“Атақ іздемеген ғалым” Сағындықұлы Бекен – ғылым докторы, профессордың мақаласы

Сағындықұлы Бекен – ғылым докторы, профессор

Журналистер Одағының мүшесі

Атақ іздемеген ғалым

Бекмұрат Уақатовқа бір ғасырдың жартысынан сәл асқандай ғана ғұмыр беріліпті. Бар-жоғы – 52 жыл. Анау ел басына ауыртпалық түскен 1932 жылы дүние есігін ашқан екен. 29 жасында кандидаттық диссертация қорғайды. Бұл 1961 жылға сәйкеседі. Ғылыми жетекшісі – М.О.Әуезов. Осы жылы кемеңгер ұстаз дүниеден өтеді. 27 маусым күні. Ол өзінің Мәскеу ауруханасынан жолдаған хатында «Мұрат (Бекмұратты осылайша есімдеген екен) хабарласты, кандидаттық диссертациясының бекітілуін тосып жүргендігін жеткізді» сипатындағы хабарды айтады. Ал Бекмұратқа «Әуезовтің сүйікті шәкірті, соңғы шәкірті» деген жауапкершілігі мол пенделік жапсырмалар кейіннен таңылды, бірақ тақыр жерден жапсырылған даңк емес еді.

Б.Уақатовтың кандидаттық диссертациясы «Қазақ совет прозасындағы характер жасау шеберлігі» деген тақырыпта болды. Ал докторлық диссертация «Қазақтың халық өлеңдері» деп аталды. Қорғаған жылы – 1975. Екі диссертация екі бөлек тақырыпты қозғайды. Бұл ізденуші үшін қанша қиын болғанымен, жемісі дәмді, әрі ащысынан тұщысы көп дүниелер тудырады. Мәселен, ғалым авторлығындағы мына еңбектер халықтың жадында өшпестей болып қалып қойды: Таланттар, туындылар: (сын мақалалар  жинағы) – Алматы:  1969. – 169 б // Қазақтың халық өлеңдері  – Алматы: Ғылым, 1974. – 288 б. // Уахатов Б. Қазақтың тұрмыс-салт жырларының  типологиясы. – Алматы: Ғылым, 1983.- 160 б. Мұндай еңбектің бергені мен берерін Әбілфейіз Ыдырысов былай тарқатады: «Ғалым ауыз әдебиетінің тұрмыс-салт жырлары түрінің де түпқиян – генезисін қазақ фольклористикасы ғылымында алғашқылардың бірі болып ашты. Ғалым мұның қыр-сырын ашуды – қазақ халқының ықылым заманнан бергі ұлттық бейнесі түйінделген тұрмыс-салт жырларының мәнін ашуды кейінгі ғасырларда жасар ұрпақтарға аманат-сый деп ұқты».

Біздің байқауымызда Б.Уақатов қаламы төселген журналист. Газет бетінде жарияланған мақалаларына көз жіберсеңіз, тау тұлғалы тұлғалар көз алдыңызға елестейді. Сонымен қатар ғалым Б.Уақатов туралы ел алдында жүрген аға буын өкілдерінің барынша бей-жай қарамағандығын байқаймыз. Н.Төреқұлов, С.Қасқабасов, М.Қаратаев, Т.Жұртбаев, С.Садырбаев, Б.Майтанов, Ә.Нұршайықов, А.Шамкенов т.т.б. тұлғалардың жазғандарынан Б.Уақатовтың барынша беделдігіне дәлел болады. Соңғы бір уақыттарда жас зерделеушілер қатары да молайғанын байқадық: Қаржау Д. Әуезовтың шәкірті: (Көрнекті ғалым Б.Уахатовтың туғанына 70 жыл) // Сарыарқа самалы. – 2003. – 9 қаңтар. – 6 б. // Боранбаев С. Ғылымда өшпес із қалдырған (ҒалымУахатовтың 75-жылдығына орай); Сағынбай Сағынбаев, Ернұр Рахимов // Сарыарқа самалы. – 2007. – 3 сәуір. – 6б. // Исакаева М. Есімі ел есінде: [Ғалым,әдебиеттанушы, филологияғылымдарының докторы Б.Уахатов жайлы бірер сөз] // Сарыарқа самалы. – 2007. – 22 қараша. – 12б. // Боранбаев С.Н. Ойланам да толғанам!: (Толғаулар, арнаулар) // Аққу үні. – 2012. – 4 тамыз. – 3 б. // Боранбаев С. Ұлы Мұхтар мектебінің  мақтанышы [Ғалым-фольклоршы Бекмұрат Уахатовқа 80 жас] // Сарыарқа самалы. – 2012. – 5 шілде. – 15 б. // Өмірзақ Ә. Әдебиет сыншысы ұлықтаған ұлы күн (Уахатовтың 80 жылдығына орай) // Аққу үні. – 2013. – 7 желтоқсан. – 4 б. Б.Уақатовтың тағы бір жадта сақталар тұсы оның шығармашылығына қатысты толғанған тұжырымдар қомақты кітап болып жарық көріп жатыр: 1) Бекболат Уахатов – 70 жыл // Аманат / құраст. Д. Н. Қазбекова, Ж. Т. Дүйсембаева. – Алматы, 2008. – 246 б. // 2) Бекмұрат Уахатов – халық өлеңін зерттеуші // Аманат /  құраст. Д. Н. Қазбекова, Б. Б. Уахатов, Ж. Т. Дүйсембаева. – Алматы, 2010. – 345 – 353 б.

Бұл айтылғандардың барлығы жерлестерін бей-жай қалдырмаса етті. Мектеп оқушыларының ғылыми жобасы (Қолға алынғаны бар, бірақ облыстық алға мүшелерінен қолдау таппай келеді), университет студенттерінің дипломдық жұмысы, магистрант пен докторанттарға арналған диссертациялық жұмыс бәрі-бәрі мен мұндалап тұр. Есіл ердің қазақ еліне берген ілім-ғылымы осылайша әуелеп кетіп жатса бір жоғымыз түгенделері хақ. «Елім демеген ері болмаса, ерім деп ел де шықпайды». Басқаша түлетіп айтсақ, Елім деген ерің шықты, енді Ерім дейтін елі қолдаса игі.

Б.Уақатов өз ұстазының алдындағы перзенттік, шәкірттік парызын мейлінше жоғары дәрежеде орындады. Мәселен, 1967-1969 жылдары М.Әуезов шығармаларының 12 томдығын, 1976 жылы 20 томдығын, 1, 2, 3-томдықтарын құрастырып, шығарды. Ал оның 1961-1964 жылы «Батырлар жыры», 1963 жылы «Қазақ эпосы» 3-томын, 1964 жылы «Қазақ ертегілері», 1965 жылы «Пернедегі термелер», 1978 жылы «Жар-жар» жинақтарын құрастырып шығаруы қазақ әдебиетіне қосылған сүбелі еңбектер болатын.

Бар жұртқа мәлім, осыдан аз уақыт бұрын Қазақстан республикасы Президент әкімшілігінің қадағалауымен мәдениет миистрлгі тарапынан «Тарихи тұлғалар» туралы дерек қоры жасалып, 500 тұлға есімін республика көлеміндегі көше атауларына берілу ұйғарылды. Бірақ мұнан Қазақстанның рухани-мәдени өміріне ат салысқан тұлғалар есімі тыс қалған-тын. Осы кемшілік қайта қарастырылып, соңғы үш жыл көлемінде тарихи тұлалар қатарына басқа да танымал тұлғалар есімін енгізу қолға алына бастады. Аққулы өңірі үшін сүйінші хабар болсын, осы есімдер қатарына Бекмұрат Уақатов есімі енгізілді. Осы істі одан әрі дамыту мақсатымен төмендегідей ұсыныстарымызды жеткізгенді дұрыс көрдік:

1) Аудандық білім бөлімі «Уақатов оқуларын» қолға алып, жыл сайын өтетін үрдіске айналуы қажет. Мұндай тәжірибе барлық өңірде бар. Мәселен, қазіргі күні облыстық дейгейде өтетін «Шоң би оқулары», «Едіге би оқулары» бастамасы Баянауыл ауданының Торайғыр ауылында ғана басталған. Әрине бұл істі одан әрі жүргізетін, барлық деңгейдегі орындарда қорғайтын сала маманы немесе жеке тұлға болса керек. Мәселен, ғалымның кіндік қаны тамған Майқарағай кеңшары немесе Қорт ауылының мүмкіндігі жетпейді деуге бола қояр ма екен? 1945-1946 жылдары «Қызыл қоғам» ұжымшары мектебінде оқығандығын алға тартсақ, сіздердің де географияларыңыз кеңейе түсетіні ақиқат;

2) Аудан орталығы Аққулы аулы осыдан біраз жылдар бұрын, ұмытпасам 2011 жыл болса керек, тамаша үрдісті бастады. Содан бері тамыз айының онында «Абай күнін» өткізіп келеді. Оның үстіне бұл ауыл Абай бабамыз (Семей қаласы) бен Қаныш елінің (Павлодар қаласы) ортасында орналасқан деп танылып, екі облыс орталығын жалғастырушы статусқа ие болды. Меніңше, дәл осы күнге қазақ жазушысы М.Әуезовтің соңғы шәкірті Б.Уақатовтың есімін жанастыра отырып, атап өтуді қолға алу керек сияқты. Егер «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген арқалы сөзді серік етсек, онда ұстаз бен шәкірт аралығына көпір болу соңғы ұрпаққа сын болып қалары сөзсіз.

3) Жоғарыда айтқан «Тарихи тұлғалар» қатары Б.Уақатовпен толыққанын ескерсек, ауыл, аудан, облыс орталығы, тіпті республиканың басқа жерлерінде, мәселен, Абай облысындағы Абай ауданы мен Семей қаласы, көше атауын ғалым есімімен атауды ұйымдастырған жөн болар еді. Б.Уақатовтың 1947-1949 жылдары Алматы қаласында № 18 қазақ орта мектебін, 1954 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетін, 1957 жылы осы университеттің аспирантурасын бітіргендігін, 1957-1958 жылдары «Қазақ әдебиеті»газетінде, 1958-1984 жылдарында ғылыми академиясында ғылым қызметкері болғандығын ескере отырып, оның қазіргі Алматы қаласының көше атауына лайық тұлға екенін алға тартқымыз келеді.

Менің пайымдауымда, Б.Уақатов күнделікті баспасөз бетін ақтарып, мол публицистикалық мақалалар жазды. Ал Журналистер одағының мүшесі болды ма? Екіншіден, атақты жерлестеріңіз көптеген көркем шығарма жазды. Жазушылар одағының мүшесі болды ма? Бақсақ, Б.Уахатов «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерең еңбегі үшін» медалімен ғана марапатталған екен. Демек, аудандық семинар барысында көтерілген мәселелер аудан әкімінің қадағалануына алынғаны көп мәселенің шешімін табуына әкелер еді.