ТЕРЕҢКӨЛ ТАУАРИХЫНАН: ТІН МЕН ДІН; ТІЛ МЕН ДІЛ
16 қазан, 2019 жылы Павлодар облысы Тереңкөл ауданының орталығында «Тіл.Ұлт және Тәуелсіздік» тақырыбында аудандық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция барысында тақырыпқа сай баяндамалар жасалып, тыңдарман қауымның көңілінен шықты. Соның бірі төмендегі тақырыптағы ғылым докторы, профессор Сағындықұлы Бекеннің сөзі болатын. Оқи отырыңыздар!
тереңкөл тауарихынан: тін мен дін; тіл мен діл
Тақырып атындағы тауарих тарих сөзінің о бастағы нұсқасы. Бұл сөз тектілерге азық болған сөз. Қадырғали Қосымұлы Жалайыри еңбегі осы атаумен бізге жетіпті. Ол еңбектің тіні, яғни жасушалары, тарихи жазба немесе қазақ шежіресі. Шежіренің шекпенін туған жеріңіз – Тереңкөлге деп бағыттасаңыз жетіп жатыр. Тек сол жағдайда ғана тылсым тереңдік пен болыстық бейкүнәлық аудан шежіресінің бастау бұлағында тұрары ақиқат.
Сонау жылдары аты аңызға айналған ауданыңыз қазір қайта түлеудің күйін кешіп, қайта жаңғырудың жолын тауыпты деп бір тоқтайық. Тарихқа жүгінерден бұрын бүгінін сөз етсек, адамына қарай аңдатылған ауданыңызды көрдік. Қазіргі әкімдеріңіздің есімі елге жақын. Бұл кісінің жолы ақ та, өзі халқына жаққан әкім. Біз бір көргенде Лебяжіде әкім болып отырып, оның Аққулы қылып еді. Өңірдің батысында жатқан ауданға келгенде де жаңа қазақ атауын ала келді. Ол – Тереңкөл. Аудан орталығын алуда әупірімдеп-ақ едіңіздер, аудан атауына келгенде жолдарыңыз жарқ етіп ашыла түсті. Болашақтарыңызға да сеніммен қарайық. Ерен еңбектің адамдары орын тепкен қазағымның жері ексең дән, жисаң жеміс болып тұр. Жиырма мыңнан аса адамы бар Тереңкөл бауырын жазып, айдынында ескегін еркін серпіп келеді. Жақсы істің басы мен қасында жүрген аудан әкіміне және оның аппаратындағы әріптестеріне алғыс-ықласымызды білдіреміз. Бүгін, бақсақ, тіл тойы сіздің ауданыңызға келді. Сәтімен бітер іс болсын, бар істеріңіздің басы болсын деп тілейік.
Тауарих дегеннен шығады. Ресейдің отаршыл патшалығы тарап, қазақ қызылға бағынған уақытта, тіпті жақынырақ айтсақ, қазақ жеріндегі алғашқы аштықтың соңғы жылы, яғни 1921 жылы, Павлодар да уезд ретінде Семей губерниясына қарайды. Павлодар уезінің құрамында Тереңкөл болысы да бар екен. Егер осы тарихты терең екшесек, енді екі жылдан кейін сіздердің аудандарыңызға бір ғасыр толады. Бұл орайда мынаны түсініп алған жөн. Біріншіден, ол уақыттағы Тереңкөл болысын қазіргі аудан ауқымында қабылдауымыз керек. Себебі оның сол кездегі аумағы бүгінгі күнгі көлемінен әлдеқайда үлкен болған. Қазіргі ауданмен шектеседі деп отырған Ресейдің Қарасуық және қазақстандық Павлодар, Железин аудандарының жерлері сол баяғы Тереңкөл болысының жерлері. Оны тарихи құжаттар да дәлелдейді. Екіншіден, ол шын мәнінде аудан болып 1930 жылға дейін аталды. Аудан болып жабылғанына да осы жыл ортақтасады. Демек, сіздер үшін 1920 жыл да тарихқа толы тоқсан жылдық уақыт. Дегенмен, «қашып келем, қашып келем» дейтін Қайроштың жолы Қашыр болып қалсын да, «Толқыннан толқын туады, Толқынды толқын қуады» дейтініміз Тереңкөл болсын.
Тақырыпқа тін сөзі тартылды. Қазақтың тіні тамыры арқылы тарқайды. Қазіргі өңіріміздің Ресейге қарай қанат жайған аудандарына рухани орақ түспей отыр. Егінге орақ түсіріп, оны жинап алғанынша тыным таппайтын жұрт осы ауданда. Бірақ рухани орақтың безбені жоқ. Киелі Қазақстанның республикалық түгіл, облыстық деңгейіндегі тізімі Тереңкөл дегенде ойсырап тұр. Шығыстан алтын адам тапқан археологтардың қайласын осы ауданға тарту керек сияқты. Себебі Тереңкөл елінің ұланы Ербол Қайыровтың сөзіне сүйенсек, «Бүгінгі Качиры ауданы — арғы атамыз көк түрік жайлаған арынды алқап. Қимақ-қыпшақ қадір тұтқан қадірлі мекен. Кім келіп, кім кетпеген бұл мекенге: Көшім ханның жайлауы, Абылайханның байлауы, жаугершілік заманда қазақ жауынгерлеріне жігер берген, бойларына қуат берген баталы ел. Дербісәлі, Есенқұл, Өмір батырлар шыққан найзалы жер. Таста жазу қалмаса да, сол замандардың бейнесіндей кейінгі жылдары табылған заттар, 30-дан аса топырақтан үйілген обалар, әсіресе, 2007 жылы Ертіс жағалауында табылған қимақ жауынгерінің алтын дулығасы куә. Бұл дулыға тәуелсіздік кезінде табылса да, «ұшты-күйлі» жоғалды, аты бар да, заты жоқ. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпегеніне кім кепіл?!»
Шағын ойда шаңыраққа татырлық шапағат бар. Қазақтың қай жерінде жатса да, оба тастың тылсымы терең. Тереңкөлден табылған обатастар неге әлі үнсіз? Оны сөйлететін Мерц пен Смағұловтың асай-үсейлері қайда? Тұжырымдағы хан мен батырлардың аттары аудан ономастикасының өрнегін өсіре алмас па еді? Сұрақ көп. Сұрақ туындаса, шешімі шықпаушы ма еді?! Тілдің көзі осы ономастика емес пе еді? Қазіргі ауданның құрамындағы округ және округқа қарасты ауыл атаулары маған мемлекеттік көзқарас керек деп тұр. Қараңыз: Песчан, Трофимовка, Березовка, Калиновка, Львовка, Октябрь, Ивановка т.т.б. Осы атаулардың -овкасы қайталанғаны болмаса, ұқсастық пен тарихи ақиқаттан алшақ жатыр.
Аудан Тереңкөл деген әдемі атауға иілген екенбіз, қарамағындағы округтердің де әуезділігін іздесек етті. Әрине, ол тарихи шындықпен алмасып жатса, астарласып жатса, қәнеки? Қоржынкөл мен Жаманкөл, оған Ұзынкөлді қосыңыз. Ұзынкөлмен жалғасқан Ұзынқамыс ше? Көлмен тектес Қарасуды қайда тастайсыз. Жайлауағаш пен Сұлуағаштың атауына жер жете ме, шіркін! Майкөл мен Мұздыкөл қандай әдемі!
Ілім іздеген Ілияс (Жанқараұлын айтып отырмын); дін қайраткерлері Шайдолла мен Қошман, қажылық мінәжаттан соң, елі үшін барын берген Сушы мен Жақып, жоғарыда аты аталған хандар мен Дербісәлі, Есенқұл, Өмір батырлардың қай-қайсысы да ауыл аты немесе көше көрсетудің басында тұрса жараспас па еді. Міне, аудан аумағындағы жер атаулары осылай өрбіп жатыр. Атауға түскендердің қайсысы қазіргі округ атауларының орнын толтыра алмайды. Меніңше, безбен басы қазақшаларында тұр. Қазақшасын қағып қақпақылдай бермей, қазіргі мода тілмен айтқанда, қораға кіргізетін кез келді, ағайын. Осы тұста І.Жансүгіровтің мына сөзі ойда тұрса игі: «Өз елі өз ерлерін ескермесе, Ел, тегі, қайдан алсын кемеңгерді».
Ұлы Отан соғысы дегеннің қаншалықты дұрыс екенін білмеймін, бірақ Ұлы Жеңіске 70 жыл кеше ғана өткен-ді. Берері мол болды сол мерекенің. Керекудің бір көшесі Қ.Сұрағановқа берілді. Бұл баланы құдайдан сұрап алған екен, ал атасы Тәңірден сұралып (Сұрағанды айтып отырмыз) дүниеге келген. Сұраған мен Құдайбергеннің ортасында бір ұрпақ болғанымен, екеуінің да Алланың қалауымен жүргені, бір жаратқанға бас игені бар. Бір Алла қалауымен сол Құдайберген сұрапыл соғыстан еліне аман жеткен екен. Енді есімі елінде сақталудың жолы ұзағынан болсын деп тіледік. Бір басына батырлық (Кеңестер Одағының батыры) пен ғалымдық қатар біткен Құдайберген Сұрағанов қай жағынан алып қарасаң да ұлықтауға лайық.
Мұның бәрі ауданның бүгінгілік көкейтесті мәселелерін білдіреді. Бүтіндеп аламыз дегеннің қолынан келетін іс екені де күмәнсіз. Айтары бар адамы шыққан соң, тыңдары бар тереңкөлдіктер де болатынына сенейік.
Тақырыпқа «дін» сөзі де арқау етілді. Дін әр халықтың тарихи салт-дәстүрі негізінде пісіп-жетіліп, әдет-ғұрпына сай қанына сіңеді. Қазақ жеріне ислам діні, ең алдымен ишан-қазіреттер арқылы тарады. Кереку аумағына Исабек ишанның аяқ басуы мұсылман дінінің кең қанат жаюына әсер етті. Ишандық – оқу арқылы қалыптаспайды. Ол Алланың құдіретімен беріледі. Қазақ мұны «пірім» деген сөздің аясына сыйдырады. Қара халықтың өзі де имани қасиеттеріне ұйып, ишан деп атауға илігеді. Мәселен, оңтүстіктен жер ауған Аппақ ишан есімі керекуліктерге жақын танылмаса да, моласы осы өңірде жатыр. Аппақ ишан (Шын есімі – Мақсұм; әкесі – Сейдахмет; атасы — Қосым) 1930 жылғы 18 тамызда Павлодарға жер аударылып, 1933 жылы Павлодар түрмесінің бірінде қайтыс болады. Туған жері бөлек болғандықтан ба екен, Павлодардың «Рухани жаңғыру» жол картасына енгізілмей қалған.
Мұсылмандықтың тағы бір арнасы хазіреттер арқылы көрінеді. Кереку жеріне хазіреттер діни оқу нәтижесінде жетеді. Қанымызға біткен қасиетпен қастерлеп жатқан Уахит хазірет, Ақбалық хазірет діни оқу бітірген. Кейіннен медресе ашып, діни білім дарытқан. Жалпы, діндарлардың білім алған жерлері Түркі елі, Мысыр елі, Уфа, Қазан, Бұқара қалалары саналады. Осындайда Тереңкөл болысы Бекбау ауылында дүниеге келген Шайдолла Түйтебекұлын ауызға алып отырғанымыз дұрыс. Шығыс тілдерін жетік білген дін қайраткері шағатай тілінде аз болса да мұра қалдырған екен. «Сейілда» деп есімдеген қалың қазақ оның ел-жұртына қайыр-шапағатымен жаққандығын, емшілік және көріпкелдік қасиеттері нәтижесінде «әулие» атанғандығын деректейді. Жалпы, Шайдолла жайлы деректер әлі де болса аз. Сондықтан іздер жұмыстың, ізденер ғалымның біразына азық болар дүние екені даусыз.
Осы өңірдің әр ауылынан әулиелікке жеткен, көріпкелдік пен емшілікті тең ұстаған, айналасына молда, қажы болып танылған есімсойларды түгендейтін кез келді. Бұл – өңірдің өткені және болашақтың бастауы. Оның үстіне қазіргі қазаққа ақиқатқа жүгінген, ата-баба дәстүрінен алшақтамаған діни сауаттылық қажет. Тағы бір ескеретін жайт, қазақ қазір молдалардың сөзін тыңдайды. Шешендік пен шенеунікті тыңдау аудиториялық ауқымда ғана қалып қойған. Демек, діннің құлағын ұстаған молда-имамдарды осы аудитория иелері толықтай кәдеге жаратса дейміз деген тілек бар.
Қазақтың сөздік қорына «діл» сөзінің енгеніне көп болған жоқ. Орыстан енген менталитет сөзінің аудармасы ретінде пайдаланушылар да бар. Бірақ ол мейлінше тар мағына. Әйтпегенде қазақтың ділі – сол халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымы, салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын тұрмыс-тіршілігін белгілі бір қоғамдастыққа тән мінез-құлқын көрсететін категория.
Біздің пікірімізше, діл сөзі тіннің де, тілдің де, діннің де ауқымын өзіне бауыр етеді. Жалпақ тілмен түсіндірсеңіз, діл дегеніміз – қазақтың ұлттық мінезі деген сөз. Абай бабамыз қазақтардың «бұл замандағылардан артық екі мінезі бар, — депті. Олардың бірі – көсемге бағынып, дүйім елдің көсегесін көгерту. Ал екіншісі «намысқойлық». Қазіргі қазақ осы айтылғанның біріншісін сақтап, екіншісіне мойынсұнбайтын секілді. Әсіресе, тілге келгенде намысымызды жіберіп отырғанымыз анық. Ал Ж.Аймауытов пен М.Әуезов: «Жақсының сиреген кезінде күші кетіп, қазаққа мынадай соққы жолықты. Қазақтың ұлттық қалпы өзгерді. Тірлігі, мақсұты басқа, ниеті шалағай, суықбауыр, жаттық қолына тиді» — деп қынжылыпты.
Айтса-айтқандай, қазақ қазіргі қоғамда өзгеріске түсті. Мәселен, қазіргі оқушы «Мен өскенде мұғалім боламын» деп айтпайды. «Ұшқыш болам» деу де орынсыз дүние сияқты. Осыдан он жыл бұрын «экономист-финансист» мамандығын таңдағандар қазақы менталитеттің балалары деуге аузың бармайды. Алыстан келген шетелдік қонақтар қонақжайлықты қазаққа телиді. Бәлкім, шындыққа да жанасымды шығар. Бірақ қазақ қонақжайлығын дастарқан жаюмен шектеп тастағандаймыз. Түнімен тәлімі мол әңгіме айтатын қонақжайлықты іздесең таппайтын күйге жеттік. Ұзын құлақтың айтуына қарағанда, түкпірде жатқан қазақ киіз үйіндегі бала-шағаның ақпарат қабылдау түйсігі сұмдық болған деседі. Ата мен әженің, әке мен шешенің ғана ақылымен өскен өрімтал жастың солай болуы табиғатынан еді. Қонақжайлылық сол уақытта жоғары санатта-тын. Кез келген қазақ үйі кеш қата үйіне келген қонақты, тізе бүктіріп, шай құйып қана қайтармай, қорадағы малын арнайы сойып, екі-үш күн мейман етеді екен. Негізгі мақсат – елі көп орналасқан аумақтың ау-жайын білу. Сарғайып күткен құдайы қонағына бар жақсылықты ақтартып, өз баласына аңыз-әңгіме, батырлар жырын оқытып, бір жасап қалатын қазақ үйі сондай-тын. Бұл өткенді аңсау, болмаса бүгінгі барымызды жоққа балау емес. Қарға тамырлы қазақтың болашағы үшін өткен тарихтың қажеттігін көрсету деп түсініңіздер.
Қорыта келгенде, тарихы терең, бүгіні бекем, ертеңі ерен өңір –Тереңкөл екеніне күмән жоқ. Қашырдан қашып, тарихын түзеген де Тереңкөл. Адамы мен адамы, ауылы мен ауылы араласқан өңір – Тереңкөл. Ұлты мен ұлысы ұштасқан, баласын байлығына балаған да – Тереңкөл. Атына заты сай аудан да өздеріңіздікі. Сондықтан да бір жаратқанның қалауындағы тілі мен тіні, ділі мен діні қатар өрбитін болашақ болсын деп сөзімізді аяқтайық. Рахмет.