараңғыда қалың шөпке түскен қара жіпті инені іздегендей болатының анық. Маған да анықталғаны осы айтқандар болды.
Қорыта келгенде, Абай тойы басталды. Ресми билік бас қалада старт берді. Абай образын «бала Абайдан дана Абайға дейін» сомдаған Семей шаһары да мәрттігін көрсетті. Кешелі-бүгін бізден де сықпаланып шығып жатыр. Заты да, сөзі де, ісі де, қазақ боп туып, қазақ боп өткен Абай осы, ағайын.
Постскриптум: Алғаш өз валютамыз шыққан жылдары өзбектің қарапайым қара жұмысшысы ақысына алған теңгеден әл-Фарабидің бейнесін көріп: — Сіздер неге өз ақшаларыңызға біздің бабамыздың бейнесін салғансыздар? – деп таңырқапты. Бесіктен белі шықпай жатып, әл-Фарабиді өз атаң деп оқытқаннан-ау, шамасы! 1150 жылдығы атап өтілетін бабамыздың бүкіл түркінің ғұлама ғалымы екенін еншілегісі де келді ме екен, кім білсін? Бұл бұл ма «Бабалар сөзі» боп жеткен батырларымызды да ортақ түркілік деп танытатын қазақ қана. Әйтпегенде өз ұрпағына үлгі ете отырып, сенің бабаң деп танытатын Орта Азия халықтарының бар екенін де ұмытпайық. Тіпті, Қорқыт бабамызды иемденіп жүрген жұрттың көп екендігі де даусыз. Неге екенін қайдам, қазақ боп туып, әлемдік деңгейге көтерілген «Абай бабамды да бауырына тартса қайтер ек» деген күдік ой келді. Әй, сіңбейді ғой бірақ.