Оқытушылардың шығармашылық жұмыстары

Міне семинарымыз да аяқталып сертификатымызды табыс еттік. Осы сабақтар арасында түрлі технологиялар меңгеріп, тапсырмалардың нәтижесін де көріп жаттық. Мұғалім болу үнемі ізденісті талап етеді. Тыңдаушылардың тілін ашу, санасын ояту және қасиеттерін дамыту әрі қиын әрі адал іс десем артық болмас. Міне, осындай психолингвистикалық тұрғыдан құрастырылған тапсырмалар тілді дамытып,

шығармашылық шабытқа жетелейді.

 

Семинар барысында мынадай логикалық ойын ретінде тапсырма берілген. Қызығушылық танытқан оқытушылар қысқаша әңгіме, ертегі де жазып белсенділік танытты.

Сізде бізбен бірге орындап көріңіз…

 Логиканы дамытатын тапсырма

  1. Шарты: мына бес сөзден сөйлем құрастырыңыз, бірақ басқа сөз қосуға

болмайды. Ал жұрнақ, жалғау қосылуы мүмкін.

Келесі шарт: Ал, енді бес сөйлемнен бір қысқаша әңгіме құрастырыңыз (ертегі және т.б.).

Тіпті, сол ертегіні басқасы жалғастыратындай болсын.

Условие: Предлагается из этих слов (5 слов) составить предложение, нельзя добавлять другое слово, присоединение суффиксов и окончаний допускается.

Следующее условие:  Теперь с пятью предложениями составьте маленький рассказ, сказку и т.д.

Ойынға ұсынылған сөздер – слова, предложенные для игры:

Мына сөздерді таңдап алыңыз.  Предлагается на выбор.

            Топта немесе жеке ойынауға болады – играть можно в группах и по отдельности.

Жұмыс, дала, ауыз су, бару, бала

            Ағаш, бесік, шырша, жару, өсиет

Отын, кірпіш, ауыр, жұмыс, жасау

Махаббат, аққу, сыр, әлем, ашу

Жырлау, құстар, қанат, сұлу, үн

            Шайқау, жұлдық, бақыт, аспан, береке

            Сабырлық, айналайын, апару, тұлпар, биік

            Тыныштық, кеш, жасыл, шапшаң, армандау

            Ақыл, ой, әкелу, ұрпақ, тамақ

            Еңбек, сараң, жүйрік, аспан, жасау

            Дала, темір, аспан, алақан, құдық

            Ғасыр, мұра, тіреу, алтын, қарлығаштар

            Гауһар, алу, дәптер, қалам, жусан

            Ерлік, жан, біреу, кесе, мүлік

Тапсырма:

Таңдап алынған сөздер қатарынан сөйлем құрау:

1.Дос, биік, ырызық, жеткізу, арман

2.Дала, темір, аспан, алақан, құдық

3.Тыныштық, кеш, жасыл, шапшаң, армандау

4.Жырлау, құстар, қанат, сұлу, үн

5.Ағаш, бесік, шырша, өсиет, жару

Орындалу нәтижесі: 

І. Тыңдаушылардың сөйлемдері:

  1. Достардың биік армандары ырызыққа жеткізеді.
  2. Даладағы темір құдық алақандағы аспандай.
  3. Жасыл кеш тыныштығында армандар шапшаңдады.
  4. Қанатты құстар сұлу үндерімен жырлады
  5. Шырша ағашынан бесік жару – өсиет.

ІІ. Алты топқа бөлінгендердің сөйлемдерінен жазылған әңгіме, ертегілер:

 

1.Мәңгілік ел

 

Ерте ертеде, Еуропа мен Азия жүрегінде қазақ елі өмір сүрді. Жегені қазы, ішкені қымыз, таққаны күміс болды. Оның даласы қаншалықты кең болса, жан-дүниесі де соншалықты кең.       Баба сөйлесе, кішісі  құлақ асар халық. Темір құдығы алақандағы аспандай болса, тұлпар ізі қуанышты хабардың бастауынан болған. Қонақ келсе ет асып, төрден орын берген. Қазақтың жүрегі қайсар, жау десе қызы да, ұлы да намысты бермес батыл болған екен. Айтысса,         – сөзге жеңілмес шешен, ән айтса,- құстардай сұлу үнмен жырлаған,- қазақ. Еңлік пен Кебектей, Қозы мен Баяндай сезімдері шың, жүректері адал еді. Сүйсе,- махабаттары аққулар  махаббатындай сырласу әлемін ашатын, ұрпаққа жетер махаббат дастандарына айналған.

Қазақ елі- еркіндігі  өшпес, қыраны биікке самғаған мәңгілік ел!

 

Алтынай Мухатова

 

Дала. Кешкі тыныштық. Шырша бесікте қалып бара жатқан сәбиін ойлаған Ана көлге қарай аяғын сүйрете басып келеді.  Мінезі темірдей қатты болса да, баласы дегенде үнемі жүрегі езіліп, бақыт құшағында жүргендей күй кешетін.

Бір кезде алыстан аққулардың сұлу үні естілді. Көз ұшында бір-бірін аймалағандай мойындарын айқастырған қос аққу. Олардың достықтан махаббатқа ұласқан сезімдерін шексіз тамашалауға болады. Бұл- аққулардың соңғы махаббат биі екенін олар сезбеген еді.

Жасыл жусанды ептеп басқан мұңлы Ана өз сәбиін бақыт пен берекеге міндетті түрде жеткізетінін талай армандайтын. Бүгінгі күн соның дәлелі іспеттес. Темір құдықтың жанынан өте бере өз бейнесін су бетінен көрді. Түрі суық. Жүрісін шапшаңдатқан. Өзінің теріс жолға түскенін сезінеді. Бірақ бәріне де белін бекем буған. Сәбиіне айтатын бесік жырын еріні кезерсе де күбірлеп айтып келеді. Қайра-а-а-н Ана!

 

 

Омарова Құралай Аманжолқызы

Көлік және Коммуникациялар Колледжі.

Қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы.

 

Ерте-ерте ертеде, Асылхан атты хан болыпты. Хандығына сай байлығы шексіз болыпты. Оның бар арманы егде жастағы әкесіне немере сыйлау еді. Өзіне сай жар таба алмай ұзық жол жүрді. Солай Керекуге жетіп келеді. Қарт ертістің бойынан Баянауылдай көркем таулары, ауасы таза жерде айдайсұлу Айсұлу атты көркінен көз таймайтын қызды кездестіреді. Асылхан хан болғандықтан кеш тыңыштығын қалайды. Сол кезде жасыл кілемдегі жайылған шөптін үстімен екеуі сөйлеседі. Уақыт өте келе екеуі үйленіп, өз отауына кетеді.Отыз күн ойын, қырық күндік тойын жасайды. Жыл өтіп,өтпелі шыршы ағашынан бесік жаратын уақытта келіп жетеді. Шекесі торсықтай баласы дүниеге келеді. Асылхан мен Айсұлудың достығы биік арманға жеткізеді. Аққудың махаббаты әлемдегі сырды шашады, демекші Асылхан хан өз арманының орындалуы әкесіне де қуаныш сыйлайды. Асылхан хан есімі күллі әлемге әйгілі болады.

 

Байжанова А.С.

Баяхметова К.С.

«Павлодар теміржол колледжі» КМҚК

Жазғы демалысым басталғаннан-ақ, Қорғалжын елді мекеніндегі атам мен әжемнің ауылына баруды аңсайтынмын. Ауыл өте үлкен, бір шеттен бір шетке жету үшін ұзақ жүретінсің. Әйтсе де, ойлайтынмын, үлкен болғанымен де осы үй-жайлар, қора-қопсалар, даладағы темір құдықтардың бәрі аспаннан алақандағындай көрінеді ғой, сірә.

Атам мен әжемнің үйінің дәл алдында кереметтей шалқар көл болатын. Сол көлге аққулар келсе, жағалауға қарай жүгіріп, оларға ұзағынан қарап тұратынбыз. Ия, «Аққудың сыры – махаббат әлемін ашады» – деп атам айтатын. Құстар айдын көлдің үстімен қанаттарымен ағып өтіп, сұлу үндерімен сайраған кезде, құлақ құрышын қандырып, көңіліңді жадыратындай ғажап сезімде отырамыз да, оларды жырлап, түгендеп, өзіміз көкте самғап жүргендей боламыз.

Ауылдағы балалармен бір үйдің баласындай болатынбыз. Әжем көже пісіруден жалықпайтын және сол көжесімен бізді де, үйге шұбырып келген балаларды бір тойғызып қоятын. Ал біз, көже ішіп отырып, дастархан басында әжемнің «Айырқалпақ Айдахар бидің баласына әкесінің орманынан қалған шырша ағашын жарып, содан бесік жасап бергендігі» сияқты аңыз-әңгімелерін, айтқан өсиеттерін тыңдағанды жақсы көретінбіз. Ал кешкісін, балалармен жасыл орманға қарай шапшаң бет алып, дала тыныштығын тыңдап, армандайтынбыз. Адал достың ырзығы биік армандарға жетелейді ғой. Берекелі аспаннан шайқалмас бақыт жұлғандай әсерде болатынбыз. Сол кезде бізден бақытты балалар болмаған шығар, сірә.

«Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы,

Одан артық әңгіме табылмайды»

деп Мұқағали Мақатаев жырлағандай, қазақтың қаймағы саналған ауылымыздың қадірін біліп жүрейік.

 

Султанова Асем Темирбулатовна

ШЖҚ «Павлодар облыстық балалар ауруханасы»

 

 

  1. Екі жастың махаббаты

 

Ерте, ерте, ертеде Әлем деген жігітпен Аққу атты қызымыз кең далада, ашық аспан астында, құстардың сұлу үнімен, жасыл шырша түбінде, сырласып, махаббаттары жарасып, биік армандарға жетсек деп армандады. Кеш, тыныштық. Дос көңілімен екі жасқа ырыздық тіледік.

Ағашты шапшаң жарып, құдық басында кездескен жастарға бесік сыйладым.

 

Жармакин Мұратхан Қайкенұлы

Жұмалина Әсемгүл

6.

 

Осыдан аттай көптеген жылдар бұрын Қарқаралы өңірінің кең байтақ даласында, ашық аспан аясында қасиетті жердің сырға толы әлеміне бөленіп ер жеткен Қаныш атты бір сері жігіт әдеттегідей серуендеп келе жатып бір қараға көзі түседі. Жақындап келіп қараса, әлдебір темір құдықтың қасында аққудың сұлулығындай келбетті қыздың жылап отырғанына куә болады. Жылап отырған себебін сұраған Қаныш, жүрегінің шапшаң дүрсілдеп кеткенін бірден сезеді. Ару алақанында ұстап жүрген сақинасын байқамай құдыққа түсіріп алғандығын баяндап береді. Сол күнгі айналадағы табиғат та ерекше болып тұрғандай еді. Жап жасыл ағаш-шыршалардың сәл тербелісі, көктегі құстардың үні екі жастың ойларымен жарысып тұрғандай болды. Сөйтіп, біраз уақыт осындай сынды сиқырлы тыныштыққа бөленіп, сақинаны суырып алудың амалын таппаған екеуі, кештің қалай батып кеткенін байқамай да қалған екен.

 

Калымбаева Мира Жумабайевна

Павлодар әуежайы

 

  1. Екі дос

 

Екі дос табиғат аясында демалып келуді шешті. Таң ата  қажетті заттарын жинақтап, қаладан 100 шақырым орналасқан ауылға бет алды.  Ел аралап, ауылдың керемет ауасын тыныстап келе жатқан екеуі көше шетіндегі бір қараны көрді. Жақындап қарап еді, құдық екенін білген достар: -Алыстан қарағанда, бұл даладағы құдық алақандағы аспандай екен, – деп таң қалысты.

Ауылды аралауды әрі қарай жалғастырған достар тұнып тұрған көлге де жетті. Қанатты құстар сұлу үндерін жырлауда. Аңыз бойынша ертеде бұл көлді аққулар мекендеген екен.

  • Шіркін, қазір сол аққулардың көлде қалқып жүргенін бір көрсек ғой, – деп өз ойын білдірді бірі.
  • «Аққулар – махаббат символы» дейді ғой халық. Аққудың махаббаты сырласу әлемін ашқан, үнсіз сырласу әлемін– деді екіншісі.

Көлге шомылып, бір тыныққан достар табиғаттың әсемдігіне тамсанып,

шырша ағашы туралы әңгіме қозғады. Бірі екіншісіне: – Шырша ағашынан бесік жасау – өсиет екенін білесің бе ?-деп сұрақ қойды.

  • Жоқ, оны естімеппін, – деп жауап берді. Осынлай әңгімелері жарасып, жасыл кеш тыныштығында армандары шапшаңдап жатты. Достардың биік армандары ырыздыққа жеткізер.

Курс тыңдаушысы: Бисекеева Гүлзат Әндірқызы.

Жұмыс орны: «Павлодар облысының туберкулезге

қарсы балалар санаторийі» МКҚК, қазақ тілі мұғалімі