«Тілдік келісім» жобасы бойынша атқарылған істеріміз

Павлодар облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер істері басқармасының тапсырысы бойынша облысымызда бірнеше жоба іске асырылуда. Оның ішінде «Тілдік келісім» деген ізгі жобамыз бар. Аталған жоба республикалық «Рухани жаңғыру» жобаларының тізіліміне кірген. Бұл жоба арнайы жетім және ата-анасының қамқорынсыз қалған балаларға арналған. Қазақ тілі курсы өтіп, қасиетті жерлерге де апару көзделген. Мысалы, өткен жылдары балаларды Шарбақты мен Баянауыл аудандарына да апарған болатбыз. Биыл, сәті түсіп Ақсу ауданына бет бұрдық.  Орталығымыз үстіміздегі жылғы қарашаның 5-де, қасиетті жұма күні Павлодар қаласы мен Кенжекөл ауылының балалар үйі, сондай-ақ Ақсу қаласы Мәдениет, тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айдос Ырысымбекұлы Оразалин және Ақсу тарих-өлке тану музейінің басшысы Гүлжанат Нәскенқызы Ақшулақовамен туристік экспедиция жасап, Алғабас ауылдық округінде орналасқан Жолқұдық ауылындағы Қ. Камзин музейіне барып қайттық. Қасиетті жерлерге барып Қазанғап би Сатыбалдыұлы және Тлеуімбет батырдың жерленген жерінде болып, әсер алғандай қайттық. Бөтен бала болмайды, дегендей, бірден ат салыса кеткен азаматтарға алғысымз шексіз.  Болашағымыз балаларымызда, сондықтан әр бала бақытты, аман болсын деген ниеттеміз. Ана тілінің өз тәттілері бірге жүреді, өмірлері сәнді де тәтті болсын деп, арнайы екі торт апарып балаларға табыс еттік. Бала есейіп, үлкен жасқа келген шақта жолдары ашық болсын, естерінде осы бір жақсы сәттер қалсын. Бұл жоба жалғасын табады деп сенудеміз.